ТЕНДЕРМЕН ТӨЛЕГЕН ТӨЛЕГЕН ТЕҢГЕСІН ҚАЙТАРА МА?

Билік Құқық
746 Views

Төлеби аудан әкімдігі мен «Ақбұлақ» өндірістік кооперативі арасындағы жер дауы әрі қарайжалғасты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев мырзамен оның қарамағындағы қызметкерлері «Бірінші мамыр» ауылдық округте орналасқан аталған кооперативтің иелігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 27 гектар жер учаскесін мемлекет мұқтаждығы үшін мәжбүрлеп алуға әрекет еткен еді.

Әкімдік қызметкерлері кооперативтен жерді мәжбүрлеп алып, сол учаскеге тұрғын үй алабын салуды көздейді.

Алайда сот әкімдіктің заңсыздықтарын дәлелдеп берді, сондықтан әкімдік сотта жеңілді.

Демек, таласқа түсіп жатқан жерге 2021 жылы жүргізілген инфрақұрылым жұмыстары заңсыз деп айтуға толықтай негіз бар деген ойдамыз. Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 342 млн. теңге мақсатсыз игерілгені ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, бюджет қаржысының әрбір тиыны тиімді жұмсалу керектігін үнемі айтып келеді. Сонда Төлеби ауданының әкімі мен қызметкерлері Президенттің саясатына қарсы болғаны ма, әлде Мемлекет басшысының тапсырмасына қасақана құлақ аспағаны ма?

Әкімшіліктің бұл әрекеттері заңға қайшы екенін Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары мен заңгерлер тәппіштеп тұрып айтып дәлелдеді. Алайда, «Ұялған тек тұрмас» демекші әкімшілік қызметкерлері ешқандай заңдылықтарға қарамастан, өзім білермендікке салынып, жерді қалай болса да мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне алуды көздеген. Тіпті, әкімдік қызметкерлері кооперативті сотқа сүйреген. Өздерінің заңды өрескел бұзып отырғанын былай қойып, өзгеге сот арқылы талап қойғандары күлкі шақырады.

Әкім мен оның қарамағындағы мамандар бұл игі істің бәрі елдің игілігі үшін атқарылып жатқан шаралар деп, халықты қалқан етіп жіберген қателіктерін жуып-шайғысы келеді. Сонымен не керек, арада көп уақыт өтпей әкімдік қызметкерлерінің асыға күткен сот отырысы да болды. Алайда, соттың шешімі әкімдік мамандары күткендей болмады. Яғни, судья мәселені кооперативтің тарапына қарай шығарды. Себебі, шенеуніктер жерді мемлекет мұқтаждығы үшін иеліктен шығару процесі барысында, бірқатар заңсыздықтарға жол берген.

Бірінші қателік: Әкімшілік Бірінші Мамыр елді мекенінің бас жоспарына сәйкес жалпы алаңы жауапкерге тиесілі жер учаскесінің ішінен бас жоспарға игеруге қажетті 27 га. жер учаскесін инфрақұрылым жүйелерін тарту құрылысының нысаны үшін мемлекет мұқтажына алу туралы 2021 жылғы 26 мамырда қаулы қабылдаған. Қаулыда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару күні 1 жыл, яғни 2022 жылғы 26 мамыр деп белгіленген. Алайда, әкімшілік жоғарыда көрсетілгендей талап қою мерзімін өткізіп, сотқа 2022 жылғы 5 тамызында жүгінген.

Екінші: Жер туралы кодексінің 84-бабының 6-тармағында көрсетілген жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде орындалуы тиіс талаптарды сақтамаған.

Яғни, заңда ҚР Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулысы оны қабылдаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде атқарушы органдардың интернет-ресурстарын қоса алғанда, тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады делінген.

Алайда, сотта анықталғандай қаулы мерзімінде интернет-ресурстарда орналастырылмаған, ал республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында тіпті жарияланбаған, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны қолма-қол, не почта арқылы жолдағаны туралы дәлелдемелер жоқ.

Бір сөзбен айтқанда айтылған заң бұзушылықтардың негізінде, сот талап қоюшының жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару заң талаптарына сәйкес келмейді деп санайды, сондықтан талап қою негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды – деп сот мәселенің нүктесін қойған.

Бір қызығы сөз басында айтқандай әкімшілік қызметкерлері жіберген қателіктерін жуып-шаю үшін сотқа жүгініп, нәтижесінде орын алған өзге де заңбұзушылықтардың беті ашылған сияқты. Былайша айтқанда әкімдік мамандары сасқан үйректің кейпін киіп отырғандай көрінеді екен.

Осы тұста, әкімдік қызметкерлері неге заң талаптарын тиісті деңгейде орындамаған деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Біздің шамалауымызша 2 жағдайда заңбұзушылық орын алуы мүмкін. Оның бірі әкімнен бастап өзге де мамандардың заң аясында жұмыс істеуді білмейді. Немесе бәрін біле тұра әдейілеп заңбұзушылыққа барған. Егер заң аясында жұмыс істеуді әкім білмесе, оған білдей бір ауданды сеніп тапсыра салған қауіпті сияқты. Демек, жер мәселесінде өрескел қателіктерге бой алдырып жатқаны түсінікті жағдай. Енді қарапайым қағидаттарды білмеген маманнан басқа не күтуге болады? Ал, бәрін біле тұрып әдейі істесе ше, онда құзырлы органдар аудан басшысының мәселесімен жақсылап айналысқаны дұрыс шығар.

Айтқандай әкімдік қызметкерлері соттың көмегіне екі рет жүгінген. Алғашында сотқа талап-арызды аудандық жер қатынастары бөлімі жазған. Алайда, бірінші арызды сот кері қайтарған. Себебі, заң бойынша сотқа арыздану аталған бөлімнің құзіретіне жатпайды. Яғни, мұндай жағдайда сотқа тек аудандық әкім аппараты ғана бере алады. Осындай қателіктерден кейін әкімдік қызметкерлерінің сауатына деген күмән туады екен.

Хош делік. Енді мынадай маңызды сұрақ туындайды. Сот әкімдіктің заңсыздықтарын дәлелдеп берді. Демек, таласқа түсіп жатқан жерге жүргізілген инфрақұрылым жұмыстары заңсыз деп айтуға толықтай негіз бар деген ойдамыз. Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 342 млн. теңге мақсатсыз игерілгені ме?

Жалпы бұл аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға қарасаңыз мемлекеттік бюджетті май шелпекке айналдырған ба деген ойға қаласыз. Неге десеңіз осы айтылған мәселенің барлығы сондай ойға жетелейді. Ол аз десеңіз, Төлеби бабамызға арнап салынып жатқан стелланы қосыңыз. Бұл Төлеби ауданының 90 жылдығына арналып салынып жатқанын айтады мамандар. Биіктігі бар болғаны 5 метрдей, ұзындығы шамамен 35-30 метр болатын мына нысанға 25 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалуда. Мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған кездегі бағасы 34 млн. теңгеден асады.

Мамандардың сөзінше нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Тек айналасына гүл мен ағаш отырғызу жұмысы ғана қалған. Салынып жатқан дүниені көзбен көрейік деп арнайы ат басын бұрдық. Алған әсеріміз жақсы деп айта алмаймын. Себебі, тағы да айтамын бұған бөлінген қаржыға бұдан да сәулетті, бұдан да көрікті және пайдалырақ нысан салуға болар еді. Онда жұмсалған құрылыс материалдарының түрлері мен бағасына назар салсаңыз, таң қалдырары сөзсіз. Соның бірқатарын ғана айтып өтсем. Мәселен, осы нысанға жарық беріп тұруға арналған бар болғаны 14 дана жарықшамға 5,8 млн. қаржы қаралыпты. Өкінішке қарай, біз ол жерден соншалықты қымбат жарықшам көрмедік. Мың шаршы метр жерге асфальт төсеу жұмыстарына деп 2 млн. теңге қаржы бөліпті. Алайда, ол жерден мың шаршы метр асфальт көрмедік. Одан бөлек, 362 метр бордюрды 1,2 млн теңгеге бағалапты. Бірақ ол жерден шамамен 70 метрдей ғана бордюр санадық. Айта берсеңіз мұндай жағдай өте көп кездестіруге болады.

Сосын өзімше мынадай қорытындыға келдім, не мен санауды білмеймін немесе әкімдік қызметкерлері елдің бәрін алдап мемлекет қаржысын талан-таражға салып отыр. Мен санақ білмесем ештеңе емес-ау, екінші жағдай болса, әкімдік қызметкерлерінің жұмысын тиісті органдар жақсылап тексергені дұрыс шығар.

Жақсы негізгі тақырыбымызға оралайық. Сонымен сотта оңбай қатарынан екі рет жеңілген әкімдік қызметкерлері енді не істейді екен? Бәлкім, соттағылар әділетсіз һәм заңсыз шешім шығарды дей ме екен? Түрлі заңсыздықтарға жол берген әкім және оның қызметкерлері ұялғандарынан орындарын босатып, осы жерден қоя сала ма екен? Іс қалай шешілсе де, бұл уақыттың еншісіндегі тірлік болып қала бермек.

Қанат БАЙСОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *