ӨНЕР ӘЛЕМІНІҢ ӨР ТҰЛҒАСЫ

мәдениет Өнер
1 931 Views

Алтынбек Қоразбаев… Осы есімді естігенде бүткіл қазақ халқы елең ете қалатыны анық.Бір есімнің өзі көптеген сезімдерді тудыратынына таңым бар. Мақтаныш, құрмет,сыйластық, сүйсіну, үлгі тұту… Тізбектеп айта берсең, Жамбыл ақындайкүндіз-түні жырлау керек шығар. Халқын ашық әрі майда даусымен, өзіндік сарынәуенімен мені де тәнті еткен. Бала кезде ұрыс естіп жыласам, әкемнің қойнынатығылып, «Бозторғайын» естімейінше ұйықтамайтын едім. Ол кезде осындай мұңлы әнАлтынбек ағанікі екенін білгем жоқ. Әжем: «Алтынбек Қоразбаев біздің ауылдыңбаласы ғой. Ол мына Қызылсайда туып өскен» дегенде рас-өтірігін ажырата алмайтаң қалушы едім. Қара кемпір ескерткішіне тағзым етіп келгесін, Алтынбек ағаның«Қара кемпірін» тыңдап, ебіл-дебіл жылағаным тағы бар. Туған ауылын аузынантастамай, Қызылсайға мешіт соғып, «Қара кемпір» ескерткішін орнатқан Алтынбекағаға тәнті болдым. Ауылда өсіп, бойжетіп келе жатқан өзіме де үлгі болды.Міне, «Туған жерге туыңды тік» сөзінің анық үлгісі. Сырттай сүйсініп жүргенімдеАлтынбек Қоразбаевпен кездесу ойымда да болмапты. Егер осыдан 1 ай бұрынболсын, маған: «Ең алғашқы сұхбатыңнын қонағы – Алтынбек Қоразбаев болады» десесенбес едім. Алланың қалауымен, ең алғашқы сұхбатымды 1 курс біткенде АлтынбекҚоразбаевпен өткізу бұйырған екен. Өтінішімді қабыл алып, көңілімді жықпайМеркіге келіп тұрып, батасын беріп, кітаптарын сыйға тартқан ағамның шынықыласына өле-өлгенімше разымын! «Мен үшін тарих, ол кісі үшін кезекті сұхбатболған мағыналы, мәнді әңгімесін баршамен неге бөліспеске?!» – деген ойтуындады.

– Алтынбек аға, сіз қырғыз-қазаққа танымал ұлы тұлғасыз, қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматысыз. «Сазгер», «композитор» деген атағыңыз бар. Осындай дәрежеге жеткен Алтынбек ағамыздың балалық шағы қалай өтті? Балалық шағыңызда бұзық болдыңыз ба? Мектеп қабырғасында оқып жүрген кездеріңізден қандай қызықты оқиға есіңізде қалды? Сізге «сары бала» деп атыңызды кім қойды?

– Мен Ұлы Отан соғысы аяқталып, жергілікті халық бейбіт өмір сүре бастаған шақта дүниеге келдім. Біздің ауылда сол жылдары ағайын-тумалардың балаларын асырап алу әдеті дәстүрге айналған болатын. Сол дәстүр бойынша мені– әкемнің немере інісі Қоразбай атам мен Үнипа анам асырап алды. Менің есімімді сол жылдары 8-9 жастағы Алтынгүл әпкем өзіне ұйқастырып «Алтынбек» деп қойған екен. Әкем Қоразбай саналы ғұмырын қой бағуға арнаған, төрт түлік малдың жайын бес саусағындай білетін білікті шопан болатын. Әкем шопан болғасын мен жаз жайлаудың, қыс қыстағымыз Қызылсайдың қызығын көріп ержеттім. Менің туған апам Әлдила 16 құрсақ көтерген адам. Сол 16 баладан Жұмабүбі деген әпкем, Бескемпір деген ағам, кенжесі мен ғана тірі қалдық. Қазір байқасаң, менің оң құлағымның ұшы тесік. Оның себебі, балалары тұрмаған соң ырым қылып оң құлағымды тесіп, сырға салған. Маған төбел шаш, яғни айдар қойған. Әлі есімде,айдарым сап-сары болып, өріліп тұратын. Оны көрген балалар «қыз-қыз» деп мазақтап, 4-ші сыныпта әпкем Алтынкүл кесіп тастады.

Қызылсайдың мектебінде мен керемет оқығам жоқ. Бірақ, ортадан сәл жоғарылау оқығаным шындық. Өйткені, бірде жайлауда, бірде құмға кетіп қаламын. Десем де, есіл-дертім музыка болатын. Ауыл адамдары өскенде кім болатынымды сұраса, «әртіс» деп жауап береді екем. Алланың өзі аузыма салды ма, кім білсін?! Әке-шешем бетімнен қақпай, шектеу қоймай, осындай күнге жеткізді.

Менің жан жолдасым – Марат дейтін азамат болған. Ол – орысша, мен – қазақша оқыдым. Екеуміз төбелесіп, мұрын бұзып өстік. Мектеп оқып жүргенде екеуміз балық аулайтынбыз. Сонда балыққа таласып, төбелесіп, менің мұрнымды қанатқан. Сонда әкесіне: «Алтынбек бәле! Астымда жатып мені тістеп алды ғой» деп шағым айтып баратын. Ол қит етсе болды әкесіне айтып баратын. Сөйткен жолдасым әкесінен бұрын қаза тапты. Ара-тұра сондай төбелестерім болмаса аса тентек болғам жоқ. Көп сөйлеп, жұрттың мазасын алмай, біртоға болып өстім. Біреуді балағаттау, дөрекілік көрсету деген менде жоқ қасиет. Мен бала кезден осындай сап-сарымын. Содан болар мені ауыл «Сары бала» дейтін. Көшенің басында Нұрыш дейтін апамыз тұрды. Сол кісі студент кезімде ауылға келсем: « Айналайын, сары балам, қалың қалай?» деп келіп тұратын. Міне, солай мен «сары бала» атанып кеттім. Кейіннен «Петухов» болып, енді «Алтеке» болып отырған жайым бар.

– Киелі қасиетті әншілік өнерге келдіңіз. Жамбыл өзі жырлағанда «Менің пірім-Сүйінбай» деп жырын бастайтын еді. Сіз кімді пір тұттыңыз? Кімді ұстаз деп санадыңыз?

– «Менің пірім – Сүйінбай» деп Жамбыл айтса, «менің пірім – Нұрғиса» деймін мен. Мен Нұрғиса ағаның қасында өте көп жүрдім. Мұңым да, сырым да бірге болды. Бұл кісі туралы менің телегей теңіз әңгімелерім көп. Мысалы, «Сағындым Кенен атамды» деген әнді сонау 1984 жылдары Кенен атаның 100 жылдық мерейтойына орай жаздым. 1983 жылдары Нұрғиса аға Советтер Одағының Халық әртісі деген атақ алған. Сол жылы сәті түсіп, Шуда ағаны күтіп алдым. Мен ол кездері филармонияның директоры болып қызмет атқарып жүргем. Қасымда Қырғызбай аға мен Құдайберген деген орынбасарым бар. Түнгі сағат 3-тер шамасында Нұрғиса аға поездан түсті. Түр-түсіне қарасам көңіл күйі жоқ. Өйткені, Қонаев атадан таяқ жепті. Ағамның ішіп қоятын әдеті бар-тын. Д.Қонаев: «Советтер Одағының Халық әртісі деген атағың бар. Ішуіңді неге қоймайсың?! Бүгіннен бастап ішімдікті таста» деп біраз ұрысқан көрінеді. Нұрғиса аға мені «Петухов» деп атайтын. Содан маған: «Әй, Петухов! Ертең мен сағат 10-да репетиция жасаймын. Құлыпты дайында, бір адам репетицияға кірмейтін болсын» деді. Жатар қонақ үйін дайындап қойғам, бірден «Жарайды, аға» деп келісе кеттім. Таңнан тұрып, тамақтанып, аға 10-да репетициясын бастады. Онда әр 45 минут сайын үзіліс болып тұратын. Сол сәтті пайдаланып, қасына жақындап барып отырдым. Өзі ашуланып, жүйкесі сыр беріп отырған екен. Бұл 84-жылдың мамыр айы болатын. Мен сөз бастап: «Аға, 1 айдан соң Кенен атаның 100 жылдығы ғой. Келесіз ба?» деп едім, «Әй, мен келмей, тойға кім келеді дейсің?! Әрине, мен барамын» деп зілді дауыспен жауап қатты. «Аға, Кенен ата сіздің нағашыңыз ғой. Мен Кенен атаға арнап ән жазып едім, тыңдайсыз ба?» деп едім, ұсынысымды мақұлдады. Сол жерде домбырамды ала салып, әнімді шырқап жібердім. Ағам әнімді естей салып, бет орамалын алып ағыл-тегіл жылап: «Менің нағашым еді. Айналайын, Петухов, көп рақмет! Мына әнде сен керемет қылып жазыпсың. Бүгін сен концертке қатысасың»деді. «Отырар сазымен» 10 күн бойы күнде өнер көрсеттім. «Сағындым Кенен атамды» деген әнде «вокалзит» деген бар, музыканттар ыңылдап домбырамен екі куплеттің арасында шертеді. Нұрғиса аға: «Е, тоқташы! Мына жер менің музыкам ғой. Кинофильм жазған музыкам» деп еді, мен: «Ой, аға! Бұл Кененнің әні ғой, қоя беріңізші» дедім. Ол: «Ә, біледі екенсің ғой! Мен Кененнен алайын, сен менен ал. Қалай жарасып тұр» деді. Бұл менің Нұрғиса ағамен болған 1 ғана әңгімем. Нұрғиса аға жайлы әңгімем жетерлік.

– Сіздің өміріңіз өнермен өрілген десем қате айтпағаным. Осы уақытқа дейін қанша елде өнер көрсеттіңіз? Бүгінгі таңда қанша әніңіз жарыққа шықты?

– Мен бармаған жер, баспаған тау қалмады десем қате айтпағаным. Қазақстанның түпкір-түпкірін шарлап, өнер көрсеттім. Гастрөлдік сапарым сонау 78-ші жылдардан бастау алған. Ал шетелге келер болсақ, бүткіл Азия: Қырғызстан, Жапония, Монғолия, Корея, Тайланд, Филиппин, Индонезия, Индия, Бангладеш, Сауд Арабиясы, Иран, Қытай және т.б елдерінде өнер көрсеттім. Бангладешке «Алатау» ансамбльін апарғам тұғын. Европа елдерінің барлық дерлік елінде болдым десе де болады. Қалса, Португалия, Бельгия, Англияда ғана болмаған шығармын. Қай жерге барсам да, қазақтың қасиетті қара домбырасын қастерлеп, құшақ жая қарсы алатын. Қанша ән десең, жасым 73-те болса, 70-тей әнім бар. Мен көп ән жаза бермейтін адаммын. Жылына бір рет жазсам да жеткілікті. Майда-шүйде әндерім бар, бірақ, халыққа аса таныла қоймаған соң әнім деп санамаймын да.

– 70 жылдық мерейтойыңызға орай өткізген гала концертіңізде «Қызылсайымды ешқандай Парижге айырбастамаймын» деген екенсіз? Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген қасиетті сөз бар. Қара кемпір ескерткіші ерекше салынған теңдесіз туынды. Мен мұны аналарға тағзым деп түсіндім. Осы қара кемпір ескерткішінің шығу тарихына тоқталып өтсеңіз?

– Қызылсай ауылы 70 шақты түтіні бар шағын ауыл. Дегенмен, мен кішкентай ауылымды мақтан тұтамын. Қайсыбір сәттерде «менің Қызылсайыма Парижің де, Мәскеуің де жетпейді» деп әзіл-шыны аралас айтып қоятыным бар. Себебі, әркімнің туған жері – алтын бесігі. Сондықтан да мен үшін жұмыр жер бетінде Қызылсайдан асқан жер жоқ. Мен өзім өмірге келген туған ауылым – «Қызылсайды Мәскеуге де, Парижге де айырбастамаймын».

Қара кемпір ескерткішіне келсек, біздің ауылда Қали дейтін қырғыз қызы Құдайберген деген қазақ жігітінің жары атанған. Мен ол кісінің жұбайын көргем жоқ. Құдайбергеннің Тіріболсын деген інісі менің әкеммен түйдей құрдас болатын-ды. Қали ананың Құдай берген екі ұлы – Жексенқұл мен Қосшығұл болатын. 18-19 жас шамасында екеуі бірдей соғысқа аттанды. Соғысқа кеткеннен 1-2 жыл өткен соң қара қағаз келген екен. Апам қара сауатты кісі болатын. Жанындағы біреуге қағазды оқытса: «Осындай екі ұлыңыз қайтыс болып кетіпті» дегенде жынданып, жынды болып кеткен екен. Бүт ауыл ол кісіні «Жынды кемпір» деп атайтын. Кейіннен мен «Қара кемпір» деп атап кеттім. Мен сол кісінің 15 қойын бақтым. Менің әкемді «Қоразбай» деп өз атымен атамай, «қайным» дейтін. Өзі қырғызшалап сөйлеп, сол бойы тілін бұрмай кетті. Қали апа: «Қайным, мынау Жексенқұл мен Қосшылығұлымның қойы ғой. Бұл біргәдірлер қойларым бидайға, егінге түсіп кетсе ұрсады маған» деп әкеме табыстайтын. Мамырдың аяғында колхоздың малы тауға кететін. Сол 15 қойын 2-3 ай бойы мен бағатын ем. Апамның қойлары ешкі сияқты таудан тасқа секіріп жыныма тиетін. Ашуланғанда қойларын таспен ұрушы ем: «Жынды кемпірдің қойлары-ай! Адамды әуре-сарсаңға салды-ау!». Малды таудан түскен соң, әкеме алғысын айтып, қойларын айдап кететін. Сөйтіп жүріп бейшара бақилық болды ғой. Қали ананың басына Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов арнайы келіп, басын иіп кеткен екен. Өкінішке орай, ол уақытта мен бірге келе алмадым. Осылай, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Қара кемпір» есіме түсіп, алғашқы 9 шумақ өлеңін өзім жазып шықтым. Әрмен қарай, Жақсылық Сәтібеков аға 70 шумақ қылып поэма жазып шықты. Бұл ән шыққанда жыламаған қазақ жоқ шығар. Соғысты көрген, зардабын тартқан адамның жанына жақын зарлы өлең болды. Кейіннен Хамит Ерғалиев аға: «Қазақтың «Елім-ай» әнінен кейін, қазақтың мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған Алтынбек Қоразбаев» деп үлкен баға берген. Мұның өзі мен үшін үлкен мәртебе.

– Өнер адамы тасқындаған су секілді, шығармалары еш уақытта таусылмайды. Қазіргі таңда шығармашылықтан бөлек немен айналысасыз? Қателеспесем, «Алтын домбыра» деген мектебіңіз де бар.

– «Өнер мектебі» деп осыдан 30 жыл бұрын бұл мектептің бастамасын қолға алғам. Баурайыма Мейрамбек, Тоқтар, Алма сынды көптеген шәкірттер жинадым. «Қазақстанның бұрыш-бұрышында шәкірттерім көп» деп зор мақтанышпен айта аламын. Осы шәкірттерімнің барлығы дерлік «Алтын домбырадан» шыққан менің ізбасарларым. Кейіннен «Музарт», «Меломен» тобы бар, барлығы менің маңдай терім сияқты. «Меломен» тобын немерелерім деп санаймын. Нұрболат Абдуллиннің өзін Ұзынағашта мәдениет үйінде ән айтып жүрген жерінен алып келдім. Нұр-Сұлтан қаласында Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен жарыс ұйымдастырылғанда мен қазылар алқасының мүшесі болып отырдым. Ол бала сол жарысқа қатысып, бас жүлдеге ие болды. Бірден Нұрболатты Қазақконцертке жұмысқа алдым. Роза Рымбаева, Музарт, Мақпал Жүнісованың қасында жүру оңай емес қой. Солай ол бала шыңдалып, қазір қазақ халқына белгілі әнші болып отыр. Менің ондай шәкірттерім өте көп. Нұрболат Абдуллин соның бірі ғана.

– 2019 жылы Жұлдыздар отбасы журналына берген сұхбатыңызда Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың бастамасымен қойылған «Ұлбике» апа туралы спектакльді енді операға жақындатып үлкен музыкалық драма жазғым келеді» деген екенсіз. Ол арманыңыз орындалды ма?

– Мен оны жазып бітіріп, ол драманы Нұр-Сұлтан қаласында қойдық. Бірақ, операға қылып жалғастыру арманым әзірге орындалмай тұр. Пандемия басталып, елдің барлығы абыр-сабыр болып кеткен заман болып кетті. Әйтпесе, менің опера қылып жалғастыруға шаман келеді-ақ. Мүмкін болашақта ол да өз орнын табатын шығар. Жаңағы «Ұлбикенің әні», «Ұлбике мен Күдерінің айтысы» концерттің бәрінде дерлік орындалып жатады. Өткенде «Алатау» театрында Бибігүл мен қандас жігітіміз әдемі орындап шықты. Опера жағын Алла қаласа, болашақта қолға алатын ниетім бар.

– Қазіргі таңда нені армандайсыз, не нәрсеге өкінесіз?

– Арман деген таусылмайтын дүние ғой шіркін! Армансыз адам – ормансыз бұлбұл деп жатамыз. Қазір барлығымыздың арманымыз – келешек ұрпақтың амандығы. Өзіміздің үрім-бұтақ, еліміз аман болсын дейміз. Жас болса келе жатыр бұрқыратып, шаңын шығарып. Айтылмайтын да армандарымыз бар.

– «Ата-ананың тәрбиесі өле-өлгенше» деп айтып жатамыз. Сіз екі анаңыз, екі әкеңіздің болғандығын сұхбаттарыңызда жасырмай айтып келесіз. Өмірлік принципіңізге айналған ата-анаңыздың 3 өсиет сөзін айтып берсеңіз?

– Менің шешем мақалдап сөйлейтін кісі еді, жарықтық! Келесі кітабымды осы анам жайлы әңгімеден бастасам деп, еске түскенде мақалдарын түртіп жазып қоямын. «Бақыт деген ер жігіттің басына 3 рет келіп қонады» деп ағама айтып отыратын. Туған ағамның аты – Бескемпір болатын. Өзі сері жігіт, өзі агроном, өзі әнші. Шешем: «Әй, Бескемпір! Бақыт деген ер жігіттің басына 3 рет келіп қонады. Сен өзің ғой келіп қонса «кіш» деп ұшырып жіберетін. Ағам 63-жылдары ауылда бірінші болып волга мінген кісі еді. Сонда айтқан сөзі сол. Мен екі әкенің тәрбиесін көрдім. Туған әкемнің аты – Омарәлі. Ол кісі кішкентай кезімде алдына отырғызып қоятын. Жоқшылық заман еді. Қазіргідей сәнді көйлектер жоқ, түймелері жоқ. Шешем матаны алып қолдан «жейде» тігіп беретін. Жейдемді тігіп бергесін: «Көйлегің – көрік болсын, Жаның берік болсын» деп әкем айтып отыратын. Алдында отырғанымда Омарәлі әкем: « Мынаны қазір Қоразбай көрсе бәле қылады ғой» деп Қоразбай әкемнен қорқып айтып отырушы еді. Үлкен әкем мені бір сәт болсын «балам» деп айтқан емес. Үлкен әкем 10 жасымда бақилық болып кетті. Ол кезде 4-ші сынып оқитынмын. Үлкен әкем қазасынан 10 күн өткесін түсіме кірді. Әкем алапашақ атпен келген деймін. Аттың екі шетінде ұн бар екен. Мен үйде жоқпын, өзі ұнды түсіріп анам Әлдилаға айқайлап жатыр екен: «Әлдила мен ұн алып келдім» деп жатыр. Шешеме сол түсімді айтып едім қуанып: «Айналайын, қарағым, берекелі болады екенсің» деп жақсыға жорып қойды. Шешем айтқандай ешкімге осы уақытқа дейін алақан жайып көрмедім. Студент кезімде де қалтамнан ақша үзілмейтін еді. Құдайға шүкір!

– Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Қазіргі жастардың қолында телефон, бұрынғыдай ақыл айтар заман емес. Жастарға айтарым: Жан жақтарыңа қарап жүріңдер! Сауатты болыңдар, білімді болыңдар! Келешек ұрпақ – қазақ халқының болашағы аман болыңдар! Ең бастысы – «қазақ» деген аттарыңды ұмытпаңдар! Қазақша сөйлеуді ұмытпаңдар! Әлемде әр ұлт өз тілін жақсы көреді, өз тілінде сөйлейді. Қай жерге барсам да қазақтың әдемі ұл-қыздары орысша сөйлеп, ашуымды келтіретіні бар. Мағынасыз дүниені көргенше, кітап оқуға бет бұрыңдар!

– Сұхбатыңызға рақмет, Алтынбек аға! Сізбен кездесіп, сұхбаттасқаныма қуаныштымын. Отбасыңыз аман болып, немере-шөбере шәкірттеріңіз көбейе берсін! Бала-шағаңыздың қызығын көріп, қазақтың сүйікті Алтынбегі болып, халқыңызға еркелеп жүре беріңіз! Деніңіз сау, жасыңыз ұзақ болсын, аға!

– Ал, Аумин!

Қырдан бер, Құдай ойдан бер,

Қора толған қойдан бер.

Өріс толған жылқы қыл,

Әзіл-сауық күлкі қыл.

Қора толған сиыр қыл,

Жақсылыққа үйір қыл.

Көштің басы түйе қыл,

Елді дәулетке ие қыл

Ошақтың басын өздерің сияқты ұл мен қыз қыл,

Солардың дүниесін бүткіл қазаққа пұл қыл!

Жанеля МҰРАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *