АВГИЙ ПАТШАНЫҢ АТ ҚОРАСЫН КІМ ТАЗАРТАДЫ?

мәдениет Қоғам
133 Views

ІІ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНЕН ОР-1921 ВИРУСЫНЫҢ ОШАҒЫ ТАБЫЛДЫ

Өткен ғасырдың аласапыранға толы жиырмасыншы жылдары Орынбор қаласы Ресей Федерациясының құрамындағы Қазақ (Қырғыз) Автономиялық Республикасының астанасы болғаны белгілі. Сол тұста жалындаған жас министр Смағұл Сәдуақасовтың айтуына (жазуына да) қарағанда, Орынбор мен Ұлы дала бірін-бірі түсіне алмай, ренжісіп қала береді екен. Орысы қалың, қазағы сирек Астана қаланы тез арада қазақшаға бейімдеу жаңа құрылған жас үкіметтің қолынан қалай келе қойсын! Оның сәті жуық арада түспесе керек…
Хош. Өткенге салауат. Тәуелсіздік алдық. Жағдай өзгерді. Ал енді әлем таныған бүгінгі аты да, заты да Астанамыздың қазақшасы көңілден шығатындай деңгейде ме? Бірі кем дүние. Елордамыз баяғы Орынбордан, дұрысы Оренбургтан әлі алыстай алмапты. Бұған өзім куә болып жүрген бір жайды мысал ретінде алға тартсам ше. Былай енді. Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрымен арада туындаған түсініспеушілікке байланысты төрелігін айтар деген үмітпен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваға хат жаздым, осындай да осындай деп.
Алдымен театрға сонау 2017 жылы өткізген «Айтбай – Мария» атты туындыма ұжым басшылығының табаны күректей сегіз жылдан бері бір ауыз жауап қайтаруды құнттамай, құрысып отырғанын жеткіздім. Бастау қиын. Бастадың ба, оңайлықпен тоқтай алмайсың. Қазақ осындай емес пе. Ұлттық шеңбер-болмысымнан жұлқына шығып кете қою менің де қолымнан келмеді. Содан соң өнер ордасының өзімен қоса мегаполисті де, ол аздық еткендей, байтақ Қазақстанды да масқаралайтын күлді-бадам мылжыңдамаларға шолу жасадым.
Сіздер үшін қайта баяндайын.

1.«ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ»

Бұл пьеса Абай шығармаларынан үзіп-жұлқып, жүйесіз, бас-аяқсыз алған үзінділерден құралған қойылым. Бұнда сахнаға бірден отыздан астам әртіс опыр-топыр шығады. Атап айтар, түсін түстер кейіпкер жоқ. Сондықтан №1, №2 актер…, №1, №2 актриса… деп, концлагерь тұтқындары сияқты нөмірленген. Сол улап-шулаған топтың арасында қып-қызыл костюм киіп, мойынына бабочка таққан ұлы Абай жүр әркімге жалтақтап. Қайран Әйгерімнің үстінде омырауы ашық-шашық қара көйлек, шашы удырап-дудырап, ол да жалаңбас. Жай жүрген жоқ, ерінің бетінен алып, өкпесін жеткізуде. Бір қызығы осы халтура-плагиаттың авторы ретінде Қуандық .Қасымов емес, Абай Құнанбайұлы көрсетілген. Қаламақы кімге төленді екен?

2. «ДАРИҒА ЖҮРЕК»

Режиссер Қ. Қасымов бұл жолы халтурасын одан әрі дамытып, онысын қолданыстағы заң бойынша қылмыстық іс қозғауға болатындай плагиат дәрежесіне жеткізген. Ол Мұқағали Мақатаевтың екі поэмасын қосақтап, бір сөз қоспай, бір үтірін өзгертпей, «пьеса» туғыза салған. Бұнда да сахнаға опыр-топыр отыздан аса актер, әртістер шығады, бәрінің қолында бір-бір ұзын ақ таяқ, бұнысы несі? Сөйтсек бұлар 1943 жылы тау баурайында шөп шауып жүрген колхозшылар екен. Бәрі жап-жас, бәрі сұп-сұлу, арасында мосқалдары да, кәмелетке толмаған жасөспірімдері де жоқ. Сұлулық конкурсында жеңіске жеткен таңдаулылар сияқты. Хор капелласының әншілеріне ұқсайды. Әйелдер жағы түгел етегі жер сызған қосетек ақ көйлек, ілгекті сәнді камзол киген, аяқтарында – ақ платформа туфли. Жігіттері де қалыспайды, бәрі ақ көйлек, ақ шалбар киіп, тіпті крассовкамен шыққандары да бар…
Қысқасы театр ұжымы екі ұлы ақынның шығармаларындағы тарихи шындықты аяққа таптап, бұрмалап, адам нанғысыз қиял қуып, лағып кеткен…

3. «АТЖАЛМАН ҒАСЫР»

Бұл 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған Жұмат Шанин туралы «пьеса». Кейіпкерлері: Шанин, Жанбике, Карлик, Вышинский, Берия, Голощекин, Мирзоян, тағы басқалар. Шанин мен Жанбикенің кейіпкер болатын жөні бар, әрине. Голощекин неғып жүр? Ол Қазақстандағы қызметінен 1933 жылы қуылып кеткен, сонда арада 4-5 жылдай уақыт өткенде режиссерді қаралау үшін Қазақстанға іссапармен келген бе?! Сол сияқты Республиканың кейінгі басшысы Мирзоянның да «пьеса» кейіпкері ретінде сахнаға шығатын жөні жоқ. Бұл екі факті де автор С. Қасымбектің саяси, тарихи сауатсыздығын және мемлекеттік құрылымның қандай тәртіппен жұмыс істейтіндігінен хабарсыздығын көрсетеді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Сахнадағы бір топ одақтық дәрежедегі басшылардың арасында Берия да жүр. Қараңғылық. Ж. Шанин 1938 жылдың бірінші жартысында атылған еді, ал Берияның НКВД-ға басшының орынбасары болып келуі 1938 жылдың екінші жартысы. Демек бұл да өтірікке жамалған өтірік. Бұл енді нағыз масқара.
КСРО Бас прокуроры Выщинский мен НКВД басшысы, Сталиннің ең сенімді адамы Ежовтың өздері басқарып отырған аса құзырлы органдарда басқа қызметшілер құрып қалғандай, бір қазақ режиссерін тұтқындау үшін жанып-күйіп тұрған негізгі міндет, мақсаттарын былай ысырып тастап, жердің түбі саналатын Қазақстанға келуі шала сауатты адамның қиялынан туған мың өтіріктің бірі, басқа ештеңе де емес.
«Пьесада» суреттелген түрме Қара теңіз жағалауындағы курорт сияқты. Шанинге келген әйелі күйеуімен емін-еркін ұзақ сөйлесіп, сырласады. Тіпті сол 1938 жылы Шанинмен көрші камераларда 1937 жылы атылып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет, тағы басқалар отыр… Бұл не сұмдық! Айтпақшы, бұл күйді-пісті күйелеш дүниенің режиссері Бекболат Құманғожаев, Қ.Қасымов бас режиссер қызметіне Жамбыл облысынан шақырылса, бұл азамат Астананың дәл өзінен келген. Сырттан шақырылған кадрлар сенімді осылай ақтай ма? Әлде Шымкентті майшелпек көре ме?
Театрдың кәрі түйе сияқты ойнақтауы жоғарыда баяндалған үштікпен шектеле қойса мейлі-ау. Онда біз де әңгімені көбейтпес едік…
«Бірін айт та, бәрін айт» демекші, ақыры бастаған соң «Лифт» туралы да бірер сөз өрбітейін. Театрдың құлағын ұстап отырғандардың бірі – әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек. Оның «Лифт» деген «пьесасы» өз айтуы бойынша жер-жерде, тіпті шетелде қойыла бастапты. Нағыз масқараның масқарасы осы. Айтпайын-ақ деп едім, айтпасыма қоймады… С.Қасымбек кезінде жаңадан құрылып, дүркіреп тұрған Түркістан театрын тығырыққа тіреген жемқорлығы үшін сотталған, түрмеде отырған. Бірақ абақтыдан шыққан соң анау-мынау емес, академиялық театрға қызметке тұрғанына қарағанда күлшелі кезінде орнатқан байланыстары сақталған болып тұр ғой.
Жалпы С.Қасымбекті қаралаудан аулақпын. Жаза басқан шығар. Бірақ «Лифтісі» түрлі күдікті ойларға жетелейді, бұл дүниесін ол кек алу үшін жазған ба, қалай? Туған ұлтына, жоғары билікке, сот жүйесіне қара күйені аямай-ақ жағыпты. Пьесаны сахналау түгілі жай оқып шығудың өзі кімнен де болса, темірдей жүйкені, бейжайлықты, немкеттілікті қажет етеді, отаншыл жүрекке ауыр тиеді. Сондықтан кейіпкерлеріне, оқиғасына, идеясына, мақсатына тоқталып жатпаймын. Деп-деп барып, сөзімді тікелей министрдің өзіне бағыштаймын ғой, баяғы. Былайша.
Құрметті Аида Ғалымқызы!
Театрда қалыптасқан жағдайдың ақ-қарасын анықтау Сіздің тікелей міндетіңізге жататын мәселе деп ойлаймын. Гәп бір автор, бір театр туралы емес, әңгіме республикадағы бүкіл театр атаулыға, жалпы руханият пен мәдениетке, барша қазақ ұлтына қатысты екені айдан анық.
Шаршатып жібердім бе, құрметтілерім. Кешіргейсіздер. Мен де жетіскеннен сайрап отырғаным жоқ. Енді осы жанайқайдан не шықты, соған аз-кем тоқталайын.
Жауап хатты дайындаған Б.Бекмагамбетова, ал қол қойған Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары А.Белқайров (бұл фамилияны оқып жатпай, көз жүгіртіп қана өте шығыңыз, абайламасаңыз тіліңізді сындырып алуыңыз мүмкін) екен.
Бірінші «Айтбай – Мария» атты пьесама бұлталақтатпай, тіке, сенімді, нық, мық шегедей етіп жауап беріпті: «Сіздің қолтаңбаңыздан туған «Егіздің сыңары» драмасы театрдың Көркемдік кеңесінде 2015 жылдың 22 қыркүйек күні қаралып, Театрдың көркемдік кеңес мүшелері бір ауыздан аталған пьесаны репертуарға лайық емес деп шешім қабылдаған (№7 хаттама) көшірмесі алғашқы сот отырысына ұсынылған болатын».
Бұл министрліктің жауабы емес. Ол айдан анық. «Көшірмесі алғашқы сот отырысына ұсынылған болатын» деген сөз Жұмат Шанин театрындағылардың уәжі. Осы өтірік уәжбен театрдың мюнхаузеншілері кеше судья Б.А.Борибековтың аузын аңқайтса, бүгін енді министрліктегі мырзаларды сазға отырғызды деу керек. Себебі біреу-ақ, мен ауданаралық сотқа жазған талап арызымда да, министрге жолдаған хатымда да 2017 жылғы «Айтбай – Мария» деген пьесам туралы сөз қозғадым. Бұл арада Көркемдік (көргенсіздік десем ренжіп қалады-ау ә?) кеңестің 2015 жылғы «Егіздің сыңары» пьесасын кек алу үшін ұйымдастырған жалған кеңесінің не қатысы бар? Ол кеңестің шешімі туралы өткен жолғы жазбамда айтып өттім, қайталаудың да қажеті жоқ.
Судья Б.А.Борибеков сотқа жалған ақпарат ұсынудың қылмыс екеніне назар аудармай күйдіріп еді. Енді министрліктегі шенеуніктер байғұс жанның сау қалған жеріне шоқ басып отыр. «Апама жездем сай» деген осы. Жеке шығармашылығыма қатысты түйінді Қазақстан Республикасының атынан үкім, шешім шығаратын судья одан әрі шиеленістірсе, мәдениеттегілер тағы бір түйінді қолдан түйіп берді. Осындайда қатқылдау жаратылғаныңа өкінеді екенсің… көздің жасын бір сығып тастасам, жеңілдеп қалар ма едім…
Мәдениет комитеті ең негізгі мәселе «Желсіз түнде жарық ай», «Дариға жүрек» және «Атжалман ғасыр» «пьесалары» жайында мүлде сөз қозғамайды. Себебі бұл үшеуіне қатысты Жұмат Шанин театрынан шпаргалка түспеген. Неге десеңіз, театрдың әдебиет бөлімі меңгерушісінің пірі болып табылатын Мюнхаузеннің өзі Абайға, Шанинге, Мұқағалиға қарсы өтірік айтуға ұялса керек. Ал министрлік қызметкерлерінде қазақша хат жазатындай сауаттылық жоқ. Бірақ «Лифт» пьесасына келгенде шенеуніктерге қайта тіл бітіп, қазақты азғын етіп көрсететін мылжыңдаманы жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнеледі. Бұл арада шпаргалка мен суфлер қатар жұмыс істеп кеткені дағы.
Несін айтайын, Мәдениет комитетіндегілер Қ.Қасымов көкелері сияқты көшіріп алуға ұста көрінеді. «Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы» заңынан бірнеше тармағын алға тартып, біраз ақыл айтыпты. Бұнысы жөн де шығар. Алайда жауаптың қорытындысында «Комитеттің жауабымен келіспеген жағдайда Сіз заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес жоғары тұрған және сот органдарына шағымдануға құқылысыз» дегені шикіліктің нышаны екені анық. Өйткені министрліктің мәселені шешуге құлқы жоқ па, әлде біліктілігі жетпей ме, мүмкін екеуі де қабаттасып, екі өкпеден қысып тұрған шығар. Әйтеуір, қалай дегенде де арыз-шағымның азаюына емес, қайта көбейе түсуіне ықпал етіп отыр деуге әбден болады деп ойлаймын.
Иә, Абайыңа да, Құдайыңа да шекесінен қарайтындар Шымкенттегі мәдениет саласында, сондай-ақ Астанадағы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде де бар ма деп қалдым. Ол өз алдына, бұған қоса осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын Орынборда төбе көрсеткен ОР-1921 вирусы жоғалып кетті деп жүрсек, қас қылғанда министр А.Балаеваның кабинетінен табылуы жағамызды ұстатты. Астапыралла!
Айтпақшы, ОР-1921 медициналық термин, қарапайым тілмен айтқанда, Орынбор 1921 вирусы, яғни қазақ тілі мен мәдениетін тұқыртатын ескі әдет, іс-әрекет. Қандай жаны сірі вирус еді. Осылай жүгенсіз кете берсе, аяғы жақсылыққа апара қоймас. Ендеше кім індеттің алдын алады?!

(Жалғасы бар).

Захардин ҚЫСТАУБАЕВ.

P.S. Үндінің Ананди келін туралы киносындай ұзаққа созылатын тізбекті материалдарды Захардин Қыстаубаевтың фейсбук парақшасынан оқи аласыздар:
Орынбор коронавирусы қазақтардың ағзасында 100 жыл қалай сақталған?
Қуырдақтың көкесін сотқа жүгінгенде көресің.
Мың өліп, мың тірілсең де Шымсұлуды толық түсіну қиын.
Менің кейіпкерлерім. Айтбай кім? Мария ше?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *