ҰЖЫМЫНЫҢ СЫЙ-ҚҰРМЕТІНЕ, ӘРІПТЕСТЕРДІҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН ЖАН

Қоғам Құқық
174 Views

Ел арасында «Жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспе» дейтін жиі айтылатын жаттанды сөз бар. Осы әңгіме қанша рет айтылса да, оны іс жүзінде жүзеге асыратындар бүгінде некен-саяқ екені шындық.
Ал өз қалауыңдағы мамандық иесі болу — жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Айғағы сол, өз ісін жақсы көріп, аса талғампаздықпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Түркістан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Абдурахманқызы Абдужаппарова.

Естеріңізде болса Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан Түркістан облысы деп аталды, ал оның әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістанға ауыстырылды. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан алынды. Қазақ елінің тарихында алтын әріптермен қаланатын шешім болды десек қателеспейміз. Сондай-ақ Түркістан түркі тектес халықтарының да рухани астанасына айналып, тіпті алыс жақын шетелдерден келетін қонақтар үшін де туристік қаланың бірі болып танылды. Ендігі мақсат – жергілікті халықтың және саяхатшылардың тыныштығы мен қауіпсіздігі еді. Дәл осы 2018 жылы Түркістан облысы құрылған кезде Түркістан облыстық Полиция департаменті деген атаумен Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп, Түркістан қаласына көшті. Осы сәттен бастап департаментке қызметке қабылданған Гүлнар Абдурахманқызы жауапкершілік жүгі жоғары жұмысының қыр-сырын жетік меңгеріп, бүгінгі күнге дейін қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен батырлық сынды қасиеттердi бойына жинаған қызметін адал да, абыройлы атқарып келеді. Өмірлік жолында өз ісінің жоғары бағасын іздемей, тек халыққа қалтқысыз қызмет етуді ойлаған жан.
Ақпарат көзіне сүйенсек, Түркістан облыстық Полиция департаменті – Қазақстан республикасындағы Ішкі істер министрлігінің құқық қорғау саласындағы ірі құрылым, 3000-нан аса полиция қызметкері облысымыздың қалалары мен аудандарында және елді мекендерінде құқық қорғау заңдарының сақшылары болып қызметтерін атқаруда. Департамент аппаратында криминалдық полиция, тергеу, анықтау, жедел-криминалистика, экстремизмге қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі бизнесіне қарсы күрес, штаб, өзіндік қауіпсіздік, көші-қон қызметі, әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі, кадр саясаты, қаржымен қамтамасыз ету, тылды қамтамасыз ету, арнайы және жұмылдыру даярлығы, ақпараттандыру және байланыс басқармалары, заң, құжаттамалық қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы коммуникациялар, патрульдік полиция батальоны, жедел басқару орталығы, «Арлан» оқу-жаттығу взводы, ЖҚАЖ арнайы топ жасақтары, кинологиялық қызмет құрылған. Сонымен қатар, Түркістан облысының ПД құрамында 15 аудандық, 2 қалалық басқарма мен бөлімдер және аппараттың өзінде 23 бөлініс бар.
Осы арнайы жасақталған құрылымдардың күнделікті жұмысын, оның ішінде облыс аумағында орын алған түрлі жағдайдағы оқиғаларды дер кезінде жариялап, айғағы айқын нақты ақпаратпен құлақтандырып отыратын Гүлнардың жұмысы жәйбасарлықты күтпейді.

Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан етудің өзі артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы деген Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденовтің «Qazaq uni» газетінің тілшісіне берген сұхбатындағы сөзі әсерлілігімен әлі есте. Міне осындай Республика аумағында таралатын басылым, сайт, ақпараттық агенттіктердің тілшілерімен жедел сұхбаттарды ұйымдастырып, әлеуметтік желілерде кейде жағымсыз, дәлелін таппай шығатын жазбалардың дәйектілігін анықтап, оның шынайылығына жетіп, тұщымды мақала жариялаудағы Гүлнар Абдурахманқызының ептілігі мен шапшаңдығынан бөлек, табанды да қажырлы істерімен, адамдармен өнеге тұтарлық қарым-қатынасымен, қарапайым еңбекқорлығымен, жаңа­шылдық және іздемпаздығымен, орын­дау­шылық қабі­летінің тұрақты­лығы­мен, алдыңғы орында екендігі шындық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында алдағы төртінші онжылдықтағы халықтың қуатты да елдің иесі және кемел болуын құқық қорғаушыларға қадап тапсырды. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудың қажеттілігіне ерекше тоқталды. Жалпы полиция қызметкері қандай болуы қажет. Біріншіден, полиция қызметкері – билік пен халықтың арасындағы көпір, екіншіден, тәртіп сақшысы – халық сенімінің айнасы. Ішкі істер минстрлігін реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығына ғана қатысты емес. Бұл дегеніміз қазақ полициясының қызметіне түбегейлі өзгеріс жасау. Еліміз дамыған сайын, құқық қорғау саласының қызметі де артта қалмайды, қайта жаңаша өзгерістер пайда болып, ілгерілей түсері анық.
Мемлекет басшысы белгілеген осынау міндеттердің орындалуы әрбір полиция қызметкерінің білімі мен кәсіби шеберлігіне, қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқаруына, ел заңдарын бұлжылтпай орындауына байланысты болмақ. Олай дейтініміз, полицейлер – мемлекеттік құрылыстың маңызды тірегі болса, ал бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған кейіпкеріміз Түркістан облыстық Полиция Департаментінің ақпарат айдынындағы мөлдір бұлағы, һәм көзі, құлағы десек артық айтқандық емес.
Анығын айтқанда, қазақстандық полицейлер мемлекетіміз бен азаматтардың мүдделерін қорғау, еліміздің тыныштығы мен Конституциялық құрылымын, заңдылықты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолында уақытпен санаспай, ерлік пен төзімділік, қайсарлық пен табандылық танытып, кәсіби шеберліктері мен жоғары даярлығын көрсетіп келеді. Осы орайда Түркістан облыстық Полиция Департаменті полиция қызметкерлерінің де талай-талай белестерді абыроймен бағындырып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың құқықтарын қорғауда жүйелі де жемісті қызмет атқарып отырғанын ризалықпен айтқанымыз жөн. Осылайша, өзіне жүк­тел­ген мін­деттерге сәйкес мемле­кеттiң қа­уiпсiз­дiгiн қамтамасыз етуге, адам­ның және азаматтың құқықтары мен бос­­тан­дықтарын қылмыстық және өзге де құ­қық­қа қарсы қолсұғушылықтардан қор­ғау­ға, жаңарған болашақты құруға бір адамдай атсалысуға дайын, қазақ полициясының беделін көтеруге атсалысып жүрген түркістандық полицейлермен қатарласып, қару орнына үшкір қаламын, күресу орнына ұшқыр ойын жазумен танылып жүрген әріптесіміздің еселі еңбегі елеусіз қалмай, Қазақстан Республикасының ішкі істер Министрінен бастап, департамент басшылығы және республика, облыс аумағындағы басқарма, мекеме, ұйымдар тарапынан алғыс хаттар мен марапаттар табысталуда.
Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі оның машықтанған мамандығы. Иә, мамандығы, дәлірек айтсақ кәсібі. Кез келген маман иесінің қанатын қатайтып, өмірлік бағыт беретін үлкен орта ол – отбасы. Біздің Гүлнәр әкенің ақылы мен ананың мейірімін бойына сіңіріп, қазақ отбасында тәрбиеленген жан. Қызығы мен қиындығы басым жұмысына демеу бола білген жолдасы екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп, жапырағын кеңге жайған бақытты отбасы.
«…Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да, қойып кет, белді шеш те, кешіп өт…» деген сөздің иесі Гүлнар Абдужаппароваға арналғандай.

Озипа АЛТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *