АРЫСТА АЛТЫБАЛАСЫН АСЫРАУ ҮШІН ТАЗАЛЫҚШЫ БОЛЫП ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ӘЙЕЛ СОТТА ЖЕҢІП ШЫҚТЫ немесе «БАТЫР БАСШЫ» БОЛАТХАННЫҢ БЫЛЫҚТАРЫ

Мәселе Қоғам
2 207 Views

Түркістан облысының Арыс аудандық сотының шешімімен жұмыстан заңсыз шығарылған тазалықшы әйел өз қызметіне қайтып барды. Онымен қоса жұмыссыз бос жүрген уақыттағы жалақысын өндіріп алды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әділдік іздеп шарқ ұрған алты баланың анасы — 48 жастағы Роза Жақсылықова сот жүйесіне алғысын жеткізгісі кеп Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Қажыманұлы Асановтың және Арыс аудандық сотының төрағасы Ақылбек Қайыпұлы Ертаевтың атына алғыс хат жолдаған.

Көпбалалы ана 1998 жылдан бері Арыстағы туберкулезге қарсы диспансерінде тазалықшы боп жұмыс істеп келеді.

2017 жылы аталмыш диспансер Отырар ауданына көшіріліп, оның орнына облыстық психоневрологиялық диспансерінің бөлімі ашылған. Сол кезден жұмысын ары қарай жалғастырған тазалықшыны бөлім меңгерушісі жұмыстан кетуге мәжбүрлеген көрінеді.

Өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып берген ол араша сұрап облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігерінің де қабылдауына кірмек болады.

Кейіннен еңбек инспекциясының есігін қағады. Талай табалдырықты тоздырып, әділдік іздеген тазалықшы әйел ақыр-аяғында аудандық сотқа жүгінген.

«Менімен бірге тағы үш адам жұмыстан шығарылған болатын. Көп ойланып, ақыры заңды жұмыс орныма оралу үшін сотқа жүгіндім.

Басқалары жүрексінді. Сотта жеңіп шыға алатынымызға, әділдікке сенбеді. Қайта оралғанмен, алакөздіктен сескенді.

Арыс аудандық сотының судьясы Гүлмира Мекембайдың объективтілігі мен туралығына тәнті болдым», — дейді Роза Жақсылықова.

Қарсы тарап облыстық сотқа апелляциялық шағым келтіргенімен, сот шешімі сол күйі өзгеріссіз қалдырылған.

Айта кету керек, сот ұйғарымы заңды күшіне енген.

«Заң, бап дегеннен хабарым шамалы ғой. Сотқа жүгінгенде қатты жүрексіндім. Апелляциялық алқа бастапқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырғанда қуанғаннан жылап жібердім.

Алты бірдей баланы адал еңбекпен асырап келе жатқан мен үшін жұмыс орным қандай бағалы екенін айтпаса да түсінікті шығар», — дейді ағынан жарылған көпбалалы ана.

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен тарап, біршама пікірлер тудырғаны рас. Біздің редакция өңірдегі денсаулық сақтау саласына обьективті тұрғыдан көптеген журналисттік зерттеулер жүргізіп, саладағы кемшіліктермен қатар жетістіктер туралы да мақалалар жариялап келе жатқанынан оқырман қауым хабардар. Басты мақсатымыз — халық денсаулығын арттыруда заңсыздықтарға жол бермеу. Сапалы медициналық көмекті дамытуға жанашырлық таныту. Халық пен билік ортасында алтын көпір бола білу. Бұл үрдіс барша әріптестерімізде де бар деп сенеміз.

Осы салаға қатысты Арыс қаласынан қорғаушы заңгер Бақытжан Арыстанұлы Әлімбеков (суретте) есімді азамат бізбен хабарласып, редакцияға келетінін айтты. Келген қонақпен жақыннан танысып, мән-жайды білдік. Заңгердің айтары бар екен: Облыстық денсаулық саласы басқармасына қарасты облыстық туберкулезге қарсы диспансер басшысы, бас дәрігер Болатхан Сағымбеков мырзаның Арыс қаласындағы туберкулезге қарсы диспансерінде қызмет жасайтын медбикелер мен тазалықшыны (еден жуушы) қосқанда онға жуық қызметкерді жұмыстан босатқан. Роза Жақсылықова солардың бірі екен. Заңгер өз сөзінде сол жұмыстан босатылған азаматтардың құқығын қорғап, Б. Сағымбековтің іс-әрекетіне қарсы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотына арыз түсіргенін, тіпті сот процесінің басталып кеткенін тілге тиек етіп, жіберілген заңсыз әрекеттер жайлы ашына айтты. Ол Елбасының халыққа арналған Жолдауларында, сондай-ақ, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру басты назарда екенін, сол саясатқа Сағымбековтің әрекеті мүлде сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Онсыз да мардымсыз айлық жалақыға қызмет етіп келген кіші медицина қызметкерлері мен тазалықшылардың жағдайы белгілі болса да, бас дәрігердің белден басып, істеген тірлігі халық наразылығын тудырып отырғанына қынжылыс білдірді. Он қызметкердің отбасыларында қаншама кішкентай қаракөздер өсіп келеді. Үш-төрт ай жұмыссыз отырғандары, олардың жағдайларын төмендетіп жібергені рас. Осыған тікелей жауапты Б. Сағымбековтің өзінің қоластындағы қызметкерлеріне немқұрайлы қарайтыны ешқандай қисынға келмей тұр. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» — демекші, бас дәрігердің тойынғаны ма, әлде халықтан безінгені ме? Біреу емес, екеу емес, үшеу емес, он адамды жұмыссыз қалдырғаны Алланың алдында да, адамның алдында да ақталуға келмейтін уәжсіз оқиға емес пе?! Б. Сағымбеков бұл туралы өзінің тікелей бастығымен ақылдасып, келісімін алды ма, немесе өзбілермендікпен істеді ме, әзірге бұл жұмбақ. Түбі мұның да сыры ашылары хақ. Ақиқаты ашылғанда екеуіне де оңай тимейтіні тағы бар. Қорғаушы бұл мәселенің заңды шешімі табылмаса тіпті Жоғарғы сот пен Президентке де арнайы шағымданатынын кесіп айтты.

Газетіміздің алдағы санында біз де журналисттік зерттеуіміздің толық нұсқасын қорытындылап, мақала жариялайтын боламыз. Айдың, күннің аманында, бейбітшілік заманында он отбасыны нәпақасыз қалдырып отырған «батыр басшы» туралы толыққанды тұщымды, ащы да болса ақиқат ақтарылары анық.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *