ХАНБИБІ ӘЛЕМІНДЕГІ ХАНЫМДАР

Тұлға
984 Views

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы жарыққа шығарып жатқан «Қазақтың 100 әні» жобасы сәтті телетуындылардың біріне айналды. Соңғы кездеріотандық телевизиядағы шоу-бағдарламалар шетелдік идеялардың көшірмесін әкеліп,көрерменге тықпалаумен болған еді. Бір жақсысы, «Қазақтың 100 әнінде» тек қанақазақтың төл әндері шырқалады, тарихынан мағлұмат беріледі, халық таңдауыназарға алынады. «Алтын қордағы» әндердің өзі әуеге қалықтаған көгершіндейқалай самғады десеңізші, бұл қазіргі даңғара шулы музыка әлемінен өзіміздіңқазақы қоңыр әуенімізді ажыратып, төбемізге көтеріп, төрден үкілеп орынбергендей құрмет емес пе?!

Әнші, композитор Ұлықпан Жолдасовтың орыңдауындағы «Алтынай» әні бертінгі он жылда жұлдызы жарқырай танылды, халық ынты-шынтысымен сүйіп тыңдайтын. Ұлықпанның өзі сұхбатында: «Тіпті, – бір тойда «Алтынайды» көпшіліктің қалауымен 5-6 рет орындаған кездерім болған» депті. Бұл тамаша ән «Қазақтың 100 әні» тележобасында тыңдарман таңдауынан сүрінбей өтіп, сөзсіз «Аптын қорға» ілікті. Әнді тыңдағанда, оның мағынасы ғашық жігіттің сүйген аруына қолы жетпей, арманда кеткеніндей әсер қалдырады және солай жорамалдайтыныңыз ғажап емес. Алайда, «Алтынайдың» тарихы мүлде басқаша. Әннің сөзін жазған ақын Ханбибі Есенқарақызына қырғыздың қызы Алтынай көркем мінезімен, тектілігімен ұнаған. Сондықтан, «Есенқарақызына өзге біреулер тапсырыс беріп, әннің сөзін жаздыртып алған болар» деп, сырттай тон пішуге де келмейді. Ал, ер-азаматтың орны бөлек, оны қойып, әйел-ақынның жүрегін қозғаған Алтынай кім болды екен?

Сонау 1993 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Құрманжан датқаның 180 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді. Заманында Құрманжан датқа бұқараның сөзін сөйлеп, қара қылды қақ жарған, қырғыз хандығына датын айтқан, әрі билігін жүргізген батыр әйел болған. Осы мерейтойға Қазақстан делегациясымен бірге Ханбибі апамыз да барды. Ат арытып жан-жақтан ағылып келіп жатқан қонақтарды күтіп алып, қонақүйге жайғастыру, жол көрсетіп алып жүру жұмыстарын әр мекеме басшыларына жүктеп қойыпты. Ханбибіге шарап зауытының директоры Алтынай Сүлейменова бекітіліп, неше күн жол бастаушы ретінде қасында жүреді. Конференцияның келесі күнінде Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев қатысып отырған басқосуда Ханбибі Есенқарақызы өз кезегімен мінберге шығып:

Абылайдай ұл қайда?

Құрманжандай қыз қайда?

Құранымды ұмыттым,

Ұранымды ұмыттым! — деп арқаланып өлеңін оқиды. Сосын Асқар Ақаевқа мойнын бұрып: «Біз шығыстың қыздары Кеңес Өкіметі кезінде теңдік алдық, сауат аштық, ерлермен иық тіресіп жұмыс істедік, тарихты қарап отырсақ, Құрманжан датқа секілді хандық дәрежеге дейін жеткен ержүрек батыл қыздарымыз бар екен. Қазір сіздің президиумыңызда сондай қырғыздың бір қызы неге жоқ?» деп төтеннен сұрақ қойғанда, естіп отырған қалың жұрт бір сәтке тына қалып, қайтадан дүркірей қол шапалақтай жөнеледі. Президентпен тізерлес отырған өңкей атқамінер жігіттер асып-сасып қалады. Ақын залға қарай аяңдағанда, кенет Президент Асқар Ақаев: «Сіз мұнда келіп отырыңыз» — деп президиумға шақырды. Сол кезгі сәтін Ханбибі апай былай деп еске алады: «Мен іркіліп қалдым, президиумға отырғым келмеді. Себебі, президиумда артқы орындық қана бос болып тұрды. Сондай-ақ, сөмкемде екі мың сомым бар еді. Ол залдағы мен отырған орындықта қалған. Сол жоғалып кете ме деп, не істерімді білмей аңтарылып тұрдым. Төрдегілер мені «соңына барып отырғысы келмей тұр» деп ойлап қалса керек, президенттің қасындағы премьер-министр атып тұрып, орын берді. Мен «екі мың сом күйсе күйіп кетсін, президенттің жанына отырайын» деп жоғары шықтым. Содан қырғыз елінде танымал болып кеттім, журналистердің бәрі – соңымда. Шығармашылығым туралы сұрап, сұхбат алып жатты. Ал, Алтынай қыз қолына билік тиіп, мекеме басқарған басшы ғана емес, жан-тәнімен жұмысқа берілген, жүрегі таза, кішіпейіл, адамға асқан үмітпен қарайтын мейірімді жан болып шықты. Күнде таңертең оянып, терезеден қарасам, маған қарай құстай ұшып келе жатады. Аз күн ішінде екеуміз бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық. Сонымен, елге қайтатын уақытымызда келіп қалды. Алтынай: «Ханбибі, саған сондай бауыр басып қалып едім, қоштасудың қиын екенін енді байқап тұрмын» деп көзіне жас алды. Менің де көңілім босап, әрі-сәрі күй кештім. Ол «жолда қарның ашып қалмасын» деп жеміс-жидек, одан қалса, түскі ас, кешкі асты бөлек-бөлек қалтаға салып, бәйек болып жатты. Шымкентке келгеннен кейін, бір нәрсемді жоғалтқан адам сияқты Алтынайды ойлай бердім. Сосын Ош туралы әсерімді өлең етіп жаздым, топтаманың ішіндегі бір өлең қырғыз қызы Алтынайға арналды.

Алатаудың маралы,

Жұлдыздайын жоғары.

Алтын сенің садағаң,

Алтыннан да бағалы.

Алатауың ойланып,

Ош аспаны айналып.

Әлем бір сәт қалғандай,

Кірпігіңе байланып,

Арман-ай,

Бәрі де артта қалған-ай…

Әнге сұранып тұрған өлең. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, сол жылы халық қалаулылары сайланатын болып, облыстың кілең игі жақсы зиялы қауымы үгіт-насихат шараларына тартылып, бір тобы Созақ ауданына барады. Автобуста Ханбибінің қасына композитор Құралай Сәтмұхаметқызы келіп отырды. Ақын «Алтынай» туралы әңгімелеп береді. Көп кешікпей ән туды… Бір қызығы, ән кеңінен таралмай тұрып, Алтынайдың өзі Шымкенттегі Хан апаның шаңырағына мейман болып келіп, домбырамен тыңдаған екен. Ән бірден кейіпкердің көңілінен шығыпты. Қазір «Алтынай» қырғыз тілінде де шырқалады. Айырқалпақты ағайындар мұны «қырғыз қызына қазақ жігіті ғашық болыпты» деп алып-қашпа әңгіме таратқан түсінікте көрінеді. Алайда, бұл әннің — тарихында ешбір жігіт жоқ, шығармаға арқау болған тұлғалардың үшеуі де – нәзік жан иелері, бірі – тулаған ақын жүрек, бірі – көлдей шалқыған ырғақты саз-көңіл, бірі – табиғи сұлулық иесі.

Ханбибі Есенқарақызы – «Алтынай» әнінен бұрын да халыққа етене танылған қазақтың ақын қызы. Дегенмен, «Алтынай» ақынның мерейін асырып, тағы да. жалпақ жұртпен қауыштырған, жылы құшағына енгізген кезеңі болды. Ал, енді осы ақынның сөзіне жазылған, көпшілік ұйып тыңдайтын «Нұрикамал» әнінің туу тарихы қандай? Әңгіме мұнымен бітпейді. Аты жер жарған Алтынайдың жөнін естідік, Ханбибі өлеңіне діңгек болған Нұрикамал ханым кім дейсіз ғой? Шоқтығы биік келесі әннің дүниеге келуіне себепкер – ақынның жары, композитор Тұрдықылыш.

Ақын Ханбибінің сөзіне жазылған «Нұрикамал» әні бертін келе танымал әнге айналды. Бұл әнді Жұбаныш Жексенұлы нақышына келтіріп, жүрекке жеткізе орындайды. Халықтың айтуынша, тіпті оны Елбасының өзі сүйіп тыңдайтын көрінеді. Туындының «иелері», сірә, әйгілі «Алтынай» секілді бұл ән уақыт екшеле келе кеңінен таралып кетеді деп ойламаған болар.

Қырғыз қызы Алтынаймен апалы-сіңлілідей аралас-құралас болса, Нұрикамал Ханбибіге жақын құрбысындай болып кеткен. Қызмет бабымен 1988 жылдан бері танысып-білісіп келеміз дейді олар. Қай әннің де белгілі бір туу тарихы болады ғой. «Нұрикамал» әнінің даңқы мен дақпырты талай жерді шарлады. Себебі, алдымен әннің музыкасын жазған адам – Ханбибінің жары, композитор Тұрдықылыш Ізтаев болатын. Нұрикамал Сейітжанова бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметтер атқарған, қазір Астанада Президенттік мәдениет орталығының жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.

Тоқсаныншы жылдардың басында отбасылық қарым-қатынас орнатқан шақтары, бірде дастархандас замандастарының үйінде қонақта Нұрикамал да болады. Дәм үстінде Ханбибі мен Нұрикамал қатарласып отырады да, Тұрдықылыш ағамыз Нұрикамалға бетпе-бет келіп қалып, кеш бойы оған көз қиығы еріксіз түсумен болыпты. Әйел жаны сезімтал келеді, мұны Хан апамыз аңғармады дейсіз бе? Іңір қарайып, үйге оралған кезде жұбайы Тұрдықылыш дереу күйсандықты ашып, әлдебір әуенді үнсіз тербетумен болды.

«Аттың сыры иесіне мәлім», таң атқанға дейін әдемі әнді тудырмақ болып жанын қинаған жарының ішкі сезімін айтпай ұққан Ханбибі де түнімен көз ілмей, қағазы мен қаламын шиырлады. Ал, ертесіне Ханбибі: «Сенің ұйқыңды ұрлаған мынау шығар, айтқың келгені осы ма?» деп күйеуінің алдына бір парақ қағазды тастай салды.

Аспандағы ай ма дедім,

Жастық шағым қайда менің?

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным, қандай жайдары едің!

(Қайырмасы):

Нұрикамал, Камалым-ай,

Күндей ашық жанарың-ай

Қолым жетпей, сөзім де өтпей,

Жаутаңдадым жанарыңа-ай,

Қарағым-ай!

Ойың-озық, сөзің-тәтті,

Қандай Ана сені тапты?

Көңілімнің шарасынан,

Сыймай, тасып сезім жатты…

Күлімдесе ай қабағың,

Қалай ғана жай табамын.

Көктен көріп, ұшқым келіп,

Жердемін деп ойламадым.

Сазы да, сөзі де бір-бірімен жымдасып, қабыса үндесіп тұрған жоқ па? Осылай таза, кіршіксіз сезімдердің арқасында сәтті ән дүниеге келді. Композитор Тұрдықылыш Ізтаев: «Бұл ән Нұрикамалға ғашықтықтан туған дүние емес, тек нағыз қазақ қызының образын Нұрикамалдың бейнесімен көрсеткім келді», – дейді.

Нұрикамал Сейітжанова өзіне арналып ән жазылғанын алғаш естігенде, оның жарыққа шығып таратылуына қарсылығын білдіргенін айтады. Алайда, бірде қазақтың талантты ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен Хан апаның үйінде кездесіп, кезекті әңгіме-дүкен үстінде осы ән қозғалып, ақыры барлығы бірдей әнші Кенжеғали Мыржықбаевтың орындауына ұсынуды жөн деп табады. Кейін мұны Нұрикамал былай деп еске алады: «Сонда жұбайын қызғанудың орнына оның алабұртқан сезімін өзі өлеңмен жеткізген Ханбибінің ерлігіне қайран қалған едім. Мұндай іс Ханбибінің ғана қолынан келетін болса керек».

Шындығында, әнді көпшілік жылы қабылдады. Жылт етіп, жоқ болып кететін алдамшы дүние емес, немесе жиі естімесең көңілден ұмытыла бастайтын әндердің қатарында жоқ, керісінше қанша айтылса да тыңдай бергің келетін, мазмұны мен мәні жоғалмайтын осы бір ән «Қазақ әндерінің тарихында» төрден орын алып, халық жадында жатталып қалады.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *