ҰЛТТЫҢ ЗАМАНАУИ ДАМУЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ – БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІ

Білім Тәрбие
816 Views

Оқушылар мен ұстаздар қауымының есінде сөзсіз қалатын өткен оқу жылымен де қоштастық. Оның барысында біршама тірліктер атқарылды. Ел басына түскен Әлемдік пандемияпроблемасына бейімделу әрекеті әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Барша көзі барқауымға көрініп тұрған еңбекті ешкім де жоққа шығара алмайтын шығар…!

Десек те, білім саласындағы проблемалар мен кемістіктер әлі де болса жетіп жатыр. Бұл негативтер соңғы онжылдықта тіршілік соқпағына аяқ басқан жас толқын арасында білімсіздіктің, тәртіпсіздіктің бейкәсібиліктің және «босдипломдылықтықтың» шектен тыс өрбіп бара жатқанының көрінісі сонда. Жастарымызға алдағы уақытта қоғам, ұлт күткен өздерінің әлеуметтік және саяси парыздарын толыққанды атқаратына сенімсіздіктің бір қылы кейде көрініп қалғандай болады…

Бұл мақаладағы мақсат, көптеген азаматтарымыздың сұрауларына, ой-пікірлеріне орай, білім және тәрбие саласының байырғы өкілі ретінде осы саланың жұмысын реттеп, оны өрге сүйреуге ықпалын тигізеді-ау деген ұсыныстармен бөлісу. Өз ойымдағы басты бірнеше мәселені қозғау.

Рас. Тәуелсіздік Туын көтерген жылдарда оқу-білім саласына аз көңіл бөлінді дей алмаймыз. 90-шы жылдары кеңестік кезеңнен мұраға алған бұл жүйені сақтап қалуға көп әрекет жасалды. Үстіміздегі ғасырдың басынан бастап, көптеген жаңа мектептер салына бастады. Тозғандары күрделі жөндеуден өтті. Оқу орындарын жарақтандыру ісі, заманауи құралдармен қамтамасыз ету мәселесі де қолға алынды…

Десек те, бұл саланың жұмыс нәтижелілігі қоғамның даму мақсатына сәйкес, заман талабына сай дәрежеге жете алмады. Оқу объектілері өз міндетіндегі құндылықтарды: шәкірттер бойындағы білім аккумуляциясын; ғылым іргетасын; тәрбиеленушінің рухани-саналық деңгейін; мәдени дәрежесін; нарықтық, жаһандану заманының талаптарына сәйкестендіре алмады. Әсіресе, мемлекеттік тілде оқытатын оқу орындарында, соңғы екі онжылдықтарда.

Аталмыш кемістіктер себептердің бірі де, бірегейі де «Жоғарғы мәртебелі Коррупцияның» есіруінен сияқты. Біздің еліміз осы індеттің жайлауы бойынша әлемдегі «мықтылардың» бірі екенін айтып жатудың өзі артық. Ағайындықты, басқа да жақын-туыстықты араға салып гүлденетін «Жемқорлық мырза» қоғамның барлық әлеуметтік саласында «өз орнын» таба алғаны да белгілі. Білім саласын да жайлаған бұл «жұқпалы ауру» мемлекеттегі алуан түрлі дағдарыстардың ең негізгі қоздырушыларының бірі іспетті.

Әлемдегі барлық елдер тамсанатын жеріміз – ұлан-байтақ, игерілмеген байлығымыз – ұлан-ғасыр. Солай бола тұра, отандық төл өнеркәсібіміз, ірі бизнесіміз шетелдік компаниялардың, немесе, компрадорлардың жанында әлсіз күйде. Сонда біздің білім саламыз, мыңдаған «интеллектуал-мамандарымыз» қайда жүр? Қазақтың сонша қабілетсіз болғаны ма?!

Ішіміздегі «самозанятыйларды», арба итергендерді, қарауылдарды, жеке таксистерді, тағы басқа осындай сегменттердегілерді қоспағанда, ЖОО-ларды, мемлекет қаржысымен алуан түрлі мамандықтарды бітіргендердің өзі көбіне жұмыссыз. Сонда елдегі білім саласының сапасы қандай болғаны?…

Сүйте тұра, қарапайым жұмысшыдан бастап, барлық біліктіліктегі мамандарға қазіргі дағдарыс дарылдап тұрғанның өзінде мұқтажбыз. Алыс-жақын шетелдіктерге «жұмыс берушіміз»(!) Ертеңгі күні шыдамдылықпен күткен шаруашылығымыз қарыштап жүріп кетсе, онда кімдерге үміт артамыз? Білім саласын «індеттерден» арылтып, әбиірі мен сапасын көтере алмадық, «баяғы жартас, сол жартас» деп отыра береміз бе?! Жоқ, әлде: «қазақ жалқау», «білім-ғылымға құштарлығы төмен», «арманы тек диплом», «заманауи, жоғары техникалық мамандықтарды меңгеруге икемсіз» деп білгішсініп, мемлекеттегі білім саясатын және мектептен, ұстаздықтан аулақ министрлерімізді не ақтап, не даттап отыра бермекпіз бе? Қайтадан жеке азаматтарға бала бақша, мектеп, аурухана, тағы басқа да халық игілігіне қажетті объектілер салдыртудың орнына, топырлатып тойхана, базар, мешіт салғыштардың ыңғайына жүре береміз бе?… Бұл проблемаларды көзі қарақты азаматтар біраздан бері айтып-ақ жүр. Реттеуін күттірмей шешетін мақсат қатарында болуы керек қой.

Қозғап отырған саланың (білім саласының) қоғамдық рөлі терең де ауқымды болуына байланысты, осы мақалада оның ішкі проблемаларынан бұрын қоғамдық-әлеуметтік маңызы басым бағыттарына ден қойсақ деп отырмын.

БІРІНШІДЕН, қандай бір елде, қай бір ұлтта болмасын білім мен тәрбие саласының деңгейі мен оның сапасы және нәтижесі сол мемлекеттің болашағының кепілі. Бұл ақиқатты адамның жадымен, есімен білу бар. Тағы да сол елдің, ұлттың азаматтарының рухымен, санасымен, құндылықтар түсінігімен және патриоттық сезімімен білу де бар. Біз өткен онжылдықтарда осы болашағымыздың кепілін тек жадымызбен ғана білдік. Бұл күндерде біздерден қол жетпес биіктікте тұрған жапондар кезінде бұл ақиқатты толық түсінді. Өткендегі әлемдік соғыстан соң, қирап жатса да, олар АҚШ берген екі миллиард доллардың жартысын жаңа техника мен технологияларға, ал екінші тең жартысын білім және ғылымға арнады. Нәтижесін кешікпей-ақ әлем мойындады. Міне, көрегендік және асқан патриотизм! Жоғары, үлгілі рухани-саналық құндылық, қасиет пен қабілет!

Бізді де, егер «адам боламыз» десек, алдымызда жеке басқа, патша, батырға емес, өнер-білімге, ғылымға, жоғарғы адами тәрбиеге «табыну» үрдістері күтіп тұр. Оқу-білімді, ғылымды азаматтарымыздың жадынан ғана негіз алатын дүниеден, бүткіл ұлттың рухы мен сана-сезімінен туындайтын ментальдық дүние дәрежесіне дейін көтермесек, онда жаңғыруымыз да, жаңаруымыз да мүмкін емес. Ұстаздардың ең төмен айлығы, оларға мемлекеттің соңғы қатарда көңіл бөлуі, оқытушылардың марапатта соңында, ал тегін «қоғамдық жұмыста» елдің алдында болып, заманымыздың «мәдениетті құлы» рөлін атқаруы, тағы басқа да көпшілікке бұрыннан етене таныс негативті жағдаяттардың негізі осы сияқты себептерден екені белгілі.

ЕКІНШІДЕН, В.И.Лениннің, сол баяғы соңғы онжылдықтарда қара қазақтардың санасында «жексұрынға» айналдырылған тұлғаның, мынадай бір төмендегідей кеңесі болатын: өте күрделі де санжақты проблеманы талдау үшін ең алдымен оның негізгі звеносына ден қою керек. Осыны суырып алса, көптеген басқа ілеспе сияқты көрінген маңызы онан кем емес мәселелер органикалық түрде өзі шыға келеді.

Менің ойымша қоғамдағы білім жүйесінің негізгі звеносы – жоғары білім мен ғылым жүйесі. «Білім туралы» заңымызда анықталған білім деңгейлерінің объектілері тікелей, немесе, жанама түрде, бәрібір ЖОО проблемаларына келіп тұйықталады. Жеме-жемге келгенде бүткіл қоғамның «ауруларының» бар түйіні түгел білімнің, жоғарғы білім мен ғылымның жағдайына келіп тіреледі.

Қазіргі «постиндустриалды», «жаһандану» деп ат қойып, айдар таққан заманда әлемдегі алғашқы «сегіздікте» болсын, мейлі «жиырмалықтан» ойып орын алған елде болсын, жоғары білім саласын тұрақты түрде дамытуды ең басты стратегиялық мақсаттың бірі деп қарайды. Әлемдік көште лидерлер арасынан орын алғандар – жоғары, жоғарыдан кейінгі және ғылым салаларының дамуының мүмкін емесін ертеден түсінгендер. Осыған қарап мешеу елдің білімі мен ғылымы да мешеу екені аксиомаға айналған жәйт болып тұр.

Біраз уақыттардан бері азаматтарымыздың экономикалық бәсекелестігінің төмендігі көкейтесті мәселеге айналды. Мұндай жағдай мемлекетті де, ұлтымызды да қанағаттандырмайды. Қалыптасқан жағдайдан шығудың катализаторы білім саласы, жас маман даярлау саласы екенін жадымызбен білсек те, көңілге қонатын нәтижеге қол жеткізе алмадық. Төл экономикамыздың төрінен орын ала алмауымыз, өндіріс мәдениеті, еңбек өнімділігі, өнім сапасы, тағы сол сияқты шаруашылық категорияларындағы білім мен ғылымға тікелей байланысты әңгімелер де өз алдына бір төбе…

Осы мақала тақырыбындағы проблемалар туралы арнайы әңгімелер өрбіген сәттерде білім саласындағы азаматтардың көбі аталмыш сала нәтижелігінің әлжуаздану себептерін орта білім жүйесінен көреді. «Дайындығы төмен контингент ЖОО-ға келді. Бітірушілер де соған сәйкес» дегенге келетін «қорытындылар» жасалып жатады. Үстірт қарасаң, сеніп те қаласың. «Үлкен оқу» туралы теледидарда, әлеуметтік желілерде жарнамалық роликтер, видеофильмдер, алуан түрлі мүйіздері қарағайдай қайраткерлер мен белсенділердің қатысуымен өтетін қоғамдық іс-шаралар, өтімді пікірлер…

Ал көзіңді бадырайтып ашып қарасаң, басқаша сияқты. Мектептерде оқушылардың сабаққа қатысу деңгейі «үлкен оқудағы» студенттерден әлдеқайда жоғары. Оқушылар контингентінің негізін қамтитын іс-шаралар, әйтеуір, тұрақты өтіп тұратынын байқаймыз. Ал, «универміз» дегендерде мыңдаған «болашақ маманның» ішінен әрі кетсе екі, үш жүздей белсенділермен барлық іс-шара атқарылады. Сауда, түрлі қызмет көрсету саласына таяқ лақтырсаң «студентке» тиеді. «Көңілді уақыт өткізушілерді» айтпағанның өзінде…

Әрине, активтері толық оқу министрлігінің қолындағы (бұрынғыша – мемлекеттік) акционерлік қоғамдардағы, бірлі-жарым жеке ЖОО-ындағы жағдайды «классикалық» жеке оқу орындарымен салыстыруға бола қоймас. Салыстыруға келмейді. Десек те, жалпы алғанда, талап деңгейімен көз тастаса, «оңып тұрған Оспан жоқ». Сонда да, көп азаматтардың пікірінше «мектеп кінәлі» екен…

Мейлі. Абай атамыз айтқандай, «өз сөзім, өзімдікі». Менің сенімім бойынша қоғамды да, ұлтты да, алға сүйрейтін жоғарыда айтылған жоғары білім мен ғылым саласы. Сондықтан да, орта білім жүйесіндегі «аурулардың» негізгі себептері бірі тікелей, бірі жанамалай, «универлердегі» болашақ диплом иелерінің «нәтижелілігіне» келіп тіреледі.

Өскелең ұрпақтың азамат болып қалыптасуында ата-ана тәрбиесі қандай маңызды екенін барша жұрт жақсы біледі. Классикалық қазақ отбасысы дейтін жанұяларда бала-шағасын жоғары білім туралы диплом алуға, атқамінер, бастық болуға бағыттамайтын, сондай мақсатқа итермелемейтін ата-ана кемде-кем. Сүйте тұра, ұрпағының табиғи қабілетінде, пәндер бағдарламасын меңгеру дәрежесінде, сабақтар бойынша үй тапсырмасы мен класстан тыс материалдарды тұрақты даярлауында негізінен шаруасы жоқ. Санасында бір түсінік «сенімді» орын тепкен. Оның неге негізделген «сенім» екенін жұртшылық жақсы біледі…

Шіркін, «тамыр-таныстыққа», «пәре-сәреге» негізделген «сенім» қандай мықты десеңші. Ауыз күйетін екі онжылдықтай уақыт өтті. Есебін тауып, оқып басын ауыртпай-ақ мыңдаған жас оқу бітірді. Мүмкіндігі барлар жарнамалы, жарақты «универлерді», мүмкіндігі төмендер тыныш, бұғып тірлік қылған «колледждерді» бітіріп, жан қинамай армандаған дипломдарына қол жеткізді. Ақпарат көздеріне қарағанда осы «диплом иелерінің» әрі кеткенде 30 пайызы жұмысқа тұрған. Кейбір аты бар да заты жоқ «маман даярлаушыларды» бітіргендердің аталмыш «басты көрсеткіші» 15 пайыздан асуы қиын екен. Осы тұстағы айтайын деген ой екпіні: ата-ана болсын, «жас маман» болсын, аталған көрсеткішті біле, сезе, көре тұра, бәрібір, өздерінің қалыптасқан «нұсқасынан» қайтпайды; жеке мүдделеріне сай, инемен құдық қазып, басты ауыртып жатпайды; «жұртпен көрген ұлы той»; «пәленшенің сенен жаман (немесе, менен де жаман) баласы диплом алып, шалқақта жүр», тағы с.с. …

Ал, енді болашақ жас мамандар даярлайтын оқу объектілері қоғамның, ұлттың алға қойған идеологиялық, конституциялық, құқықтық, моральдық-саяси талаптарын бұлжытпай, ешқандай бұлтартпасыз, бұрмалаусыз орындайтын жағдайда өз міндеттерін атқарса, онда ата-аналар қауымы, жеткіншектің жанашырлары тіптен басқа «операның басқа арияларын» әндетіп шығар еді. Жоқ, әлде, «Қайтарыңдар ЖОО-лардағы бұрынғы былық-шылықтарды» деп, акциялап, митингілеп, көшеге шығар ма еді??!

Әрине, оқу орындарының жұмысын қанша жерден жақсартамын деп ұран тастағанмен, небір «ережелерді» жетілдіргенмен, көздеген мақсатқа жалпы бірдей шабуылдағанмен, біздің әлеуметтік-психологиялық «ерекшеліктеріміз» тұрғанда қол жеткізу бәрібір мүмкін емес. Сондықтан да, жалпы шаралар легіндегі ең қатал да басты шара: құрамы министрліктің, құқық қорғау, құқық қадағалау, қоғамдық ұйымдардың, жұмыс берушілердің, ата-аналар ұйымының өкілдерінен жасақталған, сол ЖОО орналасқан өңірге еш қатысы жоқ мамандар мен азаматтардан тұратын, жұмысы ашық түрде ұйымдастырылған комиссия алдында диплом жұмысын қорғап, бітіру емтиханын тапсыру керек! Ректорлар соңғы сынға ұсынылғаны туралы бұйрықпен шектелуі қажет. Тура бүгінгідей «даярлықпен» соңғы сынға келген бітірушілер топалаң тиген қойдай, кебенек тиген ешкідей өте алмай «қырылса», бір-екі жылдан соң-ақ ата-ана да, студент те еңбексіз диплом жоқ, дипломсыз «нан» жоқ екеніне, ешкімнің сыбырынсыз-ақ, көздері жетер еді. «Құлап» дипломнан қағылғандардың саны шектен тыс болса, сынға жарамаса да сүйреп жеткізгені үшін ректор (мейлі директор) міндетті түрде орнын босатуы керек.

«Шет елдерде дипломды оқу орындары өздері береді екен», «Жұмысқа тұру үшін диплом тек анықтама сияқты, жұмысқа тұруға – сертификат» деп, онсыз да қазіргідей мүшкілдікке жеткізген, біліп тұрып, жеке мүддесі үшін «батыстық білім жүйесін» дәріптегендерді орнына қоймаса болмайды.

Жалпы шаралар легіндегі екінші қатал шара: ұлттық бірыңғай тестілеу аясын кеңейткен дұрыс деп ойлаймын. 9-11 сыныптарды бітірушілерді түгел аталмыш тест арқылы өткізу керек. Барлық негізгі сабақтардан. Қандай мамандықпен, қай жұмыста істесең де мектеп бағдарламасынан алатын білім фрагменттері алдыңнан жиі шығады. Мейлі инженер, педагог, дәрігер бол, мейлі экскаваторшы, қойшы, дәнекерлеуші бол, мамандығыңмен қоса орта білім аккумуляциясы кесе-көлденең тұрады. «Топас», «тупой», «надан» дейтіндер мен «орта білімнен ада» дейтін түсініктер, қандай бір дипломың болса да, болмаса да ортақ түсініктер.

Аталмыш осы «ең қатал» деп бағалатын талаптарды сөзсіз жүзеге асыруға интеллектуалдық, моральдық, патриоттық қабілеті бар бірнеше жүз азамат ұлтымызда, қоғамымызда табылмайды деп кім айтады? Бұзылмаған ұлттық код бойынан табылмайды дейтін қазақ жоқ дегенге менің сенгім де келмейді!

Егер осы екі «қатал талапты» жүзеге асырсақ, бір-екі жылдың өзінде әлеуметтік-психологиялық ахуал, заңдылыққа, әділеттілікке сенім біртіндеп өзгере бастайды. Өндіріске, мемлекеттік және азаматтық қызметтерге, кәсіпкерлікке, басқа да жаңа, білікті мамандарды өмірдің өзі талап еткен салаларға болашаққа, алға сүйрейтін жастар келе бастайды.

ҮШІНШІДЕН, «қатал» түрде болмаса да, кезегімен, ұзаққа созбай, жас мамандар даярлау үдерісінде тағы біраз қоғамға пайдалы оңтайландыруға (модернизация) көңіл бөлгеніміз қажет деп есептеймін.

Қазіргі кезде жекеменшік оқу орындарының басым көпшілігінің халық арасында әбиірі құлдилап кетуіне байланысты оларды түгел жабу, мамандарды тек мемлекет қаржысына оқытуды талап еткен пікірлер көбейіп тұр. Түсінуге болады. Бірақ, толық қабылдауға болмайды. Мұндай жолмен кезінде жүргенбіз, оның да проблемаларын бастан кешкенбіз. Біздің адасуымыз көпменшіктіліктен емес. Адасуымыз – заңдар мен заңнамаларды, білім саясаты мен бағдарламаларды толыққанды, бұлжытпай орындаудың орнына коррупцияның, жауапсыздықтың аулына кетіп қалғанымызда.

Елімізде Ата Заңымызға, демократиялық үрдіске сәйкес бірі-бірімен бәсекелес мемлекеттік те, жекеменшік те, араласменшік те, оқу орындары өз функционалдық әрекеттерін ешқандай қылмысқа, алаяқтыққа, былық-шылыққа ұрынбай атқаруы керек. Студент жастар арасында теріс, іріту, заңбұзушылық әсер ететін бір де «блатной студент» болмауы керек.

Өткен жылдан бастап, елімізде сырттан, кешкі оқыту бөлімдері бойынша студент қабылдау тоқтатылды. Маман даярлаудың бұл түрі «ерінбегеннің бәрі» диплом алатын жолға айналып кетті. Жауып тастай салу – жеңіл. Бірақ, бұлай ету – кезінде өзін өзі жылдар бойы ақтаған, өзін әлеуметтік қоғам деп жариялап, халықтың күндізгі бөлімде оқуға түрлі себептермен мүмкіндігі болмаған топтарына қолын созған ел үшін жараса ма?! Кезінде мен, осы жолдардың авторы бірнеше жыл техникалық жоғары оқу орнында сабақ бергенмін. Күндізгі бөлімдегілерге қарағанда көпшілігінің жасы үлкендеу, өндірістің исімен жақсы таныс, еңбек ұжымының тұрақты мүшесі, біразы жанұялы, бала-шаға асырап отырғандары да бар, «көңілді уақыт өткізуге» мүмкіндіктері жоқ, бірақ алдындағы мақсаты айқын, «көкесінің баласы» еместермен жұмыс істеу жақсы әсер қалдыратын…

Егер ЖОО-ға өндірістен қол үзбей оқуға, әсіресе, кешкі бөлімге, колледжді бітіріп, тура сол мамандығымен тұрақты жұмыс істеп жүрген жас азаматтарды қабылдап, қабылдануы да, бітіруі де, қойылған талабы да күндізгі бөлім студентінен кем болмаса, неге жұмыстан қол үзіп оқуға мүмкіндігі жоқ, немесе оқу мен жұмысты ұштастыруды қалайтындарға неге осындай мүмкіндік бермеске?! Тек, колледждегі мамандығымен оқуға түсіп алып, кейін осыған сәйкес жұмысын тастап кетуге, немесе басқа факультетке ауысамын деген «ақылдыларға» ондай мүмкіндік бермеу керек.

Мамандыққа оқыту әдісінің еңбектен қол үзбей даярлау түрін дискредитацияға ұшыратқан ата-аналар, жастар емес, коррупцияға бой алдырған оқу орындарының басшылары және оны «еш көрмейтін» министрліктегілер.

Тағы бір мәселе. Жоғары білікті кадрларды өз елімізде даярлаудың маңызы жанжақты екенін түсінетін уақыт жетті деп ойлаймын. Неге осыдан 50 — 60 жыл бұрын – бодан кезімізде – Советтік Қазақстанда даярланған түрлі салалардың жас мамандарына, ғылыми қызметкерлеріне бүгінгідей қоғамда ашынған сын жоқ еді де, енді, Тәуелсіздік туын заңды түрде, мақтанышпен көкке көтерген уақытта, керісінше болып кетті?? Бұл – ұлттың ар-ожданына саяси, моральдық-психологиялық тұрғыдан соққы болып, рухани-саналық жаңғырудың орнына әрі қарай «мәмбеттене» бергізбей бе?…

Тілі, ұлтжандығы, азаматтығы және басқа да оң мағынадағы «қазақилығы» жөнінен мұндай құндылықты тек ішімізде оқыған жастардан таба алатынымызға көзіміз жеткен сияқты ғой. Қажеттілігіне көз жеткен жағдайда ғана шетелге біліктілікті көтеру және жаңа ғылыми жетістіктермен, жаңа техникамен, еңбек үдерісін жаңа ұйымдастыру әдістерімен танысу бағдарламаларымен жіберу керек. Қазіргідей жастарды топтап, топырлатып, жібергеннің пайдасынан зияны көп. Онсыз да еңбек, өндіріс күштеріне есепсіз зиян келуде. Қазақстанда туады, белгілі әлеуметтік төлемдер мен қолдаулармен өседі, оқиды, тәрбие алады, «адам болар» жасқа жетерде валюталап шетелге тасиды. Елге қызмет ететін, халық алдында парызын өтейтін шақта біразы сонда қалып кетеді, біразы «тәрбие алған» ортасын аңсап, келіп, онан соң кетіп қалады. Қалтасы мен жанына жайлы орналасқандары ғана қалады. Еселі еңбегімен, азаматтығымен көзге түсіп жүргендері шамалы. Ағылшын тілін «елден қашу» үшін үйренгендей әсер қалдырады.

Тағы міндетті түрде тұрақты ойда болуға тиісті мәселе. Жоғары оқу орындары қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік идеологияны, ел Конституциясын жастардың, өз шәкірттерінің бойына тереңдете сіңірудің үлгісі болуы керек. Жас толқын құқықтық, демократиялық, зайырлылық сананың иегері, әлеуметтік әділеттіліктің талап етушісі, бүгінде біз жоғалтуға айналған ұлттық кодтың жаңғырта қайтарушысы болған жағдайда ғана экономикалық және мәдени дамудың нағыз себепкеріне айналады.

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *