БАБАЛАР РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Әдебиет
781 Views

Қазаққа ескірген кезде Абайдың сөзі ескіреді.

 Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ.

ДАНА АБАЙ

Өзің десем бір мұзарт шыңды көрем,

Шыңды көрем, түпсіз ой, мұңды көрем…

Қайран ел ақылыңа құлақ асса

Келетін керемет бір күнді көрем.

Абайы адамзаттың, Данышпаны,

Сен бүгін жұлдыздайсың ғарыштағы.

Алаштан ақылы асқан кемеңгерім,

Алысқан мыңмен жалғыз арыстаным.

Халқыңның қасіретін көріп өстің,

Елім деген мұңыңа ерімес кім?

Дәл сендей жаны ауырып жамандыққа,

Дәл сендей сүйген емес елін ешкім.

Алыбым, қиянатқа беріспеген,

Әлі де қабағыңнан кейіс көрем.

Өмірдің тәттісін де татып көрдің,

Жалғанда у қалмады-ау сен ішпеген.

Сөзіңді қайран жұртың ескермеді,

Құр мақтан, қызыл сөзге дес бермеді.

Ағайын бірін бірі жау санап жүр,

Қазағың бірін бірі дос көрмеді.

Мақалың бір кезде өзің терістеген

Бүгінде одан сайын өрістеген –

Алтын көріп жолынан тайғандар көп,

Адам аз қу құлқынға беріспеген.

Демеймін:«басқа ұлттан бағы асып жүр»,

Жемқорлық жағынантек тау асып жүр.

Бар ақшасын шығындап, барын салып,

«Болыстыққа» әлі күн таласып жүр.

Құр мақтан, даңғазаға семіріп жүр,

Кәсіп, өнер қууға ерініп жүр.

Адамның ұлы болмай Ата ұлы боп,

Сиырдың бүйрегіндей бөлініп жүр.

Ар сату, алдап кету ойлағаны,

Болмашы қызық болып тойлағаны

«Бас-басына би болған өңкей қиқым»

Жүрегінің түбіне бойламады.

Манаурап жүрген қазақ ауылдағы

Жалқаулықтан әлі де арылмады.

«Бір күн тойсаң ертеңді ойламағын,

Өтелсе болды, – деп пе ең, – қарын қамы?».

Орын ап бір ғажайып ел сенбеген,

Қазаққа ес кіргенін көрсем деп ең.

Тереңіңе бойласа бар азамат

Үйреншікті қалыппен өлшенбеген.

Сол кезде елге Қызыр орала ма,

Әділет, шапқат тура жол ала ма?

Аспантаулар өлшеусіз аласарып,

Шынымен асыл сөзің жоғала ма?..

Басқа бір ұлы бастап көшті бүгін,

Архивке көшеді ме есті жырың?

Мүмкін бе мұхиттың да суалуы,

Мүмкін бе ұлағатың ескіруі?..

Жан бар ма бір сөзіңді бұрыс деген,

Сонда да толмай тұр-ау ырыс – кемем.

Қазақ болып-толғанда Данышпанын

Он есе артық сыйлауға тиіс дер ем!

Ақ таңдар атып, елге төксін арай,

Жырларың жүректерге жақсын алау.

Қазаққа ес кірген жоқ – олай болса,

Сен де әлі ескірген жоқсың, Абай!

ҚАРАСАЙ БАБАҒА

Батыр баба, киеңіз туған елден кеткен жоқ,

Содан ба екен, ұрпақтың даңқы кетті көкке өрлеп.

Дәл қазір де баяғы қызылшұбар жолбарыс

Жортып жүрген сияқты Алатауды бөктерлеп.

Қасиеттің айдыны асып жүрген сияқты,

Пасықтықты белінен басып жүрген сияқты.

Қызылшұбар жолбарыс қалың елге ақындық,

Батырлықтың рухын шашып жүрген сияқты.

Кейде секем алғандай жымырып қос құлағын,

Суықтөбе басында ұзақ-ұзақ тұрады.

Сосын сайын далаға көз салады, дегендей:

«Елге тірек боларлық енді кімдер туады?».

Талай қырғын соғыста қорғаныңыз боп еді,

Қажығанда саялар орманыңыз боп еді.

Қызылшұбар жолбарыс алға түссе сын шақта,

Небір қанды жорықта жолдарыңыз боп еді.

Сескентіп те көрмепті қара дұшпан қаптаған,

Қырық жылғы қырғында киеңіз бе сақтаған?

Өзіңізді,

Сұраншы,

Сарыбайды ту еткен

Тоқсанында түледі Жамбылдайын қарт бабам.

Егеменді ел болдық, бірлігімнен бақ табам,

Қанды соғыс тоқтады, болмайды енді «Ақтабан…».

Қай кезде де қорғаштап, қолдап жүрген киеңіз

Нұрағаңдай дарамен, данаменен мақтанам.

Баһадүрім, өн бойы жаралғандай намыстан,

Жер қылдыңыз жоңғарды өмір бойы алысқан.

Өр рухыңыз қолдады Мұсабаев Талғатты,

Қиын-қыстау басына күн туғанда ғарышта.

Неге куә болмаған сайын дала, тау үсті,

Қаншама рет рухыңыз қалың елмен қауышты.

Өзіңізден тараған батырлықтың ұшқыны

«Қара майор»,

Қабылан Қаныбекке ауысты.

Рахман нұры ғарыштан тұрған кезде құйылып,

Өзіңізді еске алдық тамам ұрпақ жиылып.

Әкем өткен өмірден атыңызға тәу етіп,

Анам өткен өмірден рухыңызға сыйынып.

Есіміңіз ел-жұртқа ұран болды, жан баба,

Ерлігіңіз таусылмас жыр, ән болды, жан баба.

Ұрпағыңыз жаужүрек батыр болды шетінен,

Тұғыры асыл тастүлек, қыран болды, жан баба.

Қара дұшпан қалтырап алдыңызға бас ұрған,

Ерлігіңіз аңыз боп жетті қанша ғасырдан.

Енді тыныш ұйықтаңыз Айыртаудың басында,

Ағынтайдың қасында,

Асыл достың қасында.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ.

Талдықорған қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *