АҚПАРАТ ӘЛЕМІНІҢ АҚИЫҒЫ

Мерей Қоғам
97 Views

Журналистика саласында үндемей жүріп, көп іс тындыратын, саланың хас шеберіне айналатын қаламгерлер бар. Олар әдетте қарапайым тірлігімен жүріп, газет шығару ісінің ең ауыр бейнетін қайыспай көтереді, өз материалын да дөңгеленте жазып, өзгелердікін редакциялауда да мұқым күш-жігерін, тәжірибесін сарқа жұмсайды. Ондай әріптестерді журналистиканың ЕҢБЕК ТОРЫСЫ деп ыстық ықыласпен айтып жатады.
Қазақ журналистикасының қара нарларының бірі – Сейфолла Шайынғазыны осы қатарға ойланбастан қоюға болады. Секеңмен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанда» бірге қызмет еткенде оның еңбекқорлығы мен ұқыптылығына таң қалумен жүретінбіз.
Ол еңбек жолын ауыл шаруашылығында бастап, ол салада 3 жыл еңбек етіпті. Одан соң 6 жыл орта мектепте еңбек сабағы мұғалімі, интернатта тәрбиеші болған. Мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, оркестрмен ән айтып аудандық байқауларда бірінші орын алған кездері болыпты. 1982 жылы Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы барысында М.Әуезов театры сахнасынан ән шырқапты. Бірақ кейіннен бұл өнерін қойыпты. Ал 1975-1976 жылдары ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп, цехтық комсомол ұйымының хатшысы ретінде ауыл тұрғындары үшін концерт, шағын скетчтер ұйымдастырып тұрыпты.
Сейфолланың әкесі Шайынғазы соғыс жылдарынан бастап колхозда басқарма болыпты. Текті әкенің тәрбиесі зор болған, атасы Мұхамеджан Қостанай-Көкшетау өңіріне танылған әнші екен, шығарған әндері де бар. Кейбірін Қостанай филармониясының әншілері орындайтын көрінеді. 2019 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның бір студенті келіп, Секеңнен әнші атасы туралы дерек сұрап, оқытушысы Мұхамеджан ата туралы диплом жұмысын жазуды тапсырғанын айтыпты.
1985 жылы КазГУ-ді бітірген соң Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетіне жұмысқа тұрып, тілші, аға тілші болып жұмыс істеген. 1990 жылы Торғай облысы екінші рет ашылғанда Арқалыққа ауысып облыстық «Торғай таңы» газетіне партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып орналасқан.
1993 жылы Халық ақыны Қонысбай Әбілдің шақыруымен облыстық телевидениеге төрағаның орынбасары болып барып, 1994 жылы облыс әкімі шақырып баспасөз-қызметінің жетекшісі— баспасөз хатшысы болуды ұсынды. Ал 1996 жылдың ақпанында «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалады. Сол тұста мен осы басылымның меншікті тілшісі болып қызмет істеп жүргем. Көп ұзамай «ЕҚ»-ның тілші қосыны болып құрылып, оған жетекшілік еткенде Секең екеуіміздің таныстығымыз тереңдей берді. Кейінірек қатарымыз көбейе түсті.
Жылдар бойы облыстық ресми медиада қызмет етіп, қатал тәртіпке үйреніп қалған Секең жұмысқа тұп-тура 9.00-де келетін. Мен күліп: «меншікті тілшілер еркін ұшқан құс іспетті, шұғыл тапсырма болмаса асықпай ұйқыңызды қандырып келе берсеңізші» десем: «үйреншікті әдет болып қалды, үйде ішім пысады» дейді шұғыл жауап қайтарып. Облыстық «Арқа ажарының» жігіттері «сіз собкорр емессіз бе, неге жұмысқа таңғы 9-да келесіз» деп күлетін. 60 жылдығында белгілі журналист Еркін Қыдыр: «Жігіттер, жастар Сейфолла ағаға қарап сағат түзетуге болады» деп жұмысқа дәл уақытында келетініне орайластыра әзілдепті.
Ол кісінің «немісше дәлдігіне» тәнті болған мен де ең маңызды ресми шараларға Секеңді жіберетінмін. Өйткені ресми басты басылым болғандықтан Алматыдағы газетімізге материалды кешіктірмей, дәл уақытында жолдауымыз керек. Көбі бірден нөмірге салынатындықтан секретариаттағы жігіттер меншікті тілшілер бөліміне, стенографисткаға хабарласып, «Астанадан келетін материал не болды?» деп мазалайтын көрінеді. Сондықтан жеделдікке баса мән беретінбіз. Осындай сәтте Секеңнің ұшқырлығы алапат болатын. Оның үстіне ол жазған материалды өңдеудің қажеті жоқ, облыстық басылымда шыңдалған ол мәтін жазудың шебері болатын.
Кейіннен елорда болғанда ол «Егеменде» салалық журналистика мамандары жетіспегендіктен негізінен экономика тақырыбында жазды. Қиын тақырып, бас қатыратын. Экономиканы керемет білмеген соң ол салада жарқырап көріну де қиын. Алайда Секең өзіне тән еңбекқорлықпен жан-жақты ізденіп жүріп, шолушы қызметінде жүріп бұл саланың да майталманы болып алды. Сол тұста экономика тақырыбындағы мақалалары негізінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір студенті диплом жұмысын жазуы оның бұл саланың білгірі болғандығының тағы бір дәлелі.
Сейфолла Шайынғазыұлы жұмысты беріліп істеді. Тіпті қызмет бабына кедергі келтірмесін деп тойларға, қонаққа да бармайтын. 2018 жылы зейнеткерлікке шыққанша шолушы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып қызметтер атқарды. Ақпарат әлемі ақиығының адал еңбегі әділ бағасын алды. 2003 жылы «Құрмет» орденімен марапатталып, 2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Қазақстан Журналистер одағының сыйлығының лауреаты атанып, республикалық «Нұр-Сұңқар» сыйлығына ие болды. 6-7 кітабы жарық көріп, Президенттің, Премьер-министрдің алғыс хаттарын, 2015 жылы 60 жасқа толуына орай Қостанай облысының әкімінің Құттықтау хатын алды.
Ақырын жүріп, анық басатын Секеңнің ақындық өнері де бар. Мына бір өлеңінде қарапайым, жанкешті журналистің келбеті, кредосы көрініп тұрғандай:
Тоссаң-дағы тауқыметке жауыр болған иықты мың,
Тағдыр жазған тайталаста кім жығылды, жықты кім?
Ой қашадым оқшау жүріп, «зиялы елден» бөлектеу,
Той жасадым бір де бірін шақырмастан мықтының.

Енжарлықпен өткен күнде көрген құқай аздай-ақ,
Етегіңнен тартқылайды тұрмыс деген қазғаяқ.
Жеттім мен де бір межеге естімей-ақ мақтау сөз,
Өзім және жайсаңдарға мадақ жырлар жазбай-ақ.

Қуалаумен қу тірлікті шырмауында елестің,
Шыға алдым ба биігіне, шықпадым ба белестің.
Білмейтінім көп те шығар, бір білерім әйтеуір,
Дүлей мінез дүмшелерге басымды иген емеспін.

Сейфолла Шайынғазыұлы бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отыр. Ілкі бір сәттерде жастарға үлгі боларлық жазбаларын қағазға түсіреді. Көңілі түскенде «Фейсбукте» де жарқ ете қалады. Ақиқатты жазады. Нақ жазады. Бала-шағасының қызығын көріп, әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп жүр. Жүрегі тыныш. Баянды бақытыңыз ұзағынан сүйіндіре берсін қазақ журналистикасының еңбек торысы, Секе – дос!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры
Астана қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *