ҰПАЙ ҮЛЕСТІРГЕНІМІЗ ҰЯТ БОЛЫП ТҰР

Спорт
949 Views

Кәрі құрлықтағы құрама командалар арасында Ұлттар лигасы деп аталатын жаңа турнир өмірге келді. Осыдан төрт жыл бұрын УЕФА осындай доп додасын өткізу жөнінде шешім қабылдаған болатын. D тобында Андорра, Грузия, Қазақстан, Латвия жайғасқан. Топ жеңімпазы С тобына ауысатын болады.

Екі жылға созылатын турнирдің ең алғашқы ойыны Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтті. Өз алаңында Грузиямен кездескен Қазақстан құрамасы 0:2 есебімен ұтылып қалды. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Есесіне қосымша уақытта (45+1) Исламбек Қуат ескерту алып үлгерді. Ойынның 69 минутында Георгий Чакветадзе есеп ашқан. Арадан бес минут өтер-өтпесте Сергей Малый қапелімде өз қақпасына доп соғып алды.

Бірінші турда Латвияға қонаққа барған Андорра бір ұпай олжалап қайтты. Ригадағы «Даугава» стадионында өткен кездесуде есеп ашылған жоқ.

Екінші турда Андорра-ла-Велья қаласындағы «Эстади Насьональ» стадионында жасыл алаңға шыққан Қазақстан құрамасы уысында тұрған үш ұпайдан айырылып қалды. 68 минутта Юрий Логвиненко есеп ашқан. 45+3 минутта бірінші, 76 минутта екінші рет ескерту (сары қағаз) алған Серікжан Мұжықов алаңнан қуылған. Жалпы, бұл кездесуде Еркебұлан Тұңғышбаев (11), команда капитаны Дмитрий Шомко (65), сондай-ақ 66 минутта Е.Тұңғышбаевты алмастырған Бахтиер Зайнутдинов (84) сары қағазбен жазалағанын ескерсек, қазақстандықтар ойын тәртібін жиі бұзғанын байқауға болады. 86 минутта Жорди Алаэс таразы басын теңестіріп кетті.

Грузия бұл жолы да жеңіске жетті. Тбилисидегі Борис Пайчадзе атындағы стадионда Латвияны қабылдаған олар қарсыластарын 1:0 есебімен қапы қалдырды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 77 минутта Торнике Окриашвили пенальтиден соқты.

Екі кездесуден кейін алты ұпай жинаған Грузия құрамасы алға шығып отыр. Андоррада екі, Латвия мен Қазақстанда бір-бір ұпайдан ғана бар. Осылайша бастапқыда фаворит, лидер деп саналған біздің еліміздің футболшылары көш соңында келеді. Деңгейі өзімізден аспайтын ұлттық құрама командаларға ұпай үлестіргеніміз ұят болып тұр.

Келесі үшінші турдың ойындары 13 қазан күні өткізіледі. Онда Грузия – Андорраны, ал Латвия – Қазақстанды қабылдайтын болады.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *