АРМАННАН ТУҒАН АЛГОРИТМ

Білім Қоғам
21 Views

«Әлихан Мақсұт атындағы Robozerde-2025» I Халықаралық робототехника фестивалі Астанада жоғары деңгейде өтті

Ғасырлар тоғысында адамзат өзі армандаған болашақты қолдан жасай бастады. Бүгінгі технология ертеңді күтпейді. Ол осы сәтте жүзеге асып жатыр. Сол технологияның ең күрделі әрі әлеуеті зор саласы – робототехника. Бұл – ғылым мен инженерияның, логика мен шығармашылықтың, нақты есеп пен шексіз қиялдың түйіскен тұсы. Бұл сала бүгінде өндірісті автоматтандырып қана қоймай, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, тіпті мәдениет пен күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ал, Қазақстан үшін робототехника – елдің интеллектуалды тәуелсіздігін айқындайтын стратегиялық мүмкіндік, болашақтың кілтін өз қолына алуға бағытталған маңызды жол. Қазір елімізде бұл сала дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Робототехника мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында оқытылып, арнайы зертханалар мен үйірмелер ашылуда. Дарынды жастар өз қабілеттерін түрлі деңгейдегі жарыстарда көрсетіп, халықаралық сахнада ел намысын қорғап жүр. Бұл – мемлекет үшін маңызды ресурс. Себебі технологияны игерген ұрпақ қана елдің экономикалық, әлеуметтік және ғылыми әлеуетін көтере алады.
2025 жылғы 6 мамырда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Әлихан Мақсұт атындағы Robozerde-2025» I Халықаралық робототехника фестивалі өтті.

RoboZerde-2025 – жас дарындардың таланты мен жігерінің жарқын көрінісі, жасанды сана мен шынайы арман тоғысқан ерекше алаң. Болашақ инженерлері мен жаңалыққа жаны құмар жас өнертапқыштар осы халықаралық кеңістікте бас қосып, ой-қиялдарымен болашақтың бейнесін бедерледі. Олар робототехника, инженерия, жасанды интеллект пен STEM-технологиялары саласындағы тың жетістіктерін паш етіп, өз қолымен жасаған ақылды құрылғыларын ел назарына ұсынды. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауларында айтылған, еліміздің болашағы үшін аса қажет техникалық мамандық иелерін даярлауға бағытталған үлкен қолдаудың айқын көрінісі. Оқушылардың ақылымен, шебер қолымен дүниеге келген инновациялық жобалар мен тың өнертабыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Фестиваль өмірден ерте кеткенімен, артына өшпес із қалдырған дарынды өрен, физика мен робототехника әлемінде талай биікті бағындырған, республикалық әрі халықаралық білім сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың жарқын болмысын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Оның ғибратты ғұмыры – бүгінгі оқушыға бағыт, ертеңгі инженерге шамшырақ бола білді.
Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде болған фестивальді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры», Астана қаласы Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana IT University, Астана қаласының «Роботек» білім беру робототехника мектебі, «KAZ ROCKETS» қоғамдық коры, «My Extra Lab» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты жастардың болашағы үшін қызметте жүрген ірі орталықтар ұйымдастырды. Мектеп оқушыларының робототехника саласына қызығушылығын арттыру, ғылыми-техникалық шығармашылық қабілеттерін, техникамен жұмыс жасау белсенділігін дамыту бағытында ұйымдастырылған шараға елміздің барлық өңірлерінен және Қырғызстан Республикасынан командалар қатысты. Әр тараптан жиылған 10-18 жас аралығындағы жаңашыл жасөспірімдер Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бас ғимаратында бас қосып, өзара бәсекеге түсті. Халықаралық сарапшылар төрелік еткен шарада 200-ге жуық жас өрен «Micro – FPV», «Дрон футболы», «Басқару симуляторы», «My Extra Case Competition», «Мерген», «Инверсті сызық бойымен жарыс» санаттары бойынша өнерлерін сынға салды.
RoboZerde жобасының осыдан үш жыл бұрынғы алғашқы қадамынан бастап, фестивальге айналғанға дейінгі ұйымдастырушылардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кәсіби бағдар беру бөлімінің жауапты хатшысы Егеубаева Ләззат Бақытқызы RoboZerde 2025 фестивалінің болашақ үшін зор пайдасы мен жасөспірімдерге беретін мотивациясы жайында өз пікірін білдірді:
«Бұл – біздің жыл сайынғы жоспарда бекітілген іс-шара. RoboZerde биыл үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Ашылған жылы қалалық олимпиада түрінде өтсе, былтыр республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Биыл бірінші рет халықаралық фестиваль форматында тұсауын кесіп отырмыз. Байқау «Зерде» мамандандырылған лицейінің оқушысы, осы робототехниканың жоғары деңгейде дамуына үлкен қосқан Әлихан Мақсұт баламыздың рухына арнап отырмыз. Ерте сөнген жұлдызымыз, әрі әріптесіміз Әлиханның әкесі Серікзат Дүйсенғазыға қолдау көрсету үшін, әрі Әлиханның өзі орындай алмай кеткен арманын жалғай алатын зерек те, алғыр ұл-қыздарымызға пұшпаққа шығару үшін осындай іс-шаралардың өтуіне университетіміз мұрындық болып отыр. Жобаның мақсаты – техника мен руханиятты тоғыстыра отырып, баланың бойындағы шығармашылықты ояту, оны нақты іске ұластырып, ұлттық ғылыми прогреске серпін беру. Яғни, университет тек бітіруші түлектерді ғана емес, жасөспірімдерге де стимул қалыптастыру үшін, ғылыммен айналысып жүрген балаларды осы бастан ізденуге баулуға әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл соңы емес, жылда осындай мақсатта конкурстар, олимпиадалар жүзеге асады. Жобамыздың ауқымын кеңейткенімізбен қоса, тағы жаңа үш санат бойынша жарысқа қатысушылар келіп отыр. Тағы бір қуантатыны – бұрын бұл байқауға тек қаланың мектептерінен оқушылар келетін, осы жылы ауыл-аймақтардан да жас шәкірттер бақтарын сынап, жеңімпаз болды».
Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен жас жұлдыз Әлихан Мақсұттың әкесі, айтыскер ақын, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы робототехника саласын дамыту туралы атап айтып, «бүгінгінің нағыз батырларын ел алдына танытуды» ұсынды:
«Осы фестивальда жаңалықтар енгізілді. Оның бірі – дрон футболы, одан кейін – роботтардың шайқасы. Жылда біз «РобоЖоба» деп атайтынбыз. Биыл «РобоКейс» немесе «My Extra Case Competition» деп атап, жасөспірімдердің шығармашылығына арналған роботтардың көрмесі мен инновациялық идеяларына баға бердік. Бұл салада халықаралық омипиадалардан жүлделі болып жүрген балаларымыз бар. Оларды халық білмейді. Осындай фестивальдар арқылы таныта білуіміз керек. Бүгінгі бейбіт күннің батырлары осындай өнертапқыш балаларымыз болуы керек».
Алатаудың арғы жағынан сәлем ала келген айырқалпақты бауырлар да қанжығасын майлай кетті:
«Саналы еңбектеріңіз бен жүрекпен жасалған жылы ілтипаттарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Сонау Қырғыз елінен келген біздер үшін RoboZerde –шабыттың, достықтың, білім мен жаңашылдықтың ерекше мекені болды. Бұл фестивальде біз тек робот құрастырып, технология тілінде сөйлеп қана қоймай, жүрек пен жанды жақындататын шынайы қарым-қатынасқа куә болдық. Жас жеткіншектеріміз осы алаңда өз ойларын жүзеге асырып, өзге елдің талантты оқушыларымен тәжірибе алмасып, жаңа серпінмен елге оралатын болды. Әрбір кезеңнен, әрбір кездесуден біз үлкен рухани әсер алдық. Бұл – сіздердің жанашыр әрі кәсіби ұйымдастыруларыңыздың, шын пейілмен жасалған жұмыстарыңыздың нәтижесі. Қазақстан – бауырлас ел, ал RoboZerde – сол бауырластықты ғылым мен шығармашылық арқылы тереңдете түскен алтын көпір. Осындай кең жүректі, ақ пейілді қауыммен жолыққаныма біз шын жүректен қуаныштымыз. Сіздерге мықты денсаулық, шабытты еңбек, әрі қарай да жастардың талабын түлетер жарқын жобалар тілейміз. Келесі кездесулерге дейін аман болыңыздар!» (ред. Қырғыз тілінен аударылған).
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан келген Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығы «Авиа үлгілеу» үйірмесінің жетекшісі Айбек Ерғалиев «Басқару симуляторы», «Micro-FPV» және «Дрон футболы» санаттары бойынша үш оқушыны байқауға әкелген. Оралдықтар өз санаттары бойынша оқ бойы озық шығып, бірнеше номинациялар да жеңіп алды. Жаттықтырушы ата-аналар мен жасөспірімдердің аталмыш салаға қызығушылығы мен дайындығы туралы сұхбат берді:
«FPV дрондарын жүргізу – өте қымбат спорт түрі. Micro-FPV, үлкен кластағы дрондар әлемдік аренада өте жоғары бағаланады. Дамыған елдерде бұл спорт ретінде әлеуметтік деңгейде мойындалған. Қазақстанда жасөспірімдерге арналған FPV дрондарын жүргізуді дамыту Орал қаласында осыдан 2-3 жыл бұрын бастау алды. Қазір республикалық деңгейде қатысушылар саны жылдан-жылға қарқындап өсіп келеді. Бұл болашақтың спорты болғандықтан баланы техникалық спортқа беруіміз тиіс. «Авиа үлгілеу» үйірмесінен шыққан бала болашақта мықты инженер-пилот болады. Кейбір ата-аналар ұрып-жығатын спортқа баласын бергенді жөн көріп жатады. Өйткені, авиа үлгілеудің не екенін нақты көзбен көрмегеннен кейін, өзіміз үйренген, бұрын көріп өскен саланы таңдайды. Ал, физикалық спорттың нақты шыңына шықпаса, жақсы тәрбиелемесе, одан болашаққа пайда келмейді. Мысалы, олимпиада чемпионы атанған күннің өзінде одан мемлекетке қаржылай табыс түсірмейді. Керісінше, ол мемлекет қаржысын жұмсайды. Авиа үлгілеуді массалық деңгейде дамытса, дронды түсінетін баланың бәрі инженер болмас, бірақ 4-5 жылдың ішінде дайын пилотшылар болып шығады. Әскери, қорғаныс саласындағы мамандар бізге жүгініп жатады. Алайда, ересек адамның техниканы 0-ден бастап игеруі – жасөспірімдерге қарағанда өте баяу. Біз баланы сегіз жастан бастап қабылдаймыз. Алдымен 100 сағат симуляторға үйретеміз. Одан кейін үлкен дрондарды жүргізуге көшеміз. Әрине, қауіпті әрі қымбат спорт түрі болғандықтан, алдымен қауіпсіздік ережелері мен техниканың этикаларын нақты алгоритм арқылы оқытамыз. Сондықтан, ата-аналардың көзқарасы физикалық бағыттан бөлек, техникалық бағытта да түзу болса деймін. Сонымен қатар, бұл қымбат спорт түрі болғандықтан, қаржылық қолдау өз деңгейінде жүзеге асса, нәтиже оңынан болады».
Жүлделі екінші орындармен марапатталған жамбылдық «Irone Pulse» және «Spiner Bot» командасын жаттықтырған Асхат Кеңесбай жаһандану дәуірінің жаңа спорты туралы өз ойын айтты:
«Біз Жамбыл облысы, Меркі ауданынан «Мерген», «Инверсті сызық бойымен жарыс» санаттары бойынша екі жаттықтырушы болып, осы байқауға төрт оқушы дайындап келдік. Мысалы, біз қатысып жатқан «Мерген» категориясы бойынша 60 робот сынға түсіп отыр екен. Ойынның шарты – әр жерде шашылып жатқан шарларды робот өзі тауып жинап, белгіленген нысананы атып, құлатып түсіру. Бұл – үлкен интеллект пен еңбекті қажет ететін өнер. Өйткені, бала өзі роботты құрастырмас бұрын бағдарламаны жазады, сынақтан өткізеді. Оның өзіне кемінде 6-7 күндей уақыт кетеді. Робототехника саласы – еліміздегі дамушы сала. Сондықтан, мемлекет тарапынан, меценаттар тарапынан қолдаулар өте көп. Ұйымдастырушылар байқау жеңімпаздарына оқу гранттарын да берген кездер болды. Бұл салада жаттықтырушы болғанымызға біраз болды. 11-сынып бітіріп, осы саланы таңдаған да оқушыларымыз бар. Ал, бүгін жарыс жолына түскен шәкірттеріміз енді үйреніп жатқан жасөспірімдер. Бірақ соған қарамастан, бұған дейін Тараз қаласынан да бірнеше рет жүлделі қайтты».
Чемпионат нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар марапатталып, оларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, 50000 теңге, 70000 теңге, 100000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар, медальдар мен жеңімпаз кубоктары табысталды. «Басқару симуляторы» санаты бойынша Нсанбаев Алихан 1 орын, Муравьев Тимофей, Бақтығали Рауан 2 орын, Тулеген Тамырлан, Айдар Ислам, Жаңаталап Ислам 3 орын алып, жүлдегерлер қатарынан табылды. «My Extra Case Competition» шығармашылық санаты бойынша 1 орынмен «Codi Science» командасы, 2 орынмен «Fixiki» командасы, 3 орынмен «Oyna», «Business Woman», «Powerpuff» өнертапқыш командалары марапатталды. «Инверсті сызық бойымен жарыс» санаты бойынша «Robo Com» командасы 1 орын, «Smart Bala» және «Irone Pulse» командалары 2 орын, «Маңғыстау», «RoboFox» пен «RoboWay» командалары 3 орын иегерлері атанды. 1 орынмен «Aloft» командасы, 2 орынмен «Robo Men» және «Spiner Bot» командасы, 3 орынмен «Nano Falcons», «Robocop», «ShunDas58» командалары «Мерген» санаты бойынша қарсыластарынан озып шықты. «Micro-FPV» санаты бойынша үздік үштікті Қарағандылық Муравьев Тимофей бастаса, Оралдан келген Нсанбаев Алихан мен Тулеген Тамырлан 2 және 3 орынды еншіледі. Байқауға жаңадан енгізілген «Дрон футболында» гол саны ойынша 1 орынды «ОБТШО» командасы, 2 орынды «URBAN OVERMIND DRONESOCCERS» командасы қанжығаласа, «Орден Феникса» командасы үштікті түйіндеді.
Фестиваль – бір жағынан, өмірден ерте кеткен, алайда артына өшпес із қалдырған жас дарын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың есіміне тағзым болса, екінші жағынан, еліміздің техникалық болашағын қалыптастыруға бағытталған ізгі ниеттің айғағы. Қоғамдық сананы серпілтіп, техникалық шығармашылыққа жол ашқан мұндай жобалар – ел болашағының тұғыры. Өйткені, бұл – баланың ойын темірге емес, арманға құрау. Қарапайым сым мен сенсордың арасынан жарық тапқан үміт ұшқыны бір күні ұлттың көшін бастайтын сәулеге айналады. Робот – бір баланың жүрегіндегі ізденіс. Көз майын тауысып жазғанкод – ертеңге деген сенімнің сұлбасы. RoboZerde сияқты бастамалар – ертеңі бұлыңғыр емес, жарқын елдің көрінісі. Олар темірді сөйлетіп қана қоймай, баланың қиялынан туған тың дүние болашақты сөйлетеді. Ғылымға ғашық жас өрен – рухы биік, ойы ұшқыр, қолы шебер ұлттың кепілі.

Шаттық СӘДУАҚАС,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *