Төменде ұлт зиялылары бірігіп шығарған «Қазақ» газетінде жарық көрген А.Байтұрсынұлының«Қазақ жайы» атты мақаласын қаз-қалпында жариялап отырмыз. «Қазақ газеті»1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарық көрген қазақ басылымдарының маңдайалды туындысы. Бұл газетте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы редакторлықеткен. Осыдан бір ғасыр бұрын қозғалған ұлт мәселелері арада жүз жыл өтсе деәлі күнге өзектілігін жоғалтпапты.
Ілгергі нөмірлерде Еуропа, Азия патшаларының жайынан һәм Русианың ішкі, тысқы істерінің жайынан қысқа-қысқа сөйлеп, аз да болса мәлімет бергеннен кейін, енді қазақ істері жайынан сөйлемекпіз.Қазақтың кемтігі, керегі көп, кемтігін толтырып, керегін табуға істегені аз болған жоқ. Біздің керегіміздің көбі бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер. Бұрын бізге ғылымда, өнерде қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік.
Заманында сол қалпымыз жайлы да, жақсы да еді. Заман қазір де сол қалыпты болса, қазаққа ғылым, өнер керек болмас еді. Адам ғылыммен өнер үшін жаратылған емес, ғылыммен өнер адам үшін шыққан адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. Не нәрсені де болса адам керегі болса іздеп жоқтайды, қажеті жоқ нәрсені кісі жоқтамайды. Бұрынғы күйімізде бізге оқудың тіпті керегі жоқ еді. Дүниемізге керек еді деуге – керегіміздің көбі, мәселен, тамақ, киім, үй бәрі малдан табылушы еді. Олай болғанда күн етуімізге оқудың қажеті жоқ еді.Басқа жұмыстарға керек болды деуге бұл күнгідей уездный, крестьянский нашалніктерге мировой судья, окружной сот, губернатор, министр, сенатқа арыз беру қазақта жоқ еді. Ісі бар адам ауыл ақсақалына айтушы еді. Онан асса биге түсуші еді. Биден асса ханға барушы еді. Олардың бәрі де арызыңды қағазға жазбасаң һәм орысша жазбасаң алмаймыз демеуші еді. Әркім арызын өзі айтып, өзі сөйлесіп, бітіп, айтылғаннан тану-таю жоқ еді. Тану жоқ болған соң, книгаға тіркеудің де қажеті жоқ еді.
Книгасын қолға алып, қай жағынан мол түсер деп, жалақтап біреудің ажарына, біреудің ақшасына сатылып, билік айтатын осы күнгі «Торсық емген топыраш» топас народный судьялар ол заманда жоқ еді. Табынан талассыз озып шыққан әр елдің білімді көсем һәм шешен билері болушы еді. Олардың билігіне книгаға жазылмаса да жұрт тоқтаушы еді. Жазу-сызусыз жұмыс бітетін болған соң билерге де, биге жүгінушілерге де оқи ия жаза білудің қажеті жоқ еді.
Қазақтың дүниесіне керек емес оқудың ақыретіне де керегі аз еді. Неге десең ол күндегі қазақтар намаздың сабағын білмей: «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі,мен Құдайдың пендесі» деп намаз оқыса да, олардың жүректері осы күнгі он қабат орап басына қазандай сәлде салып, көзін сүзіп, көлгірсіп отырған моллалардың көбінің жүрегінен таза еді. Құлшылық қабыл болуына таза жүректен артық нәрсе жоқ.
Қазаққа оқудың керегі жоқ кезде, өнердің де керегі аз еді. Өздеріне керек өнерді білетін адамдары араларында болушы еді. Үйшісі, ұстасы, етікшісі, ершісі өзінде еді.
Сауық үшін керек өнерлерден де қазақ құр алақан емес еді. Ақыны, шешені,әншісі, күйшісі өзінде еді.Қазаққа қыстың қысаңдығы болғанмен, жазы жайлы мейрам есебінде өтуші еді. Қар кетіп, көк шыққан соң, қазақтың ағы молайып, астананың қазаны құрылып, ел тойынып, еңсесі көтеріліп қыстың қысқаны тез ұмыт болушы еді.
Онан әрі қымыз шығып, ел жайлауға көшіп, мейрам қызығы басталып, түйелері боздап, жылқылары кісінеп, сиырлары мөңіреп, қойлары маңырап, бәрі оркестрше үн қосып, ел музыкалатып келіп қонған сықылды болушы еді. Шалғынды жерге үй тігіп, салқын үйде сапырулы сары қымызды ішіп, түк жұмыс жоқ, бейнеттен азат шаһар адамдарына мейрамда іздесе табылмайтын райысты қазақ үйінде отырып көруші еді.
Ол заман қазақтың көбінен өтті. Өтпегендерден енді өтеді. Қазақ сол күйін ғылымды, өнерлі жұрттың кент қалыбының қандайына да болса, өз еркімен сатпас еді. Ол қалыбынан қазақ амалсыз айрылайын деп тұр. Бұрынғыдай кең даланы қазақ жалғыз меншіктеп отырған жоқ, басқалар да келіп тығылды. Басқалармен араласу енді көбейді һәм жылдан жылға көбейіп барады. Олармен араласқан соң біздің бұрын керек қылмаған нәрселеріміз енді керек бола бастады һәм жылдан-жылға керегі білінер. Өзгелерден кем болмай тең боламын деген жұрт, қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болмағанда адам болсын, жұрт болсын білімі өнері мен тең болады, қалыспаймын дегенде осыларымен қалыспасқа тырысады.
Тіршілік – бәсеке, жарыс, дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді.
Жарыстың алды боп келген бәйгенің алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан-жұрт, ұлттан-ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстін тосып, қалғанның ісін баспақшы. Ғылымы, өнерімен асқандар білімсіз, өнерсіздері білімімен жығып аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап жұмысына жекпекші.
Біз өзімізбен болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды байқамай, батып болған соң бірақ білетін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы керегі болмағаннан еді, енді де керек емес пе? Бұларды енді керек қылмасақ, күн бұрын өзімізді, құдайға айтқан малды, басқалардың есігіне арнап қою керек. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке айыбы жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды? Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттыңда өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ. Оның шет жағасын байқаған адамдар көріп те отыр. Неге басқалардан қазақ есігіне жүріп малай болушылар аз, басқалардың есігінде қазақтан жалшылықта жүрушілер көп. Бұл басқалардың ісінің үстіндегін көрсетеді. Осыған осы бастан көз салып, ойланарға керек. Бұл жеңіл жылы қарап, көздің қырын салып қана өтетін емес, көп тоқтап қарап, мықтап ойланатын нәрсе. «Басыңның сауында бер садақасын, ұшалмас салсаң бүркіт томағасын» дегендей, бәледен басқа келмей тұрғанда сақтанбасақ, томаға киілген соң, жөн тауып ұшу қиын болар.
Біз осы уақытта тайғақ кешу, тар жолда тұрмыз. Мұнан аман өтсек, жұрт болғанымыз, Алаштың азаматы көптеп-көлемдеп ақылын қосып, білімін біріктіріп, ұлтын кешуден аман өткізуге жол көрсететін жері осы. Білгенін айтып, қолдан келгенін істеп, жұртын сүйемелеп тар жерден аман өткізуге қайрат қылатында кез осы.
Бізде негізгі бір зор адасқандық өз ісімізді өзіміз жай жатып сұрай берерлік дейміз де, сұрай береміз.
Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді. «жығылған күреске тоймас» деген, алмаса да қазақ сұрауын қоймайды. Сұрауда да парық бар екенін есінеде алмайды. Бір сұрау бар, ол есікте тұрып, еңкейіп бас ұрып, жыламсырап, айаныш түсіріп, көңілін жібіту жөнмен сұрау. Бұл қайыршылардың сұрауы, оған ойланбай, қамданбай осал-оңтай нәрсе, тиын-сиын бере салады. Бұл елеусіз сұрау. Екінші түрлі сұрау бар – ол төрде отырып, төбесін тік ұстап, қадіріне сүйеніп сұрау.
Бұл елеулі сұрау. Бұлай сұрағанның қолқасы ескерусіз жерде қала қоймайды. Сұрағанын береді бермеседе ойланып қиналады.
Қазақтың сұрауы бұл екі сұраудың қай түрі екенін өздері біледі. Біздің айтатынымыз: «Қазақтың сұраудан арманы да жоқ, сұрағаннан алғаны да жоқ. Сонда да әлі сұрасақ молығар едің» деп қамтамада.Сұрағаннан молықса, қайыршылары молығар еді. Қайыршылдықтан байығандар бек сирек. Есіктен есікке жүріп қайыршылықпен күнелткен тіршілік қандай, өз бетінен кәсіп қып, мал жиып, өз еңбегімен күн көрген тіршілік қандай? Қайыршылықпен күн көремін деген оңбайтынын адамның ісі, сұраумен молығамыз деген оңбайтын жұрттың ісі.
Біз осы күнге шейін сұраумен келдік, берер деген үмітті бақтық. Сұрағанымыз көп, алғанымыз қанша, есепке салып байқау керек емес пе? Сұрауымыз көп болып, алғанымыз жоқ болса, сұрау да не мағына бар? Өзгеге сенбей, өлмес жағымызды өзіміз көздеп ойланып, қамдану керек емес пе? Жоқ әлде болса сұраумыз жетпеген жері бар десек, толықтырып сұралық.
Сұрағанымыз қанша, сұрағаннан алғанымыз бар ма, сұралмай тағы қалғанымыз барма, білу үшін кейінгі нөмірлерде соның жайын жазып өтпекпіз. Сонан соң сұралмай қалған мынадай нәрсе бар екен десек, сұрау жайын кеңесерміз. Сұралмай қалғанымыз жоқ екен. Сұрасақ та бермейді екен, сұрағаннан еш нәрсе өнбейді екен десек, өнбейтін істі қуып, өзге жолын қарастырып, ақылдасуымыз тиіс емес пе?
«ҚАЗАҚ» газеті