АЛАШТЫҢ АЛДАСПАН АҚЫНЫ

Руханият Қоғам
570 Views

Мұзафар Әлімбаевқа арналған кеш жиналғандарды тәнті етті

Қарашаның екінші жұлдызында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әйгілі ақын Мұзафар Əлімбаевтың 100 жылдығына арналған “Қазақ əдебиетінің алдаспаны” атты əдеби-шығармашылық кеш өтті. Ерекше сүйіспеншілік пен ыстық ықыласқа толы іс-шараның ашылу салтанатында филология ғылымдарының кандидаты, профессор, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы алғы сөз сөйлеп, кешті жүргізіп отырды.

Мерекелік кештің сарыны әдеби көркемдік пен әсем сазды әуеннің тоғысуымен жалғасты. Алғашқы өнер көрсеткен журналистика және саясаттану факультетінің «Медиаөнер» білім бағдарламасының студенті Әсем Айбекқызының орындауындағы авторларының бірі М.Әлімбаев болып табылатын еліміздің алғашқы әнұраны жиналған қонақтардың көңілдерін көтеріп, жүректерін тебіренткені сонша, әуен әуелей бастағанда кешке жиналғандардың бәрі орындарынан тұрып, әнді бірге шырқады.

Кеш барысында кешегі күндер қайта еске алынып, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығын зерттеуші Баткеева Бақыт Тілеубайқызы ақынның жүріпөткен көркем де өнегелі жолына арнап баяндама жасады. Өз кезегінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент, деканның орынбасары Болатова Гулжаухар Жамбылқызы келген қонақтарына алғысын білдіріп, Мұзафар Әлімбаев шығармашылығынан құнды деректер айта отырып, кештің сәтті өтуіне шынайы тілектестігін білдірді.

Шақырылған құрметті қонақтардың қатарындағы жазушы, публицист, халықаралық журналист Бақыт Рустемовпен философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Иманжүсіп өздерінің жылылебіздерін білдірді. Кештің көзайымына айналған Мұзафар Әлімбаевтың келіні, суретші — мүсінші Пернегүл Омарова атасының өмірі жайлы өнегесі молақпараттарымен бөлісіп, отбасылық естеліктерін әңгімелеп берді.

Өскелең ұрпақтың жолын салушы ақ жаулықты әжелеріміз — Астана зейнеткерлері одағының “Бәйтерек” хоры бүгінде халық қошеметіне бөленген «Ақ маңдайлым», «Маралдым», «Ақсұңқарым» туындыларын әуелете шырқады. Ал дәстүрлі әнші Үмітжан Сымайылқызының орындауындағы «Алматы кеші» әні шараны гүлдендіре түсті.

Кештің ұйымдастырылуында ЕҰУ-нің студенттері ерекше белсенділік танытты. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, ақынның шығармашылығына ынтызарлықпен қараған Дүйсенбек Абылайхан, Тойлат Ақерке мен Бисенғали Эльнура өз орнын әдебиет шыңынан тапқан тау тұлғаның өлеңдерін оқыды. Ізбасар атануға ниет қылған жастардың бұл әрекеттері жиналған қауымды тамсандырып, сүйсіндіргені анық. Сонымен қатар, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 2 курс студенттері – БекбосыноваНазгүл жүрекжарды ән шырқаса, Аллаберген Алтынай ақынға арнауын оқып, жиналғандарды толқытты. Өнердің асқарына ұмтылған бұл жастардың ертеңгі алар асулары биік болары сөзсіз.

Еске алу кеші осындай жоғары дәрежеде өткен Мұзафар Әлімбаевтің ертеңгі даналардың ізін басар қазақ азаматтары үшін мықты тәрбие құралына айналғаны анық. Ақынның адамзаттың барлық шынайы сезімі толғандырып, өрнектеп, көркем үйлесімді жолдармен жазылған тармақтары бүгінгі таңның өзінде назарға алынып, ерекше сұранысқа ие болып отыр. Себебі оның авторы – елі мен жері үшін күресіп, қатпарлы жол кешкен халықтың бар қастерлісі мен махаббатын бойына жиған тау тұлға.

Әсем ЖАНАТОВА,

ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану

факультетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *