ҚАЗАҚСТАНДЫ ЕТПЕН ҚАМТЫҒАН ҚАРАБҰЛАҚ

Экономика Қоғам
1 286 Views

Сайрам ауылшаруашылығы жағынан алдыңғы қатардағы аудан болғандықтан, республикадан келетін делегаттардың дені ат басын осында бұратын. Өйткені, үлгі етіп көрсетер істер көп.

Әсіресе, Қарабұлақ ауылынан әр күн сайын Қазақстанның өзге аймақтарына тонналап ет тасымалданады. Қарабұлақты атақты ауыл десе болады. Өйткені, бұл өңір бүкіл Қазақстанға жақсы таныс. Неге десеңіз, еліміздегі ет өнімінің отыз пайызын осы қарабұлақтықтар береді. Ал қазақтың мол дастарханын етсіз елестету мүмкін емес. Тіршілік десе тыным таппайтын халқы еңбекқор Қарабұлаққа таяуда ғана біздің жолымыз түсті.

ТАҢҒЫ ТӨРТТЕ ТҰРАТЫН ХАЛЫҚ

Қарабұлаққа тұмсық бұра қалсаңыз, құдды шағын мемлекеттің ішіне еніп кеткендей әсерде боласыз. Елу мыңнан аса халқы бар ауылда жоқ емес нәрсе жоқ. Республика бойынша ең ірі мал базарынан бөлек қаладағыдай барлық жабдығы қамтылған медицина орталықтары, микроқаржылық ұйымдардың кеңселері, банктер, тіс емдеу орталықтары, көлік жөндеу, көлік жуу орталықтары, небір сауда орталықтары… бағдаршамдағы көлік кептелісі, мұнда қыз-қыз қайнаған сауда мен тіршілік… бәрін алақандай бір ауылдың тұрғындары жасап отыр. Мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Мұның сыры неде десеңіз, ауыл халқы таңғы бесте тұрып, ауласындағы малды жайғай бастайды. Еңбекқорлығы соншалық ауладағы 10 сотық жерге бақша да егіп, бордақыға он-он бес шақты ірі қара да асырап, тірлігін дөңгелентіп отыра береді.

Қарабұлақ еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласының іргесіне тиіп тұр. Шымқаладан Алматы трассасына шықсаңыз болды, жартысағаттық жол. Жол үстінде байқап келеміз, мұнда қыбыр-жыбыр тіршілік. Ұзынкөшенің бойында жиһаз жасап құрастырып шығатын цех, кірпіш құятын шағын цехтар,темір ұсталары қаптаған темір өңдеу шеберханалары бар. Тапшан, үй қақпаларынәзірлейтін шеберханаларды айтпағанда, ауыр жүк көлігінің сырт қаңқасы менкузовын дайындайын ұсталарды көргенде расында риза болдық. Отыз шақты адамдыжұмыспен қамтып отырған тігін цехтары тағы бар. Тіпті сусынның сыртқы қорабы пластмасс«баклажканы» да тастамай, тау ғып жинап, өңдеуге жөнелтеді. Берекелі ауыл емейнемене, көкөністің түрлері әсіресе картоп, пияз, сәбіз, капуста, жүзімалқаптары пісіп жетіліп тұр.

Осыншама тауарды бір Қарабұлақ ауылының тұрғындары игеріп жатқаны көрші облыстар мен аудандардың ауылдарына үлгі болғандай. Мұның сырын Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжон Абдилахатовпен әңгіме барысында сұрадық. Бізді кабинетінде ашық-жарқын күтіп алған ауыл әкімі:

— Қарабұлақ жетістіктерінің сыры – халқының еңбеккерлігінде. Біздің ауылда қолын қалтасына салып бос жүрген адамды көрмейсіз. Бірі егіс алқабының басында, бірі малдың соңында. Тіпті бес жасар балаға дейін таңғы төрт-бестерде тұру дағдыға айналған. Мұны жергілікті халықтың қанына сіңіп қалған ежелгі әдеті, менталитеті десе болады, – дейді. – Мәселен, менің төрт қыз перзентім бар. Үшеуі мектепке барады, мектеп жасына жетпейтін кішкентайым да бәрі таңертең алтыда оянып алады. Анасына дастархан әзірлеуге, үй ішін реттеуге, аула сыпыруға көмектеседі. Осылай түске дейін бірталай шаруаны тындырып тастайды. Бұл атадан балаға, баладан немереге жалғасып келе жатқан мызғымас ішкі тәртіп.

Жалқаулық кедейлікке алып келеді, сондықтан еңбек еткеннің өнбегі артпақ дейтін қағидамен өмір сүретін Камилжон Абдушкурұлын ауыл халқы бірауыздан өздері сайлаған. Ауылдық округтегі жергілікті әкім сайлауына халықтың 87 пайызы қатысып, оның 82 пайызы қазіргі жаңа әкімге қос қолдап дауыс берген. Өйткені, Камилжон осы Қарабұлақ ауылының төл тумасы, осында бұғанасы қатпаған бала кезінен-ақ ауылдың тыныс-тіршілігін жатқа біледі. Әрбір тамырының бүлкілі таныс. Мәселені де бес саусағындай анық айта алады. Камилжон Абдилахатов 2004-2014 жылдары Қарабұлақ ауылдық әкімдігінде бас маман, әрі заңгер болып қызмет істей жүріп, ел қызметіне төселді. Осында қарапайым халықпен араласа жүріп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, проблемасын шешуді және басшылық берген тапсырманы тап-тұйнақтай орындауды үйренді.

2021 жылы 25 шілде күні Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткені белгілі. Ауыл әкімдеріне сайлаудың үгіт-насихат жұмыстары 14 шілдеде басталып, 9 күнге созылды. Республика бойынша өз лауазымынан босайтын 730 әкімнің орнына саяси партиялар және өз-өзін кандидат ретінде ұсынушы азаматтар тіркеліп, азаматтар өз ауылдарының көркеюі мен дамуы үшін таңдауларын жасайды.

Камилжон Абдилахатов та өзінің тәжірибесін сынаққа салып, белді бекем буып, нар тәуекелмен сайлауға түсті. Нәтижесі жаман емес, өзінің туа бітті қарапайымдылығы, жауапкершілікті мол сезінетін намысы, білікті, әрі істі аяғына дейін жеткізе білетін ұйымдастырушылығы, әрі атқарушылық қабілетін жоғары бағалаған қарабұлақтықтар Камилжонның кандидатурасын 2021 жылдың 24 желтоқсанында көпшілік дауыспен таңдады. Таза жеңіс деп осыны айтуға болады.

Содан бері арада тоғыз ай өтті. Бұл көп мерзім де емес, дегенмен, тым аз уақыт деуге де келмес. Әйтсе де есеп беруге болады.

Камилжон Абдушкурұлы:

– Қарабұлақта халық саны 55 540 адам, үйлер саны 10 500. Халықтың көптігі жағынан Бәйдібек және Ордабасы аудандарын басып озады. Қарабұлақ ауылы демографиялық көрсеткіш жағынан да қарқынды. Сонымен қатар жылда шамамен 1700 бала туылады. Сонда әр жыл сайын бір жаңа мектеп салуды қажет етеді.

Округте 16 мектеп, 6 жекеменшік мектеп, 1 гимназия және Д.Қонаев атындағы техникалық колледж бар. Көпшілік орынға арналған бір аурухана, 25 мешіт, 24 намазхана халыққа қызмет етеді, – дейді ауыл әкімі.

Қонаев атындағы колледжі моторист, дәнекерлеуші, краншы, көлік жүргізуші көбінде техникалық мамандықтарды дайындайды. Биылғы бітірген 125 түлектің барлығы жұмыспен қамтылды. Себебі, техникалық кәсіпке сұраныс бар.

– Отыз қыз баланы тігін цехына кіргіздік. Қазір бізде 3 тігін цех бар, олар әскери киімдер тігеді. Ресейдің теміржол формасын мемлекеттік тапсырыс арқылы ұтып алған. Тапсырысты қысы-жазы орындайды, – дейді әкім. – Жұмыссыздық жоқ емес, бар, бірақ салыстырмалы түрде қарағанда аз деуге болады. Былтыр 450 жағдайы төмен отбасы бар еді, мемлекеттік грант ұтып алып, әрқайсысы өз жеке кәсібін ашты. Қазір аз қамтамасыз етілген отбасылар саны 250 отбасыны құрайды. Яғни жыл сайын азайтып келеміз.

Ауыл халқының дені мал бағатын болғандықтан, ұрлық болмай тұрмайды. Түркістаноблысы полиция департаментінің басшысы генерал-майоры Мұрат Қабденов іссапармен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округіне келген кезінде ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша, 30 бақылау және 6 сергек камерасы орнатылды. Осы сергек камерасынан бір айдың ішінде 10 миллион қазынаға құйылды.  Жергілікті полиция бөлімі 10 штат және 4 автокөлікке көбейді. Дәл қазір 21 маман бар. Екі автокөлік түнгі ауысыммен жұмыс істейді, кейінгі кезде ұрлық пен құқықбұзушылықтар біршама азайды.

ПАРАДОКС: ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ЖОҚ

Мұндағы халықтың күнкөрісі көбінде диханшылық және мал шаруашылығы, сондай-ақ көтерме жүк тасымалдау қызметімен айналысады. Қарабұлақ ауылының өзінен мұнда күнделікті күнделікті 2-3 ауыр жүк тасымалдау (фура) айына 3,5 мың тонна ет шағарады. Қарабұлақта ауыл шаруашылық өнімдерін таситын 800-ден астам ауыр жүк тасымалдаушы фура көліктері бар. Өнім осы көліктермен жөнелтіледі.

Қазіргі таңда бір айда 3 мың-3,5 мың тоннадай ет шығады. Бұл шамамен Қазақстандағы ет өнімінің 30 пайызын қамтып отыр деген сөз. Көбінде Астана, Алматы, Қарағанды облыстарында етке сұраныс жоғары.

Тағы бір айта кететін таңқаларлық жайт, елімізді етпен қамтып отырған Қарабұлақ ауылында жайылымдық жер жоқ. Бұл парадокс. Көпшілік төрт түлікті сол баяғы есік алдындағы үй іргелік 8-10 соттық жерге бағады. Қалай дейсіз бе?

Ат шаптырымға да келмейтін ауладағы қораның ішінде қаз-қатар жиырма шақты бұқа, төрт-бес сауын сиыр бар. Жайылымға шықпайды, шөпті бір орында тұрып жейді. Мұнша малдың жемін қайдан алады десеңіз, кәдімгі сабанды орып әкеліп, арнайы ұсақтаушы аппаратпен ұнтап, суға көпсітіп, кейін бидай-жүгерімен араластырады. Әрі сіңімді де тойымды, әрі арзан. Бес-алты айдан соң, етке өткізіп, үстіндегі пайдаға түскен табысын айырып, қайтадан жас малды сатып әкеп, тағы 5-6 ай бордақыға дайындауға болады.

Қарабұлақтағы әрбір екі үйдің бірі осы мал шаруашылығымен және бақша өнімдерін өсірумен шұғылданып, еліміздің түкпір-түкпірін ет және көкөніспен қамтамасыз етіп отырғанын өз көзімен көріп сүйсіндік.

Камилжон Абдушкурұлы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:

– Бес мың гектар ауылшаруашылығы мақсатында жеріміз бар. Оның екі мың гектарына қызанақ, қияр, картоп, пияз, сәбіз егіледі. Ал қалған 3 мың гектарына бидай, мақсары секілді дәнді дақылдар қамтылған. Қазір шаруалар бақшадан екі мезгіл өнім алуды мақсат тұтып отыр. Алдыңғы егіс ерте көктемде, яғни жыл басында картоп, қырыққабат, қызылша, пияз секілді көкөністерді егіп, ойдағыдай бір жинап алған соң, күзге қарай тамшылатып суғару арқылы қызанақ пен қияр егуді бастайды. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту барысында мемлекеттік бағдарламалар үй іргелік жерлерде мал ұстайтын шаруаларды қолдау көрсетуде. Бүгінде Қарабұлақта 128 мыңға жуық ірі қара бар. Бірақ, айта кетерлігі мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін жеңілдетілген субсидиялардың кемшін тұстарын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, субсидия алу үшін қорадағы мал саны 50 сиырдан кем болмау керек. Ал мұндай кезде 20 сиыры бар шаруалардың қолы еш жеңілдікке жете алмайды.

Егін шаруашылығына қатысты да талап сондай, мәселен, субсидия алғыңыз келсе, жеріңіз 5 гектардан көп болуы керек. Ал біздің ауылда әр шаруа қожалықтардың жері 2-3 гектардан ғана келеді. Сондықтан көп жағдайда еңбек еткісі келетін шаруалар осындай мемлекеттік қолдаудан қағылып жатыр. Қарабұлақта бұл күндері 1680 шаруа қожалығы бар, соның көбісінің жері екі гектардан көп емес. Алдағы уақытта екі гектар жерге де субсидия берілсе дейді шаруалар. Мақсаты – егер мемлекет субсидияласа, тамшылатып суғару әдісіне өтсек дейді олар.

Расында, әкім мырза айтып отырған мәселенің жаны бар.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту керектігін қаншама мәрте айтып келеді. Сондықтан еліміздің әл-ауқаты артып, қуатты өңірге айналу үшін жерге еңкейген әрбір шаруаға қол ұшын созуымыз қажет! Мейлі оның жері 10 гектар болсын, мейлі 10 сотық болсын, 50 сиыры емес, 5 сиыры болсын, еңбектің аты еңбек, дәл қазір еліміздің ауыл шаруашылығы жеңілдікке аса мұқтаж.

Әкімнің ұсынысын біз де құп көреміз, халық та қуана келісері сөзсіз.

Екінші өнім алу мақсатында жұмылып жатқан диханшылар үшін биыл ағын су молдау болды. Әйткенмен, таудан өздігімен ағып келіп жатқан су қаншама көл-көсір болғанмен, бұл екінші қайтара егіске жетпей қалғанын ашына айтады шаруалар. Сондықтан айналып келгенде бүркіп немесе тамшылатып суғару әдісінен асып түсетін пайда жоқ. Тамшылатып суғаруға көшу тиімді, бірақ оған да аяқтан тұрып кету үшін субсидиялар көптеу берілу қажет екені анық.

Ағын судың жайын жазып тұрып, ауыз суды ауызға алмай кете алмаймыз. Бұл күндері Қарабұлақ ауызсумен толық қамтамасыз етілген, бірақ барлығы 24 сағаттық сумен емес, 80 пайызы – уақытпен сағаттық су ішеді, өздері құдық қазып алған. Камилжан Абдилахатовтыңайтуынша «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес ауылға ауызсу жүргізу мақсатында 3,75 гектар жерді мемлекет балансына алып, су ұңғырларын қазған. Жоспарға сәйкес алдағы жылдары ауылға толыққанды су келетін болады.

– Қазір тоғыз ұңғыр қаздық. Бұл жоба осыдан үш жыл бұрын үш миллиард теңгеге жоспарланған. Бірақ тиісті жерді мемлекет балансына өткізе алмай, ЖСҚ мерзімі өтіп кеткен. Ендігі баға 4 миллиард 750 миллион теңгеге бағаланып отыр. ЖСҚ мерзімі өтіп кеткендіктен, бұл жобаға түзету енгізу үшін тағы 15 миллион 583 мың теңге бөлдірдік.

Қазіргі таңда жер дайын, мемлекет балансына өтті, енді құбыр тарту жұмыстары жүргізілу керек. Менен бұрын да әкімдер атқарған, дегенмен әрқандай жағдайлармен аяғына дейін жеткізе алмай кетті, енді мен осы ауылға су әкелу жұмыстарын аяқтасам деймін!

Талпынысы жоғары әкімге сәттілік тілейміз. Бұл процес екі жыл уақыт алады екен. Сондықтан ең алдымен ауылдың көшелерін жөндемес бұрын, ауыз су құбырларын жүргізіп алсам дейді. Сол себепті, келесі жылға жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.

Қазір Қарабұлақтағы ең басты мәселе – ауызсу мен жолдың тозығы жеткендігі… Барлығы 72 көше бар. биыл соның 30 көшесі асфальтталды, оның 4-еуі облыстық маңызы бар көше саналады. Соңғы 3 жылда Қарабұлақ ауылдық округінің ішкі 30 көшесіне асфальт төселіп, 2022 жылға 10 көшеге асфальт төселген. Оның ішінде аудандық бюджеттен 6 көшеге болса, 4 көшеге жергілікті бюджеттен асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.Әлі 50 көшеге жөндеу жұмыстары қажет. Әсіресе ішкі көшелер айқыш-ұйқыш күйінде тұр. Әйтсе де, су құбырлары тартылған соң, бұл жұмыстар да қолға алынатыны сөзсіз.

Қарабұлақ ауылына Әлімжан Нышанқұлов әкім болып тұрған кездері, яғни 2013 жылы 95 пайыз табиғи газ жүргізілді. Толық көгілдір отынмен қамтылған халық бір жасап,риза болып қалғаны бар. Содан бері ауыл аумағы кеңейіп, қосымша жер қосылды, жаңадан 1100 үй салынды. Қазір соларға газ құбырын тартып берсе, 100 пайыз қамтылады деген сөз.

– Егер газ тарту жұмыстары осыдан жиырма жыл бұрын жүргізілгенде, Қарабұлақ мұнан да ілгері дамып кеткен болар еді. Қазіргі күн көріс деңгейіне де шүкіршілік дейміз. Халық Әлімжан Райымқұлұлының еңбегін әлі ұмытқан жоқ, ол ауылға газ тартқызғаны үшін есімі ел аузында қалды. Мен де өз қызметімде ауылға су әкеліп, абыроймен ел алдында қызметімді атқарып өткім келеді, – дейді ағынан ақтарыла Камилжон Абдушкурұлы.

Ендеше халық таңдаған жаңа әкімінің жаңа істеріне тек сәттілік тілейміз!

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *