БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Қоғам Құқық
137 Views

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жасөспірімдер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл мәселе осылай жалғаса береді ме? Сана өзгермей, құқықтық талап күшеймей түк шықпасы түсінікті. Бүгінгі таңда барша әлем елдерінде қоғам дертіне айналған тұрмыстық заң бұзушылығы біздің елімізде де өзекті және шығар жолы жоқ мәселелердің бірі болып табылады.
Меніңше, зорлық-зомбылықтың бастауы – бала кезден тәр-биенің дұрыс берілмеуінде. Басқа ұлтты қайдам, біздің қазақта дүниеге ұл келген сәттен бастап ерекше көңіл бөліп өсіреді. Ұлды ”Ұрпақ жалғаушы, Ізбасар, Атқа мінер” деп еркелетіп өсіреді. Ал қыз баласына келетін болсақ кіші кезінен үй тірлігін мойнына асып, артық қылықтар жасатпай тәрбиелейді. Тіпті тыйым сөздердің өзінде ”Қызға қырық үйден тыйым” делінген.
Қазіргі кездегі ресми деректерімізге сүйенетін болсақ, бір тәулікте 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, балалар арасында 1 суицид мәселесі орын алады. Балалардың суицидке баруы көп жағдайда буллингке немесе отбасыдағы жанжалға байланысты болып жатады. Ал отбасындағы зорлық-зомбылыққа келетін болсақ, отбасылық жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттер өте көп.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғам қанша дамып, көркейіп жатса да әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық жағдайлар, әрекеттер тоқталар емес. Қылмыстық статистикаға келетін болсақ, соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан. Мәселен АҚШ-та кез-келген тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда оны қылмыс деп санап, 1 жылға бас бостандығынан айырады. Біздің заңды біраз елдермен салыстыратын болсақ, солқылдақ тұстары өте көп. Отбасы құндылығы — біздің мемлекетіміздің ұстанып отырған басты саясаты. Отбасының үйлесімді дамуы мемлекетіміздің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Отбасы — түсіністік, сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. ”Отан отбасыдан басталады” деп бекер айтылмаған. Отаныңды сүю — отбасыдан басталатыны рас!
Осыған қатысты биылғы Президент Жолдауында маңызды міндеттердің бірі балаларға, отбасыларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату мәселесі тапсырылды. Ендігі үміт – сонда. Жек көрудi — махаббатпен, жалғандықты — шындықпен, зорлықты — шыдамдылықпен жеңу керек. Мемлекеттің іргетасының мықтылығы әрбір отбасының бақытынан басталады. Тату-тәтті отбасы берекелі мемлекеттің басты іргетасы.

Балжан ӘЖІБЕК,
Астана қаласы №70 мектеп-лицейінің түлегі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *