ЕҰУ-ДЕГІ ЦИФРЛАНДЫРУ КӨРМЕСІ

Білім
804 Views

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Digital ENU» білім беру алаңы көрмесінің жабылуы өтті. ЕҰУ Цифрландыру ақпараттық күндері аясында көрме павильондары өз жұмысын өткен айдың 30 қазанынан бастаған болатын.

Көрмеге келген қонақтарға эксперименталды білім беру бағдарламаларын әзірлеу саласындағы жоғары оқу орнының, инновациялық зерттеу және стартап жобаларды жүзеге асырудағы ғалымдардың жетістіктері және сандық экономика үшін кадрлар даярлаудағы инновацияларды көрсететін экспозициялар ұсынылды.

Университеттің бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әсемгүл Молдажанова көрменің жабылу салтанатына байланысты сөз сөйлеп, мына жайттарды атап көрсетті:

– 10 күн аралығында студенттер, магистранттар, докторанттар өздерінің стартап жобаларын және жетістіктерін интерактивті кабинетте ұсынды. Цифрлы Қазақстанға арналған ақпараттық күндер аясында біз ресми түрде теxнологияның жұмысын бастадық. Цифрландыру институтын аштық. Университеттің профессор-оқытушылары, білім алушылары осындағы павильондармен терең танысуға мүмкіндік алды. Астана, Қостанай қалаларының, Шығыс Қазақстан облысының мектеп оқушыларымен арнайы сандық жұмыстар жүргіздік. Оған ЖОО-ның 47 өкілі куәгер болды. Елбасының арнайы жобасына байланысты шетелдіктер бір апта бойы елімізде болмақ. Қонақтарға оқу ордамызды аралатып, оның жұмыс барысын, оқытушылардың дәрежелерін көрсетеміз. 2019 жылдың ақпан айында ректорлар кеңесі отырысында цифрлы Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз. 2018 оқу жылында ЕҰУ IT аудит, IT менеджермен байланысты 17 мамандықпен өз жұмысын бастады. Білім беру бағдарламаларын әзірледі. Біз жұмыс берушілермен бірлесіп көптеген бағдарламаларды дайындауға әрекет жасаймыз және ресми түрде «НИШ» АҚ бірлесе отырып Астана қаласындағы мектептер үшін мұғалімдерді оқытудың білім беру бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мұндай дайындықтың 60 пайызын ЕҰУ, 40 пайызын «НИШ» АҚ жүзеге асырмақ. Сондай-ақ көрменің жабылу күні зертханалардың виртуалды көрсетілімі мен Digital ENU 4.0 сандық университетінің эталондық моделі таныстырылды. Бұдан бөлек өртке қарсы автомобильді GSM құрылғысы бойынша инновациялық жобалар; жасанды нейрондық желілерді пайдалана отырып, үш өлшемді құрылымдарды процедуралық генерациялау әдісін әзірлеу; технологиялық процестерді қашықтықтан басқару және бақылау жөніндегі бағдарламалық-ақпараттық жүйе; әскери комиссариаттардың шақыру комиссиясы жұмысының ақпараттық жүйесі; автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің қорғалуын бағалау әдістемесі көрсетілді.

Ең бастысы – көрмеге қатысушыларға IDC интерактивті сыныбында жаппай ашық онлайн курстарын және университеттің сандық білім беру ресурстарын әзірлеу әдістерімен, оқытудың геймификациясы үшін кросплатфорлы көп деңгейлі ойындар саласындағы инновациялық жетістіктермен танысуға мүмкіндік берілді.

ЕҰУ студенттері қосымша нақтылық технологиясын пайдалана отырып, оқытуды геймификациялауға бағытталған әзірленген сандық білім беру ресурстарын таныстырады, оларға персоналды басқару қызметі, студенттерге қызмет көрсету орталығы, сатып алуды шоғырландырудың бірыңғай платформасы, қонақүйлердің цифрлық қызметі технологиясы, GIS картасы, сондай-ақ Data Leak Prevention сияқты жұмыстар жатады.

Іс-шараға факультет декандары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, стартапшылар, студенттер, инновациялық ғылыми әзірлемелердің авторлары, тағы басқалар қатысты. Көрме барысында білім беру бағдарламалары, IT кадрларын даярлау бойынша оқу-әдістемелік кешендер ұсынылды.

«Digital educational cluster»/ «Цифрлық білім беру кластері» (ЦБК) бағыттары бойынша әр павильонда тақырыптарына байланысты (Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Шәмен Палымбетов); «Information security education»/»ақпараттық қауіпсіздік бойынша кадрлар даярлау» (Информатика және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының меңгерушісі – Каким Сағындықов); «Project activity»/»ғылыми-зерттеу және жобалау қызметі» (Ғылым және инновация департаментінің директоры Ерік Нұрмолдин); «Students awards» / «білім алушылардың жетістіктері» (Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі); Жамалбек Түсіпов); «ENU perspectives» / «ЕҰУ болашағы» (ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Жанат Нұрбекова); IDC интерактивті сыныбында (информатика және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының профессоры Гүлмира Бекманова) мамандар ЖОО-ның сандық білімге көшу бойынша инновациялық әзірлемелерін көрсетті. – «Цифрлық Қазақстан»мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ақпараттық қауіпсіздік саласында кадрлар даярлау бойынша университеттің мүмкіндіктері ұсынылды.

Тағы бір айта кетерлік жайт – жақында университеттегі цифрландыру барысымен Астана, Қостанай қалалары, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының оқушылары мен мұғалімдері танысты. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелерінің көрмесі еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының академиялық қызметтерінің басшыларына, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті білім беру мазмұны мен кадрларды даярлау басқармасының делегациясына ұсынылды.

Университетте 227 білім беру бағдарламасы бойынша 19 216 студент оқиды. 36 білім беру бағдарламасы, яғни жалпы санның 16 пайызы ақпараттық технологиялармен байланысты.

Айтулы шараға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкері-үйлестіруші Шынар Сүлейменова екі апта бойы қыруар жұмыс атқарылғанына ризашылығын білдіре келіп, ЕҰУ-нің ректоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовқа алғысын айтты. Цифрландыруға байланысты университетте қолға алынған жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Жансұлу ЖИЕНҚҰЛ,

Халықаралық Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *