КЕК (РОМАН)

Әдебиет
149 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Мұны естігенде сардарлар қатты тосылды. Әрине, олардың көбі мұндай әскердің қандай құдіретке ие екенін әлі білмейтін. Талайы зеңбірек пен пулемет даусын естімеген, тіпті, олардың қандай қару екенін де естімеген. Солай болса да, бір алапат күшпен текетіресетіндерін көңіл түкпіріндегі жасырын сезімдері арқылы сезді ме, ауыр күрсіністі. Әйтсе де, кейбір жүректі сардарлар қандай әскер келсе де, қарсылауға дайынбыз десіп, өз күштеріне сенім білдірді.

– Әскердің бізге қарай қашан аттанатынын естімедің бе? – деді Тоқаш.

– Ол жағын білмедім. Десе де, бір анығы, сақадай-сай жасақталған әскер кез келген күні аттандап шыға келуі кәміл.

– Берной ұлығы бар күшін жұмылдыруға кіріссе, біз де қарап жатпай, оған қарсы амал жасармыз. Амалымыз – Бекболат сардармен тезірек бірігу. Ертең ертемен Үшқоңырға аттанайық, – деді Омарбек.

– Жөн айтасыз, Омеке. Мен алдымен губернатор әскері жайында айттым. Енді құлағымызға жағымды бір жаңалықты хабарлайын. Анада мына Ораз ағамен Верныйда жүргенде Кеген, Нарынқол, Шарын жақтағы албандардың да көтеріліп жатқанын сыртекі естігенбіз. Кеше ол хақында анық хабар құлағыма тиді. Нарынқол-Шарындағы көтерілісті бүгінде жастары сексенге таяған Ұзақ пен Жәмеңке батырлар бастап жүр екен. Екеуінің қол астында бүгінде екі мыңнан аса жігіт жиналыпты.

Қордайда Әли батыр қол бастап атқа мініпті, Меркідегі қазақтар көтеріліске шығыпты. Бүкіл қазақ даласы дүрлігуде. Қырғыздар да топтасып жатыр дейді.

 Абдолладан Верный әскері туралы естігенде көңілдеріне кіреуке түсіп, қабақтары қату тартқан базбір сардарлар мына әңгімені естігенде, жандары жайланып, кеуделеріндегі жақсы үміт қайта жанданғандай, көңілді үн қатысты: .

– Е, айналайын, қазағымның батырлары ол жақта да бас көтеріпті-ау!

– Бәсе, біз көтерілгенде Нарынқол-Шарын неге бұғып жатыр деп ойлап едім…

– Ұзақ пен Жәмеңке батырлардың даңқтары баяғыдан-ақ жер жарушы еді ғой. Сын сәтте тағы атқа қоныпты-ау, жарықтықтар…

– Бекболатқа қосылып, бірігіп, күшімізді көбейтейік деген Омарбек айтқаны өте дұрыс – деп жалғастырды сөзін Абдолла. – Мен әлі басты әңгімемді айтқан жоқпын. Айтсам былай: маған Верныйда Ұзақ батырдың Жаңабай деген сенімді серігі кездесті. Ақиқаты, маған оны есеп комитетінде тілмаш боп қызмет істейтін Тұрап досым таныстырды. Жаңабай жәкемнің Верныйға келу себебі – Бекболат қарияға жолығу екен.

 Абдолла Жаңабаймен не туралы сөйлескенін оның не айтқанын қызулана әңгімеледі. Жаңабай айтыпты: «Мен Бекболат атаға деген сәлемімді сен арқылы-ақ жолдайын. Ораз бен Тоқаш Үлкенсаздағы Омарбек пен Үшқоңырдағы Бекболаттың қолдарын біріктіріп, Верныйға батыстан таясын, біз шығыстан төнейік. Сөйтіп, Верный губернаторын екі жақтап қыспаққа алайық. Қаланы басып алмасақ та, орыс әскерінің бәрін жайпап салмасақ та, қатарын селдіретіміз. Солдаттардың қанша болса да, қырылғаны – көтерілген бар қазаққа олжа, тірілерінің үріккені – көңіліміздегі қуаныш. Одан соң өлгенінің мылтығын, жаралысының қылышын алсақ, сапта жүрген сарбаздарға тағы олжа. Губернатордың күшін осылай кемітпесек, ол әрқайсымызды жеке-жеке шауып, жатқан жерімізде-ақ жоқ қылады. Біз одан бұрын қимылдайық. Осы сәлемімді көтеріліс басшыларына жеткіз! Арғы жақтан Меркі, Қордай қосылсын!

 Міне, шілде де өтіп қалды, мезгіл келесі тамыздың ортасына таяған мезетте қала түбіне таяйық. Мен Ұзақ батырға қайта барған соң сендерге нақты уақытты айтып жасырын жаушы жіберткізейін».

Мына сөзге топтағы күмәншілердің де, жаудан беті қайтпауға бекінген кекшілдердің де мерейлері тасып, көңілдері көтерілді. Тоқаш пен Ораз қатарласа сөйледі:

– Тұрап досымның айтуынша, Фольбаум Омбыдан келетін әскерді күтпей-ақ, көтерілісшілер шоғырланған жерлерге отрядтарын аттандыруы мүмкін. Сондықтан да, түу шалғайда жатқан Қарқарадағы Ұзақ-Жәмеңкемен қосылатын уақытты күтпей, Үлкенсаз, Үшқоңырдағы сарбаздар өз әрекеттерімізге көше бергеніміз жөн.

– Онда біз орыс әскерінен бұрын қимылдайық. Ұзақ батырдың қолымен біріккенше талай уақыт өтеді. Одан да, Бекболаттың сарбаздарымен қосылып, тез арада Іле жағасында алаңсыз жаттығу жасап жатқан отрядты шабайық. Солай етсек, ұтарымыз мол.

Ертесіне сарбаздар ерте оянды. Мүдде ортақтығы туыстырған, ататек бірлігі тоғыстырған, жатқа деген ыза-кек бір-бірімен табыстырған, біраз күннен бері іргесіне жау, есігіне дұшпан келмеген, түнгі күзетшісіз, күндізгі қарауылсыз бейқам жатып, алаңсыз тұрған алқалы топ жазғы таңның күні арқан бойы көтерілгенде атқа қонған. Омарбек тобы шатырлы бастырманың маңында еді. Ең шетте, анығы, теріскей бетте Сатай сардардың сарбаздары жайғасқан-тұғын. Олар осында жиналғалы сол бетке қоныстанған. Азанда бірінші болып атқа қонған да солар еді. Кенет…

Иә, кенет, бірнеше мылтықтың даусы таңғы ауаны тілгілеп, жер жарды. Сатайдың бірталай сарбазы жан-жағына қарап та үлгермей, оқтың қай тұстан атылғанын да байқамай, аттарынан ұшып-ұшып түсті. Қылышын көтере «Қарасайлап» ұрандаған Жарылғап Сатай батырға дәл кеудесінен оқ тиіп, ат жалын құша, аттан ауып барып, жерге құлады. Қайран асыл ерді қаумалаған серіктеріне «Жау келді! Жауға шабыңдар! Аямаңдар» — деді айқайлап. Осы сөздерді айтып үлгермей жатып Сатай батыр үзіліп кетті.

Аттарына мініп үлгермегендері жерге жата-жата қалысып, не істерге амал таппай, біреулері қолдарымен бастарын жауып, біреулері ат астына тығылып, шақ-шәлекей болды да қалды. Ал атылған мылтық даусы бір пәсте басылмай, аз сәттен соң Жарылғап тобы ғана емес, бергі жақтағы сарбаздардың да бірталайы жер құшты. Осының бәрі айналасы бір демде ішінде болып өтті.

Ортаңғы топта тұрған сардарлар алғашқыда жаудың қайдан келгенін, оның қандай дұшпан екенін аңдамай, бір мезет қатты аңтарылды. Дегенмен алғашқы ес жиып, оқ атылып жатқан тұсқа зер сала қарады. Абырой балғанда, жау шығыс беттегі дөңестің үстін паналап, бір-ақ тұстан оқ атып жатыр екен. Тау беттегі қыр басы мен күнгей беттегі тоғай іші жаудан ада сияқты. Анығы, тұтқиылдан оқ боратқан дұшпан бұларды қоршауға алмапты. Бастырманың жуан ағаш ұстынының панасында тұрып, дөңес үстіне барлай көз салса, ақ киімді орыс солдаттары жүрелей отырып, мылтық атуда екен. Бірден сарбаздарға бұйыра айқайлады:

– Төменге… тоғайға қарай жылыстаңдар!

Омарбек мылтығын дөңес үстіне қарай бір-екі рет басып қалып, атын жетектей тоғайды бетке алды. Артынша басқа сарбаздар да, мылтық атып, соңынан ерді. Тоғай ішінде пана болуға жарарлық ағаш көп. Оқтан қашқан мыңға жуық сарбаздар, өлген, жараланғандарына қарауға мұршалары болмай, бірі жаяу, бірі атына мініп, ал енді бірі аттарын жетектеп, тоғай жаққа лап қойды. Сандары сонша көп болса да, мұнда демде жетті де, әр сарбаз әр бұта мен талдың түбіне жата-жата қалысып, қаруларын оңтайлай келетін жауды күтті. Бірақ арттан қуған жау көрінбеді. Ал әлгінде ғана өздері тұрған жақта жараланған сарбаздардың жанұшыра өкіргендері, ойбайлағандары, солдаттардың орысша айқайлап, тағы мылтық атып жатқандары анық естілді. Сірә, солдаттар жараланғандарды атып жатыр-ау, жанұшыра өкірген адамдардың үндері дауыстары сәт сайын өшіп жатыр.

Омарбек те бір талдың түбіне жата кеткен. Соңындағылардың бәрі тоғайға тығылып, арт жақтан солдаттардың жаңағындай айқайы естілгенде орнынан тұрып, бастырма жаққа қараса, шынында, солдаттар жерде бақырып, болмаса қиналып, ыңыранып жатқан қазақтарды атып тастап жүр екен. Өздері онша көп те емес сияқты, ары кетсе, елу-алпыс қаралы. Мұны көргенде жаны шығып кетті. Мылтығын алға созып тұрып, үш рет атып, үш солдатты жалп-жалп еткізді де, айқайға басты:

– Жігітте-еер, қатын сияқты тоғайға тығылғанымызша, өлгеніміз жақсы! Уа, тұрыңдар орындарыңнан! Аттаныңдар, соңымнан!

Тал тасасынан атып шықты да, солдаттарға қарай мылтығын үсті-үстіне ата, жаяу жүгірді. Тоғайға тығылған сарбаздардың да намысы көтеріліп, өре түрегеліп, соңынан жапатармағай ұмтылған. Екі ара жүз қадамдай ғана еді. Бастырма маңындағы сарбаздардың тұрақтарын тінтіп, болмаса, жараланғандарды атып жүрген солдаттар көбісі, алғашқыда өздеріне қарсы жүгіріп келе жатқан қазақтарды байқамай да қалды. Тек алға жанұшыра жүгірген сарбаздардың оғынан сұлап жатқан қатарластарының қай жақтан атылған оқтан құлап түскендерін аңдаған кездерінде ғана өздеріне қара түнектей қаптап келіп қалған қазақтарды бірден көрді. Бірақ қатарласа жатып, оқ атуға кеш қалды. Жап-жақын аралықтан төніп жеткен сарбаздарға бәрі бір оқ атуға мұршалары болмай, бағана өздері тығылған дөңеске қарай бұрыла қашты. Біразы дөңес үстіне жетпей сұлады, көбі діттеген жерлеріне жетті де, шеп құра атып, қазақтарға оқ боратты.

– Жатыңдар! Бұғыңдар! – деп айқайлады Тоқаш пен Ораз жарыса.

– Сарбаздар шетінен жер бауырлай кетісті. Расында жаңбырша жауған қалың оқтың ысылы мен зуылы жаман екен, сарбаздардың көбісінің жүректері ұшып, жердің тесігі болса, кіріп кетердей күй кешті.

 Жерге жабысқан сарбаздардың үстінен оқтарын зуылдатқан пулемет біразда және тоқтады. Содан солдаттар қазақтар бас көтерсін деді ме, ал сарбаздар пулемет тағы атылып қала ма деп қорықты ма, әйтеуір, әлден уақыт екі жақ та тым-тырыс жатты. Дөңес үстіндегі солдаттардың бастары ғана қылтиып жатыр. Мұндайда Омарбек сияқты мергендер болмаса, оларды дәлдеп ату қиын. Ал қазақтар жағы әр жыра, әр су орған арықты, одан қалды, бағана өлген бауырларының денелерін паналаған. Бір уақытта отряд жақтан дауыс шықты. Дауыс болғанда, кәдімгі қазақтың сөзі, үні. Ол ащы дауыспен анық әрі бұйыра сөйледі:

– Әй, қағынып туған қарақшы Омарбек! Тыңда мені! Босқа қарсыласа бермей, өтрәдқа беріл! Соғыстың не екенін білмейтін сенің, жаныңдағы анау қара тобырыңның мылтық ұстауы, қаһары қарымды, даусы жеткен жерге айбары да, айбаты да жеткен патша ағзамның жарлығына қарсы шығуы – не теңім?! Әй, Омарбек, әй, оған ерген ақылсыз мұндарлар! Жатқан жерлеріңде көмусіз қалып, харам еттерің қара құсқа жем болсын демесеңдер, істеңдер айтқанымды! Орыс бөрі болғанда, сендер қоян, жоқ, қиқым кеміргеннен басқа тындырары жоқ тышқан сияқты екендіктеріңді білемісіңдер?!

 Өзін бөріге теңеген патша жендеттерінің сөзін сөйлей жарамсақтанып тұрған кім бұл, өзі?! Көрсетші, тұрқыңды, бір оқпен жерге қадай салайын! – деді Омарбек ашуланып.

– Ей, өмір бойы түн жортып, күн кезген жорықшы кезбе қарақшы! Соңыңа шәрлі жердің ібілістерін жинап алған шайтандығыңды білмейсің де. Бірақ көрінбейтін шайтан, қолға ұстатпайтын ібіліс болсаң да, орыстың оғы соңыңнан қуып жетіп, жаныңды алатынын, денеңді өртейтінін ұмытпа! Ал менің кім екенімді даусымнан танымай тұрмысың?! Танымасаң, айтайын: мен – сенің соққыңнан ес жимаған күйі жақында ғана дүние салған Сабылтай болыстың інісі – Қабылтаймын. Ағамды өлтірген сенде кеткен – кегім, алынбаған – өшім бар! Сен анада дүние-мүлкін, күллі төрт түлігін талап алған Асқар байдың туысы Кенепбай екеуміз сенің қаныңды ішпей, сүйегіңді шашпай тыншымаймыз деп, серт беріскенбіз. Шық бері, кел, өтрәдтің алдына, қолыңды көтеріп!

– Әй, Қабылтай, менен кек алғыш болсаң, орыстың әтрәдінсіз келмейсің бе?! Біліп тұрмын, сен де Сабылтай сынды дым білмес әрі қорқақ, тек сары шуаштардың күшіне сүйенген жағымпаз екенсің! Расымен, менің қанымды ішіп, сүйегімді шашқың келсе, ортаға жекпе-жекке шық! Болмаса, жаңағы Кенепбай дегеніңді шығар! Бірақ қасыңдағы тіреуіштеріңе айт, бір оқ атпасын, жекпе-жек әділ болсын!

– Біздің өтрәдтің көмәндірі қызық болсын деп сенің айтқаныңа көнді. Енді шық ортаға, Омарбек, бір өзің! – деді Қабылтай біраз үнсіздіктен соң. –Менің қолым жарақаттанған, төбелесуге жарамаймын. Кенепбай да жоқ қазір ортамызда. Сенімен жекпе-жекте анада біздің аста өзіңмен күреске шыққан орыс палуанының інісі Некалай солдат шығады. Ол да өткенде сенен жеңілген ағасының кегін алмақшы. Жекпе-жек күрес емес, төбелес түрінде болады. Өліп кетсең, сұрауың жоқ. Қасындағылар шулай жөнелді:

– Шықпа, – Омеке, – олар сөзінде тұрмайды.

– Орыстар сені атып тастау үшін әдейі алдап шақырып тұр.

– Расында, олардікі айла болмасын, – деп сақтандырды оны Тоқаш, Ораздар.

Көтерілісшілердің бір сәт тосылғанын байқаған Қабылтай тағы дауыстады:

– Омарбек, қорқақ мен емес, өзің екенсің! Жүрегің ұшқаннан не даусың шықпай, не тұрқың көрінбей қалды ғой.

Омарбектің намысы көтеріліп, арқасы қызып кетсе, ештеңеден тайынбайды. Қабылтайдың сөзі оны сондай кепке түсірді. Мылтығын Тоқашқа қарай лақтырып тастап, дөңес алдындағы жазыққа атып шықты да, төбедегі отрядқа қарата екі қолын жайып, қатулана ақырды:

– Қане, қайсың менімен алысқа шығатын?!

Төбе жақтан еңгезердей дәу орыс солдат екпіндеп түсті. Оның мұны бір-ақ мыта салайын деген ниеті болды ма, келе сала, екі қолын ербеңдетіп, бұған таяды. Солдат формасын киген пәлекеттің денесі қандай зор болса, түрі де зәрдей суық. Екі көзі көкпеңбек, қоңқақ мұрынды, мұртының екі ұшы екі жаққа үшкірлене жайылған, беті күрең қошқыл ма, әлде, қызылқошқыл ма, әйтеуір, тым рәпәтсіз неме екен. Омарбекті әлуетті қолдарымен бірден қапсырып алам деді ме, әлде, бар денесімен басып қалам деді ме, жуан даусымен «но-о-о» деп бір ақырып, бұған тұра атылды. Ол ұмтылғанда, Омарбек бұлт ете зып беріп, шетке ысырылды. Өңкеңдеген орыс денесін игере алмай, алға теңселіп кеткенде, бұл оны балтырдан қиғаш тебе, аяқтан шалып жіберді. Анау етпеттей құлап бара жатып, екі қолымен жер тіреп, төрттағандап қалды. Бағанаден бойын ыза кернеген Омарбек оның ішінен аямай тепті. Солдат дәулігіне қарамай жылдам екен, тепкі тиген жерін елемей, жерге тірелген бір қолымен мұның аяғынан шап берді. Омарбек көз ілеспес шапшаңдықпен оның желкесінен қос қолдап тұрып, бар пәрменімен бір соқты. Төртаяқтаған солдат сорлының басы жер сүзді.

Жекпе-жек ұрыстарда қаны басына шығып, қанша жерден қатты ашуланып кетсе де, Омарбек жерде жатқан, жығылған қарсыласын өмірі ұрмайтын. Осы сәтте де сол әдетіне басып, солдатты ұрмады. Осы сәт дөңес басындағы солдаттар айқайлап, өз бауырларына дем берді. Тіпті, екі-үшеуі аспанға мылтық атып, ысқырып, орысша балағат сөздерді айтып, айқай-сүреңге басты. Басы жерге қадалған дәу солдат орнынан жылдам көтеріліп, артындағы қарсыласына ақырып тұрып, тағы атылды. Бұл жолғы әрекеті оңтайлы болып, Омарбектің мойнының сыртынан қапсырып үлгерді. Күші мығым, дүлей екен. Қапсырған күйі мұны өзіне қатты тартты да, бірдемде кеудесіне қысты. Сосын Омарбектің белінен құшақтап, аяғынан шала, артқа итерді.

Орыстың астына түсіп қалса, одан оңайшылықпен босана алмайтыны ілезде санасына кірген Омарбек, өзін артқа қарай жығуға тырмысқан орыс солдаттың бір мезет бұны ала алмай тіресіп қалғанын сезді. Сезген замат оның белінен шап беріп, бар күшпен оң жаққа қарай лақтырып тастауға кірісті. Өзіне біткен алып күшімен, бір ырғағанда-ақ солдатты серең еткізіп жерге алып ұрды. Алып ұрды да, қарсыласының алқымынан ала кетіп, қылқындыра жөнелді. Солдат та оңайшылықпен берілмейтін қауқарын жинап, мұның қолдарына жармасып, тыпырлап жатыр. Аз сәттен кейін бұлай жатып босана алмайтынын сезді ме, қонышындағы пышағын алып, Омарбектің санына сұғып үлгерді. Сәтін салғанда, пышақ санға жөнді дарымады. Бұл заматта бір қолын тамақтан басатып, солдаттың қанжар ұстаған қолына жармасты.

 Оның қанжар ұстаған қолын білезік буынынан серпи қайырып жіберіп, өз қанжарын өзіне сұқты. Дәл асқазан тұсына қадалған қанжардан дәу орыстың денесі солқ ете түскен бойда бірден босап, қарсылық көрсетуге дәрмені болмай, аяқ-қолы тыпырлай бірден серейді де қалды. Сол сәтте өгіздей өкірген даусы жер жарды. Дөңес үстінде айқай-сүреңге басқан солдаттар саптастарының тыпырлап қалғанын көрген сәтте-ақ өзін атқылай бастайтынын сезген Омарбек, бір жағына қарай аунап түсіп, көтерілісшілерге қарай ирек жүгіріспен нысанаға ілінбей қаша жөнелді.

Төбедегі солдаттар да әрине бірден оқ жаудырған. Көтерілісшілер де қарап жатпай, дереу атысқа кіріскен-ді.

– Енді не қыламыз? – деді бір талдың түбіне тығылып отырған Нүке.

– Атысып бағамыз, – деді Омарбек үшін жауап берген Тоқаш. – Бізге қауіптісі – пулемет. Бірақ пулеметінің оғы қашанға дейін жетер дейсің. Онысы болмаса, отряд бізбен ұзақ соғыса алмайды. Біз сан жағынан әлдеқайда басымбыз.

Бұлар бір-бірімен осылай жіті сыбырласып тұрғанда отряд жақтан атылған мылтықтардың дауысы сап тиылды. Артынша Омарбектің сарбаздары да атуын доғарып, айнала тып-тыныш қалыпқа түсті. Таңданған Омарбек пен Тоқаш бір-біріне қарасты. Тыныштықты Нүке бұзды:

– Тоқаш, сен айтқандай, расымен, орыстардың оқтары таусылды-ау деймін.

– Оқтарының таусылуы мүмкін емес. Бір қулықты ойлап отырған шығар. Ой, Омарбек, көтерме басыңды! Отрядта да мергендердің бар.

Көтерілісшілер отряд тарапынан атылатын мылтық даусын күтіп, бірауық отырды. Бір кезде арт жақтан алқынып Қашаған жетті:

– Ойбай, Омарбек, орыстар дөңестің арғы жағында қаңтарылған аттарына міне сап, қалаға қарай жөңкіп барады. Сірә, жеңілетіндерін білсе керек. Аттандап, қуайық та арттарынан.

– Рас па?! – деп таңданды Тоқаш. – Әй, бұлай қалай болғаны?..

 Омарбек жан-жағына қараса, мана ғана әр жыраға жасырынған сарбаздардың орындарынан көтеріле, топ-топ болып, әңгімелесіп тұр екен. Отряд қашпаса, сарбаздардың бұлай тұрмайтыны аян.

– Рас екен, – деді Омарбек. – Нүке, Қашаған, сарбаздарға дереу атқа қонуға пәрмен беріңдер! Нәлеті патша әскерін шамамыз жеткен жерге дейін қуайық. Бір солдатын аттан түсірсек те – олжа. Мықты екенімізге тағы бір рет көздері жетсін!

Сарбаздар заматта атқа қонды да, аттандап ала жөнелді. Арқаланып, ұрандатып шапқандары сондай, Шамалған шетіне барып қалған отрядты қуып жетті. Қаптаған күйі арттарынан жақындаған қазақтарды көргенде отряд шабыстарын жылдамдата түсті де арттарына қарата оқ бората қашты. Көтерілішілер де қашқандардың біразын аттан ұшырды. Бұлай беталды қаша берсе, қазақтар өздерін бір-бірлеп құртатынын сезді ме, әлде, қорғанысқа оңтайлы жерге жеткенше шаба беруді жөн санады ма, Терісарық маңындағы жар басына шыққан отряд аттан түсе жата-жата қалысып, мылтықтарынан қардай боратып, оқ төкті. Алда келе жатқандардың бірқатары оққа ұшты. Тоқтаусыз бораған оқтан сескенген сарбаздар ат басын бірден ірікті. Омарбек айқай салып:

– Жігіттер, қоршаңдар, өтрәдті жан-жақтан! – деп бұйрық берді.

Сарбаздар өлген-тірілгендеріне қарамай, Омарбектің бұйрығын орындауға ұмтылды. Бір топ күнгейге, бір топ шығысқа, тағы бір топ батысқа бөлініп, отряд бекінген жар басына жан-жақтан келуге асықты. Омарбек бастаған қалың топ жарға қарай тіке шапты. Алайда көтерілісшілердің қолы жар басындағы отрядқа жетпеді. Өйткені тап осы кезде Қаскелең жақтан оларға сапында үш жүздей солдаты бар тағы отряд көмекке келіп үлгерді. Мұны байқаған қазақтар демде ат басын тартып, тауға қарай шегінді. Бір жақсысы, келген отряд бұлардың соңына түспеді. Оқ-шоқтан аман қалған сарбаздар Бекболат батырға – Үшқоңырға беттеді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *