ӨНЕРДІ ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕЛ ОЗАР

Өнер
15 Views

немесе «Сұлулық әлемді құтқарады»…

Хакім Абайдың  «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген аталы сөзі мәңгілікке кетті. «Құлақтан кіріп бойды алар, көңілге түрлі ой салар, ұйықтап жатқан жүректі оятар» өнер құдіретін ерекше аялап, оның терең мәніне ғұламаның ой жүгіртуі, тебіренуі тегін емес.

Өнерді құрметтеу, өнерпазды көтермелеу екінің бірінің қолынан келмейтін тірлік. Әсіресе әкім-қаралардың. Осы тұрғыдан қарағанда Абай облысында әкім Берік Уәлидің қолдауымен «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының өтуі ұлттық руханиятымыздағы ерекше жаңалық, құбылыс дер едім.

Жобаны ұйымдастырушылардың пайымдауынша, «ҰЛЫЛАР ЕЛІ» республикалық ән байқауы Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын, киелі мекендерін, көркем табиғаты мен рухани құндылықтарын музыка өнері арқылы дәріптеуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – қасиетті Абай елінің музыкалық қорын жаңа шығармалармен толықтыру, талантты композиторлар мен ақындарға қолдау көрсету және туған жер тақырыбындағы әндердің кеңінен таралуына мүмкіндік жасау.

Сондықтан болар аймақ басшысы Берік Уәли бұл байқаудың өңір мәдениеті үшін ерекше орны бар екенін атап өте келіп, былайша тебіреніпті: «Бүгін қорытындыланып отырған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауының тұңғыштар мекені Абай облысында өтуі заңды деп ойлаймын. Біз үшін байқаудың ең үлкен жетістігі 64 автордан 88 шығарманың келіп түсуі ғана емес, сол туындылардың арасынан халықпен бірге жасайтын әндердің дүниеге келуі. Байқау бір күндік шарамен шектелмейді, ол композиторлар мен ақындарға жаңа мүмкіндік беріп, әншілеріміздің репертуарын байытады. Авторлық құқық сақтала отырып, жаңа шығармаларды Абай облысының өнерпаздары орындап, ел ішіне кеңінен таратуға мүмкіндік алады. Бүгін сахнада орындалған 16 ән халықтың, өңір тұрғындарының жүрегіне жол табатын рухты, есті әндерге айналады деп сенемін. Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыларға, байқауды ұйымдастырушыларға, әншілерге, сазгерлерге, ақындарға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін!»

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛҒАН дейсіз бе? Үстіміздегі жылы 9 ақпанда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын-жазушылармен өткен кездесуде облыс әкімі байқау туралы бастама көтеріп, көпшілікке жариялапты. Ал бастаманы әртүрлі өңірдегі өнер қасиетін түсінетін азаматтар бірден қолдап әкеткен.

МЫНА ҚЫЗЫҚТЫ ҚАРАҢЫЗ. Шығармашылық жоба еліміздің әр өңіріндегі өнер иелерінің қызығушылығын тудырып, нәтижесінде 64 автордан 88 музыкалық шығарма келіп түскен.  Олардың қатарында Атырау, Алматы, Астана, Қызылорда және еліміздің басқа да өңірлерінен ұсынылған туындылар болыпты.

Ал Республика күні қарсаңында аламан бәйге сахна төрінде қанат жайып, қалың көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, шара өткен орында ине шаншар жер болмаған. Өнерге шөліркеген қауымның ризашылығында шек болмаған. Сөйтіп дүркіреген өнер сайысында мынадай хас таланттар алға шығыпты. Елге танымал және өңірлік өнерпаздар орындаған 16 ән көрерменге жол тартқан.

Дүркіреген дүрмекте «ETHNO ARLAN», «ДОС» дуеті, «Элит» тобы, Медғат Әділбек, Мәди Мадияров, Мәди Ахметқожа, Ұшқын Жамалбек лауреат атанды. «Киелі Абай елі» бағыты бойынша «Туған ел сенен айналдым» әнімен 1 орынды Клара Төленбаева мен Айгерім Тілеубек иеленді (әні Медет Салықов, сөзі Серікзат Дүйсенғазы). «Тренд әуен» бағыты бойынша бірінші орын Ұшқын Жамалбекке бұйырды (сөзі Қазірет Бердіхан). Ал 88 шығарма арасынан Қуандық Рахым орындаған «Ұлылар елі» әні бас жүлдені жеңіп алды (сөзі Нұржан Өмірбай, әні Жарасхан Төлебай). Лауреат атанғандарға 1,5, бірінші орын иегерлеріне 3, бас жүлдеге 5 миллион теңгенің сертификаты табысталыпты.

Ғажап емес пе! Елін өнермен сусындатуға, таланттарға қолдау көрсетуге ұмтылатын әкімдер елімізде көбейе бергей, Берік Уәли сияқты. Өйткені: «Сұлулық әлемді құтқарады»…

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті