ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
364 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

– Тап келінді қазір. «Қасқырды қанша бақсаңдар да, орманға қарап ұлиды» деген. Сендер баяғы бай-құлақсыңдар. Колхоздың жұмысы ақсасын деп, әдейі жасап отырсыңдар! – деп шапшығанда, Оразгүл:

– Қарағым-ау, түсінсеңші, ол да адам баласы ғой, күйеуі соғыста, тым болмаса Құдай етегінен де бермеді, төркініне екі күнге ғана кетті. Келіп қалады, – дегенін құлаққа да ілмей, тандырға нан жауып, теріс қарап тұрған Оразгүлдің ту сыртынан «атамын» деп, аспанға оқ атып жібергенде, Оразгүл ес-түссіз құлап түседі.

Содан Оразгүлдің жүрегі ойналмалы болып, түзеле алмай, төсек тартып, жатып қалады. Көпбайды өле-өлгенше жек көреді. «Балаларым келсе айта-м-е-н» деп жылайтын болды дейді, жас балаша.

Бір күні кенжетайы – Гүлризаны жанына шақырып: «Қалам-қағаз ал, арманымды айтып кетейін», – депті. Сондағы әл үстінде жатқан Оразгүлдің айтқаны:

Айтарсың менен сәлем балларыма,

Барады ішім толып арманыма.

Алладан әмір келсе, тоқтамаймын,

Дүниенің көзім жетті жалғанына!

Барамыз, нәсіп болса, ана жайға,

Салқын үй, мұндай төсек онда қайда?!

Қалдыңдар көбелектей екі келін,

Көніңдер бас июмен бір Құдайға!

Сағындым Медетімді, Кемелменен,

Барамын көре алмастан шөлдеуменен.

Біреудің кеткендері келіп жатыр,

Болды ғой қатарымнан жүзім төмен.

Қу тірлік, талдырмаған білегімді,

Бұл Көпбай жаралы етті жүрегімді.

Құлыным, кенжетайым – аманатым,

Іздеу сап, тауып алшы Жібегімді.

Түссе еске, өмірімнен безінем кеп,

Алар ем, жолықтырса, өзім емдеп.

Қараумен қара жолға жылай-жылай,

Жібегім айрылды ма көзінен деп?!

Соңымда – кенжетайым –

Гүлризашым,

Тыя тартып жүре бер көздің жасын.

Балаларға айта көр жолыққанда,

Оразгүлдің жолдаған бұл ризасын!..

Көп ұзамай, 1944 жылдың көктемінде 63 жасында Оразгүл дүние салады. Ол кісінің айтып кеткен аманатын қызы Гүлриза мұңлы әуенге салып әндеткенде, жыламаған жан қалмаған деседі.

Баяғы Сауытбайдың ұлы Өлмесхан арқылы Жібекті тауып алған ағайындары анасының қазасын естіртеді.

Хабаршыларға ілесіп, анасының қазасына жол тартқан Жібектің туған жер топырағына табаны тигенде – бұл жер бақытсыздық балалап, бассыздыққа арқау болған, қуғын-сүргінге кепілдік берген жер сияқты елестеп жүрегі тебірене алмады. Көзінен бір тамшы жас тамбады. Мүмкін таусылған болар!

Анасының басына топырақ салып, қайран анасының аманат өлеңін Гүлриза аңыратып салғанымен, қатып қалған жүрегі жібімеді. Жылап-сықтап көрісіп жатқан ағайын-туыстарының шын ниеттері бұған жасандылық сияқты көрінді.

– Елге қосыл, көшіріп әкелейік, – деп, ақ ниетпен айтқанына:

– Мені қай пышаққа сап қылмақ едіңдер?! Тұлға қылсаңдар, осыншама уақыт қайда қалдыңдар? – деген запыранға толы өкпесін де айтып үлгерген. – Елге деген, сендерге деген сағынышым басылсын десеңдер, бауырым – Гүлризашымды маған ертіп жіберіңдер! Бірімізге-біріміз сүйеу болып сендерге, салмақ салмай өмір сүрерміз, – дегені, бауырларының кеудесіне ине болып қадалғандай еді. Ренжиін десе, Жібектің айтқанының бәрі орынды.

«Былай болып еді, Тәшкенге орналасқан соң, анаң Оразгүл Медет пен Кемелді жібергенін, сол жылғы қалың қар мен бет қаратпас боранның кесірінен өзіңе жете алмағанын, қыс қаһары сынсын деп отырғанда, өздерінің тағы да босқындыққа ұшырағанын» айтып берер анасы да кетті, іздеушілер, тірі куәгерлер – Медет пен Кемел де соғысты. Мүмкін, өзін іздегенін естігенде жүрегі жібір ме еді?!

Неге екенін қайдам, Жібек:

– Ағаларым – Медет пен Кемел келіп алып кетсе ғана ораламын! – деген Жібек Гүлризасын ертіп, Сарыағашына.

Өкінішке орай, Кемел де, Медет те соғыстан оралмады.

Екеуінің кейінгі өмірі өздеріңізге мәлім.

Айтпақшы, әңгіменің басындағы Жібек пен Ескеннің арасындағы тартыс, сол тартыстың басты кейіпкері – Баян қыз естеріңізде ме? Осы хикаятты сіздерге баяндаушы – сол кішкентай қыз – Баян деп ұққайсыздар…

ЭПИЛОГ

«Халық жауы» деген бірауыз қаһарлы да зәрлі сөзді естігісі келмей, жан азабын тартқан қазақтың қарапайым әйелінің басынан өткерген қиямет-қайымы дүние ғапылдың да соңы болады екен.

Зорлықшыл Кеңес өкіметінің қуғын-сүргіні тағдыр ауыртпалығына тап қылып, одан кейінгі қоғамның құлақкесті құлына айналып, қай бейнетке салса да, жүгіртпек қолбаладай: сауыншы да, бақташы да, тракторшы-мақташы да болып, 1934-жылғы Мырзашөлде Киров каналын қазуда ерлермен бірдей кетпен сілтеген, жібек құртын бағып рекордшы болған, одан түскен қаржысына балабақша салдырып, сол бақшаның тәрбиешісі де, меңгерушісі де болып жүріп, зейнет жасына жеткен Жібектің кейінгі өмірі де бақытқа бөлей қоймапты.

Бір есіктен кіріп, бір есіктен шықса да, бір баспанада қос өмір сүрген мүсәпір қарттан, баласындай бауыр басып қалған иті Майланнан айрылып, жас кезіндегі жалғыздық қайта шапқанда, баяғы жалғыз сіңлісі Гүлризаның босағасын сағалауды жазыпты бұл тағдыр.

Тоқсан жасында, жан тәсілім етер алдында сіңлісіне қарап: «Болдым» депті де, жөнеп кетті дейді. Бұл – 1985-жылдың желтоқсаны екен.

Қазір, бар істе ударник болған Жібек жоқ, бірақ «Ударник» деген ауыл аты қалды Сарыағашта.

Қаншалықты азапты өмірді басынан кешсе, соншалықты ұзақ өмір сүруінің сыры неде?

Ол – өршіл рух, таза жүрек, пейіл кеңдігі!!!

Өкініштісі сол – елдің Тәуелсіздік алып, қуғын-сүргін құрбандарының ақталғандығы туралы жарлықты есітпей, көрмей кетуі.

Өзі сияқты мыңдаған адамның қуғын-сүргін құрбаны болып, Ресейдің қалың ормандарында, мұртқа мұз қатырған Сібір сілемдерінде иманы үйірілмей, жаназасы оқылмаған қаншама қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлері, тіптен бір ауылға немесе аймаққа ғана танымал тұлғалар да опат болды. Өмірдегі алған орындары әртүрлі болғанымен, көрген азаптары бірдей еді.

Президент жарлығымен жыл сайын мамырдың 31-інші жұлдызы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияланды.

Кеңес өкіметі орнатқан солақай саясаттың құрбандарына, оның ішінде түп-тұқиянымен мерт болған, артында іздеп-сұрары жоқ, жазықсыз құрбандарды да

еске алып, он бес жыл бойына құран оқытып, ас берген де өзім басқарған – Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің ұжымы болды.

Осы жазған шағын новелла да сол жазықсыз жапа шеккендердің біреуінің ғана бейнесі арқылы барша марқұмдарға бағышталған естелік болып қалсын деген үмітпен!

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық

«Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *