«БАСТЫ БАҒЫТТАРДЫ БЕЛГІЛЕП, ДАМУ ЖОСПАРЫН ӘЗІРЛЕУ ҚАЖЕТ»

Саясат Қоғам
312 Views

Отырар ауданында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде де жұмысты күшейту керек. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте маңызды міндеттер жүктеді. Жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Тұрғындардың мәселелерін созбалаңға салмай шешіп, елмен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады. Ауданда басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеу қажет. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау шарт. Аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар мерзімінде тазаланбайды деп наразылық білдіруде. Елді мекендерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауды, ішкі, сыртқы көшелердің келбеттерін 1-ші маусымға дейін ретке келтіруді тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды әлеуметтік сала, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерге де тоқталды.

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов зерделеу жұмыстары нәтижесін жариялады. Ондағы деректер бойынша аудандағы проблемалар ашық айтылып, талқыға түсті.

2021 жылмен салыстырғанда былтыр жергілікті бюджеттің кірістер бөлігіне 1 млн. 660 мың теңгеге кем түсім түскен. Ет өндірісі 2,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 19,4 пайызға, ешкі басы 10,2 пайызға, құс саны 6,3 пайызға кеміген.

Отырар ауданының білім саласында педагогтардың жұмысқа конкурссыз қабылдаудың 4 фактісі, 6 білім ұясының мемлекеттік білім беру талаптарына сай келмеуі деректері анықталған. Қазіргі уақытта мектептердегі конкурссыз жұмысқа қабылданған қызметкерлердің құжаттары заңға сәйкестендірілген. Жауаптыларға жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, қылмыстардың алдын алу жөнінде тапсырма берілді.

Отырар ауданында 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пунктер санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Аудан бойынша 5 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде, Ызакөл, Жанкел, Бестам елді мекендеріне 2023 жылы ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы қаралып отыр.

Мәжілісте осы және өзге мәселелер талқыланып, шешу жолдары қаралды. Тапсырмаларды сапалы атқаруға уақыт берілді.

«ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ»

Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керек. Денсаулық сақтау нысанының жай-күйі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды.

Ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.

– Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Д.Сатыбалды.

Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.

Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.

Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.

ҮШ ЖЫЛ ІШІНДЕ 96 БІЛІМ БЕРУ НЫСАНЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Түркістан облысына сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірдің әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешу бойынша кеңес өткізді. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен өңірдің аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

Сондай-ақ ол облыстағы бірқатар денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады.

Түркістан облысында медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселесі бірнеше себептермен өткір тұр: өңірде 257 дәрігер тапшы, медициналық жабдықтарының тозуы – 45%, медициналық мекемелердің жартысының тозығы жеткен.

Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша алдағы үш жылда 49 медициналық нысан салу жоспарлануда. Өңірде төрт ауданаралық және екі көпсалалы аурухананы жөндеу және заманауи жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиографтар, сараптамалық санаттағы УДЗ аппараттары және т.б.) қамту жоспарланған.

— Түркістан облысының әкімдігі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын көтеру, сондай-ақ жас мамандарды тарту үшін жағдай жасау жөнінде кешенді шаралар қабылдауы қажет, — деп атап өтті Алтай Көлгінов. – Ең тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерді даярлауға тапсырысты ұлғайту, оларды материалдық жағынан қызықтыру, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну керек.

Осыған ұқсас қиындықтар өңірдің білім беру саласында да жеткілікті. Түркістан облысында 7 апатты және 14 үш ауысымды мектеп бар, балабақшаларға кезек 3,5 мыңды құрайды, оқушы орындарының тапшылығы 33,6 мыңға жетті, бастауыш сынып оқушыларының тек 22,6% — ы ыстық тамақпен қамтылған, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектепке дейінгі балалар ыстық тамақпен мүлде қамтамасыз етілмеген.

Сонымен қатар, 328 мектепте техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты интернет жылдамдығы төмен, 16 мектептің дәретханалары сыртта орналасқан, зертханалар мен колледж шеберханаларының 40%-н жаңарту қажет.

— Түркістан облысында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім беру нысанын салу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджет қаражатынан 13 мектеп салынады, — деп атап өтті А. Көлгінов. – Сонымен қатар, еліміз бойынша 72 мектеп білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынады, оның 11-і Түркістан облысында бой көтереді.

Кеңес барысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп нақтылаумен айналысатын отбасының Цифрлық картасы үшін деректерді өзектендіру мәселелері талқыланды. Жаңартылған деректер әрбір азаматтың мәртебесін анықтауға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж, кепілді мемлекеттік қызметтермен қамтылмаған балаларды анықтауға көмектеседі.

Қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі — аймақтағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі. Вице-премьер атап өткендей, мәселе азаматтардың өмірі мен денсаулығына, отбасылардың әл-ауқатына тікелей қатысты, сондықтан әрбір аудан әкімі бұл маңызды мәселені бақылауда ұстауы тиіс.

Алтай Көлгінов сондай-ақ жастарды қолдаудың өңірлік бағдарламасын тезірек қабылдау қажеттілігіне баса назар аударды, ол ең негізгі мәселелерді шешуге тиіс: жұмысқа орналастыру, оқыту, тұрғын үй, бос уақыт.

— Халықтың өмір сүру сапасы әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей байланысты. Түркістан облысында халық саны тез өсуде. Денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту мәселелері кешенді түрде шешіліп, жергілікті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болуға тиіс, — деп атап өтті Алтай Көлгінов кеңес соңында.

Аймаққа сапар аясында вице-премьер бірқатар қолданыстағы және салынып жатқан денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады. Оның ішінде Түркістандағы 570 төсек орындық көпсалалы орталық аурухананың құрылыс алаңында болды. Мұнда өңірдің басқа да медициналық нысандарының жобалары таныстырылды: Түркістандағы 190 төсек орындық облыстық балалар ауруханасы, Сарыағаш ауданындағы перинаталдық орталығы бар медициналық кешен, Ордабасы және Мақтаарал аудандарындағы аудандық ауруханалар, сондай-ақ Сарыағаш қаласындағы қалалық емхана, Арыс қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар емхана мен Шорнақ ауылындағы аудандық емхана.

Вице-премьер сонымен бірге Түркістандағы Әмір Темір атындағы мектеп пен Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылындағы мектептердің құрылысына барды. Сонымен қатар Алтай Көлгінов «Ақжайық» музыкалық мектебінде болды, онда балалар музыкалық аспаптардың 11 түрінде ойнауды үйренеді.

КЕНТАУДА ЕКІ ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Кентау қаласында 1500 орындық 2 мектеп құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда, жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленді.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен бірге, мектептің құрылысы жүретін аймаққа барды. Құрылыстың жобасы талқыланды. Заманауи жаңа мектептер 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелерін қарап, жүзеге асыру бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда ұлттық жоба бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жайы әзірленуде.

Жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы кезінде қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықтармен қамтылады.

Айта кетейік, Кентау қаласы бойынша 25 мектеп бар. Оның 23 мемлекеттік болса, 2-уі жекеменшік білім беру мекемесі. Қалада жалпы 20 055 оқушы білім алуда.

КЕЛЕСТЕ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі барлық аудан орталықтарында заманауи үлгідегі мәдени ошақтарды салу жоспарланғаны белгілі. «Жаңа буын орталығы» деп аталатын мәдениет нысандары көпфункционалды болмақ. Солардың бірі Келес ауданында бой көтереді.

Келес ауданында «Жаңа буын орталығының» құрылысын жүргізу үшін Абай ауылындағы Асан қайғы көшесінде орналасқан бұрынғы мақта қабылдау пунктінің ішінен 0,50 га жер телімі қарастырылып, мемлекеттік актісі алынды. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджет есебінен қажетті қаржы бөлінген. Сонымен қатар аталған аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орынға лайықталған жаңа мектептің құрылысы мен мұражай және спорт кешені салынады.

Бұл туралы Келес аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Юсупов сегізінші шақырылымдағы Келес аудандық мәслихатының кезекті екінші сессиясында атап өтті. Сессияға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.

Бөлім басшысының мәліметіне сәйкес бүгінде ауданда 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Жамбыл және Қошқарата елді мекендерінде мәдениет үйлерінің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Аудан бойынша «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы аясында 2024 және 2025 жылдарға 5 мектептің құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

ЛЕНГІР ҚАЛАСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласының аумағы кеңейіп, шағынаудандарда тұрғын үйлер саны артып келеді. Қажетті инфрақұрылым жүйелерін реттеу мәселесіне де сұраныс өсе түскен. Қазіргі таңда қаланың электр жарығының қуаттылығын арттырып, ауыз су мөлшерін көбейту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Ленгір қаласы тұрғындарының сұранысына сай электр жүйелерінің қуаттылығын арттыру мақсатында «Алатау» мөлтек ауданында қосалқы станцияның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Қуаттылығы – 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10. Қосалқы станция құрылысына республика бюджеттен 2 млрд. 169 млн. теңге қаржы қарастырылып, арнайы 2,0 га жер бөлінді. Іске қосылған жағдайда аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылады деп күтілуде.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев «Алатау» мөлтек ауданындағы қосалқы станцияның құрылыс алаңында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *