ҮЛКЕН ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

Таным
1 277 Views

ҮЛКЕН ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

(Эссе)

2015 жыл. Кербез керілген Жайықтың жағасы. Қасымда екі-үш жігіт бар, көңілде еш алаң жоқ, жайбарақат қана қармақ салып тұрған сәтім еді. Төңірек тым-тырыс. Желсіз тынған ұлы тыныштық. Сүттей ұйыған маң дала жағалауды көмкерген көк тоғайдан сорғалаған құстардың кәусар әуезіне тамылжып, ақ айдынның бетінде ақырын… ақырын ғана желпіп өткен жұп-жұмсақ ерке самал алтын күннің нұрына шағылысқан бала толқынды мың құбылтады, діріл қақтырады. Қармағымыздың қалтқысы қалт-құлт етіп, бір батып, бір шығып, делебені қоздырып, елеңдете бастады. Менің қалтқыма дегбірсіздене қараған Бауыржан (немерем Абылайханның қайынатасы, елу бес жастағы атпал азамат, «Теңізшевройлда» энергетик, жаны жайсаң сүйікті құдам): – Ой… ой… оппа… тартыңыз… тартыңыз! – деп жүгіріп кеп қармағымды ұстай алды.

Қармағым зілдей ауыр. Қандай балық, япыр-ау, жайын ба, әлде сазан ба? Олай-бұлай жұлқып, қалтқыны тұңғиыққа батырып, бой беретін емес, Бауыржан екеуіміз қос қолдап тұрып, шірене тартамыз. Осылайша абыр-сабыр боп әлекке түсіп жатқанда ұялы телефоным шылдыр ете қалып, безілдеп қоя берді.

2015 жыл. Кербез керілген Жайықтың жағасы. Қасымда екі-үш жігіт бар, көңілде еш алаң жоқ, жайбарақат қана қармақ салып тұрған сәтім еді. Төңірек тым-тырыс. Желсіз тынған ұлы тыныштық. Сүттей ұйыған маң дала жағалауды көмкерген көк тоғайдан сорғалаған құстардың кәусар әуезіне тамылжып, ақ айдынның бетінде ақырын… ақырын ғана желпіп өткен жұп-жұмсақ ерке самал алтын күннің нұрына шағылысқан бала толқынды мың құбылтады, діріл қақтырады. Қармағымыздың қалтқысы қалт-құлт етіп, бір батып, бір шығып, делебені қоздырып, елеңдете бастады. Менің қалтқыма дегбірсіздене қараған Бауыржан (немерем Абылайханның қайынатасы, елу бес жастағы атпал азамат, «Теңізшевройлда» энергетик, жаны жайсаң сүйікті құдам): – Ой… ой… оппа… тартыңыз… тартыңыз! – деп жүгіріп кеп қармағымды ұстай алды.

Қармағым зілдей ауыр. Қандай балық, япыр-ау, жайын ба, әлде сазан ба? Олай-бұлай жұлқып, қалтқыны тұңғиыққа батырып, бой беретін емес, Бауыржан екеуіміз қос қолдап тұрып, шірене тартамыз. Осылайша абыр-сабыр боп әлекке түсіп жатқанда ұялы телефоным шылдыр ете қалып, безілдеп қоя берді.

– Сіз… Сіз… тыңдай беріңіз! – деді Бауыржан бауыры алтындай жарқыраған сазанды сүйрей тартып.

– Алло… алло, – дедім ентіккен күйі.

– Аға, ассалаумағалейкүм! Мен Бекетпін ғой… иә… иә – деп қоңыр үні өзіме таныс жұмсақ лебімен баурай сөйледі.

– Ой, Бекет, әлейкүмүссалам, үй іші аман ба? Қайдан?

– Шымкенттен соғып тұрмын, үйдемін. Бала-шаға, отбасы дін аман. Көптен бері көкейімде жүр еді… ән, романстарыңыз таң алдыңда көрген тәтті түстей тербей береді. Егер ақын болсам жүрегімдегі сол сезімді поэзия тілімен бере алар ма едім, білмеймін… әндеріңіз қазақ даласын жібек самалдай желпіп жатыр. Әлем көгін шарлап та кетті. Бірақ, концертіңіз сирек беріледі. Жұртты іштей ұмсындырып, сағындырып қоясыз. Неге солай? Осы сауал дәйім ойландырып, жақындық, інілік ілтипатпен бір қайрат көрсеткім келеді. Бұл уәжім-ізет. Алдыңызда сексен деген үлкен сеңгір тұр. Құдайға шүкір, құр атқа мінгендей тыңсыз әлі. Осы амандығыңызды тілейміз. Ұзақ жылдар бойы қазақтың ән тарихынан тірнектеп жиған зерттеулеріңізді радио мен теледидарда жиі-жиі сөз етіп, жарқырата жария ғып, газет-журнал, кітап бетіне шығардыңыз. Сол сұрапыл жұмысты тыянақтап жүргеніңізді білеміз. Осы жақында ғана «Жұлдыз» журналының бетінен «Зәуреш» деген эссе-толғауыңызды оқыдым. Өмір реквиемі дерлік «Зәуреш» әнінің булығып жатқан қыр-сырына әбден қанығып, беймәлім хикаясына енді ғана көзіміз жеткендей боп, осы тебіреністің әсері ме, өзіңізбен шығармашылық байланыс жасауға ықыласым ауды, – деп Бекет ә дегеннен ашыла сөйлеп, ақынжанды адамның жүрек жарды лебізімен аялап, бір жан жылуы алпыс екі тамырымды иіткендей әп-сәтте шуақты сезімге бөлендім.

Қармағыма түскен сары сазанды тамашалап, қауқылдаса сөйлеген Бауыржан, Мұқтар, өзбек жігіті Кәрім, бұлар да өзді-өзі мәз.

Бекет болса өзінің байсалды қалпымен әр сөзін ойлана діттеп, жалғастыра берді:

– Аға, біздің халық – философ. Дүние сырын, өмір ғибратын толқын-толқын боп жалғасып келе жатқан ұрпаққа өшпестей ғып қалдыра берген. Сол даналық сөздің бірінде: «Жасыңыз алпысқа келгенде алдыңызда алты ағаңыз болсын» дейді. Сіз сондай ғазиз ағаның бірегейісіз, мен болсам сол алпысыңызды еңсеріп келе жатқан ініңізбін. Әлгі сөздің жалғасы: «Жасыңыз жетпіске келгенде артыңызда жеті ініңіз болсын» дейді. Тағы да айтам: – Сіздей жанды ардақтап алға ұстайтын сол жеті ініңіздің бірі – мен болам, аға! – деп, сәл толғана тоқтады, – ендігі уәж, былай аға… Біздің Оңтүстік Қазақстанның өзінде миллион жарымнан астам қалың жұрт ығып отыр. Осы жайды ескеріп, сіздің композиторлық, жазушылық, суретшілік қырыңызды да шама келгенше ел-жұртқа біраз әйгілеп алып, иә, құдай қаласа, келер жылы сексен жасыңызды кең тынысты әдеби-музыкалы кеш етіп, Шымкентте мерей той ғып өткіземіз… Шымкентте! Бұл тірліктің екі тізгін бір шылбыры өз қолымда. Бәр-бәрін өзім жасаймын. Өзім жаранам. Өзгеге иек артпаймын…

Бекет өз ойын еш кідіріссіз толғап, тоғыз рет өлшеп, бір-ақ пішетін мәрт жанға тән кесімді сөздермен осылайша бекіте тоқтады. Бір сөзіне: «Оу…Бекет…Бекет…» деп бір уәж айта алмай, іштей еріксіз бөгеліп: «Апырай, ә!», деп таңғала іркілдім.

– О…ой, бір жақсы әңгіме тыңдадыңыз-ау деймін, аға, көзіңізде күн күлімдеп тұр. Біз де мәре-сәре боп… міне… әні әп-сәтте бес-алты сазанды желбезегінен байлап, көгендеп қойдық, – деп Бауыржан ақ тісін жарқырата күлді, – бұлқынып жатқанын қараңызшы.

Сәлден соң кәрі қыранның қос қанатындай иілген көк талдың саялы көлеңкесінде сары самаурынның хош иісті шәрбәт шайын ішіп, терлеп-тепшіп, жігіттердің әзілі бір-бірінің сөзіне бек жарасып… ал, ал мен болсам Бекеттің ойда жоқта жан жадыратқан ізетті ілтипатына пешенем жазылып, жайнаған жарық дүние сондай кең, сондай сәулелі, сондай қызықты боп көрінді. Ішкі жан түкпірінде пенде шіркінге деген осыншалық ықылас-пейіл, бір туған бауырдың да қолынан келе бермейтін риясыз өбектеу қандай ғана жүректің лүпілінен шығады, о, тәңір, деп төрт құбыласы сай адамдай ақша бұлты қалқыған көк жүзіне, жан-жағыма, көкторғын жамылған тоғайға, қасымдағы қарапайым жандарға ынтық көзбен тебірене толқып, қарадым да отырдым. Әр нәрсеге икемді қызыл тілдің ұшында Мәдидің «Үшқара» әніндегі: «Өкпе жоқ ішімдегі бәрі бауыр» дейтін сөзі діріл қағып, Бекеттің кең маңдайы Сократтың маңдайындай жарқырап, мейірлі көзі қиырды шолатын айбынды қыранның көзіндей үйіріп, ой-қиялым заматта көп жайды еске салып, қадірлі күндердің біраз елесін елестетті.

Өмір қашанда өмір… Қас-қағым сәттік шаттық мәз ғып, жас қырандай көк жүзінде шалқыған асқақ кезің енді бірде қапыда ғайып боп, тағдыр сыны оқыс сындыратыны қаперге келмейді екен. Сондай тарыққан, торыққан сәттерді де бастан кештік. Жан-жағың қысқа пішкен камзолдай қымтырылып, қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмаған қиналысты шақтарда жай кездерде «доспыз… тілеулеспіз» деп күпілдеп жүретін құрығы ұзын, бақ-дәулетке мейманасы асқан паң көкірек жандарға тілек айтуға Біржан Салдың «Жоныпалды» әніндегі:

Асылға қызықпаңыз кимеген соң,

Сұлуға сөз салмаңыз сүймеген соң.

Байларға малды екен деп сене берме,

Пайдасы қиналғанда тимеген соң, – деп келетін шумағы жібермеген сәттер де болды, сонда осы сөзге тоқтатқан жұдырықтай жүрегімдегі Ар мен Намыс!

Енді, міне, Бекеттің жалғанның жартысындай боп ашылған ыстық құшағын қара… кең көкірегінен шыққан лебізінің лебі қандай жылылық, бұл!

 

*   *   *

Жайықтың жағасындағы осы әңгімеден кейін Бекетпен ауық-ауық сөйлесу, ой-пікір бөлісіп, емен-жарқын сырласу басталды. Өзі тұрып жатқан Шымкентте, Астанада, Алматыда, тағы басқа да жерлерде қапияда жүздескеніміз көз алдымда жылы жағына қайтқан тырналар секілді тізіліп өтіп жатты. Көңіл көңілден су ішеді. Көңіл хошы келген осы бір жақсы күндерде Бекеттің «Әділет» газетіне өзі сұраған хикаялардың басы етіп «Зәуреш» эссесін жібердім, көп ұзамай оны оқыған жандардың әлсін-әлсін жылы-жылы лебіздерін естідім. Осы күнге дейін «Марьям Жагор қызының әні» делініп кеткен атақты «Дударай» әнінің шын авторы Қорғалжындық сері Үлебай (бұл композитор Марьям мен Дүйсеннің жан-жолдасы, қияметтік досы. Осы екі ғашықтың бар өмірін керемет әнге айналдырған есіл әнші кешегі бір қиянатшыл қоғамның «ұлттар достығы» дейтін солақай саясатының құрбаны боп, өз әнінен өзі айырылып, өмірбақи құса боп кеткен бір ғазиз жан еді. И.Ж.) екендігін ашқан, жұртты шатастырып жүрген сол тұңғиық тарихты, Парижде шалқыған «Молдабайдың әні» дейтін ғажайып әннің иесі Молдабайдың бар өмірін тұңғыш рет толғаған эссені … иә, одан кейін «Әділет» газетінің бетінде жарияланған әрқилы тың зерттеулердің бәр-бәрін тізе берудің қажеті де жоқ шығар, кең байтақ Қазақстанның әр түкпірінен осы және басқа да шығармаларымды оқыған жандардың ішінде Ырғыздан, Қорғалжыннан, Ақтөбеден, Оралдан, Қарағандыдан, Шымкенттің өзінен телефон соғып, риза болған жандардың лебізі ойыма ой, шабытыма шабыт қосқандай өз ісіме деген сенімімді бекіте түсіп, тыныс-тіршілігім, жан дүнием мүлде кеңіп сала берді. «Әділет» газетінің әр санын мезгіл-мезгіл алып отырдым. Оны өзім ғана емес, Атыраудың тарихқа зерделі жандары да қызығып оқыды. Бекетпен шығармашылық байланыс жөн-жөнімен жүйелі түрде жүріп, жиі-жиі әңгімелесу барысында осы өмірімде қанша ән-романс жаздым және оның қилы-қилы тарихы, тағдыры, оларды орындаушы әншілер, музыканттар, дирижерлар жайлы қыруар сыр шертілді. Бекет менің жас кезімде әндеріме дуалы сөз айтып, жақсы пікір білдірген Евгений Григорьевич Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Василий Васильевич Великанов, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Анатолий Васильевич Молодов, тағы басқа да музыка корифейлерін де көп сұрады. Қытайда, Моңғолия қазақтарында айтылатын әндеріме де ерекше көңіл бөлді. Әндерімнің қандай жерге, қандай елдерге барғанына қызығып, сол дүниелерді өзі жазғандай іштей толықсуы тап-таза пәк жаратылған көшелі жанның бітімі бөлек бекзат болмысын танытып, өзіне шынайы сезіммен баурай тартуы… міне, осы қасиетін ойлағанда дүние тағдыры, ел мен қоғам мүддесі осындай жандардың қолында болса ғой, деген патетикалы идеал көз алдымда жайнайды да тұрады. Бекетпен әр кез тілдескен сайын оның өмірі ғажайып ақын Қасымның:

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,

Көрінер көлеңкесі келбетімде, – дейтін сөзін еске салып, қасиетті Қазығұрттың етегінде жұпыны ғана Талдыбұлақ ауылында қарапайым болса да кісілігі зор, ерлі зайыпты – Тұрғара мен Айымкүлдің отбасында туып, ұшар басы алтын күнмен тілдесіп тұрған Қазығұрт шыңына өрмелеген балалардың ішінде қара домалақ осы балақан күндердің күнінде, білімділігі мен біліктілігі жан-жақты толысқан қайраткер ретінде танылып, ата заңымыздың корифейлерінің ең беделдісі академик Салық Зимановтай ғұламалармен інісі ретінде тең сөйлесетін кемеңгерлік дәрежеге жетіпті. Дәлірек айтсақ, Бекет судья боп қызмет еткен кезінде 2002 жылы заң ғылымынан «Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал, 2007 жылы «Атқарушылық іс жүргізу құқығының теориялық проблемалары» деп аталатын тақырып бойынша докторлық диссертация қорғады. Осы салада жауапты қызметтерді абыроймен атқара жүріп, тарих пен өнерге, әдебиет пен музыкаға зерделі болмысымен ұлттық руханиятқа жасаған, әлі де жасап келе жатқан тағлымды іс-әрекеттері бүгінде ел ішінде аңызға айналды. Осы қайраткерлігін ойлағанда: «Залымға билік берсең ғалымды қаңғыртады, ғалымға билік берсең дүниені жаңғыртады» деген аталы сөз, биік-биік идеалдармен тыныстайтын Бекеттің азаматтық амплуасын жарқыратып тұрып аша түседі екен. Өзін осылайша көсем сөзді парасат иесі деп танысақ, өзі секілді өзгеге ден қойып, өзгенің ой-пікірін, дуалы сөзін ыждағатпен тыңдауы, кішілік қалпымен кішірейіп отырып өрелі болмысын, биіктігін, тереңдігін сездіруі, әр нені байыппен зерделеуі кез-келген жанның ділі мен дітінде кездесе бере ме, тегі? Бұл қасиеті тағы да толғандыра қалып:

Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Тектіден текті туады,

Текті тұқым қуады! – деп айтылатын сөз өз әкесі Тұрғарадан әрі… тым әрі жасап өткен ата-бабаларының рухына еріксіз бас игізеді. Сөз жоқ, қалай ойласаңыз да Бекет өмір сырын, дүн-дүние тынысын, ел мен жер тағдырын, қоғам мен мемлекет болмысын, мезгіл мінезін, адамдардың бір-бірімен қарым-қатысын, елдің жел өтінде, билік басында жүрген жандардың өресі мен деңгейінің қандай дәрежеде екендігін көреген көзбен, ойлы жүрекпен пайымдайтын сирек бітім! О баста түп-тұқияны, зәу-затында ірілік бітім болуы хақ… соның құдіреті шығар, қазақ қоғамында маңдайы жарқыраған өрелі қайраткер боп тағылымды ғұмыр кешуі сүйсіндіретін, дос-дұшпанын табындыратын, таңдандыратын әншейін ғана жай құбылыс емес, айбынды, сесті құбылыс. Бекеттің бір туар болмысын, кісілігін, беделін, тура сөзді жандардан талай естідім. Жүрегімдегі осы толғаныс мына бір жайды еске түсірді: Сонау бір жылдары… маусымның маужыр күндері еді. Атыраудан Алматыға келіп, бала-шаға дос-жарандармен қауышып, ойда еш алаң жоқ, жайбарақат жүргем-ді. Сол күндердің бірінде Алматыда араласып, сыйласып тұратын заң ғылымының айтулы маманы, оның ішінде КГБ саласында ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен полковник Уәлихан Мұқаев есімді білімді де білікті жанның үйінде Мағжан ақынның інісі Сәлтайдің (шын есімі – Сәлімгерей кешегі бір қуғын-сүргін кезінде ұсталып кеткен ақын ағасын жоқтатпай қайратты іс-әрекетімен ауыл-аймақты басқарып, өз әулетін асырап-сақтаған аяулы жан. И.Ж.) зайыбы – жүз жасаған Бибізайып әженің өз әулеті, қайнағасы Мағжан ақын жайында жан баласы білмейтін, бір күрсіндіріп, бір сүйінткен таңғажайып әңгімесін емін-еркін тыңдап, диктофонға жазып алғам-ды. Осы бір іске жан-тәнімен берілген Уәлихан ақсақал (бұл кісінің жұбайы Жаңылтай апаның Мағжан әулетімен сүйек жақындығы бар. И.Ж.): – Ильяжан, Атыраудан келер сәтіңді тыпыршып күтіп жүр едім, Бибізайып апамен әңгімең келісті әңгіме болды. Жүз жасаған ананың көкірегі қандай көкірек, а? Қым-қиғаш тарихты жүрек толқытып қалай шертті, а? Осы кісі осылай бәр-бәрін еш қоспасы жоқ қаз-қалпында сайратып отырғанда қапы қалмайық… мен қаржы табам, ол жағынан қам жеме. Көкшетауға барайық, одан соң Петропавлды төңіректеп, біздің ел – Мағжан елін шарлайық, асықпай жүріп. Әлгі тапқан қаржыма Мағжан жайында деректі фильм түсірсең. Бибізайып апа осы жақын күнде Петропавлға, иә, үйіне қайтады. Ол – Возвышенский дейтін совхоз. Ал, сол төңіректегі Сасықкөл – Мағжанның ауылы. Үлкен әңгіме сол жерлерде айтылады. Осы істің үдесінен шықсақ тағы бір арманым орындалғандай болар еді. Мен арманда кеткен екі асыл– Үкілі Ыбырай мен Мағжанды ақтаған жанмын. Түбінде әділет жеңді. Шындық өлмеді. Есіл ерлердің тәні өлсе де рухы өлмеді. Олардың аруағы оянып, екінші өмірі… бүгінгі және болашақ ұрпаққа тағылымды ғұмыры жарқырап тұрып ашылды. Барайық… барайық, Ильяжан, Мағжан туған топыраққа. Елде есті, намысты азаматтар бар. Солармен тілдесем. Бізге қандай көмек қажет болса бәріне қол ұшын береді. Жасым ұлғайды, бірақ, оған дес беретін түрім жоқ! – деп мені ойда жоқта сүттей ұйытқан тебіреністі сөзінің аяғын әдеттегі дағдысы – шуақты әзілмен бітірді.

Мәміле осылай болды. Бәр-бәрін мақұл көріп, іштей келісіп, ол дітімді Уәлихан ақсақал анық сезді де: – Ильяжан, ән зерттеп көп жүресің, басқа сапарыңды қоя тұр. Мағжан елімен хабарласам. Қай күні, қандай жағдайда айтсам да, әйтеуір дайын отыр. Уәде құдай сөзі, – деді.

Содан көп ұзамай біз Көкшетауға келдік. Өзімнің көп зерттеу жүргізген елім. Аузын ашса көмейінен күн көрінетін аңқылдаған сері ел. Бұл жерде құдай жарылқап, Көкшетау облыстық теледидардың бас редакторы, менің шығармаларымды жан-жақты зерттеп, газет-журнал бетіне жария етіп, тығыз байланыс жасап жүрген жазушы-журналист Толымбек Әбдірайым жүздесіп, біздің бар ойымызды құптап, өзінің видеооператор екендігін де айтып, сапарлас боп шыға келді. Мағжан ақын жөнінде деректі фильм-хикая түсіруге жан тәнімен қызықты. Мақсатты ісіміз жөн-жөнімен үйлесе кетті. Жұмысымыз қызу түрде басталды. Казгородок ауылында маған 1980-жылдан бастап Біржан Сал, Ақан Сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлардың ел ішінде айтылатын әрқилы әңгімелерін көп сөз ғып, әркез хат жазып, тың деректер жіберіп отыратын Болат Бекенов ағай өз үйінде (осы ауылда орта мектепте ұзақ жыл директор болған кісі. Жазушы Елжас Бекеновтың баласы. Ауылдасы Шәймұхан Омаровты өз кабинетіне шақыртып алып, Біржан Салдың атақты «Айбозым» әнін жазуыма мүмкіндік жасаған еді. И.Ж.) біреу алдын ала дайындап қойғандай Үкілі Ыбырай мен Мағжанның қалай ұсталғанын таңдандыра әңгімеледі. Ол әңгімені түсірдік.

Бурабайға келдік. Бұнда бір кездерде көл жағасында Мағжан отырған жартастарға шығарып, дүлдүл жырау, алғыр ақын, манасшы Баянғали Әлімжановтың толғаулы үнімен, «Бұл өмір абақты ғой саналыға» деп шерлі сөзбен басталатын «Баян батыр» дастанын аңырата жырлатып, оны түсірдік. Сол сәттегі тебіренісіміз… о, оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қайран Мағжан! Зарлы заман запыраны тар кеудесіне қалай ғана… қалай сыйған, о, бейопа өмір, дедік іштей күрсініп.

Петропавлдың бір ауылында батыр Баянның ұрпағы– қамшыдай қатқан қарияны да сөйлеттік, батыр атасының аңызын еміс-еміс біледі екен.

Возвышенский ауылында Бибізайып әженің ана жолы Уәлихан ақсақалдың үйінде айтқан әңгімесін енді өз үйінде емін-еркін жалғастырып, содан кейін бір топ адамдармен ауыл шетінде көк тоғайдың саясында жұлдызы самсаған айлы түнде алау жағып, Мағжанның өмірін жыр ғып,әр өлеңінің таңғажайып сырларын ашып, ертегі тыңдағандай бір тамаша сәтті бастан кештік. Ертеңінде көп әңгімені Сасықкөлде Мағжан ауылының есті адамдары қозғады. Ауылдың іргесінде ескі қорым бар екен, онда Мағжанның асыл анасы Гүлсімнің жер боп қалған бейітін Ақан есімді кісі тауып беріп, ал, ақынның әкесі Бекеннің Петропавлда жерленгенін айтты. Алақұйын заманның әлегі қандай ғана қасіреткке душар еткен, күрсініспен айтылған әр әңгімені қабырғамыз қайысып, мұңға батып тыңдадық. Кешегі бір күндері Мағжан туып-өскен, балалық – жастық шағы өткен жерлердің қиял қозғайтын әсем табиғаты да назардан тыс қалған жоқ. Мағжанның балауса жырлары осы Сасықкөлдің төңірегінде туындаған. Орыс әдебиетінде «По Пушкинским местам», «По Лермонтовским местам» деп аталатын әдеби – музыкалы ғажап-ғажап зерттеулер, тебіреністі әңгімелер бар. Олардың көптеген өлеңдері, прозалық шығармалары сол өздері жүрген жерлердің толғанысқа салған әсерінен жазылып отырған. Мағжанның өмірі де романтикалық сырларға толы бітім-болмысы бөлек сұлу өмір. Мағжандай нәзік сезімді лириктің әрі сәулелі, әрі қапалы да мұңды өміріне куә болған жерлерді көргенде қасымызда Мағжанның өзі тірі жүргендей қатты тебірендік. Мағжанның беймаза күйде өткен қиын тағдырын жақсы білетін Толымбек ел әңгімесін зерделі көңілмен тыңдап, көкейдегі оқиғаның бәр-бәрін ыждағатпен түсірді. Деректі фильмнің жалпы нобайы, көріністері көз алдымызда жайнады да тұрды. Діттеген мақсатымыз ойдағыдай орындалды. Толымбек жұмыс жағдайына байланысты Көкшетауға қайтып кетті. Уәлихан ақсақал бұл Қызылжар елінің арғы-бергі тарихын көп біледі, әкесі осы топырақта жатыр. Ана бір жылдары басына көктас орнатыпты. Мағжанның хикаясын түсіру үстінде ол зиратқа да барып, дұға жасап едік. Тындырған ісімізге риза болған Уәлихан ақсақал бір отырыста: – Кіндік қаның тамған туған жерге не жетсін, көптен бері күйбең тірліктен қол босамай, келе алмай жүр едім, Мағжанның құдіретті аруағы сәтін салып, ел-жұрттың ортасына осылайша алып келді. Ильяжан, келген жұмысымызды бітірген соң бір-екі күн кідірейік. Келгелі бері осы Солтүстік Қазақстан облысының судьясы боп қызмет етіп жатқан қазақстанға белгілі юрист Бекет Тұрғараев жайында біраз жақсы әңгіме айттың, бұл азаматтың заңгерлер арасында өте беделді екенін сырттай мен де білем. Оңтүстік Қазақстан облысының судьясы болған кездерде ол жүйенің жұмысына жаңаша көзқараспен басшылық жасағаны да есімізде. Сыртынан жақсы сөз еріп, жылы лебіз естіліп жүретін азаматпен жүздессек артық та болмас еді, – деген сөзі көкейдегі ойыма үйлесе кетіп, еш толқымай Бекетпен кездесіп, сәлемдестік. Үйіне келдік.

 

*   *   *

Бекеттің үйіндегі сол бір келісті отырыс…ойда жоқта біздің келе қалғанымызға мәз-мәйрам боп қуанған жайсаң мінезді сүйкімді келін – Ұлдының кең дастарханы басында Алматы зооветеринарлық институтының ректоры Қалдыбек Сәбденов бар (Ұлдының жақын ағасы)… жаңа ғана сәлемдессек те ежелгі таныстардай шүйіркелесіп, қандай әңгімеге болса да өте икемді Уәлихан ақсақал ә дегеннен бұл елдің қилы-қилы әңгімесін шертіп, Бекет екеуінің сөзі бек жарасып, ара-арасында Шал ақын, Орынбай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан жайлы белгілі, белгісіз сырлардың тиегі ағытылды. Бекет Көкшетау, осы Қызылжар топырағында туған Қожаберген жырау, Сегіз сері, бұлардың ар жағында жасап өткен дана билер мен ел қорғаған хас батырлар, олардың ішінде Абылайханға байланысты неше түрлі жойқын әңгімелерді естіп-біліп, көп жайды көкірегінде кітап сөзіндей сақтап үлгіріпті. Өздері заңгер болғандықтан көп әңгімеде Уәлихан ақсақал мен Бекеттің ой-пікірі бірін-бірі толықтырды. Бекеттің қара бұлақтай тұнған қоңыр көзі тұңғиық оймен тереңдей түсіп: – осы жаққа келгелі бері бұрын анда-санда оқып қойып жүретін Шал ақын, Мағжан, Үкілі Ыбырайдың заманаға айтқан сөзін ел аузынан жиі-жиі естимін. Шал ақынның:

Ханнан тақыт таярда

Қараша жұртпен қас болар,

Байдан бақыт таярда

Дәулетіне мас болар,

Кәріден абырой таярда

Аңдығаны ас болар.

Жетесіз туған жігіттер

Жиырма бесте жас болар, – дейтін сөзі ескіре ме, тегі? Уақыт озған сайын Шал ақындай даналар әр кезеңнің ұрпағымен бірге жасай береді. Сол көкірегі көрікті Шал ақынның осы күнге дейін Сергеевка ауданында елеусіз жатқаны мені ойландыра бастады. Абай айтқан емес пе: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деп, былай ойлап қарасаңыз, адам жүрегі тоқтап, тәні суығанда өлді дейміз ғой, бірақ ол пенде кейін уақыт өте келе бір себептермен мүлде елеусіз, ескерусіз қалса, артында іздейтіні, жоқтайтыны жоқ болса, сонда ғана өледі. Бұл сөзді не үшін айтып отырмын, Уәлихан аға, мына Ілекем екеуіңіз кешегі қиянатшыл заманда арманда кеткен Мағжанды тірілткелі келдіңіздер. Осы жұмыс біле білген жанға, қоғамға, бәрімізге ортақ мақсатты іс емес пе? Кең байтақ қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да жаңа аталған қасиетті аруақтар сияқты кереметтеріміз жер астында булығып, тұншығып жатыр. Енді мына біз қасиетті топырағымызды жарқыраған күмбездермен, ұлы тұлғалардың бейнесімен таңғажайып галерея ғып көркейтсек, осы іске ақыл-парасатымыз, саналы жүректің қайраты жетіп жатса, бүгінгі және келер ұрпаққа тағылымды рух емес пе? Елдігіміз бен ерлігіміздің салтанаты сол емес пе?! – деп үнінен жалынды ақынның ыстық лебі шыққандай ойлана тоқтады.

Бұл әңгіменің ара-арасында Қалдыбек пен Бекет Үкілі Ыбырайдың әндеріне ерекше үйіріліп, Уәлихан ақсақалдан есіл әншінің қуғын-сүргінге түсіп, қалай ұсталғанын, қалай ақталғанын көп сұрады. Осындай сауал Мағжан жайында да қозғалды. Ендігі бір сәтте Арқанын әндері орындалды. Біржан Салдың «Теміртасы» айтылып, ғазиз ұлы Теміртастың да «бай тұқымы» деп қудаланғаны біраз сөз болды.

Жан-жүректі есті әңгімелермен толқытқан отырыс кезінде қайта-қайта сал-серілердің ойлы-күйлі әндерінің хикаясы шертілді. Біржан салдың «Ләйлімі», «Бурылтайы», «Ақтентегі», Ақан серінің «Сырымбеті», «Балқадишасы», Үкілі Ыбырайдың бір «Гәккуінің» бірнеше түрі айтылып, ауық-ауық суретке түстік. Бекеттің қарақат көзді бүлдіршіні Алтынай мен шерткен домбыраны қызыға сипалап, көкірегіне басып, маған еркелеп бақты. Осы басқосуға риза болған Қалдыбек Сәбденов: – Жарықтық Лұқпан әкім «мың жасадым» депті. Өмірдің барқын білген саналы көкірегі сөз жүйесі келіскен осындай мәслихатты бір жасқа балай берген ғой. Жаңағы тыңдаған әндеріміз бізді қай заманға алып барды…. және қазақ музыкасының інжу-маржаны дерлік сол әндермен өскен біздің халықтың жан-дүниесі қандай көрікті болған. Бүгінгі және келер ұрпақ осы әндеріміздің қадір-қасиетін ұға білсе, рухани жаратылысымызға, яғни, діліміз бен дітіміздің тазалығына қылау түспес еді, – деді тебірене сөйлеп.

Қалдыбектің бұл сөзін ойлана мақұлдап бас изеген Бекет. – Әлбетте, біз осы ғажайып әндерді радиодан, теледидардан, бала кезімізде жұпыны ғана Талдыбұлақ ауылымызға келіп-кетіп жататын әншілерден тыңдап өстік. Біз кітапқа құмар едік, өнер иелерінің таңғажайып әңгімелерін ертегі тыңдағандай қызыға оқушы едік. Енді, міне, осы Солтүстік Қазақстан облысына келгелі бері қилы-қилы тарихы бар қасиетті жерлерді емін-еркін аралап жүрмін. Арғы-бергі тарихын зерделеумен келемін. Жаңа сөз болған сал-серілер мен үшін әр қайсысы бір-бір жалғыз сияқты боп көрінеді және олар қандай өмірді бастан кешкен, әрқилы тағдыр тәлкегіне түсіп, кейбірі қалай ұмытылған… Уәлихан аға, Сіз, Үкілі Ыбырай мен Мағжанды ақтаған аға буын-мәдениеті, ақыл– парасаты мол, білімі жоғары заңгерсіз. Өзіңіз қызғыштай қорғаған екі тұлғаның тағдыры мені де ерекше ойға салып жүр, – деп, қоңыр көзі тостағанға тұндырған қара шайдай тым тереңдеп кетті.

Кейін Алматыға қайтып келе жатып, Уәлихан ақсақал: – Юристерді оқытқан жылдарымда білімге алғыр, көкірегі ояу, небір ақылды, алымды, жігерлі жігіттер мен қыздардың талантылығына тәнті болушы едім. Бүгін Бекет Тұрғараевтай азаматтың қандай деңгейдегі заңгер екеніне әбден көзім жетіп, қас-қағым сәттік жүздесуде әріден ойлайтын, қандай мәселеге кіріссе де кесек турайтын намысы зор кісілік келбетіне таңғала табындым. Кейде мұндай кемеңгер ойлы қайраткерлердің бағын байлайтын, өрісін тарылтып, аяғынан шалып, жол бермейтін өресіз, дарынсыз мансапқор, шенқұмарлардың жоғарыда отырып алып, өзіне «послушный винтик» етіп алуға тырысатын жымысқы, арсыз, арам қылықтарын көргенде: «Құдайым сауысқанға бақ берген соң, самұрық қызмет қылар саясында» деген сөз жүрегіңді ұйытады. Елдің, мемлекеттің көсегесін көгертетін Бекеттей ойлы жүректі, терең білімді заңгерлер көбірек болса, Атазаңымыздың бағы жанды дей беріңіз. Мұндай көшелі кемеңгерді ерді ана жүздің, мына рудың баласы деуге қалай дәтің барады? Біржан Салдың: «Үш жүзге атым шыққан Біржан едім» дейтін сөзі-ақ қой! Бекет жан-жақты толысқан ар-намысы биік, бір атаның ғана емес, халықтың ұлы екен, – деді.

 

*   *   *

Петропавлда Бекеттің үйінде болған сол жүздесуден кейін біраз жылдар өтіпті…

Бекет… сырт көзге емендей сірескен паң көкірек жан емес, бойын жасырып жүрген тұлпардай қарапайым ғана пенденің бірі. Бірақ, дүние танымы кең, ішкі жан дүниесі бай, оған тереңірек үңілсең Абайдың:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, – деген сөзі тіл ұшына үйіріледі. Тумысы бөлек, уызына жарыған, тәңірдің өзі тойғызып қойған, кесек бітім. Сан – саққа самғап, ескек желдей жүгірген ойың көз алдыңа Бекет жайында таңғажайып көріністерді әкеледі. Оған әсер ететін құбылысты қараңыз: Ананың ақ төсіне өрмелеген нәрестедей Қазығұрттың боз мұнарға бөккен шыңына тырмысып шығып, бұлдыр сағым ойнаған даланың көз жеткісіз шексіздігіне құштар сезіммен ұмсына қараған балақай келе-келе өзі қатарлы балалардан оза жетіліпті. Өзін аялаған табиғатты, өмірді, адамдарды сүюі, ана дүниеде пейіш төрінде жатқан рухы зор аруақтарды пір тұтуы «Менмін!» дейтін асылық сөзді жандардың арасында екінің бірінің болмысында бар қасиет болса, қане?

Бекеттің сан-салалы қызметімен қоса ұлттық руханиятқа ойлы жүрек, саналы сезім, қайратты ердің жігерімен жасап жүрген ірі тірлігі Пушкиннің: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» деген асқақ сезімді ойын еске салып, таң-тамаша қалдырады. Оның елді сүйіндірген бір ісі – туған ауылы Талдыбұлақтағы үш кластық жұпыны мектепті 2001 жылы тоғыз кластық мектеп етіп салып берді. Кластан класқа өтіп жатқан балаларын қайда оқытарын білмей әр кез дағдарған көгенкөз жұрттың көкейкесті тілегі оңынан туған Айдай боп жарқырады.

Ұлы жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданының орталығы Шарапхана селосында «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, дүниені қасіретке душар еткен қырғын соғыста мерт болған 384 боздақтың атын алтын әріппен қара мраморға жаздырып, және сол сұрапыл шайқастан елге аман-есен оралған 26 ардагердің де есімдерін жаздырып, олардың ұлы бабасы Түгейболат бабаға арналған 21 шаршы метрлік алып ескерткіш монументін де тұрғызды. Бұл жойқын тірлікке тебіренген жұрт Бекетке алғыс сезімін білдіреді де отырады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы боп қызмет ете бастағанда Бекет жергілікті елмен етене араласып, тарихын зерттеп, көсем сөзді шешендер мен билер жайында қыруар дерек жинады. Сол кереметтердің ішінде Жабайұлы Тоқсан бидің аталы сөздері қызықтырды. Сол сөздерді жинатып, кітабын шығарды, кесенесін көтеріп, асын берді. Петропавлдағы бір көше Тоқсан бидің атымен аталды.

Кезінде әр сөзі Асанқайғы мен Бұқар жыраудың сөзіндей ана заман мен өз заманын, келер күндерді ой безбеніне салып, өмір құбылысын терең толғап өткен Шал ақын Құлекеұлы (бүгінде қазақ ғылымында біліктілігі де, беделі де зор академик Аманжол Қошанов осы атақты ақынның ұрпағы.И.Ж.) Төле бидің жиені, Абылайханның замандасы еді. Екі жарым ғасыр бойы ойлы-күйлі, терең толғаулы жырлары мен айтыстары ел жүрегінен өше қоймаған сол Шал ақынның кім екендігін:

Саясы жоқ бәйтерек

Саздауға біткен талмен тең.

Жақсы ағаңыз бар болса,

Алдыңда сары белмен тең.

Ағайының көп болса,

Ұлық бір шеру қолмен тең.

Ақылсызға сөз айтсаң,

Алды бір тұйық жармен тең.

Молдадан сабақ алсаңыз,

Алуа-шекер балмен тең.

Пайдасы жоққа жалынсаң,

Семіз бір жемқор малмен тең.

Жақсы қатын алсаңыз,

Алладан жауған нұрмен тең.

Жаман қатын алсаңыз,

Маңдайға біткен сормен тең.

Уайымшыл жігіттің

Кең дүниесі тармен тең.

Уайымсыз жігіттер

Қарабұлан нармен тең.

Жетесі жаман жігіттер,

Тоқсандағы шалмен тең.

Жаманнан көрген қорлығың,

Көкірекке біткен шермен тең.

Бір қалған соң көңілің

Қаңтарда қатқан мұзбен тең, – деп келетін философиялық өлеңінен-ақ зерделі жан танып-біледі ғой. Қандай өрелі толғаныс, бұл!

Бекеттің тыянақты көңілмен зерттеген бір керемет тұлғасы осы Шал ақын еді. Ол жайында Шоқан Уәлиханов өз зерттеулерінде: «Менің бабам Абылайханның замандасы Арғын-Атығай ішінде Бәйімбет табынан шыққан Шал ақын қазақ халқының тегі, қазақ халқын құраған рулар жайлы аңыздарды жинақтап, ғажап эпос жасады.» деп сүйсіне жазғаны бар, Бекет осы сөздерді зерделеп, ғалымдар мен ақын-жазушылардан, көкірегі сырлы көнекөздерден, оның ішінде ақынның ең жақын ұрпағы, елімізге белгілі бір жарқын тұлға академик Аманжол Қошановтан да көп-көп тосын әңгімелер естіп, тағы да азаматтық ойы жарқ ете түсіп, 2007 жылы Шал ақынның өз туған жерінде мүсінін орнатты. О, шіркін дүние десеңізші, жарық дүниеден жүзін үйіргелі бері есіл ақынға мұндай керемет құрмет көрсетіледі деп, кімнің қаперіне келді, екен? Бұл тарихи істі Шал ақынның құдіретін әбден танып-білген Бекет жүзеге асырып, жауһар сөзді көк нөсердей төккен ақынын сағынған аңсаулы жұрттың алғысына бөленіп, көңілінен шықты. Ұлы даланың төсінде бой түзеген ұлы тұлғалардың ескерткіштері қатарында Шал Құлекеұлының еңселі келбеті де жан сүйсіндіреді. Бүгінде өзінің туған жері де Шал ақын ауданы деп аталады.

Енді бірде… бұл– 2008 жыл. Қат-қабат жұмысының арасында дәйім тынымсыз оймен жүретін Бекет жарық күнде қолына шам алып, ине іздеген тақуа жандай ел ішіндегі көнекөздердің әңгімелеріне ден қойып, Петропавлдың ескі қорымында жермен-жексен болған бейітін зорға тауып, Мағжанның кезінде болыс боп, ел силаған айбарлы да айдынды әкесі Бекенге, одан кейін Сасықкөлде анасы Гүлсімге асыл тас граниттен зират орнатты, асын берді. Осы бір оқиғалар ел, қоғам, мемлекет алдында Бекеттің азаматтық беделін тағы бір көтере түсті. Кешегі қоғамнан қағажу көрген Мағжанның бейкүнә әулетінің дидарын осылайша жарқын ғып, арманды істі тындырды.

Сол жылы Бекет Көкшенің бір көркем жері Жамантауда, иә, «Өскен» деп аталатын ауылында гәккулете ғұмыр кешкен Үкілі Ыбырайдың сүйкімді мүсінін орнатты. Туған ауылы әншінің өз есімімен аталды. Ел-жұрт кезінде: «Ханнан да қадірлімін туған елге!» деп шалқытып жүріп, бейопа қоғамның нақақтан-нақақ құрбаны болған Үкілі Ыбырайдың өзі тіріліп келгендей шаттанып, алғыс айтты. Іс мұнымен тынған жоқ, Петропавлдың бір әсем гүлзарында Үкілі Ыбырайдың екінші мүсіні орнатылды. Бұл жұмыстарға да Бекет атсалысып, көмектесті. Ел тілегі ешуақытта орындалмайтындай көрінуші еді, орындалды!

Қазақ ғылымында есімі әлемге әйгілі академик Евней Букетовтың ғалымдығы, жазушылығы, ақындық болмысы, эстеттік, кісілік келбеті аңызға айналған дара тұлға еді. Кешегі бір күндері Қарағандының Мемлекеттік университетінің жұмысын кемеңгер ғұламаларға тән биік қасиет, жан-жақты білімпаздықпен көркейткен ұлан-асыр еңбегін көре алмаған көр пенделердің нақақ қиянатына(Бүгінде көк жүзінде планетаға айналып жарқырап тұрған академик Қаныш Сатпаев та кезінде және бұл дүниеден жүзін үйіргеннен кейін де қызғанышты пейілмен күн кешкен іші тар, аққудың өз әнін өзіне қимайтын өресіз бақталастардың қиянатына ұшырағаны дүйім жұртқа белгілі жай. И.Ж.) шыдай алмай, жарық дүниеден тым ерте кеткені халқымыздың қабырғасын қайыстырған налалы өкініш еді. Бірақ, шындық жеңді. Күншілдердің үні өшті. Бүгінде Қарағандының Мемлекеттік университеті Евней Букетовтың есімімен аталады. Бекет атақты ғалымның пешенесін жарқыратып, Петропавлда мүсінін орнатып, үлкен жүректі адамның үлгілі ісін жасады. Бұл – 2009 жыл.

2010 жыл. Өзінің туған жері қасиетті Қазығұрттың етегінде жергілікті жұрт пір тұтатын ескі әулие – Ақбураның кесенесі бой түзеді. Бекет бұл істен де шет қалған жоқ. Көмек берді. Бұл да имандылық қасиетке бай адам жасайтын ізгілік.

Бекеттің тағы бір қайраткерлігі ықылым заманнан бері әбден ұмытылып, тарих бетінен «өшті» деп есептелетін, кезінде жоңғар шапқыншылығында Әз Тәуке ханның қасында қол бастаған жырау Қожабергенге 2010 жылы ескерткіш қоюы. Ел-жұртқа әйгілеп, ұлы жыраудың қоғамдық қорын ашты, арада үш жыл өткенде халық шаттығы етіп, ұлан-асыр тойын жасады, ғұлама ғалымдардың бас қосқан жиыны – салиқалы ғылыми конференцияны өзі бас боп өткізді. Қожаберген жыраудың тарихи келбеті ашылып, рухы зор тұлғасы жан-жақты көрінді. Тарихтың тағы бір тұңғиық сырына көз жеткіздік.

2014 жылы Бекет Тимирязев ауданында Баян батырдың екі ағасы – Сары, Сүгір батырларға кесене тұрғызып, ас беруге де тікелей араласты. Соңынан сол жерге көрнекті кесене тұрғызуға ұйытқы болды.

Бекеттің қазақ руханиятын дамытуға қосқан ұлан-асыр еңбегі (Жер-жерде кітапханаларды әр түрлі әдебиет нұсқаларымен байытуы, жекелеген ақын-жазушылардың том-том кітаптарын шығарып беруі, өнер иелеріне демеушілік көрсетуі ол өзінше бөлек әңгіме. И.Ж.) тек қана өзінің азаматтық мерейін көтеретін абырой емес, ол, сөз жоқ, ұлттық мақтаныш!

Илья ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанға Еңбек сіңірген қайраткер,

композитор, жазушы, суретші, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *