АЛАШТЫҢ АСЫЛТЕКТІ АҚСАҚАЛЫ

Тұлға
418 Views

ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ, АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ Тілеуберген Демеуұлы туралы жазу әрі қиын әрі оңай. Қиын болатыны, елде қысқаша түрде Тілеу аталыпкеткен асыл ағаның өмір жолы қиындық пен қызыққа толы алып энциклопедияіспетті. Оны шағын жазбаға сыйғызу әсте мүмкін емес. Оңай болатыны, өзініңқарапайымдылығымен мағыналы һәм мәнді ғұмыр кешкен арда азаматтың адами,азаматтық келбетін бірнеше сөйлеммен де өрнектеуге болады. Өйткені ол адалдығымен еңбекқорлығының арқасында қалың көпшіліктің шексіз құрметіне бөленгенқайталанбас қаранар, ардақты әке, асыл жар, ел қастерлеген ерекше тұлға.

Әкем Балқыбек ауылға бір келгенімде ойлы жанарын алыс көкжиекке бағыттап алып, өте маңызды әңгіме айтар алдындағы әдетімен бір ауыз өсиетін құлағыма құйғаны есімде: «Балам, қолыңнан келгенше Тілеу ағаңды құрметте, жақсы іні болуға бар күшіңді сал. Ол тек туысың ғана емес, қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, тектінің тұяғы, алтынның сынығы, ақылы мен зиыны телегей-теңіз тұлға. Әттең, отбасына қарайлап ауылда қалып кеткен, егер қызмет қуғанда кемінде министр, әйтпесе Қазақстанның президенті болатын-ақ жігіт».

Әдетте әкем марқұм екінің бірін мақтай бермейтін еді. Кез-келген адамды бір-екі қайырым әңгімесінен соң, таным-деңгейін тап басып бағалайтын сұңғыла жан еді. Бұл жолғы мына бір сөздері мені қатты ойландырып тастады. «Жақсы, бір ауыз сөзіңізді өмір бойы жадымда ұстауға уәде берем» дедім сөзімді шегелей түсіп. Әкем бетіме үңіле қарап алды да: «Сөйте ғой, құлыным, ақылдысың ғой» деді де мені бауырына басып, шашымнан ұзақ иіскеді. Бұнысы: «Осы сөзімді орындасаң мен саған екі дүниеде де ризамын» дегені екенін санама түйіп, жүрек түкпіріне сақтап қойдым.

Одан бері де жылдар жылжып өтіп жатты. Уақыт шіркін дегенін істетеді ғой. Тіршілік қамымен, қызмет бабымен шапқылап жүріп алыстағы асыл ағаммен жиі байланысудың реті келе қоймады. Тек ана бір жылы Сұлуталға барып, ағаның үйінде жата-жастана жатып, өнегеге толы әңгімелерін қызыға тыңдағаным есімде. Ағамыз бізді құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алып, сый-құрметке бөлеп тастады. Әңгіме тиегі ақтарылып, тарихы небір сырды қойнына бүгіп жатқан Ақсуаттың өткен-кеткені, ел тағдыры сынға түскенде етігімен су кешкен есіл ерлер хақында әңгімелерді түннің бір уағына дейін төгілдіре айтты-ау! Мен ойлап қоям: «Бәсе, менің әкем тегін адамды мақтамаушы еді. Кәрі тарихтың тереңіне бойлап, елдің өткен-кеткенінен әңгімені төгілдіріп отырған бұл ағамды әкешімнің терең бағалауы осыдан екен-ау»…

Ал одан беріде тағы да күйбең тіршілікпен жүріп, алыста жатқан ағаммен байланысымыз үзіліп қалды. Кейіннен Семейге көшіп келіпті дегенді естіп, «Тарбағатайға» бара жатып, қалаға қоныс тепкен Тілеу ағама арнайы барып сәлем беріп, Нұржамал жеңгеміздің шайын асықпай сораптап отырып, тағы да біраз өнегелі әңгімелерін естіп, бір жасап қалдым. Ағам есті жан ғой, біраздан бері хабарласпай кетіп, қысылыңқырап отырғанымды сезіп қалып: «Ұялмай, шайдан алып, еркін отырыңдар. Бәрін де түсінеміз ғой, заман қазір солай. Мынау аласапыран тіршілікте әркім өзінің отбасының қым-қуыт тіршілігімен шапқылап жүреді. Ол – өмір заңы. Дей тұрғанмен, ағам Семейге қоныс аударыпты деп келінмен бірге арнайы сәлем бере келгеніңе рахмет!» деп менің көңілімді бір желпінтіп, серпілтіп тастап, әдеттегідей терең мағыналы әңгімелерін айта бастады.

Газет деген өзіндік шек-шекарасы бар дүние ғой. Сондықтан бұл жазбамызда көсіле жазып, алысқа сілтеудің мүмкіндігі бола қоймауы да мүмкін (осы басылымның бас редакторы болсам да). Мұнда өзімнің бірсыдырғы ойларымды қағаз бетіне түсіре отырып, табиғи таным-түсінігі мені он орап алатын ағамның ойларын оқырманға көбірек жеткізуге назар аудармақпын.

Тілеу аға ауылшаруашылығында жарты ғасырға жуық тер төгіп, зейнеткерлікке шыққан соң, кейбір қатарластары құсап қалаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Оның үстіне Нұржамал жеңгемнің де дәрігердің тұрақты бақылауында болып, «қыңқыл-сыңқылы» бола қалса дереу көрсете қоюды ойласа керек. Оның үстіне балалардың бәрі өсіп-жетіліп, үйлі-баранды болды дегендей. Ол туралы асыл ағам «Өмір асулары» атты кітабында бүй депті: «Өмір деген әр кезеңде өз ерекшелігімен түрленеді екен. Балалар ер жетті, күнкөріс қамымен ауылды қалаға айырбастап, отбасын құрып, тіршілік қарекетіне кірісіп кетті. Оның үстіне ауылдағы жора-жолдастар да ақырындап бала-шағаларының артынан қалаға қарай ойыса бастады. Мен де қатарымнан қалыспай, қала өміріне мойынсұндым. Сөйтіп, 2008 жылы Семейге қоныс аудардым.»

Қазақтың тіл байлығын еркін меңгерген, сөз киесін терең түсінген Демеу атамыздың даналық, шешендік қасиеті жұғысты болған Тілеу ағам зейнеткерлікке шығып, қолы сәл босаған тұста қолына қалам алады. Сөйтіп іші үлгі-өнегеге толы «Өмір асулары» атты кітап жазып, баспадан шығартады.

Қазіргідей қағаз қымбаттаған заманда кітапты үлкен таралыммен шығару қиын. Сондықтан алдағы жазбамызда «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, батагөй атаның «Өмір асуларынан» шым-шымдап бере отырып, кітап авторының шеберлік деңгейін, тіл байлығын аңғартуды мақсат тұттық.

БАЙСАЛДЫ БАСШЫ

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫНЫҢ жарты ғасырын ауылды өркендетуге арнаған Тілеуберген Демеуұлының өмірбаяны жастарға арналған өнеге мектебі деуге толық негіз бар. Ес жиып, ер-азамат бола бастағанда ауылдың қызу тіршілігіне бел шеше араласып кетеді. Қатардағы жұмыскерден «Қожакелді» атындағы №1 ферманың меңгерушісі қызметіне дейін өседі. Іскер, еңбекқор жігіттің табиғи талантын дөп басып таныған совхоз, аудан басшылығы Тілеу ағаны бөлімше басшысы етіп тағайындауы сол тұстағы сәтті шешімдердің бірі болып шығады.

Кеңес үкіметінің «Кадр бәрін шешеді» деген нақылы үстемдік құрып тұрған заманда шаруашылық, аудан басшыларының бұл шешімі өзін-өзі ақтағаны былай тұрсын, сол өңірдегі қарапайым еңбек адамдарының өз араларынан шыққан, қолынан іс келетін қарапайым азаматтың жауапты қызметті қолға алғанына қатты қуанысқан деседі. Ал Тілеу аға «мен бастық болдым» деп кеудесін кермей, сол бұрынғы қарапайым еңбекторысы қалпында малшы, шопандармен қатар жүріп, ферманың шаруаларын дөңгелентіп әкетеді. Азғантай уақыттың ішінде бөлімше жұмысы өрге басып, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайы жақсара жөнеледі.

Кейіннен ағамыз сол қызметте болған тұсын былайша жырға қосыпты:

Шаруасын бір ферменің бағып жүрдім,

Көз қырын, туыстарға салып жүрдім.

Шәниген бастықсымақ талайларды,

Тәубеге сап, жындарын қағып жүрдім.

Біз Ақсуат өңіріне табан тірегенімізде елдегі басты-басты адамдармен тілдесіп, ағамыз туралы пікірлерін сұрағанымызда олар бірауыздан мақтау-мадақтауларын ағаның сыртынан аңқылдай айтып берді. Ал қарапайым жұмысшылар ол кісіні «өз адамымыз», жанашырымыз деген сөздерін естігенде төбеміз көкке жеткендей қуандық. Кейіннен естігеніміздей, ферма басшысы бәзбір шенеуніктердей кеңседе отырып алмай, күн сайын шопандар қыстауын, жаз болса жайлауын аралап, жағдайларын біліп отырған. Жай бармай ГАЗ-53 машинасына дәрігер, кітапханашыларды отырғызып алып, жылжымалы автодүкендерді қоса ертіп жүрген. Бұдан артық қандай қамқорлық болмақ?!

ТУЫСШЫЛ ТҰЛҒА

ТЕГІН БІЛУ – ТЕКТІНІҢ ІСІ. Атам қазақ ұрпақтарының тегін білуін, бұл мәселеде қателік жібермеуін, жеті атасын жатқа айтуды қатаң қадағалаған. Тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы Тілеуберген Демеуұлы да осы ата салтты қатаң ұстанатын зиялы тұлға. Ел басына күн түскен алмағайып заманда өз әулетінде болған қателікті дұрыстауға дәті мен рухы жеткен қайсар жан. Бірде ол аулындағы машина трактор жөндеу шеберханасына соғып, Тілеген деген досына сәлем бергенде ол Тақауда Ырғызбай атаның басында сенің бір ағаңды кезіктірдім. Саған сәлем айтты.

— Сен білмейтін менің қай ағам бар еді. Иә, ол кім болды екен?

…-Өзі де әңгімеге жан-жақтылы адам екен, құйма құлақ адам болса, талай аталы сөз айтылды. Өзің білесің, біздің құлақтың тесік екенін, бір жағынан құйып жатса, екінші жағынан ағып жататынын. Бар ойымда қалғаны сенің Дөртуыл екендігің.

— Иә, сонда мен қалай Дөртуыл екем?Жөн сұраса келе, менің Сұлутал совхозынан екенімді білгеннен кейін сені сұрады. «Сендерде управляющий болып істейді дейді, Тілеу деген бар ма?», «Иә, бар, менің жолдасым, – демеймін бе». «Ал жолдасың екен, өзі қай елмін дейді?», «Е, ол негізі Көкжыранікі ғой, елі Құттықадам, Құттықадаммын, – дейді дедім (сәл жымия езу тартты да). «Сен оған менің атымнан айт, оттапты деп, оның елі Дөртуыл, менің бауырым. Мен Аякөз ауданының Тарбағатай совхозында тұрамын, атым Балқыбек. Менің осы айтқанымды оған өзгеріссіз жеткізуді саған аманат етіп тапсырамын деді.»

Міне, ағаңның жеткіз деген аманатын жеткіздім ендігісін өзің білесің. Қайтар жолда ақсақалдың айта бар деген сәлемі қайта-қайта ойыма орала берді.

Бұл айтылған ру мен үшін жат та емес және мұны бірінші рет естіп те тұрғаным жоқ. Анда-санда болса да, кекетіп-мұқатқандардан сіңбе, Дөртуылсың дегенді бала күнімізден естіп қалатынбыз. Бірде әкемнен «Ата осы біз кімбіз, неге балалар ыза болғанда, сен Дөртуылсың дейді» дегенім бар. Атамның ойы алысты шолғандай, сәл бөгеліп барып, біреу естіп қоятындай баяу ғана. Затында біз, Төлегетайдың төрт баласының бірі Дөртуылдан тарайтынымыз рас дегені бар. Атамның бұл туралы әңгімені ары қарай қоздатуды қаламайтын көңіл күйін байқап, одан арыға бармап едім. Ендеше біз Дөртуылмыз десек, кім қой деп тұр. Кім желкемізден айтпа, айтсаң, атам деп мылтық кезеніп тұр? Жарайды біздің әкелеріміз, әкелеріміздің әкесі ашық айта алмаған шығар, өйткені өзінен үлкендер, өзімен тұстастар бар (өй, сен не айтып отырсың) дейтін ел көзі бауырмал бола қалатындардан ыңғайсызданған шығар.

Ал шындық мәңгі жасырын жатпайды, түбі бір жарыққа жарып шығатыны ешкімге де талас тудырмайды. «Сен Дөртуылсың» деп, үлкендер айтпағанмен, бала күнімізде қақтығысып қалғанда қолы жетпегені, тілін жеткізіп (сіңбе Дөртуыл) деген сөзді өз тұстастарымыздан естіп өстік. Бұл кемсіту басқа туыстарыма қалай әсер ететінін қайдан білейін, мен үшін бала жүрегіме қанжар қадағандай сезінуші едім. Оны есту төбелесті қайта бастау, қаның ағып дал-дұлың шыққанша жұдырықтасу…»

…1986-ның жазы тұңғышымыз Мейіржанның қайын жұрты Үржарда еді, солардың бір қуаныш тойына шақырған жеделхаты келіпті. Күнін есептеп едік, келесі сенбіге екен. Сүйек адамдар шақырған соң бармасқа болмайды және сенбі, жексенбіге келіп тұр екен, баралық.

Әне-міне дегенше ол күн де келіп қалды, өзімнің Газ-21 волга машинама інім Нұрғазыны рөлге отырғызып, мамашамыз, Нұржамалмен, жер арасы қашық болғандықтан ертерек шығып кеттік. Ұзақ жолда адамға әртүрлі ойлар келіп кетпей ме, бір сәт әнеу күнгі Тарбағатай совхозында тұрамын деген сәлемші шал оралды. Айтқан совхозы алдымызда, келе жатқан жолымыз қақ ортасынан жарып өтеді, неге соқпасқа. Көшеде кетіп бара жатқан біреуден сұрап үйін таптық. Іргесіндегі өзенге еңкейе біткен дөңестің үстінде еңселі шатырлы үй екен, қарсысында жаздық ас үй, «сендер отыра беріңдер бар-жоғын біліп келейін» деп есігі жартылай ашық тұрған ас үйге беттедім. Кіре беріс есікке тұтқан мәрліні көтере «Ассалаумағалайкум» деп сәлем бере табалдырықтан аттадым. «Уағалайкумуассәләм, сәлемші болсаң жоғары шық». Жасы жетпістің ішін аралаған, еңселі, аққұбашалау келген ашаң жүзімен аппақ сақал мұрты жалт қарағанда әкемнің бейнесін көз алдыма елестетті. Қолындағы шыбын қаққышын орындықтың шетіне қойып жатып «ал, жөніңді айт қарағым» деп сөзге шақырды. Мен жолаушы екенімізді айтып, ішімізде үлкен кісінің шай ішетін уағы өтіп кетіп, басы ауырып келе жатқанын, мүмкін болса бірер кесе шай ішкізіп аламын ба деп тоқтап едім. «Ее, шай бар ғой, кемпір біреу қоржын той деп шақырып соған кетіп еді. «Әй» деп дауыстап атын атап шақырып еді, түпкі бөлмеден келіні ме, әлде қызы болар шығып шәугімін тоққа тыға қойды.

— Шай ішетін түріміз бар, мен көліктегі кісілерімді алып келейін, – деп тұра беріп едім, «Отыра бер, отыра бер, әне шақырып келеді», – деп баласын жұмсады. Кісілерім кіріп жайғасқан соң шайды ала отырып, «Қай жақтансыңдар?» деген сұрағына келтелеу жауап беріп отырмын, ойым сөзді өзі бастасын. Беталысымыз Үржар, өзіміз Ақсуат ауданынанбыз.

«Иә, Ақсуатты білеміз, алғаш 1962-ші жылы Қытайдан келгенде алғаш түскен жеріміз. Кемпірімнің ол жақта туыстары тұрады.». «Туыстары кім еді?». «Ол кезде оқу бөлімінің бастығы болып істейтін, Қыржы оның ішінде Баубегі. Қазір білмеймін көп болды араласпағалы.». «Қыржы болсаңыз бөтен болмадыңыз, мына бастарына шыт орап отырғандардың бәрі қыржы, менен басқасы.». «Онда дұрыс келген екенсіңдер, Ақсуаттың өзіненсіңдер ме?». «Жоқ, Сұлутал деген совхозынанбыз.». «Ол жердің негізгі тұрғындары қай руға жатады.». «Дені Қыржылар тұрады». «Ал өзіңнің елің кім?». «Жанай, («Жанаймын» дедім, «Дөртуылмын» десем, оның ішінде қайсысың десе, ұсталып қалмайын деген оймен). «Ол жерде көптен тұрасың ба?». «Иә, еңбекті сол жерден бастадым ғой.». Көптен тұрсаң білуің керек, Тілеу дегенді упрап дей ме?». «Білемін ғой, білем.». «Сол атасын таба алмай, адасып жүрген жігіт. Былтыр күзде ғой деймін осы жақтан атаның басына ауырған біреуді апарғанымда өздерің жақтан бір жігітпен әңгіме үстінде соны сұрадым қай елмін деп жүр деп.». «Ол негізі Дөртуыл, туыстық жағынан маған жақын болып келеді. Ал туыстықтарыңыздың аражігі қаншалықты еді. Мен барғанда туысыңды таптым деп айтып барайын.». «Әкем жарықтық айтып отырушы еді, апам ойына түскенде көзіне жас алып отырушы еді «Қуанышым арғы бетте қалып қалды» деп. Қуаныш, Жылқышы, Тәукебай үшеуі ағайынды. Қуаныштан Майкөт, бұл жаңағы Тілеулеріңнің аталары, Жылқышыдан Тайкөт, бұдан Қали қажы, Тәукебайдан мен. Сонда арамыз бес-ақ ата, қыз алыспаймыз. Менің бар білетінім Қали қажы осымен туыстас адам маған да туыс, енді көңілдегі әлдекім болар екен деген дүмбілез күдік сейілді. Ары қарай жасырынудың керегі болмай қалды. Ендеше сол Тілеуіңіз мен деп орынымнан тұра бердім.

— Ойбу, бағанадан бергі сен бе едің, – деп, әлі де қайраты қайтпаған құшағына алып бауырына баса берді. Сөйтіп ағалы-бауырлы болып табыстық. Кетерде ағама ендігі дыбыс менен болады, кезіккенше күн жақсы деп жолға шықтым. …Ойым күзге қарай егін орылып, шөп жиналғаннан кейін мал жайлаудан түспей тұрған аралықта шаруашылықтың абыр-сабыры бәсеңдейтін кезі болады. Осы уақытты пайдаланып алыс-жақындағы ағайын туыстарды ауылдың үлкендерімен дастарқанда бас қостырып жариялылыққа шығаруым керек.

Күткен мезгіл де келді. Бауырым Нұрғазыны Аягөздің Сарыарқасында тұратын, ағаларымнан қалған соңғы тірі көз Әдеп ағама жіберіп, қайтар жолда Тарбағатай совхозына соғып түнеукүнгі Балқыбек ағамызды бәйбішесімен алып келуді тапсырып, өзім ертеңгі күннің қамымен айналысып кеттім. Ауылдағы жеке меншік жеңіл машиналардың үш, төртеуін жақын жер, Көкжырадағы туыстарды алып келуге жұмсадым. Бірақ ауыздарыңа мықты болуларын ескертіп, «неге шақырды?» деп сұрағандарға «білмейміз» деп жауап берулерін өтіндім. Шындықты естісе, келуден бас тартып, машинаны бос қайтаратыны мен үшін айдан анық еді. Күн сәскеден ауып барады. Кеше бата жасалып сойылған жас байталдың уыз еті, ағаш қақпағы шетіне қарай сәл ысырыла, тайқазанның ішінде мен дайынмын дегендей оттың табында бүлк-бүлк етеді. Ертерек келген ауыл ақсақалдарының әңгімелері жарасым тауып, бірінен кейін екіншісі іліп әкетіп отыр. Өйтетін де жөні бар, отырғандардың бірнешеуі арғы бет асып келгендер, тіпті іштерінен Балқыбек ағамен ауылдас болғандары да бар екен. Бәкеңнің ол жақта ұстаз болып шәкірт оқытқанын, кейіннен есеп қызметімен айналысқан көзі ашық адам екенін осы кісілердің әңгмелерінен қанықтым. Жоқ жітіктерге қол үшін беруді өзіне парызындай сезінген қайырымдылығынан, ел аузында «Балқыбек бар жерде қалмаймыз тар жерде» дегенді, балалар өлең қылып айтып жүретін деп Бейсен өткенді еске ала отырды.

…Жұмсақ орындыққа жайғаса отырған Қожабергеннен қалған үлкеніміз Кәрімқажы аға. Оң жағында отырған Балқыбек ағаға мойын бұрып «сізді танымадық па?» деген сауалына жауап алғанша, бағанадан қипақтап әңгімені қалай, не деп бастаудың ретін келтіре алмай жүрген маған, осы ұрымтал сәтті пайдаланып қалу керек болды. Бәкеңнен бұрын өзімше майдан қылшық суырғандай етіп сыналап жеткізбекші болған ойымды жинақтағанша, қарсысында отырған Бақты ақсақал «Өй! Бұл шал тегін келіп отырған жоқ, бауырларыңды Дөртуыл ғып әкетем деп келіп отырған шал» демесі барма.

Ойбу! Бүлдірді, кешігіп қалдым, енді түзетуге кеш. Бағанағы мамыражай тыныштық әп-сәтте айғай шуға айналып, әсіресе қызба мінезді Оралхан ағаның дауысы қаттырақ шығып: «Бәсе келгеннен ақ осыдан секем алып едім, сол ойым дұрысқа шыққан екен. Айрандай ұйып отырған ағайынның ортасына іріткі салайын деп келген әзәзіл ғой мынау, кет өзің қайдан келдің сонда. Егер мынау кетпесе, біз кетеміз» деп орындарынан қозғалақтай бастады. Балқыбек аға да сөзден алдырар емес, ашуларын ақылға шақыра отырып ойнақы қалжыңымен ақырын-ақырын жіпселеп, мені өз бауырына тартып бара жатыр…

Бағанадан әліптің артын бағып сөзге араласпай отырған Кәрімқажы аға:

— Жә, түге шуламай тоқтатыңдар. Тілеудікі дұрыс, бұл бұрын естімей жүрген сөзіміз емес. Бірақ біз, бізден бұрынғы өткен үлкендер білсе де тістерінен шығарған емес. Ағайын арасына ши жүгірткісі келген «әсіресе мынау сияқты, – деп, Бәкеңе қарай бет бұрып, — Қытайдан келетіндер өшкен қоламтаны анда-санда болса да қозғап қойғанды ұнататынын байқайтынбыз. Сондықтан шуылдайтын ештеңе жоқ, сол Тілеу, Тілеуіміз, бір жаққа кетіп бара жатқан жоқ», – деп сөзді түйіндеді.

Жаңағы сөзден кейін тоқырай қалған үнсіздікті бұзып. Ал енді дастарқанға жиналайық, өлінің азығы құран деген алдымен өмірден озған ата-бабаларымызға құран хатым шығарып алып, өздеріңізге арналған асты содан кейін тартса ол қалай болады.

— Олай болса Балқыбек аға ұлықсат етілді, бастаңыз. Алдын-ала келісіп алғанымыздай, бұрынғы ататегіміз деп жүрген Құттықадамды, ұлы нағашыларымыздың рухына деп Әдеп ағам айтып шығады. Ал бабамыз Дөртуылдың бізге дейінгі о дүниелік болып кеткен ұрпақтарын Балқыбек ағаның өзі аттарын атап-атап бағыштап шығуы керек. Құран оқылғанда марқұмдарға сауап болуы үшін бет сипау әр мұсылманға сүннет. Менің кейбір туыстарым іштей наразы болып отырса да, «Аллахуакбар» дегенде көнсін, көнбесін еріксіз бет сипайды, ендеше олардың разылығымен келісімдерін алдым деген сөз…

Бәрі де айтылғандай орындалды. Екі кісіге арналып еңселі зират тұрғызылды. Зират қаланып біткенше Балқыбек аға, жоқтан барды сылтауратып, менен мінген торы жорғасын көсілтіп бір-екі рет ауыл мен екі араға қатынап жіберді. Сол кездегі ағамыздың көңіл-күйіндегі мақтаныш сезімін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Балаша елпілдеп, қазір жарылардай үлпілдеп соққан жүрегінің, не дегісі келіп тұрғанын, сол кісімен қосыла соққан бауырының жүрегі арқылы ғана түсінуге болар еді. Жөкен уағдалы жылқысын, соғым уағына қарай келіп тиеп әкетті. Сырт көз сыншыл келеді: «Япырау, мына Тілеудің Тарбағатайдағы бұрын көрмеген, Қытайдан келген бір шал-кемпір үшін сонша шашылғаны несі. Өлсе қоятын ұрпағы жоқ па? Әлде ел көзі мақтан үшін жасағаны ма?» деуі әбден мүмкін.

— Жоқ, олай емес! Ол кісі балалы-шағалы, сонау Кеңес кезінде Целенинград облыс болып тұрған кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы (түзету: сол облыстағы СҚ-ның меншікті тілшісі М.Т.) болып жауапты жұмыс атқарған Мұратбек деген көзі ашық баласы бар. Кейіннен аға-бауырларын өзінің қасына Астанаға көшіріп әкетті. Олардың менсіз де, ажал келсе, әке-шешелерін қоюға шамалары жетіп артылады. «Бұл жерде онда неге» деген сұрақ тууы орынды. Мақтан үшін болса, бұл жерде мақтанатын бір-ақ адам бар. Ол Балқыбек аға «мынау менің бауырым» деп. Ал менің Тарбағатай совхозында жомарттық жасадым, – деп кеуде керетін бір де бір танысым жоқ. Ол жердің халқы бүгін көзінен таса болсам, ертең-ақ ұмытады. Бұлай жасау себебім «Тілеудің руы кім?» дегенде, «Ол, Дөртуыл!» деген сөз қайыңның безіне қаққан шегедей болып, нық естілсе болғаны. Ол үшін қолымдағы барды соның жолында құрбан етсем де өкінбеймін.»

Ал тәлімді ұстаз, ақылман қария Балқыбек Тоқтағазыұлы Дөртуылдың шежіресін поэма етіп жазғанда Тілеу ағаның аталарын да қамтып өткен. Сөйтіп ұрпақтарының адаспай, туыстық тегін біліп жүруі үшін Тілеу ағамыз үлкен азаматтық істеп, тарихи әділетті қалпына келтірген. Ал қазір балалары мен немерелері ата тегін сұрасаң тақылдап айтып береді. Бұл да болса көнекөз қарияның білгендігінің, ірілігінің жарқын бір көрінісі деуге әбден болады.

АРҚАЛЫ АҚЫН

АТА-БАБАЛАРЫНАН АҚЫНДЫҚ ДАРЫҒАН Тілеу ағамыз анау-мынау ақынбыз деп жүргендерді шаң қаптырып кетеді. Жоғарыда аталған кітабында ол кісінің өлең-жырлары жұлдызды түнгі аспандай жарқ-жұрқ етеді.

Философиялық терең ойлар тізбегі мен лирикалық шегіністер оқыған адамды баурап алады. Төмендегі жыр жолдарына үңілейік:

Бақ берді, бала берді, дәулет берді,

Дәулеттен ішіп жеуге қонақ берді.

Көп қонақтың біреуі «Қыдыр» деген,

Ендеше біздің үйге «Қыдыр» қонды.

—//—

Қу дүние қуып жүріп, сен дегізер,

Мынаны алам, бермесең кел! дегізер.

«Мен әлдімін» дегенді әлсізбенен,

Қара жердің қойыны теңелдірер.

«ДОС ПЕН ЖОЛДАС» атты өлеңі жастардың жаттап алатын девизі болуға лайық:

Айыра біл арасын, дос пен жолдас,

Жолдас жақсы, дегенмен достай болмас.

Тағдырдың талайына кезіккенде,

Дос табылар қасыңнан, жолдас қалмас.

Оны ойла, жолдас түбі жолға серік,

Тапсырма тағдырыңды оған сеніп.

Пайдасы бар, кездейсоқ жан кезіксе,

Сені тастап кетеді, соған еріп.

«Ой толғау» атты жыры мынадай жүрек толқынысымен көмкеріліпті:

Жастықта жәй оғындай жарқ етеміз,

Жетпіске кеп, біз кімді қарқ етеміз.

Арқан өмір сетінеп бара жатыр,

Қай кезде, үзінді боп жалп етеміз.

Тірлікте тәтті өмірің қырыққа дейін,

Қызық қуған, әр күнің тойға бейім.

Одан соң балалардың қамын қамдап,

Тәтті күн, қош айтысып қалар кейін.

Тілеу аға өнегелі ұл, қылықты қыз өсірген абзал әке. Оларға деген жүрекжарды жырларын «Балаларыма атты жырында мейірлене әдіптеген.

Тілеу аға тек жыр жолдарын жазып қана қоймай, оған ән де жазған сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, композитор. Ол кісінің жоғарыда аталған кітабында «ӨЛЕҢДЕР, АРНАУЛАР, БАТА-ТІЛЕКТЕР» деген үлкен бөлім бар. Сонда ағаның шығарған өлең-жырлары, әндері тізбектеле орналастырылған. «БҰЛАҚ СЫРЫ», «САҒЫНЫШ САЗЫ», «КӨКЖЫРАНЫҢ ҚЫЗДАРЫ-АЙ», «БЕЙТАНЫС АРУ», «АҚ МАРАЛЫМ», «МҰҢАЙМА» атты жырларының әні де бар.

Тілеу аға мен Нұржамал жеңгеміздің әлпештеп өсірген ұл-қыздары: Мейіржан, Нұржан, Шынар, Болатжан, Ержан, Біржан, Айнұр тамаша тәрбиенің арқасында өмірден өз жолдарын тауып, ата-аналарының үмітін ақтады. Өмірге қанат қаққан олардың әрқайсысы отбасының ғана емес, мұқым алыс-жақын туыстарының мақтанышына айналып, өздері қалаған мамандықтарын жете игерді, бүгінде өз орталарының абырой-құрметіне ие болуда.

Ал талантты ақын Тілеу ағаның жырлары жүрекке бірден орныға қалады. Ол кісі жасым сексенге келді-ау деп ақылгөйсімейді, мақтанбайды, жасын бұлдамайды. Бұрылыс-бұлтараңы шексіз өмір атты сапардың құпия сырларын жүрегінен өткізіп, жастарға өнеге боларлық ой-түйіндерін ортаға салады. Автор шығармашылығынан даналық, байсалдылық, бауырмалшылдық, қайырымдылық, мейірімділік лебі аңқып тұрады. «Өмір асулары» бір деммен оқылатын туынды. Ол өзінің зерттеушісін күтіп жатыр. Болашақта қаламгердің ақындық, жазушылық шеберлігінен арнайы дипломдық жұмыстарды қорғатуға толық негіз бар.

Асыл ағамен әңгімелескен жан кеудесін кере бір демалары хақ. Себебі өмірден көрген-түйгені мол абыз ақсақалдың кеудесінен ақыл мен даналық нұры құйылып тұрады. Әр сөзі үлкен бір әңгімеге арқау боларлық. Айтпақшы ол кісінің нақыл сөздері қазақтың мақал-мәтелдерінен кем соқпайды. Сексеннің сеңгіріне көтерілген алаштың асыл текті ақсақалының ғұмырын Алла тағала ұзартып, бақытын баянды ете берсе екен демекпіз.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің профессоры,

Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *