АЛҒАШҚЫ РЕКТОР

Білім Қоғам
702 Views

Yessenov University 45 жыл

АЛҒАШҚЫ РЕКТОР

Божанов Есберген Тоқшылықұлы есімін Маңғыстау түбегі құрметпен атап, ерекше қастерлейді. Киелі Маңғыстауда туып-өскенін кез келген Маңғыстаулық мақтан тұтатыны белгілі. Ал осы өлкеде абыройлы еңбек етіп, өңірге өң беріп, түбекті түлеткен азаматтардың орны бір бөлек. Қасиетті Маңғыстау өзінің басқа ешбір жерге ұқсамайтын табиғи келбетімен де, тарихы тағылымға, қойнауы қазынаға толы қайталанбас болмысымен де ерекшеленеді. Ал осы өлкеде аянбай еңбек еткен азаматтарды әрдайым мақтан тұтамыз. Сондай азаматтың бірі – Божанов Есберген Тоқшылықұлы. Тұла бойынан жоғары мәдениеттіліктің, биік адамгершіліктің белгісі үнемі сезіліп тұратын Есберген Тоқшылықұлы қарапайым да кішіпейіл қалпынан ажыраған жоқ. Салмақты қалпынан бір танбайтын сабырлы, жан дүниесі терең ғалым ағамыз ешқашан атақ-даңқ үшін еңбек етпепті.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қырық бес жылдық тарихы болса, соның алғашқы 25 жылында Есберген аға аянбай еңбек етті, Маңғыстаудың жоғары мектебін қалыптастыру жолында ширек ғасыр ғұмырын арнады.

Сонау жетпісінші жылдары облыста мұнай саласына мамандар даярлауды жүзеге асырып отырған жалғыз ғана орталық Мәскеудегі Бүкілодақтық сырттай оқытатын политехникалық институттың Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласындағы оқу-консультациялық пункті болатын. Алайда бұл оқу орны облыстағы білікті мамандар зәрулігін толық қанағаттандыруға сандық та, сапалық та жағынан қауқарсыз әрі қабілетсіз еді. Маңғыстау түбегіндегі жоғары мектеп тарихы еліміздің өндірістік-экономикалық әлеуетінің қарқынды дамуымен, өнеркәсіп орындарының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты болды. Өндірістің қарқынды дамуы, жаңа өнеркәсіптердің ашылуы, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы білікті инженер мамандарды барған сайын аса қажет ете түсті. Білікті мамандарды дайындау проблемасын шешуді тек жергілікті жерде жоғары және орта арнаулы оқу орындарын ашу жолымен ғана шешуге болатын еді.

Жергілікті партия және кеңес органдары, аймақтағы ірі өндіріс орындарының басшылары республика басшылығына Ақтау қаласында В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының құрылымдық бөлімшесін ашу туралы ұсыныспен шығуды ұйғарды. Бұл мәселенің шешілуіне Маңғышлақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Ә.Әшімбаев, ҚазССР жоғары және орта кәсіптік білім министрі Т.К.Катаев және Қазақ политехникалық институтының ректоры А.К.Омаровтың табандылық танытқанын, бұл мәселені Д.А.Қонаев басқарған республика басшылығының қолдағанын қазір түбек тұрғындары жақсы біледі.

1983 жылдан бастап Е.Т. Божанов жігерлілігімен, белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, Маңғыстауда ашылған жалпытехникалық факультеттің деканы болып тағайындалды. Одан соң ректор қызметіне кірісті. Есберген Тоқшылықұлы Божанов – 2001 жылға дейін жиырма жылға жуық Маңғыстаудағы бірінші жоғары оқу орнының басшысы болып, оның өркендеп, дамуына өзінің зор үлесін қосқан ұйымдастырушы ғалым. Оның кезінде жоғары оқу орны В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультетінен өз алдына ҚазПТИ-дің Ақтау филиалы, Ақтау политехникалық институты деңгейлерінен өтіп, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне айналды. Білім беруді реформалау тұжырымдамасы мен мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін жүзеге асыру мақсатында 1996 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің 7 мамырдағы № 573 қаулысымен Ақтау политехникалық институты мен Атырау университетінің Ақтау филиалының базасында Ш.Е.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды.

Бұл жаңа құрылым бірте-бірте техникалық, мұнай-газ, құқықтық-экономикалық және педагогикалық сала мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны болып қалыптасқан көпсалалы оқу орнының негізін қалады. Белгілі геолог ғалым, Маңғыстау мен Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарын алғаш ашушы, Лениндік және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Шахмардан Есенұлы Есеновтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Маңғыстау облысы басшылығының ұсынысымен ҚР Министрлер Кабинетінің 1995 ж. 1 шілдедегі № 767 Қаулысымен Ақтау мемлекеттік университетіне академик Шахмардан Есенұлы Есеновтің аты берілді.

Есберген Тоқшылықұлы өзі басқарған оқу орнын Каспий маңы елдері университеттері ассоциациясына енгізу үшін де қыруар жұмыстар атқарды. 1998 жылы аталмыш ассоциацияның үшінші конгресін ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізеді. Сол жылы құрамында 25 университет және институты бар Каспий маңы елдері университеттері ассоциациясының президенті болып сайланып, халықаралық ынтымақтастықты жандандырды. Университет тек Маңғыстау облысындағы ғана емес, Батыс Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласының мамандарын даярлайтын іргелі оқу орнына айналды.

Есберген Тоқшылықұлы 2021 жылдың қазан айында 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Артында өлмейтін істері, өшпес хаттары, айқын ізі қалды.

Университеттің 45 жылдық мерейтойында Божанов Есберген Тоқшылықұлы атындағы дәрісхана ашылды. Дәрісхананың ашылуына Алматы қаласынан ұлдары арнайы келіп, техникалық жабдықтар сыйлады. Есберген Тоқшылықұлына арналған кең дәрісхана кірген адамның тынысын ашады. Атаулы кабинетте білім алған жастар елге қызмет ететін тұлғалар болып өссін деген тілегіміз бар.

Нағбду ҚАМАРОВА,

Yessenov University профессоры,

Ақтау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *