АНАШЫМНЫҢ АҚ СҮТІН ӨТЕЙ АЛДЫМ БА?

Қоғам
849 Views

Мен Шымкент қаласы Маятас елдімекенінде дүниеге келдім. 2010 жылдан Ислам әлеміне рухани қызығушылықпен дінге бет бұрып, намазға жығылдым. Кейін тұрмысқа шығып ұлды болдым. Алдымен күйеуімнің ықпалымен және одан соң өзімнің діни түсінігімнің саяздығы мен қараңғылығымнан теріс ағымға алданып Сирия жеріне «хижрат» еттік. Ол жақта біз қиялдағы халифат, керемет өмір сүреміз деген жалған рухпен жүрдік. Жат жерде ұрандатып жүрген мұсылмандардың шынайы бет бейнесін көрген соң, өз еліміз – Қазақстандағы адамдарға деген мейірім мен жасалатын кеңшілік пен еркіндікке зар болдық.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нұсқауымен «Жусан-1,2,3» операциясы жүзеге асып,2019 жылы елге оралдым. Ақтаудағы оңалту жұмыстарындағы психолог, теологтардың насихаттарынан өмірге деген құштарлығым пайда болды. Шымкент қаласына оралып алғаш «Шанс» оңалту орталығында болдық. Кейіннен денсаулығыма байланысты үйде оқшауландым. 2020 жыл басынан Шымкент қаласы дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының психологтары мен дінтанушылары жүргізген діни танымдық түсіндіру жұмыстарынан кейін көзім ашылып, санам тазарып, көкейімдегі діни-рухани дүдәмал сұрақтарыма нақты жауап таптым. Орталықтың барлық қызметкерлеріне және олардың адал да шынайы, жанашыр пейілдеріне ризамын және алғысым шексіз.

Ең үлкен өкінішім – сол тұста ата-анамның ризашылығын алмай, тек өзімдікі дұрыс деген соқыр сеніммен қауіпті аймаққа кеттім. Өз елімнің, ата-анамның қадірін сыртқа шыққанда сезініп, сағыныштан жүрегім сыздап, түсімде анамның мейірімді жүзін, еркелете аялаған жұмсақ алақанының жылуын сезініп бақытқа бөленетінмін. Оянып кетіп, мұның бәрі түс екенін білгенде өкініштен өзегім өртеніп, ағыл-тегіл көз жасына ерік беретінмін. Амал не, енді бәрі кеш деп мойындап, басқа салғанына көніп жүре бердік.

Батагөйім, қорғаным, тірегім – анашымның мен үшін бағыштаған дұғасымен аман жүр екенмін. Не керек, қиын жолмен, одан соң «Жусан» операциясының тікелей ықпалымен туған еліме, өз үйіме оралуға, ата-анаммен қайта қауышуға мүмкіндік туды. Жат жерде өткен осынау ауыр күндердің зардабы таңбасыз қалмады – денсаулығымнан айырылдым. Емделуге біраз уақытымды жіберіп, енді аяққа тұрдым-ау деп басымды көтеріп анашымның жағдайын жасайын, өткен өкініштің жарасын емдеп, күнәмді жуып, асыл анашымның ризашылығына кенелейін деген ниетім аяқсыз қалды. Табан астынан Алланың әмірі келіп асыл анам өмірден өтті. Өзегіме шоқ түскендей өртеніп, анашымның ақ сүтін ақтай алдым ба? деген ащы сұрақ маза бермей, ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай, мең-зең болып жүрдім. Бұл күндер менің өмірімдегі өкініші мол, ең ауыр кезең болып есте қалды.

Анашымның рухына Құран оқып бағыштап, жылдық асын беріп қазақи рәсімдерді орындадық. Қазіргі таңда терең ойланып, өткен күндерімді ойлап анамның қасында сүйікті қызы болып неге сырласпадым деген сұрақ өзегімді өртейді. Іс-әрекетімді ойлап кейде жылап аламын. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде …артында қалған салиқалы ұл-қыздарының ізгі амалдарының сауабы тоқтаусыз барады.. деген ұлағатты сөздерін түйіп күнде дұғада, қазақтың салиқалы әйел болуға бекіндім. Қасымда әкем, әпке-сіңілдерім, бір ұлым бар. Осы кісілермен тату тәтті өмір сүріп жатырмын. Әке-шешемнің туыстарымен тығыз байланыстамын. Қамшының сабындай қысқа өмірде ата-аналарыңыздың батасы мен ризашылығына бөленуден артық жұмақ жоқ екенін ұмытпаңыздар.

Еліміздегі «Жусан» операциясы өз нәтижесін беріп, өз ортама қайта оралғаныма қуаныштымын. Отанымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат екенін жүрегіммен сезіндім.

Құрметті әпке-сіңлілерім, басы жалған уәделермен айтылатын діни уағыз-насихаттардан сақ болыңыздар. Әлеуметтік желілердегі дұрыс танымдық дереккөздерден пайдаланып, отандық дін ғалымдарына жүгінгеніміз жөн.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *