Өмір деген қызық қой, шіркін. Біреулер шалқып-тасып ғұмыр кешсе, енді біреулер орташа, кейінгілер төмен дегендей күн көреді. Бейбіт азаматтық өмірдің қадір-қасиетін терең сезінбестен, аяқтарын шалыс басып темір тордың арғы жағына тоғытылғандардың да өзіндік тағдыр-талайы бар. Жастықтың, жоқ әлде мастықтың буымен қылмыс жасап, ата-анасы мен ағайын-туыстан жырақта жүргендердің пүшәйман күйге түсетіні айтпаса да түсінікті. Алайда тағдыр талқысына мойымай, болашақтағы жақсы күндерге деген берік сенім оларды алға қарай жетелейтіні анық.
Қандай да бір қателікпен бе, жоқ әлде басқа жағдаймен бе абақтыға түскен жандар жан азабына берілетіні айқын. Күндіз-түні болашағым не болады деген ойда жүреді. Өзегін өртеген өкініш дерті оларды қалайда осы бір қапастан ертерек құтылып кетсем екен деген ізгі ойға жетелейді. Сөйтіп, ондағы ішкі тәртіпті қатаң сақтауға дағдыланады. Өзіне жүктелген кез келген жұмысты дер кезінде әрі жүйелі орындауға талпыныс жасайды. Ертерек шықсам екен, отбасыммен қауышсам екен дейді. Азаматтық өмірде адал еңбек етуге өз-өзіне ант беріп, серттескендей күй кешеді. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ екенін кеш те болса аңғарғандай болады. Енді мұндай жерге қайтып келмесем екен дейді.
Егемен елімізде жазасын өтеушілер арасында ізгілендіру шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Оның жарқын мысалын Шымкент қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты біздің ИЧ-167/3 түзеу мекемесінің жұмысынан да айқын аңғаруға болады. Жақында «Қақпа алдындағы кездесу» деп аталған әлеуметтік жобаның аясында осындай бір ізгілікті де игілікті іс-шара өткіздік. Жиын мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Н. Сандыбаев төрағалық етуімен ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласы әкімдігінің өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары – психолог И. Марат, заңгер Г. Қасымханқызы, Шымкент қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жазасын өтеушілер арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы тобының бас маманы, әділет майоры Б. Қуандықов, Абай аудандық пробация бөлімінің инспекторы, әділет капитаны Д. Үсенов және ИЧ-167/3 түзеу мекемесінің жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіне орай мекемеден босатылған көмекке мұқтаж жазасын өтеп келген азаматтар – А. Асқаров, М. Базарбаев, Ә. Елтай, Т. Жандарбеков, Д. Турабаев сөз сөйлеп, жазасын өтеушілер арасында жүргізіліп отырған ізгілендіру шараларының игі жемісін беретініне сенімді екендіктерін жеткізді. Абақтыда өткізген азапты күндер артта қалып, бейбіт өмірге оралып отырмыз. Алға қойған жақсы жоспар, мақсатымыз бар. Мына өмірде енді жаңылыспауға талпынамыз. Темір тордың ар жағында өткізген күндеріміз бізге өмірлік сабақ болып отыр. Осында бізге шынайы қамқорлық көрсетіп, жақсы өмір сүру үшін ерен еңбек ету, кісінің ала жібін аттамай, түзу жүруге баулыған түзеу мекемесінің қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгінгі ұйымдастырып отырған шараларына ризашылық сезімімізді білдіреміз, – деп ағына жарылды. Соңынан тиісті сала мамандары тарапынан оларға жұмысқа және тұрмыстық орналастыру бойынша тиісті кеңестер берілді.
Жиында қаралған мәселелер бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары – психолог И. Марат, заңгер Г. Қасымханқызы өз сөзінде түзеу мекемелерінен босап шыққан азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында құжаттарды төлемақысыз рәсімдеп, азаматтардың сұранысына байланысты оқу курстарына жіберілетінін, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жұмыс орындарына орналастыруға көмек көрсетілетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол көмекке мұқтаж бостандыққа шыққан азаматтар — А. Асқаров, М. Базарбаев, Ә. Елтай, Т. Жандарбеков, Д. Турабаев тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды. Әлеуметтік және өзге де көмек түрлерінің көрсетілу жолдары жайында айтып берді.
Өз кезегінде тиісті мерзімін өтеп, бостандыққа шыққан азаматтар өздерінің қапаста өткізген күндеріне пүшәйман екендіктерін жеткізді. Тағдыр-талайымен аяқтарын шалыс басып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққандарына өкініштерін білдірді. Осының бәрі өмірлеріне үлкен сабақ болғанын айтты. Енді азаматтық өмірде түзу жүріп-тұруға уәде берді. Отбасына оралып, үйленіп, үй болуды, ұрпақ өрбітуді жоспарлап жүргендерін де жасырмады. Ел игілігі жолында адал еңбек етіп, тұрмыс кешуді көздеп отырғандарын баяндап өтті.
Абай аудандық пробация бөлімінің инспекторы, әділет капитаны Д. Үсенов пробация қызметі есебіндегі жазасын өтеп келгендермен жүргізілетін іс-шаралар мен олардың міндеттерімен қоса бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыруды қолдайтын «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасының талаптарымен таныстырып, түбегейлі түсіндіріп өтті.
Жиналыс барысында азаматтар тарапынан: «Қайта даярлау курсында оқу үшін қандай құжаттар қажет? Денсаулығыма қандай көмек бере аласыздар? Тұрақты мекен-жайым жоқ. Бостандыққа шыққан соң қайда жұмысқа орналастырасыздар? Онда жатақхана бар ма?» деген секілді сан алуан сауалдар қойылды. Олардың бәріне тиісті сала мамандары толықанды жауап беріп өтті.
Осылайша күн тәртібіне қойылған мәселелер толығымен тыңдалып бітті. ИЧ-167/3 мекемесінің жұмыс кеңесі арнайы шешім қабылдады. Шымкент қаласында орналасқан түзеу мекемелерінде және пробация қызметі есебінде жазасын өтеген азаматтарды түзеу мекемесінен босап шыққанда жұмысқа және тұрмыстық орналасуға, әлеуметтік және өзге жәрдем түрлерін ұйымдастыруға көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды барынша ұтымды үйлестіру керектігі айтылды.
Қорыта айтқанда, «Қақпа алдындағы кездесу» шарасы түзеу мекемесінде сотталғандар арасында жүргізілетін әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғанын байқатты. Мұның бәрі жазасын өтеушілердің азаматтық өмірге ертерек оралуға деген сенімін арттыра түскені анық.
Данияр ШЕРМУХАНБЕТОВ,
Шымкент қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/3 түзеу мекемесінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры.