ЖЕЛТОҚСАН ЖӘНЕ ЖАС ЖҰБАЙЛАР «ЖЫРЫ»

Қоғам
1 089 Views

Өскенбай Байбақұлы Шамбилов 1963 жылы 9 мамырда қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1980 жылы мектепті үздік бітірген. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген. 1983 жылы «Үлгілі сарбаз» жолдамасымен Өскемен жол құрылысы институтының Алматы қаласындағы филиалына оқуға түскен.

1986 жыл Өскенбайдың өмірінде қос бірдей оқиғамен есте қалған. Қоңыр күзде, дәлірегі 13 қыркүйекте өзінің жерлес курстасы Гаухар Адамбекқызы Джусіпбековамен отау құрған. Жан жары 1966 жылы 1 шілдеде қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Абай ауылында дүниеге келген. «Ленин жолы» (қазіргі Омар Есімов атындағы) орта мектебін бітірген. 1983 жылы Өскемен жол құрылысы институтының Алматыдағы филиалына оқуға түскен.

Қос ғашықтың үйленгендеріне бар болғаны үш ай өткенде Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалады. 16 желтоқсанда студенттер жатақханасына суыт хабар келіп жетеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметінен босатылған. Оның орнына біздің республикамызға ешқандай қатысы жоқ Геннадий Васильевич Колбин деген тағайындалған. Осыны естіген қазақ студент жастары қатты толқу үстінде: «Ертең барлығымыз Орталық алаңға барамыз», – деген шешім қабылдайды.

Ертеңіне түскі сағат екілер шамасында дәрістен шыққан Өскенбай Шамбилов, Гаухар Джусіпбекова, Талғат Адырбеков, Нұрмахан Дауылбаев, Табылды Нусупбаев бесеуі Сәкен Сейфуллин көшесінен №34 автобусқа отырып жолға шығады. Абай даңғылындағы қазіргі Балуан Шолақ спорт кешені аялдамасына жеткенде жүргізуші автобус ары қарай жүрмейтінін айтады. Олар жаяу-жалпылай Орталық алаңдағы қалың нөпірге барып қосылады. Ондағылардың қолында «Долой, Колбин!», «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деген плакаттар болатын.

Алаңда әрі-бері жүрген жастар «Қазақ басшысының тағдыры неге бұлай шешілген?», «Бұған кім жауап береді?» деген сұрақтарға жауап іздейді. «Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев, Зақаш Камалединов, тым құрығанда жергілікті орыс ұлтынан шыққан бір өкіл басқарсын», – деп айқай салады. Оларды басына ақ каска, үстеріне сұр шинель киген, бойлары сорайған солдаттар қолдарына темір қалқан, сапер күрегін ұстаған суыт күймен қоршап тұрған болатын. Алайда қалың нөпір екі-үш қатарды құрайтын жендеттерден ешқандай сескенбеген, қаймығып қорықпаған.

Жастар жағы атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұрған. Қастарына келген бір азамат: «Бұзақылық, жанжал жасамаңдар, арты жаман болады!» – деп ескертіп жүрген. Жастар жағы оны: «Сатқын, қорқақ!» – деп төбелеп ұрып-соғып тастайды. Өскенбай алдыңғы қатарда қолдарын айқастырып тұрған достары – Қадіржан Тұманғалиев, Болат Жасыбаев, Ғабит, Сайынды байқап қалады.

Бір кезде, сағат төрт-бестер шамасында жоғарыдан бұйрық берілді де алаңсыз тұрған жастардың ортасынан жарып кіріп, екіге бөліп тастайды. Сапер күрегін ұстаған сарбаздар әділет іздеушілерді аямай соққыға жығады. Жығылып, құлағандарын тепкінің астына алады. Жансауғалаған жастар алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Сол сәтте Өскенбайдың аяғы ауыр жан жары бұрыла бергенде адамдардың қатты соққысынан асфальтқа етбетінен құлап түседі. Бас киімі, ақ қалпағы аяқасты болып қалады. Оған қарауға шама жоқ. Гаухарды жұбайы қолтығынан сүйеген күйде шетке әрең алып шығады. Зәре-құты қашқан адамдардың айқайлаған ащы дауысы тым қорқынышты еді. Қабаған иттерге таланғаны қаншама. Үрейі ұшып қорқып кетеді. Үсті-бастары малмандай су. Жерде қар аралас қарғын су жатыр. Құлап-сүрініп әрең дегенде шетке сытылып, шығып кетеді. Осындайда әскери тәрбие көрген тәжірибесінің көмегі тиеді. Сұр жендеттерден жұбайы екеуі әзер дегенде сытылып сыртқа шығады.

Арттарында ешкім жоқ, құтылғандарына қуанып, жаяу жүріп жатақханаға кешкі сағат 19:30-дар шамасында үсті-бастары малмандай су, лай жастар жағы жатақханаға әзер жеткен. Онда профессор А. Закириянов, А. Катвицкий және қолдарына байлаған қызыл матаға «халық жасақшысы» деген жазу жазылған белсенділер оларды сұрақтың астына алып, ұрысып, «Оқудан шығарамыз, сотталасыңдар енді», – деп қорқытып, үркітіп, «қара тізімге» алу үстінде. Жастар жағын «Бәрі бітті, ата-анамызға не айтамыз?!» деген сұрақ мазалады. Гаухардың бар сескенгені – әкесі партия қызметінде болатын. Перзентінің қылығы үшін оны қызметінен алып тастай ма деп сары уайымға салынған.

Өскенбай қарт ата-анасынан ақша сұрауды намыс көріп, сол кезде балабақшаға күзетші болып жұмыс істеп жүрген болатын. 18 желтоқсан күні балабақшадағы кезекшілігіне түскен. Сонда отырып түнжарымда 40-50 парақшаға мына төмендегі мазмұнда: «Құрметті қазақ бауырлар! Елім-жерім десеңіздер, алаңға баруды тоқтатпайық. Өйткені онда ел тағдыры, қазақ тағдыры шешілуде» деген сөздер жазып, түнгі сағат төрт-бестерде оны әр аялдамаға аса сақтықпен жапсырып іліп шығады. 10-15 күннен кейін Орбита шағынауданынан сол қағаздарының екі-үшеуін Гаухарға көрсетеді.

18-19 желтоқсан күндері жатақхана студенттерінің бәрін №3 икарус автобусымен институтқа алып барып, әкеліп жүрді. Бұл ректор А. А. Актуриннің ойлап тапқан айласы екен.

Келесі 1987 жылдың қаңтар айы студенттер мен қарапайым халыққа өте ауыр тиді. Тергеу, абақтыға жабу, оқудан шығару сияқты сорақы қудалау шаралары басталып кеткен. Сол кезде Гаухардың аяғы ауыр еді. Басын ұстап жатып қалатын. «Қара тізім», күйзеліс пен уайым-қайғы жас келіншекті қалың мұңға батырған. Сәбиі шетінеп кеткен. Өздері студент, кімге барып не айтарын білмей, қатты қиналған. Жас отбасыға Гаухардың туысқан ағасы Сапар көмегін аямайды.

Қаңтар-ақпан айлары қандастарымыз үшін тым өте ауыр соққан. Қудалау мен сорақылықтың заманы туған. Студенттер оқудан, партия, комсомол қатарынан шығарыла бастаған. Гаухар өзінің, жұбайының жағдайын ойлап, мұның үстіне құрсағындағы сәбиі мазалай түскендіктен, сырқаттанып жатып қала беретін болған. Құрсағындағы сәбиі өлі күйінде туылады.Оның есімін Шолпан деп қойып, ақ жуып, арулап, жер қойнына тапсырған.

Уақыт – бәріне емші дегендей, күндер жылжып өтіп жатты. Мамыр айында барып тыныштық орнағандай сезілді. Желтоқсаншы жас жұбайлардың «жыры» осылайша жалғасқан.

– 1988 жылы жол құрылысының инженері деген мамандық алған келіншегіміз екеуміз туған елге қайттық. Шымкент қаласындағы «КазДорПроект» мекемесіне жұмысқа тұрдық. Мұндағылар кілең орыс ұлтының өкілдері екен. Біздің Желтоқсан оқиғасына қатысқанымызды біліп қойса, сол күні жұмыстан қуатынын іштей сеземіз. Жүрек шайылғандықтан үнсіз қалуды жөн санадық, – дейді Өскенбай өткен күндерін еске алып.

– Бізді кәдімгідей жақтырмай тиісе беретінді шығарды. Таңертеңгі сағат сегізден екі минут кешіксең болды, айлықтан қысқарту дегенді шығарады. Мамандығымызды жақсы меңгергенінің арқасында ғана оларға мойынұсынбадық. Өзімнің аяғым ауыр болатын. Қалалық тіркелімге тұра алмай, қатты қиналдық. Ол кезде тіркеусіз емханаға қабылдамайтын кезең-тін. Заң бойынша жас маман ретінде бізді міндетті түрде тіркеуге алуға тиіс еді, – дейді оны қоштай жөнелген Гауһар.

Қазіргі таңда Өскенбай – жол құрылысының инженері. Гаухар – жеке кәсіпкер. Олар бес бала тәрбиелеп-өсіріп отырған өнегелі отбасы.1988 жылы Мөлдір дүниеге келген. Қазіргі таңда ол жоғары санатты дәрігер. Назеркесі – заңгер, Ұлжалғасы – қаржыгер, Сұлтанбейбарысы – салық комитетінің қызметкері. Ал сүткенжесі Жанерке – мектеп оқушысы. Ата-аналары олардың бәрін ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерге баулып келеді.

Желтоқсан мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Оларды бір-бірінсіз көзге елестету әсте қиын. Осылайша қайғы-қасіреттің арты көл-көсір қуанышқа ұласқан. Қазақстан егемен де Тәуелсіз ел атанған. Одан бері де қаншама жыл өтіп отыр. Өткен күндерін сағынышпен естеріне алып, жадтарын жаңғыртқан желтоқсаншы жұбайлардың алдағы көретін жақсы күндері көп болсын деп тілейміз.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *