АБАЙ ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Руханият
1 746 Views

Хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз.

Дүниежүзі әдебиетінде біздің Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем.

Ақынның тұлғасы Қазақстанның ұлттық руханиятын әлемдік деңгейде насихаттауға зор үлес қосады.

Абайдың мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағытына айналуы қажет… Шынтуайтына келсек, Абай қазақ болмысының айнасы болып табылады.

2020-шы жылы Қазақстанда ұлы Абайдың 175-жылдығы аталып өтіледі.

Абайдың мұрасы – біздің қасиетті қазынамыз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

Абайдың ежелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы тойдың төріне сол көксеген мұратына жетіп, барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр…

Ұлт пен қоғамды дағдарыстан, шарасыздық жағдайынан дарыны мол, тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен, болашақты болжай білетін, ой-санасы періштедей таза, арыстандай айбатты перзенттері ғана шығара алады.

Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі. Соның арқасында ол бүгін күллі адамзаттың абыройы аласармас рухани сардарларының біріне айналып отыр. Оны туғызған дәуірді кеңінен қарастырмайынша, одан қалған мұраның тереңіне бойлай алмаймыз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

Мы сегодня открываем памятник выдающемуся поэту и мыслителю Абаю Кунанбаеву. Это знаковое событие в отношениях между Казахстаном и Россией. Он перевел на казахский язык свыше пятидесяти произведений Пушкина, Лермонтова, Крылова. Это был тот человек, который постоянно говорил о взаимопроникновении двух культур.

Абай, без всяких сомнений, человек, который внес огромный вклад в становление духовного взаимодействия между казахским и русским народами.

Мы сегодня будем говорить об открытии Года Абая в России и Года Пушкина в Казахстане. Это еще один серьезный, очень добрый шаг навстречу друг другу.

В.В. ПУТИН,

Президент России

Из выступления на церемонии открытия

памятника Абаю Кунанбаеву,

4 апреля 2006 года, Москва, Чистые пруды

АБАЙ – ҰЛЫ АҚЫН ЖӘНЕ ОЙШЫЛ

Әлемдегі кез келген халықтың өзінің рухани беделді адамы болады. Олар осы тұлғаның өздерінің болмысы мен жан-дүниесін бейнелейтін шығармаларынан нәр алады. Қазақстандықтар үшін ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаев (1845-1904жж.) осындай ғұлама адам.

Уақыт ілгері озған сайын жаңашылдығы мен өзектілігін жоймайтыны былай тұрсын, маңыздылығы жылдан-жылға арта беретін терең ойлармен өрнектелген Абайдың шығармашылық мұрасы шетсіз-шексіз зияткерлік кеңістік болып қала береді. Біз оның туындыларынан бүгінгі таңда да өзіміздің тыныс-тіршілігімізге бағыт-бағдар болатын ең маңызды, ең қажеттінің бәрін тауып отырмыз.

Ол халқы үшін қиын-қыстау кезеңде ұлттық сана-сезімді асқақтата білді, отандастарын табандылық пен шыдамдылыққа, ілім мен білімге шақырды. Бүл оның рухани ерлігі еді. Абайдың халықтар бейбіт өмір сүруге тиіс деген идеясы бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай адамзатты Шығыс пен Батысқа бөлместен біртұтас халық ретінде қабылдаған.

Ол халықтардың мәдени мұраларының бір-бірін байытуға ұдайы ұмтылысының қажеттілігіне сенген. Оның бүкіл ғұмыры нақ осы идеяға шексіз қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады. Ол Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Шиллерді, Байрон мен Мицкевичті аударып, Аристотель мен Сократтың, Спиноза мен Спенсердің еңбектерін зерделеп, замандастарын әлемдік рухтың шыңына жетеледі. Ол шын мәнінде энциклопедист, тек ұлы ақын, прозаик қана емес, философ, ойшыл, қоғам қайраткері және ағартушы болды.

Абайдың Ресейге, орыс мәдениетіне айрықша көзқараста болғаны баршаға аян. Ақын оларды шынайы құрмет тұтты.

Ресей ғалымдары мен әдебиетшілері бағзы заманнан бері Абайдың шығармашылығына құрметпен қарайды және оны бүкіл әлемге әйгілі ойшылдардың қатарына қойды. Ресейліктердің қазақ ойшылының тұлғасы мен шығармашылығына қызығушылығы шексіз. Белгілі орыс әдебиетшілері М. Дудин, В. Шкловский, Ю. Нейман, М. Тарловский Абай шығармаларын аударып, біздің даңқты отандасымыздың ойлары мен сезімдерін өз оқырмандарына жеткізе білді.

Абайдың өз замандастарына ықпалы өте зор болды. Сөз жоқ, ол кейін қазақ әдебиетінің дамуына орасан зор ықпал еткен үздік туындылардың авторы. Оның ойдан шығарылған қасаңдықтан ада және терең шынайылыққа құрылған поэзиясы әмбебап және заманауи. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын адамның ішкі жан-дүниесін әсерлі сезіммен байытқан оның шынайы әлеуметтік-философиялық лирикасы бүгінгі оқырманның да көңілінен шығуда.

Бүл кітапқа Абайдың белгілі жазушы, әдебиеттанушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты В.Шкловский мінсіз аударған жауһар жырлары мен атақты «Қарасөздері» енген. Әлдеқашан барша адамзаттың игілігіне айналған бұл туындылар талғамы аса зор оқырманның жоғары эстетикалық талаптарын қанағаттандырары анық.

Н.А. Анастасьевтің «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша шыққан «Мұхтар Әуезов деп аталатын кітабында М. Әуезов пен В. Шкловскийдің таныстығы 1943 жылы басталғаны жазылады. В. Шкловский осы кезде Алматыда эвакуацияда болған. Жазушы оның Мұхтар Әуезовке жазған хатын келтіреді:

«Қымбатты менің досым, Мұхтар! Сізбен кездесе алмай кетіп барамын.

Абай туралы жазамын. Бірақ менде Сіздің қолжазбаңыз жоқ.Сіздің романыңыз тек үзінділерден тұратынын білемін. Мен оған сенемін, өйткені Сіздің сценарийіңізді жақсы білемін. Сіздің әңгімелеріңіз арқылы мен халқыңыздың тағдырына қанықпын.

Кездесе аламыз ба, кездесе алмаймыз ба, мен Сізді ұмытпаймын және Өзіңізбен дос болғым келетінін жеткіземін.

Сіздің басқаларға ұқсамайтын өз ойыңыз бар. Ал өз ойы бар адамға қиын. Оған дос керек болуы мүмкін.

Сізге бақыт тілеймін. Виктор Шкловский».

Н.А. Анастасьев осы арада «тік мінез, жоқ нәрсеге ренжіп қалатын, агрессивті, ең бастысы өте талантты және достықта сенімді Виктор

Борисович Шкловскийдің оны сөз жүзінде ғана ұсынып қана қоймай, сол жылдары Әуезов жинастырған Абайдың ғибратты сөздерін тұңғыш рет аударғанын жазады».

Бұл кітапқа енген туындылар ең алдымен өздігінше өмір сүруге енді ғана қадам басқан жас буын өкілдерінің жүрегін баураса деген тілегіміз бар. Бәлкім, Абайдың даналық ойлары бүгінгі алмағайып заманда олар үшін маңызды бағдарға айналар. Олар, әсіресе, жастарды толғандырып отырған адамгершілік қағидаларына қатысты көптеген күрделі мәселелерге жауап береді. Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, мұндай мәселелер қазіргідей ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған жаһандану кезеңінде міндетті түрде туындайды.

Абай қай заманда болмасын, өмірдің ең басты сұрақтарына лайықты жауап табуға көмектесетін кемеңгерлердің бірі болып қала бермек.

Барлық халықтарда ұлттық рухтың шынайы символына айналған тұлғалар бар. Қазақтарда ол – Абай, орыстарда – Пушкин. Абай мен Пушкин жайында жаңа бір ой айту қиынның қиыны. Дейтұрғанмен, жазушылар, әдебиеттанушылар, сыншылар осы екі данышпанның шығармашылығын асқан ынтызарлықпен зерттеуде. Мәңгілік даналыққа терең бойлауды біз де тоқтатқан емеспіз… Бүгінде олардың есімдері бір-бірінен ажырамас, біртұтас ұғымға айналды. Бұл кездейсоқтық па? Жер бетінде әр жылдары өмір сүрген, сол себепті бір-бірімен араласа алмаған адамдарды байланыстырып тұрған қандай құдірет?

«Пушкин Абай арқылы қазақ оқырманына жол тапты. «Евгений Онегиннің» Абайдың еркін аудармасындағы Татьянаның хаты түріндегі жекелеген үзінділері көп ұзамай қазақ даласындағы айрықша құбылысқа әрі ең танымал да сүйікті әнге айналды. Қазақ оқырманы осы үзінділер мен аздаған өлеңдерден сезім байлығын және кемеңгер ақынның шығармашылығының жарқын бастамасын көре білді, – деп ой қорытты белгілі сыншы Мұхаметжан Қаратаев. – Пушкиннің халыққа жақын болғаны оның қазақ халқы арасындағы ерекше табысына себепкер болды. Абайдың Пушкинге деген шынайы махаббатын маздатқан да осы жай».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин 2006 жылды Қазақстандағы – Пушкин, ал Ресейдегі Абай жылы деп жариялады. Осы оқиғаның құрметіне 2006 жылдың 4 сәуірінде Мәскеудің орталығында Абай ескерткіші бой көтерді. Монументтің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы мәскеуліктер мен астана қонақтарына былай деді: «Бүгінде кеңес заманынан кейінгі кеңістікте бір-біріне Ресей мен Қазақстаннан жақын ел жоқ екенін барлығы біледі, біздің елдеріміздің арасындағыдай жақын қарым-қатынас жоқ. Ұлы Абай алғашқы болын Пушкиннің, Лермонтовтың, Байронның өзге де Еуропа мәдениеті мен өнері өкілдерінің шығармаларын қазақшаға аударды. Ол: «Орысша оқу керек, Хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады», – деген болатын. Ендеше, Абай ескерткіші Мәскеуде болмаса, қайда орнатылуы керек екенін айтыңыздаршы?»

Владимир Владимирович Путин: «Көрнекті ақын және ойшыл Абай Құнанбаев Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың елуден астам шығармасын қазақ тіліне аударды. Ол екі мәдениеттің өзара сіңісуі туралы ұдайы айтып жүретін адам еді. Абай қазақ және орыс халықтарының рухани қарым-қатынасының қалыптасуына зор үлес қосқан адам екені күмән тудырмайды», – деп атап көрсетті.

Абай және Пушкин жылының ашылуына арналған салтанатқа қатысушыларды құттықтай отыра, Ресей Президенті бүл қадам бір-бірімізге құрақ ұшуымыздың тағы бір жарқын көрінісі екенін айрықша атап өтті.

Ал 2006 жылдың 16 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында қазіргі заманның көрнекті мүсіншісі Зураб Церетелидің жобасы бойынша жасалған «Абай және Пушкин» мүсіндік композициясы салтанатты түрде ашылды.

Абай қазақ халқы үшін тарихи бетбұрыс кезеңінде өмір сүріп, өз туындыларын жазды. Кеңінен танымал «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезов: «Ол өлеңнің жарқын алауын алып жүріп, өз халқы-на күн шығатын жаңа көкжиектерді көрсетіп отырды», – деп жазды.

Он жасар Абай, әкесі оны Семейдегі медресеге берген кездің өзінде-ақ, қазақ халқының ауызша поэзиясын өте жақсы білген. Мұнда оқып жүріп ол араб, парсы тілдерін меңгерді, шығыстың классикалық поэзиясымен танысты. Абай орыс мектебіне де осы жерде барып, өлең шығара бастады. Бірақ оның нағыз дарыны есейген кезінде ғана ашылды. Абай отыз жастан асқаннан кейін ғана шын мәнінде шығармашылыққа бет бұрды. Семейде Абай орыстың жер аударылған азаматтарын кездестіріп, олар арқылы орыс әдебиетінің үлгісімен – Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой және басқалардың туындыларымен танысты. Ол Гете мен Байрон, Сократ, Аристотель, Платонның әлемдік классикасын орыс тіліндегі аударма арқылы оқыды.

Абай Пушкиннің шығармашылығына өзі қанығып қана қоймады, жоғары деңгейдегі әдебиетті оқу мүмкіндігімен халқымен бөліскісі келіп, түрлі жолдарын ойлап тапты.

«Евгений Онегин» шығармасына ерекше қайран қалған Абай оны аударуды қолға алады әрі мұны ерекше тәсілмен орындап шығады. Пушкиннің өлеңдерін әуен арқылы жеткізуді жөн санайды. «Ой, құс сияқты, үнемі жоғарыға ұмтылады, – дейді ол, – ал оның көлеңкесі – әуен». Абайдың аудармасындағы «Татьянаның әні» оған салынған әуенмен бірге қазақ даласындағы киізүйден-киізүйге, ауылдан ауылға тарап, әр қазақтың, барша жұрттың жүрегіне жол тапты. Ақын жеткізе білген нұрлы, таза, күшті әрі тамаша сезім әр қазақтың жүрегін тербеді. Осылайша, бүл ән отандастарын мәдениетке баулуда Абайдың ең басты көмекшісіне айналды. «Абайдың данышпандығын Татьянаның образын жасау барысында тарихи жалпы ұғымның мақсатқа дөп келуінен аңғаруға болады. Бұған асқан ақылдың ғана емес, табиғи түйсіктің арқасында қолжеткізе аламыз. Ал мұндай құбылысты түсініп, маңызын ұғыну – бүл басқалардың мәселесі», – деп жазды философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім.

Абай: «Онегиннің портреті», «Татьянаның Онегинге хаты», «Онегиннің жауабы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің Татьянаға хаты», «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің монологынан» тақырыптарын бөліп көрсеткен. Бұл тізімді «Онегиннің өлер алдында жазған хаты» аяқтайды. Ал Пушкинде мұндай бөлімнің жоқ екенін білеміз. Ол орыс оқырмандары романның немен аяқталғанын өздері ойлап тапсын деп, қызықты жерінде тоқтатқан. Абай шығармаға логикалық шешім қажет екенін түсінген болуы керек, өзінің нұсқасын қосып жазған.

Абай мұрасын зерттеген адам оның қазақ әдебиетін жаңа биікке көтергенін білуі керек. Жаңашыл ақын поэзияға жаңа леп әкелді. Оған дейін қазақ поэзиясында өлең жазудың 2-3 қана түрі болса, Абай оның оннан астам түрін енгізіп, мәңгілікке бекітіп кетті. Ол:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі – надан,

Бұл жұрттың, сөз танымас бір парасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? — деп жырлады.

Пушкин Ресей үшін, дәл сол сияқты Абай қазақ халқы үшін алғашқы халық университетіне айналды. Қазақ халқына оның сөздері өте қажет болды. Абай өлеңдерінің тақырыбы, мазмұны, әсерлілігі, тіпті, ең қарапайым деген адамның жүрегін елжіретті. Өмір туралы ойлары, болашаққа үмітпен қарап, әділдік орнайтынына сенімі, халқына адал қызмет еткені – осының барлығы үшін қазақ халқы оны өздерінің ішіндегі ойды жеткізуші ретінде қабылдады. Оның әндерін, қарасөздерін көпшілік жатқа біледі. Туындыларының бүгінге дейін сақталуына осының да септігі тисе керек. Өйткені оның алғашқы өлеңі 1889-1890 жылдары ғана Омбыда басылып шығатын «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген болатын. Ал ақынның түңғыш өлеңдер жинағы өзі көз жұмған соң бес жылдан кейін ғана, 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында шықты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2020-шы жылы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тойлау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жинақ нақ осы айтулы оқиғаға арналып отыр.

Абай Құнанбаев – қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ресейлік және европалық мәдениеттердің ықпалымен өз шығармашылығында Ұлы Дала жырауларының ғасырлық дәстүрін жаңа биікке көтерген гуманист ақын. Ол, сонымен бірге, нәзік лирик, ғұлама ойшыл, өз замандастарының бойындағы келеңсіздіктерді аяусыз шенеген сықақшы. Абайдың өмірі Батыс пен Шығыстың классиктерімен сырттай ой жарыстыруға негізделген шығармашылық ізденістерге толы.

Абай – Ұлы Даланың ұлы перзенті және әлемдік мәдениеттің ұлы тұлғаларының шоғырына енетін Пушкин мен Гетенің, Шекспир мен Декарттың сырласы.

Тайыр МАНСҰРОВ,

Саяси ғылымдар докторы,

Қазақстанның Ұлы тұлғалары туралы

бірқатар кітаптардың авторы

Нақ осы күндері бізге қайта оралған, өте жақындап, түсінікті бола түскен Абай бұрын-соңды кездеспеген кейіпте нұрланып тұр. Аспандағы жұлдыздар шоғыры біздің планетамызға барынша жақындағанда, адамдарға бәрінен де жақсы көрінген сәтте нақ осындай құбылыс орын алады деп ойлаймын.

Солар сияқты, барлық ұлы тұлғалар мәңгілік ғұмыр иелеріне – өз халқы тарихының, ұрпақтарының жолына жарық-сәуле шашатын серіктеріне айналады, біздің ардақты ата-бабаларымыз, кеңес адамдарының ата-бабалары, адамзат тарихындағы жақсы атаулының бәрінің бүгінгі лайықты ізбасарлары мерейтойлары күндерінде жұртшылыққа айрықша түсінікті, жүрек тебірентерліктей жақын бола түседі…

Мұхтар ӘУЕЗОВ,

«Абай жолы» эпопеясының авторы,

Лениндік сыйлықтың лауреаты

Мәскеудегі Одақтар Үйінің Колонна залында сөйлеген сөзінен

24 қыркүйек 1954 жыл

Абай, ұлттың дәстүрлері, мінез-құлқы, салты туралы айтпағанның өзінде, рухани бейнесі мен ұжымдық психологиясын қуатты тілмен аса көркем сомдай білді. Ол жарық дүниеге бұл тәртіп өзінің ауқымдылығы мен қасаңдығынан шайқалып күйрей бастаған, өмірдің жаңа қатынастары, жаңа жарғысы өркен жайған кезде келді. Ол осы бетбұрысты дәуірді де өзіне тән трагедиялық эпикалық қуатпен және нәзік лирикалық сезіммен жырлады.

Сонымен бірге Абай бізге, орыстарға да ұғынықты, ол Даланың да, сол сияқты Ресейдің де өз адамы. Ал бір жағынан оған табиғи демократизмі мен азаматтық шабыты басым орыс әдебиеті, кеңірек алғанда, орыс көркем кеңістігі жақын да қымбат.

Абай Батыспен де етене. Ол онымен де тартысты, көп жағдайда жасырын, тек жылдардан кейін ғана мағынасы әлемге ашылған пікірталасқа түсті.

Абай санасын кейде кездейсоқ, кейде саналы ұмтылыстың, Ұлы Дала мен Ресейдің, классикалық Шығыс пен Батыстың трагедиялық тәжірибесі мен бүкіләлемдік жаңалықтарының нәтижесінде таңырқау мен түңілу торлаған ақын, ойшыл.

Абай бүгін де әлемнің түкпір-түкпірі алақандағыдай ашылатын биік шыңда тұр.

Николай АНАСТАСЬЕВ,

М.В. Ломоносов атындағы ММУ профессоры,

ТАӨ сериясы бойынша жарық көрген

«Абай» кітабының авторы

КІТАП ТУРАЛЫ

Алғаш рет Мәскеуден жарыққа шыққан хәкім Абайдың 175жылдық мерейтойына арналған бұл кітап өте бағалы әрі сапалылығымен көз тартады.Жалпы саны 423 бетті құрайды. Мазмұны жағынан «Стихотворение», «Өлеңдер»,«Прикосновение к Абаю», «Абаймен сырласу» атты төрт бөлімнен тұрады. Ондағыфотосуреттер мен қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары елу жылға жуықкөпшілік назарына ұсынылмағандығымен әрі өте сирек кездесетіндігімен деерекшеленеді. Қазақ және орыс тілінде жарияланған, бұл кітап Абайдың таңдамалышығармаларына арналған. Мәскеуден «Русский раритет» баспасынан таралымы 1000данамен шығып отыр. Бұл кітаптың авторы — жинақтап, зерттеп дайындаған тұлғасаяси ғылымдар докторы, ҚР қоғам қайраткері, Қазақстанның ұлы тұлғалары туралы бірқатар кітаптардың авторы, қазақ елінің айбынды азаматы Тайыр Мансұровболады.

Ендеше ағайын, руханиятымыздың асыл да алтын қазынасынан орын алатын бұл кітапты оқуға асығыңыздар!

«Әділет ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *