Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкері Рахымжан Ниязбекұлының ержүректілігі мен батылдығын бүгінде жерлестері аңыз етіп айтып отырады. Арыс өзенінде ағып бара жатқан қызды құтқарып қалған оның бұл әрекеті көпшілікті үлкен әсерге бөлеген. Бұл ерлігі үшін Рахымжан ел Президенті Қ.К.Тоқаевтан «Ерлігі үшін» медальімен марапатталса, аудан әкімінің қолынан арнайы алғыс хатқа ие болыпты. Шені де өсіп, абыройы артқан.
– Жұмыс соңы жақындағанда қолымыздағы рацияны өткізіп, үйге қайтуға дайындалып жатқанбыз. Бір кезде өзенде қыздың ағып бара жатқаны туралы хабарлама түсті. Тез арада оқиға орнына жеттік. Қарап тұрған адам көп. Бірақтан құтқаруға ешкімнің батылы жетпеді. Содан құжаттарымды әріптестерімнің қолына ұстатқан күйі, киіммен суға секірдім. Қызға жеткен бойды ол бірден мойныма жабысты. Содан жүзген бойда жыңғылдан ұстап, жағаға шығардым, – дейді Рақымжан сол күнгі оқиғаны еске алып.
Тәртіп сақшысы бала күнінде суға жүзуді жақсы меңгерген. Туған жері Қоғам ауылындағы өзенге түсіп, көп жаттыққан. Содан қазірде суда жақсы жүзеді.
Рахымжан Ниязбекұлы Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде және Қостанайдағы академияда жоғары білім алған. Еңбек жолын Қостанай қаласында патрульдік полиция қызметкері болып бастаған ол, кейіннен Отырар ауданына қызметін ауыстырады.
Қазіргі кезде Отырар АПБ Көші-қон қызметі бөлімшесінің туристік полиция тобының инспекторы. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген тәртіп сақшысы шетелдік туристер мен өзге өңірлерден келген қонақтарға қызмет көрсетуге әрдайым дайын. Бос уақытында өңірдің тарихын оқып, білімін жетілдіріп отырады.
Туристік бөлім қызметкерлері арнайы киім, қажетті техника және құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Тарихи нысандарды аралап жүруге өте ыңғайлы арнайы электромобильдермен жабдықталған.