«ОРДАБАСЫ» ОЛЖА САЛДЫ

Спорт
1 183 Views

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстанның кезекті ХХVІ чемпионаты мәреге жетті. 33 кездесуден кейін 76 ұпай топтаған «Астана» қатарынан төртінші рет ел чемпионы атанды. Олардан небәрі бір-ақ ұпай ғана қалып қойған Алматының «Қайраты» былтырғыдай тағы да екінші орынды еншіледі. Бұған қоса-қабат олар еліміздің Кубогын да иеленіп отыр. Шымкенттің «Ордабасы» командасы қола жүлдеге қол созды. Мұны Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның биылғы елу жылдық торқалы тойына деген тамаша тарту деп есептеуіміз керек. Жерлестеріміздің бұған дейін еліміздің Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Осылайша олжа салған олар келесі жылы тағы да Еуропа лигасында өнер көрсететін болып отыр. Сөз орайы келгенде осыдан 23 жыл бұрын Шымкенттің «Жігер» клубы үздік үштіктен көрінгенін тілге тиек ете кетейік.

«Ордабасы» биылғы футбол маусымында 18 кездесуде жеңіске жетіп, төрт рет тең ойнап, 11 кездесуде ұтылып, 58 ұпай жинауға жетісті. Қарсыластар қақпасына 44 доп соғып, өз қақпаларынан 37 доп өткізіп алды. Айырма – плюс жеті доп. Чемпионат барысында Таңат Нөсербаев қарсыластар қақпасына тоғыз доп соғуымен көзге түсті.

Соңғы турда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдаған «ордабасылықтар» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қарсыластар қақпасына соғылған үш доптың да авторы болгариялық легионер Преслав Иорданов болды.

Қызықты да тартысты ойыннан кейін еліміздің чемпионатында қола жүлдегер атанған Шымкенттің «Ордабасы» клубының мүшелерін марапаттау рәсімі өткізілді. Онда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков:

– Бүгін Оңтүстік футболы үшін тарихи күн. «Ордабасы» командасы жылдан-жылға жоғары өрлеп, үшінші орынға ие болып отыр. Сол үшін оларды және жанкүйерлерді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Облыс әкімі жыл басында футболды дамыту жөнінде келелі кеңестер өткізіп, командамызға қолдау білдірген болатын. Міне, бапкерлеріміз бен футболшыларымыз сол сенімді ақтап отыр. Енді бұл биіктен төмендемеуіміз керек. Тиісінше жоғары көтеріліп, чемпион атануға ұмтылған жөн. Ол үшін «Ордабасы» командасында толық мүмкіндік бар. Ең бастысы – футболды айрықша сүйетін жанкүйерлері көп, – деген өзінің жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді.

Қазақ футболының аңызына айналған тұлға, Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов құттықтау сөз сөйлеп, ұйымшыл ұжым мүшелеріне қола медальдарды салтанатты жағдайда табыс етті. «Техас» фан клубының мүшелері Қайрат Әшірбеков, Азат Нұрғалиев, Абдуллай Диакате, Фархадбек Ирисметов, бас бапкердің орынбасары Ұлықбек Асанбаев, клуб президенті Бақтияр Байсейітовтің иығына мақпал шапан жапты. Команда капитаны Азат Нұрғалиев бастаған жігіттер жанкүйерлерге деген өздерінің алғыс сезімін жеткізді. Команданың бас бапкері Алексей Петрушин: «Ең бастысы – шымкенттік жанкүйерлерге мереке сыйладық!» деп ағынан жарылды. Клуб президенті Бақтияр Байсейітов биылғы чемпионатқа қойылған мақсаттың орындалғанын мақтаныш сезімімен жеткізді. Халық арасында Сәбит ақын атанып кеткен Әбдіхалық Әбдірайымов арнау өлеңін оқыды.

Әрине, бұл ұжымдық табысқа бас бапкер Алексей Петрушин мен клуб президенті Бақтияр Байсейітов қосқан үлес те аз емес екені баршаға белгілі. Сонымен қатар өзге де әкімшілік қызметкерлері мен футболшылардың денсаулығын маусым бойы жіті қадағалап жүрген дәрігерлер қауымы да жақсы жұмыс істегенін де айрықша атап өтуге болады.

Сөз орайы келгенде біз де облысымыздың спорттық намысын абыроймен қорғап жүрген Шымкенттің «Ордабасы» клубын осынау толағай табысымен шынайы құттықтаймыз! Оларға алдағы кезде де алынатын асулар мен бағындыратын биіктер көбейе берсін деген ізгі ниет білдіргіміз келеді. Жеңісті күндерде жолыққанша, жанкүйер қауым!

Өз тілшімізден.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *