ОҢТҮСТІКТЕ ҚАРБЫЗ ПІСТІ

Қоғам
438 Views

Түркістан облысы, Жетісай ауданында тамшылатып суғару әдісімен қарбыз пісті. Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында 1 гектар алқаптан 25 тонна қарбыз Ресейге экспортталуға дайын тұр. «Атымтай» шаруа қожалығы қарбызды тамшылатып суғару әдісімен өсірген.

– Тамшылатып суғарудың пайдасы мол екен. Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді екен. Тамшылатып суғарудың тағы да бір артықшылығы – тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейсің. Қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сортын сәуір айында ектік. Қазір бағасын келіссек, 25 тоннадан астам қарбызды үзейін деп жатырмыз, – дейді «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров.

Бүгінгі күні дайын тұрған қарбыз бір-екі күн көлемінде көрші Ресейге жөнелтілмек. Бұған дейін алушылар шаруа иесінен келісіне 210 теңге ұсынған, ал қожалық басшысы бұл бағадан 20-30 теңгеге жоғарылау бағаны көздеп отырғанын айтады. Сонымен қатар піскен қарбызды үзіп жинау үшін ауылдық тұрғындар жұмысқа тартылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *