МЕМЛЕКЕТТІҢ ІЗГІЛЕНДІРУ САЯСАТЫНЫҢ ШАРАЛАРЫ ИГІ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ немесе түзеу мекемелерінде де өзіндік өмір бар

Қоғам
997 Views

Мына өмірді тақтайдай түзу дей алмаймыз. Біреу шалқып тасып, ал енді біреулер әзер күн көруде. Бақыт, байлық дегендер де жұрттың бәріне бірдей өлшем емес. Оны әркім әрқалай түсінеді. Әрине, өздерінің адал еңбегімен күн кешіп жүргендер көпшілікті құрайды. Дегенмен, мына өмірде аяғын шалыс басып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққан азаматтардың тағдыры да қалың жұртшылықты ойландырмай қоймайды. Олар да тәтті үмітпен өмір сүреді. Ертең бостандыққа шықсам, ел-жұрт қатарлы азамат болсам дейді. Өкініштерін ерен еңбекпен өтегісі келеді. Сөйтіп, отбасына ертерек оралып, ел игілігі жолында өздерінің жарқын қолтаңбасын қалдырғанды құп көреді. Төрткүл әлемдегі өркендеген елдер секілді біздің елімізде де азаматтардың тең құқықтығын сақтау жолындағы қоғамды ізгілендіру шаралары жүйелі жүргізіліп отырғанын мақтаныш сезімімен айта аламыз.

Тәуелсіз де егемен еліміздің қазіргі қолданыстағы Конституциясы, тағы басқа заңдары мен нормативтік құқықтық актілерінде азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқын көрініс тапқан. Олардың бәрі төрткүл әлемдегі дамыған өркениетті елдердің заңнамаларымен мақсаттас, мүдделес болып келеді. Әрине, кез келген заң талаптары жұрттың бәріне бірдей. Бостандықта жүргендер мен аяғын шалыс басып, темір тордың арғы жағына түскендер үшін де бірдей дер едік. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне қарасты ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде қылмыстық жазасын өтеп жатқандар арасында да бірқатар ізгілікті де игілікті іс-шаралар атқарылып отырғанын тілге тиек ете кетейік. Жазасын өтеушілер де өз еліміздің азаматтары. Олар да бостандықта жүргендер сияқты жақсы өмір сүргісі, оқу оқып, жұмыс істеп, қоғамға титтей де болса пайдасын тигізгісі келеді. Осы орайда, біздегі бас бостандығынан айырылғандарды ұстау жағдайлары едеуір жақсартылғанын айтуға болады. Былайша айтқанда, жұмақтайын жайбарақат болмаса да түзеу мекемелерінде де өзіндік өмір бар. Мұндағы ізгілендіру шаралары өзінің игі жемісін беруде.

2003 жылы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды жазалауды ізгілендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын қабылдау, сондай-ақ Елбасының жекелеген санаттағы бас бостандығынан айырылғандарға рақымшылық жасау туралы актілерге қол қоюы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын азаматтардың санын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттің ізгілендіру саясатын жүргізуі нәтижесінде жазасын өтеушілердің криминогендік құрамы өзгеріп отыр.

Қылмыстық-атқару жүйесінің дамуындағы бірден-бір қадам – Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмаларын орындау үшін әзірленген – Қылмыстық-атқару кодексі редакциясының жаңа жобасы дер едік. Заңнама 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген. Біздің еңбекпен түзеу мекемемізде осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, аяғын шалыс басқандарға ықпал ететін негізгі түзеу-еңбек құралдары жазасын өтеу режимі, қоғамдық пайдалы еңбек және саяси-тәрбие жұмысы, сондай-ақ жалпы білім беру мен кәсіптік-техникалық оқыту жұмыстары қолға алынған.

Бас бостандығынан айыру орындарында қылмыспен күрес бойынша жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру үшін режим және жедел жұмыс бөлімдері ұйымдастырылған. Олардың басты функциялары құқық бұзушылықтарға бейім адамдарға тұрақты қадағалауды белгілеу жолымен бас бостандығынан айрылғандар арасында қылмыстың алдын алу және ұстау режимінің бұзушылықтарының жолын кесу жұмыстары болып табылады. 40 жасқа дейінгі жазасын өтеушілердің жалпыға міндетті орта білім алуы белгіленген. Негізгі тоғыз жылдық білімі бар адамдарға жалпы орта білім алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар мамандығы жоқ адамдарға кәсіптік-техникалық оқыту, жаңа мамандықтарға оқыту мен біліктілігін көтеру міндеті болып табылады. Аяғын шалыс басқан азаматтарды қайта тәрбиелеу мен түзеу жұмыстарында қалың жұртшылық пен дербес ұйымдарды қатыстыруға баса назар аударамыз. Барлық жұмыстың орталығы өндірістік және режимдік талаптар бойынша жазасын өтеушілер жасағынан құралған ұйым болып табылады. Біздегі жазасын өтеуші азаматтардың басым бөлігі оқу мен еңбекке тартылған. Оларға бейбіт өмірдегідей куәлік пен аттестат береміз. Кәсіптік-техникалық оқытуға тартып, сантехник, слесарь, токарь тәрізді мамандықтарды меңгеруіне ықпал жасаймыз. Осында жүріп-ақ еңбекке етене араласқандар баршылық. Атап айтқанда, қолөнершілікпен шұғылданатын азаматтар ағаштан сан түрлі ыдыстар, кәдесыйлар, тағы басқа заттар жасайды. Бұл бұйымдарды қаламыздағы ірі сауда орындары мен тойхана, асханалар ыстық ықыласпен сатып алуда. Өзіміздің жеке наубайханамыз, қоян, тауық өсіретін шағын шаруашылықтарымыз бар. Ондағылар өз кәсіптерінен нәсіп тауып қана қоймастан, ерен еңбек етуге деген құлшыныстары арқылы өзгелердің де қызығушылығын оятуда. Көтермелеу шарасы ретінде отбасы мүшелерімен ұшырасулар ұйымдастырып отырамыз. Өздерінің ерен еңбегімен еленгендерді мерзімінен бұрын бостандыққа шығару немесе жазаны анағұрлым жеңіл түріне ауыстыру шаралары да қолға алынған.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандарды бейімдеу жүйесі, сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекцияларының базасында жұмыс істейтін және бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды атқарумен қатар, аталған оңалту жүйесін, сондай-ақ сотқа әлеуметтік зерттеу есебін бере отырып қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында құқық бұзушыларды әлеуметтік зерттеу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыра алатын пробация қызметі де жетілдіріле түскен. Еліміздегі өзге түзеу мекемелеріндегі сияқты бізде де жыл сайын 50-60 адам пробацияға шығарылады. Сөйтіп, олардың жазалану мерзімі біршама қысқара түседі. Мұны да ізгілендіру шараларының бірі деп ұғынуымызға болады.

Біздің ИЧ-167/3түзеу мекемесінде әсіресе саяси-тәрбие жұмыстары жақсы жолға қойылған. Бас бостандығынан айырылған азаматтар арасында жүргізілетін саяси сабақтар барысында ең алдымен оларға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», тағы басқа бағдарламалық мақалаларын жан-жақты насихаттаймыз. Ел өміріндегі аса маңызды оқиғалар жайында баяндап тұрамыз. Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайымен хабардар етеміз. Елбасының арнайы Жарлықтарымен облыс атауының Түркістан болып өзгергенін, Шымкенттің өз алдына бөлек дербес республикалық маңызды қала мәртебесін иеленгенін, Келес және Жетісай аудандарының қайта құрылғаны жайында айтып, олардың азат та бейбіт өмірге қайта оралуларына деген ынта-ықыласы мен құлшынысын арттыра түсеміз. Ел өміріндегі айтулы даталы күндерге арнап іс-шаралар өткіземіз. Соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Сан түрлі конкурстар мен байқаулар өткізіп, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін арттыруға септігімізді тигіземіз.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында да бірқыдыру жұмыстар атқарып келеміз. Жүгіру, гимнастикалық жаттығулар жасау күнделікті дағдыға айналған. Бұдан бөлек баскетбол, волейбол, қазақша күрес, шағын футбол, шахмат, дойбы жарыстарын да жиі ұйымдастырып, ең мықтыны анықтаймыз. Әрине, мұның бәрі мына өмірде аяғын шалыс басқан азаматтардың дені-басының сау болуларына оң ықпал ететіні ақиқат.

Жалпы алғанда біздегі жүргізілетін саяси-тәрбие жұмыстарының пәрменділігі нәтижесінде жазасын өтеушілердің оқуға, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттыруға ықпал жасауда. Олардың ертеңгі күнге деген сенімі артуда. Жаңылыс басқан қадамдарын түзеуге, бостандыққа шыққаннан кейін ел игілігі жолында еселі еңбек етуге деген талпынысын айқын аңғаруға болады. Біздің де еңбегіміздің нәтижесі сол шығар. Сөйтіп, егемен еліміздің өзге азаматтары секілді отбасын құрып, перзент сүйіп, бақытты ғұмыр кешуге құқылы екенін айқындай түсуде. Міне, осылардың бәрін көре-біле отырған біз де өз еңбегіміздің жанғанына мақтаныш сезімде болатынымыз анық. Бұған қоса олардың күні ертең бостандыққа шыққаннан соң жұмысқа орналасып, отбасыларын қалыпқа келтірулеріне де мүдделі әрі тілекші болып жүреміз.

Өз кезегінде бостандыққа шыққалы отырған азаматтар айрықша толқуда жүреді. Осындағы күндерін есіне түсіріп, өмір мектебінен өткендіктерін айқын сезінеді. Өздерін оқытып, белгілі бір кәсіпке баулып, үлкен өмірге қайта қанат қақтырған түзеу мекемесінің басшылығына деген асқан ризашылық сезімін жеткізеді. Енді қателеспеуге, қоғамымыздың белсенді мүшесі болуға талпынады. Қос тарап үшін де аса бір толғанысты мұндай сәттер кімге болса да ізгі әсер қалдыратыны айқын.

Өмірдің бір орында тұрмайтыны ақиқат. Үнемі өзгеріп, жаңарып, жаңғырып отырады. Соған байланысты қазіргі қолданыстағы заңдар мен нормативтік құқықтық актілер де өзгеріп, толықтырылатыны белгілі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы (2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI ҚРЗ) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/3 түзеу мекемесінде де қызу талқыланды. Оны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстың жоба-жоспары жасалды. Атап айтқанда, бұл заңның талаптары біздің түзеу мекемеміздегі қылмыстық жазасын өтеп жатқан 600-ден астам азаматтың 43-іне жолданды. Олардың ішінде 15 жазасын өтеуші азамат мекеменің түрін өзгертумен, тағы 15-іне қатысты жаза өтеудің баламалы түріне ауыстыруға, қалған 13-іне қатысты жаза мерзімін қысқарту мәселелері зерделенуде. Бүгінде осы жазасын өтеушілердің іс-құжаттары Шымкент қаласы Абай аудандық сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған. Осылайша мемлекетіміз жүргізген қылмыстық саясатты ізгілендіру шаралары өзінің игі жемісін беріп отыр деп нық сеніммен айта аламыз және оны іс жүзінде дәлелдеп те келеміз.

Бағдат АСЫЛБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ИЧ -167/3 түзеу мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *