АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

Тұлға
630 Views

Әлем азаматы, халық қаһарманы, алтын қолды дәрігер, аңыз адам Мұхтар Әлиев тірі болғанда 2 ақпан күні тоқсан жылдығын мерекелер еді. Атақты академиктің мерей жасына орай бүгін ол туралы әдемі естелік әңгіме өрбітпекпіз.

Мұхтар Әлиев хирург болғанмен, негізі – педагог. Әуелі Түркіс­танның пед­училищесіне түсіп, кейін дәрі­герлік ілімді таң­даған. Қолы алтын ота­шы адам емдеудің шебері, талайдың өміріне араша түскен бәкісі өткір ши­палы қол. «Оған бақ дәрігер ке­зінде дарыды» дейді Мінәтай жеңгей. Минис­тр етіп қоярда Қонаев: «Басыңды көтеріп жүр, сен күндіз-түні операция жаса­майсың ғой», – деп әзілдепті.

«Момыннан асқан жаман жоқ» десе де, ол момын боп жақсылардың қатарында жүрді. Есік алдында, сөмкесінде ұшы шо­шаңдаған сыпыртқысы, моншаға жаяу тартып бара жатқанда қарсы жолыққан айтқыш қоңсысы Асқар Тоқ­панов: «Мәшине қайда?» десе, «Күн – жексенбі, дем­алатын жердің бәрі демал­ғаны дұрыс қой», – депті. «Жуастан жуан шығады». «Өмірі сөзден тосылмаған едім, мына адам сойғыш бір-ақ ұрды ғой» дейді сөзге дес бермес Асекең.

Мұқаң жұмыстан лажы болса жаяу қайтатын. «Сон­да жаным рахаттанып, демалып қаламын», – дейді ішек-қарнының қыртысын жасырмай. Мәшинесінің тұмсығын шығар есікке тіреп қойып жүргендерге бұл да бір сабақ.

Мұхтар Әлиев осы уақытқа дейінгі ғұмырында 13 мыңнан астам операция жасапты. Бұл 13 мың адамның тағдыры. Оның бойына біткен табиғи дарыны еліміздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырды. Ол жасаған операциялар ізбасар ғалымдарға тағылымды тәжірибе болды. М.Әлиевтің жасаған операциялары медицинаның түрлі салаларын қамтиды. Ол бірде бауырдағы эхинококты лазермен күйдірсе, ендігі бір операцияны аяқ-қол микрохирургиясы бойынша жүргізген. Ал оның қан тамырларын пластикалық жолмен байланыстыру, асқазанға хирургиялық, пластикалық операциялар жасау әдістері хирургиядағы айтулы жаңалықтардың бірі.

М.Әлиев Қазақстан мен Орта Азия аймағында алғаш рет балаларға бүйрек, бауыр алмастыру (трансплантация), операцияларын жүргізген азамат. Сондай-ақ ол өт жолы мен аналық без ісігіне, соқыр ішекке эндоскопиялық әдісті ойдағыдай қолдана білді. Бұған қоса қан тамырларына жасалатын операцияларды барынша жетілдіре отырып, оны хирургиялық тәжірибеге енгізді. Академиктің еңбектерінің арасында ұйқы безіне аутотрансплантация жасау, бүйрек пен арықша бездерге, лапараскопия әдісін қолдану жұмыстары ерекше орын алады. Сондай-ақ ол Қазақстанда алғаш рет қолқа мен тәждік (коронарлық) артерияларды жалғастыру операциясын жасаған. 34 авторлық куәлік пен патент алған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Әйгілі ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері, «Бейбіт Планета адамы» Мұхтар Әлиев 1933 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Талап қыстағында дүниеге келген.

Ғалымның осы уақытқа дейінгі атқарған істері мен елге сіңірген еңбегі Қазақстанның Халық Қаһарманы жоғары атағымен лайықты бағасын алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *