ТҮРКІСТАНДА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСТАРЫ ТОҚТАП ТҰР МА?

Қоғам
470 Views

Түркістан облыс орталығына айналып, бүгінде заманауи даму жолын бағыт-бағдарлаған аймаққа тән өсіп-өніп кеңейіп келеді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй жапа-тармағай салынды. Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында он жыл ішінде Түркістан облысында 292 мектеп салынады деген жоспар бар. Оның ішінде 134 мектеп Түркістан облысы құрылғалы бой көтерген.

2020 жылдан бастап білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі енгізілуіне байланысты білім беру саласын басқару, бюджетті бөлу функциялары аудандық деңгейден облыстық деңгейге берілді. Осыған байланысты 2021 жылдан бастап мектептердің құрылысына облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып бекітілді. Оған дейін мектеп құрылысына тапсырыс беруші аудан және қала әкімдіктері болған.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, өтпелі кезеңде салынып жатқан мектептерді аудан және қала әкімдіктерінен қабылдау барысының бірқатар себептермен созылуынан мектептердің құрылысын уақытылы қаржыландыруға кедергісін тигізді.

Бұдан бөлек, әлемдік пандемия салдарынан және құрылыс материалдарының бағасы өсуіне байланысты, құрылыс компанияларының жобалық-сметалық құжаттамаға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта түзетуден өткізу туралы өтініштері түсіп, құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуіне әкеп соқты. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандар құрылысы құнының қымбаттауына қатысты проблемалық мәселелер Үкімет деңгейінде де қаралды.

Қиындықтарға қарамастан 2021 жылы бөлінген қаржыға сәйкес Түркістан облысына пайдалануға тапсыру бекітілген 44 мектепті немесе 11150 оқушыға арналған орынды пайдалануға тапсыру үшін құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құрылыс жұмыстарын тоқтатпау арқылы жыл қорытындысымен бекітілген меже орындалды.

Сонымен қатар дәл осылай 2022 жылы бөлінген қаржыға сәйкес пайдалануға тапсыру бекітілген 21 мектепті немесе 4800 оқушы орынды пайдалануға тапсыру үшін құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құрылыс жұмыстарын жандандыру арқылы жыл қорытындысымен бекітілген межеге қол жетті.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылысы тоқтап тұрған білім ұяларының мәселелері қатаң бақылауда. Жосықсыз мердігерлер тізімі жасақталды.

Бүгінгі күнге 2023 жылға өтпелі 33 мектептің 17-сі бойынша мердігер компаниялары тарапынан 2017, 2018, 2019 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта түзетуден өткізу туралы өтініштері келіп түсуде. Жобалық-сметалық құжаттамалардағы бағаны 2023 жылғы бағамен салыстырғанда 2017 жылғы жобалар 130 пайызға, 2018 жылғы жобалар 80 пайызға, 2019 жылғы жобалар 50 пайызға өскені анықталуда.

Мысал ретінде айтатын болсақ, 2021 жылғы маусым айында болған барлық материалдардың қымбаттау дерегіне дейін 8 мектеп құрылысы басталып кеткен, 4 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдері жүргізіліп жатқан кезде материалдар қымбаттаған, ал қалған 5 мектептің құрылысының ЖСҚ-сы 2019 жылы әзірленген. Бұл 5 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдері 2022 жылы өткізіліп, келісімшарт сол жылы түзілген.

Бүгінгі таңда проблемалық 17 мектептің 3-еуі (Қазығұрт ауданында 100 орындық мектеп, Отырар ауданында 100 орындық мектеп, Ордабасы ауданында 300 орындық мектеп) бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.

Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы 600 орындық және 300 орындық, Мақтаарал ауданындағы 200 орындық 2 мектептің мердігер мекемелері тарапынан келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты оларды келісімшартты бұзу және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.

Қалған 10 мектеп бойынша алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда заң аясында келісімшартқа сәйкес шара қолданылатын болады.

Проблемалық мектептердің мәселесін шешу мақсатында келісімшарт талаптарын сақтамай өз міндеттемелерін орындамағаны үшін келісімшарты бұзылған мектеп құрылыстарының ЖСҚ-лары қайта түзетуден өткізіледі.

Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, конкурс нәтижесінде анықталған жаңа мердігер мекемелермен келісімшарт түзіледі. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігі жөнінде міндет жүктеледі.

1000 ОРЫНДЫҚ ЖАТАҚХАНА жол тартты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар нысандар бойынша мердігерлер мен инвесторларды қабылдады. Кездесуде «BI Group» холдингінің оңтүстік өңірі бойынша дивизионының кураторы Айдын Маиусов, «BI Group» холдингінің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бөлімінің басшысы Нариман Касабулатовтың, жоба менеджері Игілік Махмутовтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«BI Group» холдингінің өкілдері облыс әкіміне колледждің студенттеріне арналған 1000 орындық жатақхананың жобасын таныстырды.

Инвестор жатақхананы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салуды ұсынып отыр. Жатақханада асхана, жаттығу залы, демалыс бөлмесі және жатын бөлмелері болады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады. Студенттердің жан-жақты дамуына толық жағдай жасалады. Аталған жоба да толық зерделеніп, алдағы уақытта тиісті шешім қабылданады.

Кездесуде ескек есу каналы құрылысының қорытынды кезеңдерін жүзеге асыру жолдары, Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионының жасыл алаңына жаңа талаптарға сай жылыту жүйесін жүргізу мәселесі сараланды.

ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ қанат қақты

Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешен салынады. Онда ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасын салу жоспарда бар. Мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу. Жаңа жоба Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен басқосуда талқыланды. Қолөнершілер қалашығында жалпы аумағы – 9 мың шаршы метрге жуық.

Жаңа қалашықта сонымен қатар қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Түркістанда қолөнершілердің әлеуеті зор. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр. Бұл жоба әлі де терең талқыланып, тиісті шешім қабылданады.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗ АУЫЛҒА МЕДПУНКТ

Түркістан облысы бойынша «Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бойынша былтыр 11 медициналық пункт салу жоспарланып, барлығы пайдалануға берілді. Өңірдің денсаулық сақтау саласының көрсеткіштері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрғалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.

– Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарға сай атқарылуы тиіс. Ауыл-аймақтарда да сапалы медициналық көмек қолжетімді болғаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде Сарыағаш ауданында перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырды. Осы және өзге де жобаларды талапқа сай жүзеге асыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, ауылдық жерлерде және шалғай елді-мекендерде тұратын халыққа консультациялық-диагностикалық қызметтер үшін Түркістан облысында 13 жылжымалы кешен арқылы медициналық көмек көрсетіледі. Жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерімен жоспарланған халық саны – 317 667, орындалуы – 450 398 адам. Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту жоспары 81% болса, ол көрсеткіш 85,48% құрап, артығымен орындалған.

– 2020-2022 жылдары 2020 жылы – 205 дана, 2021 жылы – 525 дана, 2022 жылы 994 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде 1250 реанимациялық құрал-жабдық, 103 ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған құрал-жабдық, 64 ота жасауға арналған жабдық, 36 диагностикалық-лабораториялық жабдықтар сатып алынған. 2022 жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 29 ауылда 1 емхана, 1 жедел медициналық көмек станциясы, 5 дәрігерлік амбулатория, 13 ФАП және 11 медициналық пункт салынды, – деді басқарма басшысы.

Шардара ауданында 150 адамды қабылдайтын, құрамында жедел жәрдем станциясымен қалалық емхана құрылысы жүргізіліп, аяқталды. Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында демеушілікпен (КАТКО қорынан) Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған жедел жәрдем стациясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы Түлкібас ауданы, Састөбе кентіндегі 75 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы толық аяқталып пайдалануға тапсырылды. Қалған 4 дәрігерлік амбулатория құрылысы келесі жылдарға өтпелі.

2022 жылға 1663 маманды оқыту жоспарланып, 2426 маман оқытылды. 18 дәрігер Түркия еліне барып, біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып келді. 2023 жылы 3046 маманның біліктілігін арттыру, алыс-жақын шет елдерде тәжірибе алмасу мақсатында мастер-класс, семинарлар өткізу жоспарлануда.

Жалпы 3 жыл ішінде 8065 медицина қызметкері білімін жетілдірді. Сондай-ақ жергілікті аудан әкімдігі тарапынан баспанамен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие берілуде. 2022 жылы 27 жас отбасыға тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік несие берілген.

Одан бөлек, республикалық бюджет қаражаты есебінен 2022 оқу жылына 72 грант резидентураға бөлінген. Ал медициналық ұйымдар есебінен 34 маман резидентурада білім алып жатыр. 2023 оқу жылына дәрігерлерді резидентурада даярлауға жергілікті бюджет есебінен тапшы медициналық мамандықтар бойынша облыс әкімінің 60 гранты бөлінді.

БЕЙНЕКАМЕРА ӘЛІ ДЕ АЗ, аймақта ұрлық көп

Облыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 1067 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес жол көлік оқиғалары 4,6 пайызға төмендегені анықталды. Дегенмен қылмыстық құқық бұзушылықтар, оның ішінде ұрлық жасау 1,4 пайызға артқан. Осыған орай, биыл 1700 бейнебақылау камерасын орнату ұсынылуда.

Ал, жедел ғаламтор мәселесіне келетін болсақ, алдағы уақытта интернет базасының станциялары жаңартылады. Бұған тартылатын инвестиция көлемі 2023-2024 жылдары 1,64 млрд. теңгені құрайды.

Түркістан облысында жалпы 831 елді мекен болса оның 177-і мобильді интернетпен қамтылмаған. Ал 62 ауылда мүлдем байланыс жоқ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл мәселені сынға алып, жауаптыларға цифрландыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.

– Цифрландыру бойынша ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы Түркістан қаласында бейнебақылау камераларының санын 3127-ге жеткізу жоспарланған болатын. Бірақ бұл жоспар толық орындалмады. Ауылдық аймақтарда байланыс пен интернет сапасы нашар. Әрбір ауданға барған кезде тұрғындар осы мәселені сұрақ ретінде көтереді. Облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамту және қауіпсіздігін бақылау мақсатындағы жұмыстар төмен деңгейде. Әсіресе мектептерде бұл бағыт жүйеленбеуде. Жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, талдау жүргізіңіздер. Операторлармен жиын өткізіп, жоспарды талқылаймыз. ІТ саласында мамандар даярлау да маңызды. ІТ мектептер тек облыс орталығына ғана емес, әрбір ауданға керек. ІТ бағытындағы университеттерге де сараптама жасап, жалпы цифрландыру саласын түбегейлі модернизациялау қажет. Сіздерден нақты нәтиже мен ұсыныс күтемін, – деді өңір әкімі Дархан Амангелдіұлы.

Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдірахмановтың айтуынша, ұялы байланыс операторларының базалық станцияны орнатудан бас тартуының себебі – кейбір елді мекендерде халық саны 250-ден аз. Министрлікпен айқындалған шарттарға сәйкес ол одан төмен болмауы тиіс.

Басқарма тарапынан 2023-2027 жылдар аралығында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде. Бағдарлама аясында талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қолжетімділікті арттыру бойынша 389 елді мекен және 758 мемлекеттік мекемені қамту ұсынылған. Халықаралық, республикалық және облыстық жалпы 4737 шақырым жол торабын 4G технологияларымен қамту жоспарлануда. Туристік аймақтарды мобильді кеңжолақты интернетке қолжетімдікпен қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынған. «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы ғаламторды ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылығына дейін жеткізу де көзделуде.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 3G стандартын қолдайтын 437 елді мекен болса, 2023-2029 жылдар аралығында базалық станциялар модернизациялаудан өтеді. Ал 2023-2024 жылдары инвестиция көлемі 1,64 млрд. теңгені құрайды.

Бетті әзірлеген Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *