«ТАБИҒИ ГАЗ, АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША НАҚТЫ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНУЫ ТИІС»

Қоғам
249 Views

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндік пен әлеует толық қолданылмай отыр. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейту маңызды. Бұл жөніне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті көшпелі мәжілісінде мәлімдеп, аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Аудан экономикасының басты салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Оған климаттық жағдай қолайлы. Мегаполиске де, орталыққа да жақын орналасқан. Бірақ салада өзекті мәселелер бар. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Аудан әкімі – ауыл шаруашылығы саласының маманы, бірақ бұл бағыттағы ауданның әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 93 пайызды құрады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын қолдау үшін, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Бұл бағдарлама саланың дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Ордабасы ауданында бағдарлама Шұбар, Бадам ауыл округтерінде іске асырылады. Аудан әкімі бұл бағытта үйлестіру, ал ауылдық округтердің әкімдері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізсін. Бөлінген қаржыны мақсатты пайдаланып, тұрғындар табысын арттыру қажет, – деген Дархан Сатыбалды инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, индустриалды аймақты дамыту жөнінде тапсырма берді.

Білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды.

– Аудандағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар қордаланған мәселелер бар. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Құрылысы жүргізіліп жатқан газ нысандарының кемшіліктері қалпына келтірілмеген. Осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою үшін тиісті шаралар қабылдансын, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың атқарған жұмыстар жөнінде есебі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі туралы баяндады.

Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар негізгі көрсеткіштері былтыр орындалмаған. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 70,5 пайызға, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 17,5 пайызға орындалып, жылдық жоспарға қол жеткізілген жоқ. Құс етін өндіру бойынша жоспар 34 пайызға орындалған.

Өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Ауданда 792 салық салу нысандары мүліктерін 477 млн. теңгеге бағалап, небәрі 2 млн. теңге салық төлеген. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 24,3 млрд. теңгені құрап отыр, яғни, 51 есе жоғары.

Осы және өзге де түйткілдер тарқатылған мәжілісте облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев мәлім етті.

Сыры терең Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл — ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.

Ғалымжан Қарабайұлының айтуынша, Сауран ауданына биыл І тоқсанда 6 млрд 428,9 млн теңге инвестиция тартылды. Осы жылы жалпы құны 13 млрд 129 млн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.

– Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсем, Оранғай елдімекенінде «Балмұздақ» ЖШС-ның балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу және «Ныш Ер» ЖШС-ның демалыс аймағы және қонақүй салу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Үшқайық ауыл округінен «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның балық шаруашылығын дамыту мен Шорнақ елдімекенінен «Sauran Plast» ЖК-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы, сондай-ақ, Ескі Иқан елдімекенінен «AgroFoodTrade» ЖШС-ның мақта майын өндіру цехы жобасы іске асыру жоспарланып отыр, — деді Ғалымжан Қарабайұлы.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Сауран ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны — 6 010.

Брифинг барысында аудан әкімі биыл Аша елдімекенінде ауызсу жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылатынын, сондай-ақ, 3 шалғай орналасқан елдімекенде кешенді блок модуль орнату қарастырылғанын айтты.

– Өткен жылы Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елдімекендеріне су мұнарасы орнатылып, Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудандағы 35 елдімекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елдімекен күн сәулесі батареяларынан қуат алады. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, өткен жылы 13 трансформатор орнатылды. Биыл 37 дана орнатылады. Сонымен қатар, елдімекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал 11 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елдімекен табиғи газды пайдаланып отыр. Биыл Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елдімекендеріне табиғи газ қосылады, — деді аудан әкімі.

Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен 7,5 шақырымды құрайтын 1 аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде өткен жылы 15 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, жарықтандыру жүргізілді. Биыл бағдарлама аясында 11,2 шақырым, ал жергілікті бюджет есебінен 12,3 шақырым жол жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, аудан орталығы Шорнақ елдімекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың және инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтереді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды.

Бабайқорған елдімекенінде Спорт зал бой көтеріп келеді. 2023 жылы нысанды тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Шорнақ, Иассы, Үшқайық, Шаға ауыл округтерінде ветеринарлық бекеттің құрылысына, Үшқайық және Жаңа Иқан ауыл округтерінен Спорт зал құрылысына, Жібек жолы ауыл округі әкімшілігі ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп отыр.

83 ЕЛДІМЕКЕННІҢ 57-СІ АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мәлім етті.

Спикердің сөзінше, ауданда 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд.теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, ауыл шаруашылығы саласында 1175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

«Өткен жылы Келес ауданында жалпы өнім көлемі 107,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласының үлесі — 65,5%. Ал, негізгі капиталға 17,7 млрд.теңге инвестиция тартылған. Биыл аудандағы жалпы өндірілген өнім көлемін 119,3 млрд теңгеге жеткізу жоспары тұр. Бүгінгі таңда аудан халқын жұмыспен қамту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Соның ішінде ауылшаруашылығы саласында 5 нысаннан тұратын «Азия Мед» медициналық орталығы, «Эмир-Дэмир» ЖШС иновациялық жылыжай кешені, 1000 басқа арналған мал бордақылау «Умитай» шаруа қожалығы ашылады. Сонымен қатар, «Ағайындылар» атты қонақүй кешені, «Saryagash Alpamys» ЖШС минералды су өнімдерін өндіретін зауыт, «Сарыагаш-QZ» ЖШС «Ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру» зауытының құрылысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, электр қуатын күн сәулесінен өндіретін «UBS KZ» ЖШС және «UBS Solar» ЖШС электрстанция мен «ECOCULTURE-EURASIA»ЖШС жылыжай кешені салынады», — деді аудан әкімі.

Таяуда Келес ауданында «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен еліміздегі ең үлкен, яғни 500 гек-тардан астам жылыжай кешенінің ірге-тасы қаланған болатын. Жоба толық жүзеге асқанда 8 мыңнан астам жергі-лікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп межеленген. Жаңа жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі — 524 млрд. теңге болса, 1 кезеңіне 51,6 млрд. теңге. тартылмақ. Қуатылығы – жылы-на 225 мың тонна қызанақ өсіру.

Брифингте белгілі болғандай, биыл жыл соңына дейін аудандағы 60,7 шақырым автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, аудандағы Қошқарата ауылдық округі, Жамбыл елдімекеніндегі №28 Мақташы, №11 Жолбасшы мектеп ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп, осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілмек.

Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына ауданнан 4 ауылдық округ енгізіліп, Қошқарата ауылына 1 кооператив өсімдік шаруашылығы саласын, Ошақты ауылына 1 кооператив мал бордақылау алаңдарын дамыту қолға алынбақ. Сондай-ақ, Ақтөбе ауылына 2 кооператив сүт өнімдерін өндіру және балық шаруашылығын, Біртілек ауылына 1 кооператив жылыжай кешенін салу және жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағытын дамыту жоспарланып отыр. Индустриялды аймақты құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған.

Айта кетсек, аудандағы 83 елдімекеннің 57-сі ауызсумен қамтылған, 7 елдімекен экономикалық жағынан тиімсіз болып танылған. Ал қалған 19 елдімекенде ауызсумен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жерасты су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сондай-ақ, 63 елдімекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, қалған елдімекендерде құрылыс жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал аудандағы 50 елдімекен табиғи газ жүйелерімен қамтылған, 27 елдімекенде құрылыс монтаж жұмыстары, жобалық-сметалық құжаттары жүргізіліп жатыр.

ТҰРҒЫНДАР САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ

Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Төлеби ауданы, Ленгір қаласында ауыз судың дебетін ұлғайту мен сапасын жақсарту мақсатында 2022 жылы «Көктерек» су тазалау ғимаратының құрылысы басталды.

Нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі. ҚР Ұлттық қорынан қаржы қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме арқылы 2200 м3 резервуар құйылып, ауыз суды тазарту станциясы салынды. Нысан басына су тазарту құрылғысы орнатылды.

Бүгінде су тазалау құрылғысын бағдарламалау және іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаны 2023 жылдың шілде айына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жобада ауыз суды тазарту және су көлемін ұлғайту қарастырылған.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев «Көктерек» су тазалау ғимаратының құрылысымен танысып, мердігерлерге бірқатар тапсырма жүктеді.

Жауапты басшыларға елді мекендерді толық сапалы ауыз сумен қамту бағытында бұлақтар көзін ашып, гидрологиялық зерттеулер жүргізуді міндеттеді.

Сондай-ақ ауданда тозығы жеткен су құбырлары ауыстырылып, бұлақ көздерін қоршау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, аудан аумағында, қажеттігіне орай, жерасты су ресурстарына арнайы зерттеу жұмыстары басталған.

«Көктерек» су тазалау ғимаратының құрылысы жобада көрсетілген мерзіміне сәйкес жүргізілуде. Нысанның құрылысының сапасы бақылауда. Су сүзгі толық орнатылып, пайдалануға берілгеннен кейін Ленгір қаласында ауыз су тапшылығы шешіліп, сапасы жақсарады деп күтіліп отыр.

КЕМІ 7 АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі өзекті мәселелері бар газ нысандарын жап-пай тексеруді тапсырды. Жіберілген олқылықтарды шұғыл түрде талап-қа сай ретке келтіріп, бір айдың кө-лемінде халыққа газ беруді жүктеді.

Өңір басшысына облыстағы проблемалы 10 автоматтандырылған газ тарату стансаларының бүгінгі жағдайы баяндалды. Олардың бірінің құжаты толық аяқталмаса, енді бірінде жөндеуден кейін ақау шыққан, тағы бірін қайта жаңарту қажет. Олардың басым бөлігі Сарыағаш пен Келес аудандарында орналасқан.

Әртүрлі себептермен жылдар бойы іске қосылмай тұрған маңызды нысандардың жай-күйімен танысқан аймақ басшысы осы уақытқа дейін олардың құжаты мен құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды міндеттеді. Атқамінерлердің сылбыр қимылын сынға алған әкім жауаптыларға мәселені шешуге бір ай уақыт берді.

— Қағазбастылықтан арылу керек. Бір салада жүріп, бір-біріңізді танымайсыздар. Тұрғындар газсыз отырғанда, сіздер сылтау айтып отырсыздар. Жауапкершілік деген болу керек қой. Қалайша бейқам жүре бересіздер? Сөзбен емес, нақты іспен нәтиже көрсетіңіздер. Шұғыл түрде қараусыз қалған нысандарды ретке келтіріп, халыққа газ беріңіздер, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Әр нысан іске қосылғанда кемі 7 ауыл тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Облыс басшысы жауапты сала жетекшілеріне аталған мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.

ТАСКЕШУ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

Сайрам ауданындағы Таскешу ауылына газ берілді. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Бахытбек Хасанов таскешулік тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

«Тәуелсіздігіміз туын тіккен жылдардан бері елімізде, оның ішінде біздің ауданда көптеген нысандар ел игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Соның бір көрінісі — Таскешу ауылында жүзеге асты. Бүгін, міне, қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз. Ауылға көгілдір отын беріліп жатыр», – деді Б. Хасанов.

Көгілдір отынға қол жеткізген Таскешу ауылының тұрғындары енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық деп ризашылығын білдірді.

Айта кетерлік жайт, «Таскешу ауылын табиғи газбен жабдықтау» нысанының құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Қосылған үй саны – 310.

Сонымен қатар, қазіргі таңда аудандағы 6 елдімекенде газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *