АРЫС ҚАЛАСЫНА 65 ЖЫЛ!
АЙБЫНЫҢ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН, АРЫС!
Арыс бертінгі кезеңде теміржолшылар қаласы ретінде танылды. Алайда Майлықожа ақынның мекені болған, әрбір тау-тасы мен жотасы тұнып тұрған тарих, жеті обадай көне шежіресі бар, Шәмшінің әні болып өрілген Арыстың түп-төркіні сонау Алтын Орда дәуірімен шектеседі. Көне тарихи жазбаларға зер салсақ, Арыс өзенінің ескі атауы Үржі деп аталғанына қарап бұл сөзіміздің жаны бар екенін, алты ғасыр бұрын іргесі қаланғанын аңғаруға болар.
Қазіргі заманғы Арыс бейнесі күннен күнге көркем кейіпке еніп, құлпырып келеді. Халықтың демографиялық өсу қарқыны, әлеуметтік-экономикалық өсіп өркендеуі жағынан ілгерілеушілік бар. Әсіресе қала әкімі Гүлжан Мамытқызы Құрманбеков қызметке кіріскелі бүгінгі таңда Арыс жасарған, жаңарған, жаңа қырынан көрінген шаһарға айналған. Соңғы бірер жылда саябақтар салынып, жаңа шағын бой көтерді, мұнда көп қабатты тұрғын үй кешендері салынды. Асфальт жолдар төселіп, көше жарықтандырылып, халық тұрғын үймен, сапалы ауыз сумен, электр жарығымен қамтылып келеді. Мұндай игі істер қала жоспарына сәйкес жалғасын таба бермек.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тұспа-тұс келген Арыстың 65 жылдық мерейтой сәтінде қала аумағында бірнеше нысан халық игілігі үшін шымылдығын түрді. Соның бірі «Дендросаябақ» алдына теміржолшылар құрметіне қойылған еңселі, өте алып паровоз! Алдымен ашық аспан астындағы музейге орналастырылған бұл паровозды тамашалауға келген көпшілік ескерткіштің ашылу салтанатына куә болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, барша жиналған қауымға сәттілік тіледі. Туған жерге тәу етіп келген қала қонақтары, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары баршасы ізгі тілектерін жеткізді.
«Арыс – тоғыз жолдың торабындағы теміржолшылар қаласы екенін ескерсек, біз мұрты бұзылмай сақтаулы тұрған паровоздардың бірі Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха стансасында тұрғанын біліп, келіссөздер жүргіздік. Ақыры Арысқа қаласына аман-есен жеткізіліп, ашық аспан астындағы музейге әкеліп қондырылғанына куә болып тұрсыздар!» дейді Арыс қаласының әкімі Гүлжан Мамытқызы. Расында, осы болат паровоздар теміржолшылар тіршілік ететін Арыстың символына айналып тұрғандай.
Теміржолдың бұл машиналары өткен ғасырдың көзін көрген, шойын жол дәуірінің басынан естелік болып сақталған еліміздегі төрт паровоздың бірі екен. Яғни, зерттей келе елдегі темір жол мекемелеріне қарасты тарихи 4 паровоздың – біреуі Шу стансасында, қалған үшеуі Шығыс Қазақстандағы Шемонайха станциясында тұрғаны белгілі болды. Арыс қаласы әкімі Гүлжан Мамытқызының тапсырмасымен қаланың 65 жылдығына арнап қос паровозды да қала әкелу жұмыстары басталып кеткен болатын.
Жобаны іске асыруда Қазақстан Республикасының «Құрметті теміржолшысы», Шымкент магистралдық желі дирекциясы Ардагерлер кеңесі ұйымы төрағасының орынбасары, Қазақстанның «Құрметті теміржолшысы» Мақсұт Іскендіровке сеніп тапсырылды. Өйткені, Мақсұт Іскендірұлы бұл кезге дейін Түркістан локомотив пайдалану депосының ауласына көне паровоздың бірін қойған тәжірибелі азамат болатын. Оның үстіне бұл кісі Арыс қаласындағы темір жол училищесінде білім алып, еңбек жолын осы жерден бастаған. Мақсұт Іскендіровпен бірге «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың да үлесі бар. Шемонайхадан жеткізілген паровоздар кезінде Якутияның Улан-Уде қаласында 1940 жылдары іске қосылған болып шықты. Салмағы жүздеген тоннаны құрайтын зіл қара темірді кесіп, бөлшектеп вагонға тиеу, оның жүрер жолының құжатын дайындау, тасымалдау уақытын нақтылап, бекіту жұмыстары қиындықтарға қарамастан сәтті жүзеге асырылды. Паровоздар бөлшектелген күйде 11 вагонға тиеліп, Арыстағы діттеген жерге жеткізілген соң, оны қайтадан құрастыру күндіз-түні жүргізілді. Өйткені, тасымалданатын жүк габариттен тыс және салмағы да батпандай. Паровоздың доңғалақ жұбы мен аралық белдеу темірінің өзі – 32 тоннаны құрайды. Ал мұндай салмақты көтеретін арнайы жүк краны мен техникаларды ұйымдастыруда меценат Ермекбай Ермановтың көмегі тиді. Ермекбай Тілеуұлы Арыста 2019 жылы орын алған төтенше жағдай кезінде де теміржолшыларға 69 млн. теңге шамасында материалдық жәрдем берген кәсіпкер, сондықтан қала әкімі арыстықтардың атынан алғысын жаудырды.
ҰЛЫ АБАЙДЫҢ МҮСІНІ ОРНАТЫЛДЫ
Арыста бүгін дүбірлі той.
Арыстың топырағынан небір асыл дүлдүлдер, атақты тұлғалар туылған. Кеңес Одағының алты батыры Нағи Ілиясов, Ережепбай Молдабаев, Бейсен Оңтаев, Иван Журба, Берген Исаханов, Садық Исмайлов, сондай-ақ дарынды драматург, жазушы Дулат Исабеков, Нұрғали Ораз, Садықбек Адамбеков, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, күміскөмей әнші Нұржамал Үсенбаева, Ақжол Мейірбеков, белгілі композитор Ержан Серікбаев, олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұлды өмірге әкелген аймақ. Арыстың бойында туылған саңлақтардың басы қосылып, бұл күні Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойы құрметіне қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған бюстің салтанатты ашылуына қатысты. Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академикәрі Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.
Бюст ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылды.
Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұғыры –2,20 метр, Абай бюстінің биіктігі – 1,50 метр. Тұғыры гранит-мрамордан жасалған. Еңселі ескерткіштің айналасына көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жарықшамдар, қала тұрғындары тынығатын орындықтар қойылған.
Мүсін авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі және Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев екенін айта кетейік.
«КӨКТЕМДЕ» ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ТҰРҒЫЗЫЛУДА
Мұнан соң қалың көпшілікпен бірге Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев Арыс қаласындағы «Көктем» тұрғын ауданында орналасқан бес қабатты үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 1951 адам тұр.
Құрылысы қызу жүргізіліп жатқан 4 үйдегі 240 пәтердің аумағы 12308 шаршы метрді құрайды. Бұл баспаналар коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрған 240 отбасыға жыл соңына дейін толық пайдалануға берілетін болады.
Айта кетейік, биыл Арыс қаласында Жеңіс күні мерекесі қарсаңында, «Көктем» тұрғын ауданынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 36 пәтерлі 3 қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде коммуналдық үйге кезекте тұрған 108 азаматқа пәтер кілті табысталды.
Сонымен қатар, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмен әрі баспанасыз отбасылар үшін Арыс қаласында құрылған «Қолғабыс» қорының ұйымдастыруымен осы күндері екі отбасыға арналған үй және «Бала мекен» шағын ауданында 8 отбасыға арнап үй салынатын болады. Құрылыс жобасы бойынша тұтас бір шатырдың астында қос бөлмелі екі пәтер орналасады. Тағы бір ерекшелігі мұнда жайғасқан отбасылардың тұрмысы түзелген шақта бөлме санын көбейтуге немесе қосымша құрылыс жүргізуге болатындай ыңғайлы жоба таңдалған.
Жалпы, демеушілердің есебінен тұрғызылатын бұл үйлер баспанаға шын мұқтаж отбасыларға тегін беріледі.
ТЕМІРЖОЛШЫЛАР САЯБАҒЫ ЖАҢАРДЫ
Құрметті қонақтар барған келесі нысан – Арыс қаласындағы Теміржолшылар паркі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген саябақ Арыс қаласының 65 жылдығына орай, мүлдем жаңа кейіпке енген.
Бүгінде мұнда тал-дарақтар мен көшеттер молынан отырғызылып, балаларға арналған түрлі ойын аттракциондары орнатылды. Әрбір аттракционның қауіпсіздік ережелері заманауи талапқа сай келеді.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жол кеңейтіліп, жаңартылды және мұнда озық үлгідегі жарықтандыру технологиясы қолданылған. Бас-аяғы екі гектарға жуық аумақты алып жатқан саябақ түгелдей абаттандырылып, көз тартар субұрқақтар іске қосылып, ағаштар отырғызылған.
Сонымен қатар, саябақтың орталық алаңына алып сағатты көзіміз шалды. Бұл демалыс орнының келбетін айшықтап, көркіне көрік қоса түскендей. Алыстан менмұндалайтын алып сағаттың биіктігі 12 метр болса, ені 1,5 метрді құрайды екен.
Сол сияқты саябақтың төрінде ашық аспан астындағы үлкен сахна орнатылған. Заманауи үлгіде салынған сахна түрлі салтанатты шаралар өткізуге арналған.
«Теміржолшылар саябағы» атауын қайта иеленген аталған нысанның басты мақтанышы – Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха станциясынан әкелінген көне паровоз болды.
Айта кетейік, аты аңызға айналған мұндай «отарба» – Қазақстан бойынша сақталған соңғы нұсқалардың бірі.
Темір жол саласы – Арыс қаласы дамуының негізгі өндірістік көзі, ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі күші саналады. Сондықтан сала мамандарының еңбегі зор, бейнеті адал. Осыған орай, саябақта «Құрметті теміржолшылар» тақтасы орнатылды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерейтой арыстықтар ғана емес, тұтас теміржолшылар қауымы үшін де зор мәртебе.
Әрине қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. 1904 жылы Арыс стансасы салынса, 1956 жылы Арысқа қала мәртебесі берілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Біз – тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік» деп атап өтті. Ал күллі қазақстандықтардың ырыс-ынтымағын ұйытып, бауырмалдықтың үлгісін көрсеткен Арыс өңірінде бұл күні сан-салалы бағыттар бойынша жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, оңтүстіктің шырайлы өлкесінің бірі – Арыс қаласы гүлденіп, көркейіп келеді. Жазиралы өлкедегі жаңарған қаланың болашағы баянды, келешегі кемел болсын дегіміз келеді. Арыс ажарлана берсін!
Қуанышбек БОТАБЕК