Биыл қазақтың лирик ақыны Мұқағали СүлейменұлыМақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Ол – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мұзбалақ ақын. Мұқағали 1931 жылдың 9 ақпанында бұрынғы Алматы облысының Нарынқол ауданының Шалкөде ауылында (қазіргі Райымбекауданының Қарасаз елдімекенінде) дүниеге келген. Оған ата-анасының азан шақырыпқойған шын аты – Мұхаммедқали екен. Бар болғаны 45 жыл ғұмыр кешкен. 1976жылдың 27 наурызында Алматы қаласында өмірден өткен. Өз заманында шығармашылықжолы лайықты бағасын алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиықақын болып қалды.
Әкесі қарапайым шаруа адам болған. Кешегі кеңес дәуірінде ұжымшарда колхозшы болып әр түрлі қара жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде майданға аттанып, 1941 жылы Калинград майданында қаза тапқан («Аңыз адам» журналы, №3, 15 ақпан, 2011 жыл).
Мұқағали үйдің тұңғышы болған. Қазақ дәстүрі бойынша, ол әжесі Тиынның қолында өсіп, анасы Нағиманды жеңгесіндей қабылдаған. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татқан. Сол кезге арнап кейін «Неңді сенің аңсаймын бала шағым?» деген өлең жазған.
1948 жылы ауылдық кеңестің хатшысы болып, 1949 жылы көктемде өмірлік серігі Лашынмен отау құрған. Сол жылы аудандық «Советтік шекара» газетіне ақынның «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» деген өлеңдері жарияланған. 1954 жылы бастауыш мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасқан, осы жылы ақынның үш өлеңі «Әдебиет және искусство» журналында жарық көрген. 1957 жылы республикалық радионың дикторы қызметін атқарған. 1960-62 жылдары аудандық «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі болған.
Мұқағали 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастаған. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған және Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алған.
1962-1963 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (осы күнгі «Парасат») журналында, 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Ақиық ақын Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білген. Көзінің тірісінде 1964 жылы «Ильич», 1966 жылы «Армысыңдар, достар», 1968 жылы «Қарлығашым, келдің бе?» 1970 жылы «Мавр», 1972 жылы «Дариға жүрек», 1974 жылы «Аққулар ұйықтағанда», 1975 жылы «Шуағым менің», 1976 жылы «Өмірдастан» атты сегіз жыр жинағын шығарып үлгерген.
Ақын-жазушының 1988 жылы жарияланған «Қош, махаббат» атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылған. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали 1969 жылы Уолт Уитменнің өлеңдерін, 1970 жылы Шекспирдің «Сонеттерін», 1971 жылы Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін қазақ тіліне аударған.
Ақын туралы Ө.Күмісбаев: «М.Мақатаев туған халқының өмір тарихын, фольклорын, әнін, күйін, дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұштастыра жырлады. «Армысыңдар, достардан» бастап «Дантенің Құдіретті комедиясына» дейін ол қаншама өсуден, өрістен өтті», – деп баға береді.
Ақын жырларындағы айтылатын мәселелердің бірі – адамдар арасындағы достық. Адамдар арасындағы қарым-қатынас. Бұл жайында Ә.Кекілбаев: «М.Мақатаев – адамдар арасындағы өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның туған ауылына, Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына сағынышты махаббатына – баршасына арнаған өлеңдері де шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар», – деп өз еңбегінде атап өткен.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, замана тынысы, Отан тағдыры, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер бейнесінде туындатып отырған.
Әсем АРЫСТАН,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің филология факультетінің
1-курс студенті.