АЛҒА АДЫМДА, «АСТАНА!»

Спорт
899 Views

Футболдан Еуропа лигасының топтық бәсекелерінде сынға түсіп жүрген елордалық «Астана» клубы үшінші турдың ойынын сырт алаңда өткізді. Олар Чехияның Яблоненец-над-Нисоу қаласындағы «Стржельнице» стадионында жергілікті «Яблонецпен» кездесті. Ойынның төртінші минутында Якуб Поважанец доп соғып, алаң иелерін алға шығарды. Арадан жеті минут өткенде елордалық клубтың сапындағы легионерлер айрықша көзге түсті. Жуниор Кабананганың (Конго Демократиялық Республикасы) пасын ұтымды пайдаланған Педру Энрике (Бразилия) баспен доп соғып, есепті теңестіріп үлгерді.

Жалпы, «астаналықтардың» «екінші қабатта» да шебер ойнауды меңгере түскені көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Алайда, жасыл алаңда ойын тәртібін бұзып, төрешілер тарапынан жиі-жиі жазаланулары тыйылар емес. Бұл кездесуде жалғыз голдың авторымен (32 минут) қоса-қабат Ласло Кляйнхайслер (49), Ришард Аламейда (76), Серікжан Мұжықовтың (78) ескерту алуы – сөзіміздің дәлелі іспеттес. Сонымен, аса тартысты өткен кездесу 1:1 есбімен тең аяқталды.

Сол күні Францияның Ренн қаласындағы осы аттас клубтың ойыншылары украиналық Киевтің «Динамосын» қабылдаған болатын. Бұл кездесу 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.

Төртінші турда «Астана» – Чехияның Яблонец –над – Нисоу қаласының «Яблонец» клубын 2:1есебімен ұтты. 18 минутта елордалық клубтың бразилиялық легионері, хавбек Педру Энрике есеп ашты. 41 минутта қарсыластың соққысын баспен ұрып қайтармақшы болған Бахтиер Зайнутдинов қапелімде өз қақпасына доп дарытып алды. 88 минутта Евгений Постников жеңіс добын соқты. Астаналықтардан Педру Энрике (55), Марин Аничич (78), қонақтардан Владимир Йовович төреші тарапынан ескерту алды.

Украиналық Киевтің «Динамосы» – франциялық Ренн қаласының осы аттас клубын қабылдады. Аса тартысты өткен кездесу 3:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Киевтің «Динамосы» мен «Астана» К тобының көшін бастап тұр. Сегіз ұпайдан жинаған оларды тек доп айырмасы ғана бөлуде. Алдыңғысында (9-6), екіншісінде (7-4). Үшінші-төртінші орындардағы «Реннде» үш, «Яблонец» екі ұпайға ғана ие.

Келесі, бесінші турдың ойындары 29 қараша күні өтеді. «Астана» – «Динамомен», «Яблонец» – «Реннмен» жасыл алаңға шығатын болады.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *