АСТАНА – ШЫН МӘНІНДЕГІ ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ҚАЛАСЫ

Білім
933 Views

Оңалбай АЯШЕВ, Түркістан облысының Құрметті азаматы: АСТАНА – ШЫН МӘНІНДЕГІ ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ҚАЛАСЫ

Еуразияның жүрегіне айналған Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында біз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Оңалбай Аяшевпен елорданың кешегісі мен бүгінгісі жайында әңгіме-дүкен құрған болатынбыз. Бүгінде сол сұхбатты Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

– Оңалбай аға, еліміздегі соңғы өзгерістер: Шымкент қаласының республикалық деңгейдегі ерекше мәртебе алуы, Түркістан облысының құрылуы ел тарихындағы тегеуірінді жаңалық болды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың таңдауымен Шымкент қаласының әкімі қызметіне Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Осы жағдайларға өзіңіздің беретін пікіріңіз қандай?

– Іргетасы V-VІ ғасырларда қаланған, Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, Қазақ хандығының астанасы болған киелі мекен – Түркістанның облыс атауын иеленіп, орталық атануына куә болған біз, бақытты ұрпақпыз. Елбасының бұл тарихи шешімі елдің кемелді келешегі үшін жасалған игі қадам. Олай дейтінім, Түркістанның дамығаны – еліміздің рухани жаңғырғаны. Қаланың облыс орталығына айналуы оның инфрақұрылымына әсер ететіні сөзсіз. Енді түркі елінің мәдени, рухани астанасы атанған шағын қаланың өрлеу, өркендеу дәуірі басталады. Түркістан түрленеді. Өзгерістер қазірден басталды. Облыс әкімінің іскер ұйымдастырушылығымен жоспарлар жүзеге асып, Түркістанның танымастай өзгереріне сенімдімін.

Ал, Шымкент қаласының республикалық деңгейдегі ерекше мәртебеге ие болып, үшінші мегаполис қала атануы бүгінгі күн талабына сұранып тұрған мәселе еді. Елбасы оны дер кезінде аңғарып, өте дұрыс шешім қабылдады деп білемін. Ғабидолла Рахматоллаұлы – екі жылдың ішінде іскерлігімен ел есінде қалған жаңашыл басшы. Оның қайта оралуы Шымкенттің екінші тынысын ашады. Ғабидолланың өзі «Болашақ» бағдарламасымен неміс жерінде білім алған, Еуропа көрген, дамыған елдер тәжірибесін меңгерген қабілетті жігіт. Ана тілінен басқа орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгергенін баспасөзден оқып, біліп жүрміз. Шебер шахматшы екенін әріптестері жиі айтады.

Осыған дейін түрлі мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың Елбасы Жарлығымен республикалық мәртебеге ие қаланың әкімі болып тағайындалуын Шымқаланың тұрғындары өте жылы қабылдады.

Шымкент қаласының келешекте жұртшылық көруге асығатын әсем қала болатынына күмән жоқ.

– Арман қаламыз – Астанаға 20 жыл толды. Сонымен қатар бұл Елбасымыздың да туған күніне тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ елінің осындай әлем танитындай деңгейге жетуіне Елбасының еңбегі ерекше. Өзіңіз де кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде бірқатар жұмыстар атқардыңыз. Астана қаласы негізінің қалануына да өзіңіз куәсіз. Жалпы, елордамыздың алдағы дамуы жайында не айтар едіңіз?

– Тәуелсіздігіміздің тірегіне, еліміздің тілегіне, барша Алаштың жүрегіне айналған Астанамыздың 20 жылдығы еліміз үшін үлкен мереке. Мәртебемізді биіктетіп, айбынымызды асқақтатқан, жатқа танытып, жақынды жолдас еткізген қазақ елінің айбарлысы күн өткен сайын сұлуланып келеді. Елбасының батыл бастауымен дүниеге келген, жаңа өмірдің жаршысындай жасампаз қала – тәуелсіз мемлекеттің бас қаласы!

Әрине, Сарыарқаның сары белінде мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі ғасырлар тоғысындағы тарихи құбылыс еді. Жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бастау күші, қайнар бұлағы. Айтылғанда құлаққа әуезді әрі әсерлі естілер осы бір тамаша атауды ойлап тапқан да, шағын ауласынан бастап Тәуелсіздік символына айналған Бәйтерекке дейінгі барлық құрылыстың сызбасын сызып, сәулетін сәулелендірген де Елбасы екенін жұртшылық жақсы біледі. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған сәт барлығымыздың да есімізде. Қалың жұртшылықтың әрі-сәрі күй кешкені де рас. Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдерінің бірі еді. Елбасы бір ғана қазақ халқының емес, елімізді мекендейтін халықтардың «еуразиялық арманын» асқақ етті. Бүгінде бүкіл халықты бауырына басып, аразды татуластырып, жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында баршаны топтастырған Елордаға айналды.

Адамзат тағдыры, табиғат тылсымы күнмен қалай байланысты болса, егемен еліміздің ертеңі де Астана қаласымен өзектес, сабақтас. Астана – шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы. Астананы Астана ететін оның көрікті, әлемдік деңгейдегі ұлттық бояумен салынған сұлу ғимараттары ғана емес, оны мекендейтін тұрғындардың жоғары деңгейдегі мәдениеті. Ең құнды байлық – адам капиталы дейтін болсақ, Астана адамдарымен асқақ, адамдарымен алып. Ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатын Астананың өсіп, көркеюі осы адамдардың еңбегіне тікелей байланысты. Халық игілігіне салынып жатқан керемет кешендерге қамқорлықпен қарап, көзінің қарасындай қорғап жүруі, Астананың дамуына үлес қосуы – өз Отанына деген кез келген қазақстандықтың азаматтық борышы, адами парызы. Астана – Елбасының еліне сыйлаған теңдессіз қымбат дүниесі, тәуелсіздік сыйы.

Нұрсұлтан Әбішұлы – Ұлт көшбасшы, адам жанын жанарынан жазбай танып, тез түсінетін, талапшыл, сырлы сұхбаттас, парасатты пікірлес, әңгімелесуші адамын ыждағаттылықпен тыңдай алатын асқан сабыр иесі. Адамдардың білім өрісіне құрықталған көзқарасын анықтай алатын, ХХІ ғасырдағы әлемдік саясаткерлер арасынан дара шыққан ерекше феномен. Дүниежүзілік белгілі де беделді саясаткерлердің бестігіне енуі – Елбасының ғана емес, еліміздің де абыройы. Мемлекет басшысының биік беделі мен маңызды мәртебесі арқылы Қазақ Елін әлем танып, мойындап отыр. Табиғат берген ерекше феноменнің айрықша жаратылысының сырын ашып, саралап, сараптап түсіну және түйсіну біздің дәуіріміздегі тағдырластарымыздың қолынан келер ме екен?! Әрбір қазақстандық азамат өрісшіл еңбек ету үшін Елбасының табиғатта сирек кездесетін саясаттағы басқару феноменіне жүгінуі ауадай қажет.

Астананың 20 жылдығына әр өңір түрліше сый жасап, қаланың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан шаруалар да шаш етектен. Келешегі көркем қаланың даму жоспары жүзеге асып, әлемдегі айтулы астаналардың қатарынан келешекте де көріне берері анық. Елорданың дамуы еліміздің өркендеуі мен дәуірлеуін білдіреді.

– Қазақстанның жоғары білім саласында қарашаңырақ саналатын Шымкент педагогикалық институтының алатын орны ерекше. Кезінде талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен осы жоғары оқу орнының жағдайы мүшкіл еді. Өзіңіз бас болып осы институтты университет деңгейіне жеткізуде қарқынды еңбек еттіңіз. Еңбегіңіз жанып, жемісті жеңіске де жеттіңіз. Қазіргі таңда университетте білімді де білікті шәкірттер даярлап, республикамызды білімді педагог мамандармен қамтамасыз етіп отырсыздар. Жалпы, университеттің даму бағытындағы жоспарларыңыз жайында білсек дейміз.

– Иә, айтып отырғаныңыз рас, келісемін. 1937 жылға дейін жоғары оқу орны түгіл арнаулы орта білім беретін мекемелер де некен-саяқ болған. 1937 жылдың басында облыс мектептеріндегі 3988 мұғалімнің 2%-ы жоғары білімді, 1,8%-ы аяқталмаған жоғары, 11,5%-ы орта педагогтік, 6,8%-ы орта білімді, 14%-ы жеті сыныптық, 9%-ы алты сыныптық, 9,5%-ы бес сыныптық, 36,5%-ы төрт сыныптық білімі барлар еді. Оқушыларды айтпағанда, мұғалімдерінің өзі кезінде араб қарпімен оқығандықтан, жаңа қаріпке көшуден көп қиындық көрді. Орыс мектептерінде кириллица өзгермеген күйі қалса, қазақ сыныптарының латын қаріпіне көшуіне байланысты осы латын графикасында оқып, жазатын, оқушыларға сабақ беретін жоғары білімді мұғалімдер керек болды. Осындай қажеттілікті өтеу мақсатында 1937 жылдың 19 наурызында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Шымкентте мұғалімдер институты ашылды. Бұл кеңестік дәуірде ел үшін істелген игілікті шаралардың бірі еді. Ашаршылықтан азып-тозып, қуғын-сүргіннен әбден қиналған Оңтүстік Қазақстан халқы үшін мұғалімдер институтының ашылуы үлкен маңызы бар оқиға болды.

Мұғалімдер институты 1954 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің өкімімен педагогикалық институт болып қайта құрылды. 1987 жылы институттың 50 жылдық мерейтойына орай оқу ордасына М.Әуезовтің аты берілді. Сол жылдары институт ұжымы жоғары білім беруде шыңға шығып, Одақ көлемінде белгілі білім ордасына айналды.

1993 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты сол оқу орнының құрамына қосылды.

1995 жылдың 9 наурызында институт өз атынан айырылып, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімі, 2003 жылдың 7 наурызында ХҚТУ-дің Шымкент филиалы, 4 қыркүйекте ХҚТУ-дің Шымкент институты болып 2011 жылдың 28 маусымына дейін жұмыс істеді.

2008 жылы ашылған жекеменшік оқу орны институт қайта құрылған 2011 жылға дейін оқу орнының базасында студенттерді қабылдап, оқу үдерісін жүргізіп отырды. Бір кездері атағы алысқа кеткен білім ордасы ашық теңіз ортасында ескексіз қалған қайықтың күйін кешті.. Бұл жағдай институттың байырғы және қазіргі таңда еңбек етіп жатқан профессор-оқытушылары мен осында оқып, білім алып, республикамыздың түкпір-түкпірінде сан алуан салада қызмет атқарып жүрген институт түлектерінің, жалпы оңтүстік зиялыларының арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Оқу орнының ұжымы қасиетті қарашаңырақты құлатпады, уықтарын босатса да керегесін теңселтпеді, босағасын сақтай білді. Қиын шақта қол жинап, облыс әкімі мен Білім және ғылым министріне, тіпті Елбасының өзіне шығып, институттың мемлекеттік мәртебесін қайтарып алуда бірлік пен ұйымшылдық танытты.

Институтпен бірге бірнеше мыңдаған шәкірт пен ұстаз тағдыры сынға түскен сол қиын кезеңде Елбасы мен ҚР Үкіметі институттың бұрынғы мәртебесін қайтару туралы шешім қабылдады. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы Елбасы сенімі мен айрықша қамқорлығы үлкен жауапкершілік жүктейтінін жақсы түсінеді.

Қасиетті қарашаңырақтың құламауын қалаған ұжымның тілегін орындаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының арқасында 2011 жылдың 28-маусымында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қайта құрылды.

2017 жылдың 17 қарашасында ҚР Үкіметінің №753 қаулысымен институт Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мәртебесіне ие болды.

Ұжым арманы – оқу ордасының тарихында абырой биігінен түспей, келер ұрпаққа шың басындағы білім күмбезін аманаттау.

ОҚМПУ – ұстаздар ұстаханасы, өңірдегі ең мықты ғалымдар мен әдіскер ұстаздар шоғырланған іргелі оқу ордасы. Мұнда ғылым докторлары, ардагер ұстаздар әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Жас ұстаздарға үлгі-өнеге көрсетіп қана қоймай, білгендерін бөлісіп отыратын олар әркез қызу еңбектің ортасынан табылады.

Аяқталып отырған оқу жылында жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып қосарланған 6 мамандыққа лицензия алып, республика бойынша осы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік білім грантының 70%-ын жеңіп алдық.

Ең ірі жетістігіміз – бір ғана 2017-2018 оқу жылында 14 мамандық бойынша магистратура, 7 мамандық бойынша докторантураға лицензия алуымыз. Алдағы уақытта 8 мамандыққа магистратура, 7 мамандыққа докторантура ашылады деп жоспарлап отырмыз. Мұндай көрсеткіш университет болғанымызға бір жыл болмаған біз үшін үлкен көрсеткіш. Бірақ жұдырықтай жұмыла жұмыс істеген ұжымның арқасында бұл белесті қиналмай бағындырдық.

«ЭКСПО -2017» Халықаралық көрмесіне 15 оқытушы мен 30 үздік студентті саяхатқа университет қаржысымен жіберген болатынбыз. Биылғы жылы да Астананың 20 жылдығына орай студенттерге сондай сый жасап, Астананы аралап келуге қаржы бөлуді жоспарлағанбыз.

Екі мың орындық 22 қабатты Студенттер үйін салуды қолға алып отырмыз. Жер мәселесі шешілген. Елбасы мен Үкімет тарапынан жасалған қамқорлықты дұрыс жүзеге асырып, студенттерге жақсы білім алуына жағдай туғызуымыз керек.

Айта берсек, жетістіктеріміз өте көп. Атқарылатын жұмыстар одан көп.

– Сіз бүгінде университет басшылығымен қоса-қабат облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де елмен етене араласып еңбек етіп келесіз. Мына өмірде орын алып отырған түйткілді жағдаяттарға байланысты көптеген өткір де өзекті мәселелерді ортаға салып жүрсіз. Қоғамды ілгері дамытуда әлі қандай шешілмеген мәселелер бар деп ойлайсыз? Еліміздегі сыбайлас жемқорлық, коррупция ылаңдарын жоюда әлі де қандай тірліктер атқарылуы керек деп есептейсіз?

– Жалпы өмірді қиындататын – өзіміз. Әркім өз жұмысын біліп, жауапкершілікті сезінер болса, мұндай сұрақ та туындамас еді. Иә, Сіз айтқандай мен облыстық мәслихаттың V және VІ шақырылымының депутатымын. Керек кезінде мәселе көтеріп, қажет болғанда өз көзқарасымды ашық білдіріп келемін. Түйінделген ой-пікірлерден қорытынды шығарып, тапсырылған міндеттерді дер кезінде кемшіліксіз аяқтап, ар мен абыройға қызмет етер болсақ, Сіз айтқан мәселелер өздігінен жойылар еді. Әрбір азамат ел қазынасына көзінің қарашығындай қарап, өзіне деген сый-құрметті оған да көрсетсе, азаматтық парыз бен қарызды сезінсе, жаман әдеттерден тыйылса, бәрі де реттеледі.

Облыстық мәслихат айқай-шусыз үлкен істер атқарып отыр. Осы іске мән берейік.

– Бүгінде жаңа оқу жылына талапкерлер қабылдау қызу жүргізілуде. Жалпы, жас мамандарға айтатын зерделі пікірлеріңізбен бөліссеңіз екен…

– Мемлекетті әлемдік өркениет көшінің алдына шығаратын оның адами ресурстары, демек, мамандар. Қанша жерден қазба байлықтың үстінде отырсаңыз да ел жастары сауатсыз болса, ол мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Ал алақандай ғана аралда тұрып, бүкіл әлемді өз технологияларымен қамтамасыз етіп отыратын мемлекеттер бар. Мәселен, бір шетін Охот теңізі, бір шетін Жапон теңізі, бір шетін Тынық мұхиты қоршап жатқан Жапония технологиясынсыз бүгінгі өркениетті әлемді көз алдыңызға елестету қиын. Бұл – сары құрлықтың бір мүйісіне орналасқан осынау елдің ғылым-білімге деген құштарлығын көрсетеді. Жапонияны бүгінгі Жапонияға жеткізген ондағы жастардың ғылым меңгеруге деген ұмтылысы. Біз де келешек ұрпақтардың арасында екінші Жапония боламыз.

Біздің университет педагог мамандар даярлайды. Мен студенттеріме үнемі мынаны айтамын: жақсы мұғалім болу үшін ең алдымен Отанды сүйіңдер! Өз елінің патриоты болып табылатын кез келген маман иесі ешқашан ешкімді ұятқа қалдырмауға әрекет жасайды. Білуге, тануға деген құштарлық оларды ізденімпаздыққа жетелейді. Уақытпен санаспай, жанкештілікпен еңбектену оларды бәсекеге қабілетті болуға дағдыландырады. Бір сөзбен айтқанда, жақсы мұғалім ойы таза, саналы, ізгі, білмекке құмар, талапшыл, мейірімді, көзқарасы түзу маманнан шығады. Ең бастысы, әркім өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, жұмысты жанын салып орындаса еліміз көркейіп, дамитын болады.

Кез келген маманға өмірлік тәжірибемнен алып айтар кеңесім: көп оқып, еңбектену керек. Таңдап, талғап оқуға, оқығанды көңілге тоқып, өмірлік тәжірибеде қолдануға дағдыланған маман өзгелерден оқ бойы озық жүріп, өз ісінің көшбасшысы атанады. Уақытты үнемді пайдаланған адам әруақытта алда болады. Алда болған адамның өмірі өнегелі. Олай болса, асығайық!

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *