Еліміздің Премьер-лига командалары арасындағы кезекті чемпионат мәреге жетті. Чемпионат аяқталмастан жеңімпаз бен жүлдегерлердің бәрі белгілі болды. 29 кездесуден кейін 71 ұпай жинаған елордалық «Астана» клубы қатарынан бесінші рет чемпион атанды. Маусым аяқталғанда олар ұпай санын 77-ге жеткізді. Бұл – Қазақстан чемпионатындағы өзіндік рекорд. Сөйтіп, олар Павлодардың «Ертісі» мен «Ақтөбе» клубтарының ел чемпионатындағы қол жеткізген жоғары жетістіктерін қайталауға қол жеткізді. Соның алғашқы төртеуінде болгариялық білікті бапкер Станимир Стоиловтың сіңірген еңбегі сүбелі болғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Ал биылғы табысына жергілікті жаттықтырушы Григорий Бабаянның жетекшілігімен жетісті. Тағы бір ғажабы, қақпашы Ненад Эрич (Сербия/Қазақстан), қорғаушылар – Марин Аничич (Босния және Герцоговина), Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников (Ресей/Қазақстан), жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов, шабуылшы Патрик Твумаси (Гана) да қатарынан бесінші, ал Жуниор Кабананга (Конго Демократиялық Республикасы) қатарынан төртінші мәрте чемпион атанып отыр. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Сөз орайы келгенде елордалық клубты осындай толағай табысымен шынайы құттықтап, олардың келесі жылғы кәрі құрлықтағы Чемпиондар лигасының жарыстарында да жоғары жетістіктерге қол жеткізулеріне ізгі тілектестік білдіргіміз келеді.
30 ойыннан кейін 61 ұпай жинаған Алматының «Қайраты» қатарынан төртінші рет күміс жүлдегер атанды. Олардың сапында Шымкент футболының түлегі Ғафуржан Суюмбаев та бар. Қалған үш ойында олар небәрі бір-ақ ұпай иеленді. Оңтүстікастаналық клуб соңғы мәрте 2004 жылы алтынмен апталған болатын. Міне, содан бері оларға чемпиондық атақ бұйырмай жүр.
Есесіне ел кубогының жарыстарында сәтті өнер көрсетіп келеді. Олар күміс кубокқа сегіз мәрте иелік еткен. Бұл – Қазақстан рекорды. Биылғы шешуші ақтық финалдық сайыста алматылықтар атыраулық әріптестерімен кездесетін болады. «Қайраттың» қарсыластары 2009 жылы ел кубогын еншілеген. Бұл бәсекені 24 қарашада Шымкентте өткізу жоспарланған.
31 кездесуден кейін 50 ұпай топтаған Қостанайдың «Тобылы» қола жүлдеге қол жеткізді. Команда сапынан Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев секілді шымкенттік футболшыларды кезіктіруге болады. Қалған екі кездесуде үш ұпай еншіледі. Олар 2010 жылы ел чемпионатында топ жарған-тұғын.
Шымкенттің «Ордабасы» клубы биылғы чемпионатты ала-құла өткізді. Футбол маусымы басталар тұста клуб басшылығы чемпион боламыз, кубок аламыз, тіпті Еурокубок жарыстарында атой саламыз деп үйіп-төгіп уәде берген. Өкінішке орай, іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Ел кубогының бәсекелерінде сәтсіз өнер көрсетті. Қаржылық жағдаятқа байланысты Еурокубок жарыстарынан да шеттеп қалды.
Орта жолда клуб президенті мен бас бапкер ауысты. Сөйтіп, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын Бақтияр Байсейітов қаржы жөніндегі директор болса, болгариялық маман Георги Дерменджиев еліне қайтқан. Олардың орнына балуан жігіт Нұржан Қатаев пен алматылық «Қайратты» баптаған грузиялық маман Кахабер Цхададзе келген. Клубтың жаңа басшылығы да кемінде жүлделі үшінші орынды иемденуді межелеген. Нәтижесінде, 46 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. 33 кездесудің 13-інде жеңіске жетіп, тағы соншамасында қарсыластарына жол беріп, жеті ойында тең тарасты. Жекелеген ойыншылардан тек Еркебұлан Тұңғышбаев қана ерекше көзге түсті. Енді ол да «Астана» мен «Қайрат» командаларының біріне ауыспақшы көрінеді. Үлкен үміт артқан легионерлеріміз сенімді толық ақтады дей алмаймыз.
Ендігі бар үмітіміз – «Қайратттың» тілеуін тілеу ғана болып отыр. 24 қараша күні Шымкентте ел кубогының финалы өтеді. Онда алматылық клуб атыраулық әріптестерімен жасыл алаңға шығады. Міне, сол ойында күміс жүлдегер команда жеңіске жеткен жағдайда шымкенттік «Ордабасы» клубы келесі жылы Еурокубок жарыстарына қатысуға жолдама алатын болады.
Қызылорданың «Қайсары» 45, Талдықорғанның «Жетісуы» 43 ұпаймен алғашқы алтылыққа жайғасты. Өз кезегінде «Ақтөбе» 42, Қарағандының «Шахтері» мен «Атырау» 36 ұпай топтады. Доп айырмасы: кеншілерде 29-36=-7, ал атыраулықтарда 34-47=-13. Оныншы орындағы Павлодардың «Ертісі» (35 ұпай, доп айырмасы: 28-45=-17) Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін бірінші лиганың қола жүлдегері Шымкенттің «Қыранын» ұтуы керек. Ауыспалы ойындар 16 қараша күні Шымкентте, 20 қарашада Павлодарда өтеді.
Петропавловскінің «Қызылжары» (35 ұпай, доп айрмасы: 27-48=-21) мен Оралдың «Ақжайығы» (30 ұпай) Премьер-лигамен қоштасып отыр. Олардың орнына келесі жылы Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен «Тараз» ойнайтын болады.
Маркос Пиццели («Ақтөбе»)18 доппен сұрмергендер көшін бастады. Адеринсола Хабиб Эсеола («Қайрат» Алматы)17, Марин Томасов («Астана») 14, Исаэл («Қайрат» Алматы) 13, Алексей Щеткин («Астана») 10, Малик Мане («Ақжайық» Орал) мен Андрей Аршавин («Қайрат») екеуі де – 9, Тимур Мульдинов («Қызылжар» Петропавловск), Патрик Твумаси мен Роман Муртазаев (екеуі де – «Астана») бәрі де – 8 доптан соғуға жетісті.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.