ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА 1,57 МЛРД. ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Қоғам
112 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентауда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін тұрғындардан өзінен сұрады. Шаһар халқымен есептіккездесуге келген өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқанқұрылыс жұмыстарын пысықтады. Аулаларды аралап, кентаулықтардың ұсыныс-талаптарын тыңдады. Дархан Сатыбалдымен тілдескен тұрғындаринфрақұрылымды жаңарту барысын өздері жіті бақылайтындарын жеткізді.

Жалпы, Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үйлер бар. 2014 – 2022 жылдар аралығында 5,843 млрд. теңгеге 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылды. 2023 жылға Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 55 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд. теңге қаржы бөлінді.

Көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Өңір басшысы кезекті рет Кентаудағы №5 жылу энергия орталығындағы күрделі жөндеу барысын бақылады. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станциясын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда. Облыс әкімі құрылыстың сапасын басты назарда ұстап, жылыту маусымына дейін толық дайын болуды міндеттеді.

Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жалпы, биыл Кентауда жылыту маусымына дайындық ерекше әрі сапалы жүргізілмек.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫНА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ БИЫЛ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд. теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.

– Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауданда 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 89 млрд. теңгені құраса, биыл 6 айда 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артты. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд. теңгеге жетсе, Биыл 6 айда 7,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 20,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Түлкібас ауданының брендіне айналған 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар – қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде былтыр 32 мың тонна өнім жиналса, биыл оның көлемі 33 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемін 51 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.

Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілуде.

Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.

Кездесуде облыс әкіміне Түлкібас ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Түлкібастықтар өңір басшысынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алудың жолдарын сұрады. Мектеп, балабақша, спорт алаңын салып беру, ішкі жолдарды жөндеу, жайылым және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш тапшылығы туралы айтты. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс полигонынан зардап шегіп жатқанын жеткізді.

Облыс әкімі халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, аса қажетті деген салалардың ең бірінші кезекте қаржыландырылатынын атап өтті. Аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асатынын айтып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.

Сондай-ақ облыс әкімі жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Дархан Сатыбалдының халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА 7 БІЛІМ ОРДАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов өңірдегі бірнеше ауылдық округтерге барып, құрылысы жүріп жатқан нысандармен танысты. Алдымен Ақбұлақ округінде орналасқан екі қабатты мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде нысанның ішкі жұмыстары аяқталып, көрермендер залының едені төселуде. Аталған ғимарат – мәдениет үйін, кітапхана мен спорттық үйірмелерді қамтымақ. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, нысан биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Аудан әкімінің сапары аймақтағы мектеп құрылыстарымен танысумен жалғасты. Аймақта жалпы 75 мемлекеттік, 17 жеке меншік мектеп бар. 1 қыркүйектен бастап тағы жеті білім ордасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Одан бөлек, аудан басшысы өңірдегі «Art Boilers» компаниясының жұмыс барысымен танысты. Бүгінде бұл мекеме неміс технологияларын қолдана отырып, заманауи қазандықтарды өндіріп жатыр. Жалпы кәсіпорын 2,6 га жерді алып жатыр. Онда жылына 400-ге жуық жылыту қазандықтары шығарылады. Бұл өңірдегі жоғары технологиялық жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны. 2008 жылы негізі қаланған «Art Boilers» компаниясы алдағы уақытта да өндіріс күшін арттырмақ.

ІШКІ ЖОЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ 84,3 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК

Биыл Түлкібас ауданында жол жөндеу жұмыстары нәтижесінде ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 84,3 пайызға жетпек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 81 пайызды құраған болатын.

Осы жылы аудан аумағындағы 12 елдімекеннің 61 ішкі көшесі жөндеуден өткен. Атап айтқанда, Майтөбе және Азаттық елдімекендерінің 32 шақырымды құрайтын 48 көшесіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің 13 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар: Жаңаталап ауылы, С.Мұқанов көшесі, Қожамберді ауылы, Бастау және Битөре көшелері, Ынтымақ ауылы Желтоқсан көшесі, Т.Рысқұлов ауылы, Б.Момышұлы, Жүсіпбеков көшелері, Көкбұлақ ауылы, К.Көлбаев көшесі, Шақпақ баба ауылы, Асанбеков көшесі, Еңбекші ауылы, Анарбай көшесі, Рысқұл ауылы, Болашақ көшесі, Қоғалы ауылы, Сейфуллин, Майлин көшелері.

Сондай ақ, бүгінгі таңда облыстық маңызы бар КХ-65 «Тастұмсық – Майтөбе – Түлкібас» автомобиль жолының 9,6 шақырымы орташа жөндеуден өтіп жатыр. Нысан биыл қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Отырар ауданы Талапты елді мекенінде бүгінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Былтыр басталған медициналық мекеменің құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі жоспарлануда.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін нысанға қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Алдағы уақытта дәрігерлік амбулаторияны заманауи медициналық құралдармен және өзге де қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған.

Еске сала кетсек, ауыл тұрғындары аудан басшысымен есепті кездесуде амбулаторияның жоқтығынан көп жылдан бері аудан орталығына барып, ем-дом қабылдап жүргендерін жеткізген. Тұрғындар өтініші бүгінде шешімін тауып отыр.

ҮШ ЖЫЛДА ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірдегі білім саласына баса көңіл бөлінген. Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде.

Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 6 мемлекеттік 7 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін 20-дан астам жекеменшік білім ұялары ашылады.

Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.

Өңірдегі 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады.

Сондай-ақ Түркістан облысында 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 5 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Биыл облыс көлемінде білім саласы бойынша оң өзгерістер орын алуда. Бала санының артуына байланысты пилоттық жобалар аясында аудандарда білім ошақтары бой көтеруде. Осы тұста Мақтаарал ауданында 200 балаға арналған 4 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Жайлы мектеп ұлттық жобасымен тағы 5 мектеп салынуда.

Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков аудандағы құрылысы жүріп жатқан мектептерді аралау барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша мердігер мекемелердің басшыларына сын ескертулер берді. Құрылысы жүріп жатқан мектептердің сапалы болуы басты назарда.

Аталған мектептерде пәндік кабинеттер оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен толықтай жабдықталады деп күтілуде. Сондай-ақ онда оқушылардың сапалы білімге қанық болып өсуі мен жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.

БИЫЛ 20 МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Түркістан облысында биыл 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде, Сарыағаш ауданында 7 білім нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Аудандағы 4 білім мекемесі «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылса, қалған 3 мектепке облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Жуырда бір мектеп пайдалануға берілді. Тағы біреуінің жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Ал, қалған 5 мектеп қазіргі таңда жөндеуден өтуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданында болып, аталған мектептерді аралады.

– Мектептердің алдағы оқу жылына дайындық барысына мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін тексеру топтарын ұйымдастырған едік. Аудандарда орын алуы мүмкін мәселелерді өзім арнайы аралап, көріп шықтым. Жөндеуден өтіп жатқан 20 мектеп 15-і 1 қыркүйекте ел игілігіне қолданысқа берілуі тиіс. Сарыағаш ауданындағы мектептердің арасында жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешіккендері бар. Әртүрлі себептер айтылады. Әйтсе де, басты мәселе көрініп тұр. Ол – жұмыс күшінің аздығы мен салғырт қарау. Қаржы жағынан мәселе жоқ. Облыс көлемінде тиісті қаражат, яғни 4,5 млрд. теңге бөлінген. Орындалған жұмыстардың актісіне байланысты ары қарай қаржыландыруға дайынбыз. Ал, кестеден кешіккен компанияларға айыппұл салынады. Мердігер мекемелер екі ауысымдық жұмысқа көшуге уәде беріп отыр. Осыған байланысты құрылыс компаниясына қатаң ескерту жасадық, құзырлы мекемелер айыппұл салады. Қайтадан шұғыл жұмысшы топ құрып, қадағалайтын боламыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Әкім орынбасарының айтуынша, жауапты компаниялар құрылыс шараларына ең алдымен жұмысшыларды қажетінше тартып, белгіленген мерзімде аяқтауға міндетті. Өйткені, оқушылардың қалыпты оқу процесінен қалмауына жағдай жасауды көзделген. Қандай себеп болса да, тұрақты білім алуы шарт.

Сіргелі ауылында орналасқан №36 Тоқмұхамедов атындағы жалпы орта мектебінде шатыр ауыстыру, жылу, электр жүйелерін, сондай-ақ есік, терезелерді қалпына келтіру жұмыстарын қосқанда жұмыстар 75 пайызға аяқталған. Қызылжар ауылындағы №75 Ж.Жабаев атындағы білім ұясының сыртқы қабырғасы толығымен металочерепицамен қапталып, ішкі қабырғалары қырып қайта сыланды. Есік-терезелері мен коммуналдық жүйелері, шатыры ауыстырылды. Жөндеу шараларының 95 пайызы орындалған.

Ынтымақ ауылындағы №8 Айни атындағы және Қапланбектегі №13 Мәңгілік ел жалпы орта мектебінде ішкі қабырғаларды әрлеу, сырлау жұмыстары мен есік-терезелер, электр және жылу жүйелері жаңартылуда. Яғни 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай аяқталады. Ал, Көктерек кентінде №16 Панфилов мектебі кестеден кешігуде. Жаңа оқу жылы басталғанда мұнда 1300-ден астам бала білім ұясының табалдырығын аттауы қажет.

Жалпы Түркістан облысында 1275 білім беру мекемесі бар. Оның 98-і Сарыағаш ауданында орналасқан болса, 78-і мектеп. Ауданда 58 мыңнан астам оқушы білім алады. 1000 мектеп бағдарламасы аясында 3 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдары аралығында 10 мектеп салынады.

Облыс әкімінің орынбасары Сарыағаш ауданы көлемінде бастауыш сыныптағы 30 мың бала қыркүйектен бастап ыстық тамақпен қамтылатынын атап өтті. Тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін салаға жауаптылар мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын түгелдеп шығатын болатынын мәлімдеді.

САУРАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Сауран ауданы құрылғалы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бірі – қоғамдық көлік мәселесі. Осы орайда аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес қоғамдық көлік мәселесі оңтайлы шешіліп отыр.

Тарқата айтсақ, Шорнақ елді мекені мен Түркістан қаласы, «Түркістан – Жаңа Иқан» бағыттары бойынша қоғамдық көлік таңғы 07-00-ден кешкі 19-00-ге дейін қатынайды. Сонымен қатар, «Түркістан – Шорнақ» бағыты бойынша жаңа кестеге сәйкес 07-15 пен 19-25 аралығында, «Түркістан – Ескі Иқан» бағытымен 06-30 бен 19:10 аралығында қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек, Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінің орталық көшесіне аялдамалар қойылып, қазақы нақыштағы оюлармен безендірілуде. Аялдамаларға ескі қалашықтың суреті бейнеленген. Безендіру жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *