АРЫСТА 240 ОТБАСЫҒА ЖАҢА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Қоғам
409 Views

Түркістан облысы, Арыс қаласында 240 пәтер пайдалануға берілді. Бұл үйлер сатып алу құқығынсыз үй кезегінде тұрған аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылар, жетім және халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы басқа да азаматтарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілді.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету — күн тәртібіндегі мәселе ретінде менің әркез назарымда. Әз-Наурыз мерекесіне орай беріліп отырған баспана иелеріне жаңа қоныс құтты әрі жайлы болсын, іші балалардың күміс күлкісіне толсын деп тілейміз», – деді шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Көктем-2» тұрғын ауданында бой көтерген 5 қабаттан тұратын 4 көпқабатты үйдің жалпы көлемі 12 308 шаршы метрді құрайды. 60 пәтерден тұратын әрбір ғимаратта: 1 бөлмелі – 15 пәтер, 2 бөлмелі – 15 пәтер, 3 бөлмелі – 30 пәтер бар.

Бүгінде Арыс қаласында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тауып келеді. Айталық, өткен жылы «Көктем-2» тұрғын ауданынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 36 пәтерлі 3 қабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл «Қолғабыс» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен баспанаға мұқтаж 2 отбасыға арнап тұрғын үй салынып, тегін берілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, тағы 8 баспана бой көтереді деп жоспарланған.

Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 2 200-ден астам адам тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *