АСТАНА АТАУЫНЫҢ ТАРИХИ АСТАРЫ

Тарих
1 686 Views

АСТАНА АТАУЫНЫҢ ТАРИХИ АСТАРЫ

Қазақ тілі – өте бай, сұлу тіл. Тарихтың небір қиын-қыстау кезеңінде сырттан таңылған, кері ықпалға төтеп берген тіл. Оның өне бойында ерекше бір тарих жатыр. Сол тіліміздегі ерекше тарихтың бір сыры – Астана атауы. Өйткені Астана – кешегі ата-бабаларымыздың сөйлеген ескі тілінің жасампаз тарихы. Астана дегеніміз не? Астана – бұл алып қазан немесе тайқазан. Қазіргі таңға дейін Оңтүстік өңіріндегі той, астарда тамақ пісіретін өте үлкен қазанды «астана» деп атайды.
«Астана» атауының шығу тарихына тоқталайық. Тарих атасы Геродоттың еңбегінде (б.д.д. 490-425 жж.) сақтардың патшасы Арриант бүкіл жауынгерлерінің жез жебелерін жинатып, оны балқытып, үлкен қазан құйып жасағаны айтылады. Даяр болған қазанға құйылған Тәңір судан айнала қоршаған жауынгерлерге ішкізген екен. Сөйтіп, рухы түсе бастаған сақ жауынгерлері көсемнің туы астына қайта жиналады. Демек, елді бірлікке, татулыққа шақырған тайқазанның, яғни астананың шығу тарихы осындай. Геродот сақтардың алып қазан жасау салтын қалай білді деген заңды сауал тууы мүмкін.
Алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін тайпаларына тән салт болған. Осы сақ, ғұн, үйсін тайпаларының өмір салты, әдет-ғұрпы ұқсас екендігі көне қытай жазбаларында жақсы айтылады.
Кешегі кеңестік дәуірдегі атақты тарихшы ғұламалар Л.Гумилев, А.Бернштам, С.Киселев, Ә.Марғұлан, т.б. көне түркі тайпаларының (сақ-скиф, ғұн, үйсін) Отаны солтүстік Қытай жері деп атайды. Кейін тарихтың «жойқын ұлы көштері» барысында осы түркі тайпалары шығыстан Еуропа, Кіші Азия елдеріне дейін қоныс жайлайды. Дәлірек айтсақ, солтүстік Қытайдан Оңтүстік Сібірге қарай көшкен сақ-скиф, кемер тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларда Қара теңіздің солтүстік жағалауына қоныс аударған. Бұл тайпалар өзімен бірге ала келген сібірлік «аң стилі» бейнелеу өнерін осы өңірге таратқан. Міне, осы Қара теңіз жағалауы және Кіші Азияны жайлаған сақ-скиф тайпалары арасына келген Геродот қазан жасау салтын жазған.
Атақты орта ғасырлық тарихшы, шежіреші Әбілғазының төрт мың жылдық тарихты баяндайтын «Түркі шежіресі» жылнамасында топан судан аман қалған Нұқ Пайғамбардың үш баласының бірі Йафет өз жұртымен Еділ мен Жайық өзендері аралығын қоныстанғанын айтады. Тарихи жылнамада Йафеттің сегіз баласының есімдері Түрк, Хазар, Саклаб, Орыс, Минг, Шың, Кемер, Тарықтар екені баяндалады. Этногенездік қазан ішінде сапырылысқан Йафеттің осы сегіз баласы кейін қазақтардың, Орта Азия халықтарының, славяндардың, кавказ халықтарының, иран, пәкістан, солтүстік үнді, ауған, хотан халықтарының арасына сіңісіп кетті. Олай болса, тұрақ, уақытша мекен мағынасындағы көне түркілік стан – станица сөзінің аталған елдерге тән болуы осыдан. Сақ этнонимі асақ, ассақ болып та айтылған. Бұған дәлел – Қазақстанның Маңғыстау облысы Ассеке ауданы мен Ассеке ойысының атауы. Сондай-ақ Пәкістанның Сват жазығында б.д.д. ІІІ ғасырда болған Ассакен мемлекетінің атауы. Ассакен атауы мен осы елдің бас қаласы Массака атауын ғалымдар сақ этнонимінің өзі деп айтады. Қазақстан астанасының атауы Астана деп қойылды. Дегенмен, әр нәрсенің шығу тарихы бар дегендей, неліктен астанамыз Астана аталды деген заңды сұрақ туады.
Елбасы Н.Назарбаев астанаға байланысты өз толғанысын былай жеткізеді: «Бір күні түнде, дәлірек айтқанда, түнгі екіде жаңа астананың аты Астана болады деген ой келді маған. Астана – ол Астана! Қай тілде де, ұғымды, ұран тәрізді». Елбасымызға осындай ұлы ойды әкелген ол – ұлттық Рух және салт-дәстүр. Қайта жаңғыру жолындағы бабаларымыздан мирас болып, қанымызға сіңген салт-дәстүр тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді тудырады. Әлбетте, жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтау. Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша мән беру – Отанға деген ерекше ықылас туғызады. Бұл өз кезегінде халықты ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Астана атауы халқымыздың рухани, экономикалық өрлеуіне алып келетін символдық қалқан болса керек.
Сонымен, Астана атауындағы ас – биік, асқар шыңды білдірсе, тан/а – тәңір, сондай-ақ түркі халықтарында бурыл тұлпарға мінген батырдың есімі. Бір қызығы, татар халқында бурыл атқа мінген Тана батыр аңыз әңгімесі кездеседі. Осы батырдың есімін ғұндар Дон өзенінің сол жағалауына апарып, Тана (грекше Танайс) қаласының негізін салды. Қаланың қазіргі атауы – Азов. Ғұндардың жойқын көштерінің тағы бір көрінісі – Еділ өзенінің сол жағалауында бой көтерген Қазан қаласының атауы. Ғұндардың көсемі Мөде қағанның ұрпағы Атилла жауынгерлері үлкен қазанға су толтырып, сыйынған. Мөде қағанның эпикалық жырлардағы бейнесі Оғыз қаған екендігі ғылымда дәлелденген. Академик В.Гордлевскийдің көрсетуінше, Оғыз дәуірінде кең өріс алған халық дәстүрлерінің көбі бергі кезге дейін қазақ халқының рухани тіршілігінде сақталып келген. Қазығұрт тауының баурайындағы Оғыз жұртының ханы Қазанбек туралы тарихшы, шежіреші Абылғазы толғауында былай келеді:
«Бір қазанға қырық бір аттың етін салды,
Ол қазанды сол қолымен көтерді,
Оң қолымен елге жүріп үлестірді,
Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін?» деп, оғыз жұртының толысқан, күшейген кезін көрсетсе керек.
Қазақтың ер ақыны Махамбет Өтемісұлының:
«…Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік…» деп келетін өлеңінде халқымыздың киелі символы қазанның төңкерілмеуі жолындағы ерлік күресті айтады. Ал мына бір толғауында:
«Астана жұртын айналған,
Астына тұрман болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен;
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен» деп, халқы топтасқан астананы ұран етіп Махамбет ақын сары далада жойқын күш болған батыр бабаларымызды еске түсіреді. Байырғы түркілер дүниенің төрт бұрышы: шығысты көк, батысты ақ, солтүстікті қара, оңтүстікті қызыл түстермен белгілеген. «Көк» пен «Тәңір» аспан мағынасындағы синоним сөз. Түркі ойшылы, ғұлама М.Қашқари сөздігіндегі көктің мағынасы аспан деп беріледі. Олай болса, ас –тәңірдің сыйы, ас – ус бүркіт (М.Қашқари) биікке самғау, тан/а- тәңірі немесе бурыл атқа мінген батыр.
Осы бүркіт атауындағы бүрк – буруг атауына ут көптік қосымшасы жалғануы нәтижесінде кірігу – фузияға ұшыраған бург, яғни бөрі. Көне түркілік ат, ут, т қосымшалары тек көптік мағына ғана емес, сондай ақ биіктік, ұлылық мағыналарын білдірген. Ғұлама ойшыл-ғалым Ә.Марғұлан қазіргі кезде қазақ халқының ішінде сақталған «Қыз бөрі» ойынын сақтардан қалған жұрнақ деп қарайды. Олай болса, Астана атауының төркінінде бүркіт немесе бөрі ұғымы бар. Ал қазақтың көне сөздерінде көк бөріге немесе бурыл тұлпарға мінген тарихи әпсаналар кездеседі. Біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында Батыс Жетісуда үйсіндер мен ғұндардың араласуынан оғыздар пайда болған. Әбілғазының «Түрк шежіресі» жылнамасында Оғуз қаған қиын-қыстауға ұшырағанда оның шатырына жарық кіреді, ол жарықтан көк түсті, көкжал үлкен бөрі шығып, Оғызға үш рет жол көрсететіні баяндалады. Немесе ақ бұлт ішінде бурыл атпен көрінген Қарасай батырдың жаламен өлім қаупі туған ұлы Көшекті құтқаруы тәңірдің, рухтың қолдауы болса керек. Бір қызығы, сақтардан қалған «станица» сөзінің екінші мағынасы «табын» немесе «құрт», яғни бөріні танытқан. Кіші жүз ішіндегі Табын руы ноқта ағасы саналатынын еске түсірсек болады. Сондай ақ қазақтың үш жүзінде де құрт, яғни бөрі атымен аталатын рулар да кездеседі. Атақты Сүйінбай ақынның «Бөрілі менің байрағым» атты өлең жолдары аңыз бен ақиқаттың сабақтастығын байқатса керек.
Туымызда бүркіттің, Елтаңбамызда тұлпар-пырақтың бейнеленулері Астана атауымен біте қайнасып, мемлекетіміздің тұтастығын, халқымыздың бірлігін сипаттаса керек. «Күлтегін» руна жазуында «Барс бег ерті» – барс бек елі, деп жазылған. Тіл заңдылығында бури, бөрі сөздері бурус, барс деп айтылатыны жоққа шығарылмайды. Олай болса, Астана қаласының эмблемасында барыстың бейнеленуі кездейсоқтық емес.
Әлемге есімі мәшһүр, атақты қолбасшы Ақсақ Темір өзі жасатқан Тайқазанды неге өзі тұрған Самарқанға емес, Түркістанға әкеліп қойды деген заңды сұрақ туады. Себебі Әмір Темір түркілердің қара шаңырағы Түркістан, Мағжан ақын айтқандай, Ер түріктің бесігі екенін білген.
Қазақстанның жаңа астанасының келбетінде терең саяси, рухани және философиялық ой бар. Бұл Тәуелсіз мемлекетіміздің қайта қалыптасып, жаңаруы мен Қазақстан халқының рухани дамуының белгісі болып табылады.
1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілгенде классик жазушы Бейімбет Майлин «Астана» атты өлең жазғаны бар.
Кәрі-жасы, бәрінің де
Айтатыны – астана!
Ел көгерген астанасы
Осы ма, әлде басқа ма?
Мен астанаң, мен ордаңмын!
Мұнда түгел тілегің…
Ел ордасы – астанасы,
Шаш нұрыңды әлемге!
Дегенмен де, Кеңес дәуірінде қағаз жүзінде өз алдына жеке мемлекет болғанымен қазақ халқының толық тәуелсіздігі болған жоқ. Сол кезде Қызылорда, Алматы қалалары астана болған елімізде ауыр зардаптармен қатар белгілі бір жаңғыру жүргені рас. Бірақ та, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді. Ал астана үшінші мыңжылдыққа аяқ басқан ұлтымыздың пассионарлық дүмпуінің нәтижесі мен кескін-келбеті. Атақты түркітанушы, ғұлама ғалым Л.Гумилев: «Таяу уақытта қазақ елінде күшті серпіліс, пассионарлық дүмпу жүреді. Сол дүмпудің нәтижесінде қоғамды алға сүйрейтін тұлғалар туады. Және ол тұлға алдына үлкен мақсат қойып күреседі және соған қол жеткізеді» деп айтқан. Мұны біз дүмпудің нәтижесі Астана қаласында өтіп жатқан алқалы үлкен жиындардан, қазақ елінің әлемге өзін танытқанынан көріп отырмыз.
Мәңгілік елдің мызғымас Жеті тұғы­рының бірі – Тәуелсіздік пен Астана. Ол тұтастығымызды айқындап, тәуелсіздік миссиясына адал Қазақстан халқының күш-қуатын көрсетеді. Астана – Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен халықаралық қауіпсіздігінің кепілі. Халқымызды берекеге, молшылыққа және тұтастыққа әкелетін Астана қазақстандықтардың саяси стратегиялық жеңісі. Жаңа дәуірдің жаңа астанасы, яғни тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа символы Нұр Астана мәңгілік жасай берсін.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діні ете отырып, әрбір қадамның нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп әділ көрсетті.

Болаттемір АЛТАЕВ,
тарих ғылымының кандидаты, доцент.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы.
«Ана тілі», №3-4, 2017 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *