«АСТАНА» АЛАҢДАТЫП, «ҚАЙРАТ» ҚАПЫ ҚАЛДЫРЫП ОТЫР

Спорт
949 Views

2018/2019 жылдардағы УЕФА Чемпиондар лигасының бәсекелері одан әрі жалғасуда. Еуропа чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» өз алаңында Данияның «Митьюлланд» клубынан 2:1 есебімен басым түсті. Ласло Кляйнсхайлер (31, 90+4) дубль жасады. Густав Викхейм (51) жауап доп соқты. Хернинг қаласында өткен қарымта кездесуде есеп ашылған жоқ. Елордалықтардың қатарына қайта келіп қосылған конголық щабуылшы Жуниор Кабананга доп соғуымен ерекшеленген. Алайда испаниялық бас төреші Хуан Мартинес таза соғылған бұл голды есептемей қойды. Өз кезегінде алаң иелерінің қорғаушысы Эрик Святченко 47 минутта біздің қақпашы капитанымыз Ненад Эричті соққыға жыға отырып салған голы да есепке алынбады.

Үшінші іріктеу кезеңінде «астаналықтар» хорватиялық Загребтің «Динамо» клубымен кездесті. Астанада өткен алғашқы ойында алаң иелері 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Марио Будимир (39) мен Даниэль Ольмо (84) гол авторлары атанды. Осылайша «Астана» алаңдатып отыр. Жауапты кездесу 14 тамызда Загребте өтеді.

Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері әрі Кубок иегері Алматының «Қайраты» келесі кезеңде Голландия чемпионатының қола жүлдегері әрі Кубок ойындарының финалисі «АЗ Алкмар» клубын 2:0 есебімен жеңді. Қос голды да Адеринсола Хабиб Эсеола (12, 50) соқты. Алкмар қаласында өткен қарымта кездесуде алаң иелері 2:1 есебімен басым түсті. 28 минутта «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан пенальтиден есеп ашты. 41 минутта Гус Тил таразы басын теңестірді. 90+4 минутта Тен Копмейнерс 11 метрлік белгіден доп соғып, командасын есепте алға шығарды. Дегенмен, қос кездесудің қорытындысы бойынша жерлестеріміз жарысты одан әрі жалғастыратын болды. Кейіннен алматылықтар Чехияның «Сигма» клубымен кездесті. Оломоуц қаласындағы «Андрув» стадионында өткен алғашқы кездесуде алаң иелері 2:0 есебімен басым түсті. Мартин Сладки (21) мен Вацлав Пиларж (50) қонақтардың қақпасынан саңылау тапты. Сөйтіп, «Қайрат» қапы қалдырып отыр. Қарымта кездесу 16 тамызда Алматыда өтеді.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде қаржылық есебі уақытында өткізілмегендіктен біздің Шымкенттің «Ордабасы» клубының орнына жарысқа қосылған Қостанайдың «Тобылы» кейіннен Арменияның астанасы – Ереванның намысын қорғайтын «Пюник» клубынан айласын асырды (2:1). Максим Федин (49) мен Азат Нұрғалиев (80) соққан доптарға Корян (90) жалғыз доппен жауап қайырды. Өкінішке орай, Ереванда өткен қарымта кездесуде жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 82 минутта Мохамед Конате соқты. Сөйтіп, қос кездесудің қорытындысы бойынша армениялық клуб жарысты жалғастыратын болды.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *