ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВПЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

Тарих Тұлға
481 Views

…17 желтоқсан күні Республика Премьер-министрінің фото тілшісі Шүкір Шахай, “Қазақ әдебиеті” газетінің жауапты хатшысы Еркін Жаппас бар, үшеуміз Қасым Қайсеновтің үйіне бардық. Тәуелсіздіктің он бес жылдығы, әрі Желтоқсанның жиырма жылдығы келіп отырған соң, батырды құттықтау басты мақсатымыз. Көктөбе жаққа, әдемі бір қабатты үйге көшкен екен. Қыздың жиған жүгіндей, ғажап үй, Қасекеңе жарасып тұрды. Амандасқаннан кейін-ақ, “Бұл үйді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлады. Атыңнан айна­лайын, Иманғали Тасмағамбетов өзі келіп, кілтін ұстатты. Олар алдында, “Қасеке сізге екі этаж қып салайық” деген еді. “Адамда тәубе, шүкір деген болуы керек. Екі этажды не істеймін, маған бір этаж да болады. Екінші этажға көтеріле алмаймын” деп қысқартып тастаған үйім осы. Осы үйде отырып, тәуелсіздігіміздің он бес жылдығын көргеніме бақыттымын. Өткен жылы туған жерім Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауылына бардым. Сонда облыс әкімі Храпуновқа: “Менің бұл туған жерге табанымның соңғы рет тиюі” деп айтып едім. Өзім сезем. Әкем 103-ке келіп қайтып еді. Менің тоқсанға жете алатын түрім жоқ”,–деді Қасекең.

– Қасым аға, Кеңес өкіметінің кейінгі дәстүрі бойынша 25 жыл отасқан отбасын “Күміс той”, 50 жыл бойы бірге түтін түтеткен шаңырақ иелерін “Алтын той”, ал 60 жыл алланың бұйрығымен тату-тәтті немере-шөбере ерткен киелі үйдің кейуанасы мен қариясын “Гауһар той” мерекесімен құттықтап жатады. Сіздердің отасқандарыңызға 1 қаңтар күні тұп-тура 70 жыл болыпты. Осы 70 жылдықты қандай той дейді?, – деп сұрадым.

Қанға сіңген қалжыңы қала ма:

– Оны,– деді Қасым аға әзілге жығып, – “Алжыған той” дейді.

Бәріміз күлдік. “Ол тойдың аты “Асыл той!” дедік. Асыл апамыз сөзге ара­ласты. “Біз жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсан күні бас қосып, 1 қаңтар күні быламықпен той жасағанбыз”,– деді апа.

“Үйіңізде қаншама қару-жарақтар тұр. Небір әскери киімдер, үш мыңнан астам шежірелі фото суреттер бар екен. Премьер-министрдің фото тілшісі Сіз­ге арнайы келіп отыр екен, Қасеке. Премьер-министрдің іс қағаздар кеңсесін басқаратын Алтай Тілеубердин деген азамат арнайы жіберіпті. Сіздің мына заттарыңызды мұражайға қойсақ дейді. Соған рұқсатыңызды берсеңіз”,–деп едік, ол кісі ойланып отырды да: “Бұл заттардың бәрін о дүниеге өзіммен бірге алып кетеді дейсіңдер ме? Мұражайдың бір бұрышында Баукеңнің де мұралары тұр. Өзім де біраз заттарымды Өскеменге бергем. Сонда туған жерімде тұр. Қалған дүниемнің барлығы үйде тұр. Мен беремін. Қойсын” деді. “Хат жазып беріңіз” деп едік, ол кісі хат жазудан қалыпты. Сосын амал­сыз, “Премьер-Министр Д.Ахметовтың атына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтен” деп мен жазып бердім. Ол кісі шиырып тұрып, Қ.Қайсенов деп қол қойды. Біраз сұхбаттастық. Біраз нәрселерді қозғады. Әзілдесіп, дәм-тұздас болып, үйінен бата тіледік. Ол кісі батаны екі қолын жаймай-ақ, столға тіреп тұрып: “Ал, балаларым, бақытты болыңдар! Отанымыз аман болсын! Елімізге тыныштық болсын! Кейінгі ұрпақтарымыз осыншама Қазақстанның жерін сақтап қалсын! Ұлттығымызды, дәстүрімізді жоймасын! Үлкенді сыйлау, кішіге ізет деген болады, соның барлығы қайтадан оралатынына сенем. Осы соңғы баталарым шығар” деп үнсіз отырып қалды да: “Әй, маған бір елу грамм коньякқа жүз грамм минералды су құйып әкеліңдерші, ернім кезеріп қалды”,–деді. Әлгіні тартып жіберді де, қайта бата жасамақ болып еді, Асыл апамыз: “Жаңа ғана бата бердің ғой” деп еді, “ол тілек” деп қазақша бата берді. “Кешегі қырғын соғысқа қатысқан ардагерлер аз қалды. Сол аталарыңды құрметтеңдер. Қазақстанның Қорғаныс Министрі, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев соғыс ардагерлерін мереке-мейрамдарымен құттықтап, тілдей қағазға тілегін жазып жіберсе жарасар еді ғой. Осы күнге дейін ешбір Қорғаныс министрінен жылы лебіз естіген емеспін”,– деп мұңайғандай болды.

Асыл апамыз айтады. “Мен он алты жасқа толар толмас кезімде тұрмысқа шықтым. Ағаларың онда он тоғызда. Содан соғыс басталып кетті. Ағаларың соғысқа кеткен. Тек, 1944 жылдың көктемінде соңғы хаты келді. Хатында “біз осындай жау тылында жүріп жатырмыз” деген. Астында адресі жоқ. Содан кейін хат жоқ. Соғыс бітті, хат-хабар жоқ. “Социалистік Қазақстан” газетінде машинистка болып жұмыс істеймін. Сөйтіп жүргенде, бір күні редакцияға жас ақын Жұмағали Саин келді. Соғысқа қатысып келген. Бір сөзінде ақын Украинаға кетіп бара жатқанын, сонда барып, біраз дүниені жазайын деп жатқанын тілге тиек етті. Сосын мен тұрып, “Аға, менің Қасым Қайсенов деген жарым бар еді. Соғысқа кеткен еді. Қайтып хат келген жоқ. Соны біле келіңізші” дедім. “Ойпырмай, адресін білмесеңіз, қайдан табам. Украинада қаншама мың халық тұрады?” деді. Онда Қасым Қайсеновтың атағы жоқ кез. Бір күні редакцияда отырсам, Жұмағали Саин үйіне шақырды. Үйін іздеп, тауып барсам, моншадан жаңа келіп отырған кезі екен. Мен де кірдім, менен бұрын Қасым кіріп, плащын шешіп жатыр екен. Ай-шай жоқ, бас салып, ау­зымнан сүйіп алды. Бұрын ондайы жоқ еді. Соғыстан үйреніп келген нәрсесі болуы керек, әрі сағынғаны шығар. Аяғымдағы аяқ киімімді көріп, “пимаң өзіңдікі ме?” деді. “Өзімдікі” десем, “Ескіріп қалыпты ғой” деді. Сөйтсем, украиналықтар: “Үлкен қызмет еттің, батырлық көрсеттің, осы жақта қал” деген соң, сонда қалып қойған екен. Сөйтіп жүргенде Жұмағали Саинмен жолығып, оны елге алып келген Жұмағали ағамыз екен.

Сондай соқталы әңгімені естіген жарықтық Қалтай Мұхаметжанов жеңгесін желпіндіру мақсатымен “Қасым ағаның соғысқа барғаны, партизан болғаны өтірік. Кәмелетке толмаған жап-жас Асыл жеңгемді алып, сотталып кететін болғасын Украинаға әдейі қашып кеткен” деп айтқан әдемі әзілін де естідік.

Сөйтіп еркелеп, үйімізге қайттық. Асыл апа “Көп шаршатпаңдар, кей­інірек келесіңдер” дегеннен кейін кетіп қалдық. Қайтып оралуға, тағдыр бізге бұйыртпады. Негізі, адам дүниеден өтетінін сезеді ғой. Содан кейін-ақ, екі апта өтпей, 31-желтоқсан күні Қасым аға қайтыс болды. Жаңа жылдан кей­ін Кеңсайға жерленді. Алланың қолдаған ерекше пендесі ғой. О, Құдайдың құдіреті-ай десеңші. Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев қабірінің қасына қатар жерледі. Ер боп туған екі бауырының ортасында жамбасы жерге тиді. Құдайдың тағы бір құдіреті, Қасым аға бұдан 70 жыл бұрын өзі үйленген күні өмірден озды. Асыл тойын атай алмаса да, тұңғыш Президент салдырған үйінің шаңырағында өз дастарханынан соңғы рет дәм татып кетті.

Көпен ӘМІРБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *