БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНДЕ ТЖКББ ШЫҒАР БИІГІ, АЛАР АСУЫ АЛДА

Білім
788 Views

1940 жылы 2 қазанда КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының «КСРО-ның мемлекеттік еңбек резервтері туралы» қабылданған Жарлығына сәйкес, биыл ТжКББ саласына 80 жыл толуына орай еліміздің ақпарат көздерінде кеңінен насихат жүргізілуде.

Кеңес дәуіріндегі өзгерістерді айтпағанда, еліміздің Тәуелсіздік алған жылдан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесінің сапасын жақсарту мақсатын алға қойды. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда жоғары білім беру саласын реформалау 1995 жылдан бастап қарқынды жүрді. Еліміздегі білім беру кеңістігінде жүргізілген реформаға сәйкес, 90-шы жылдары бірқатар өзгерістерге қол жетті: білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; мемлекеттік емес оқу орындарына рұқсат беріліп, басқа мемлекет азаматтарына ҚР азаматымен тең дәрежеде білім алуға рұқсат берілді; кредиттік жүйе мен тегін оқу гранты бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен мобильділік бойынша оқуға мүмкіндік берілді.

Нарықтық экономика еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарға сұранысты қажет етті. Сондықтан білім ордаларының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет, жаңа мақсаттар жүктелді. Жас мамандар сапалы білім, кәсіби шеберлік алумен қатар заман талабына сай білімді, білікті маман иелері болып, нарық заманының бәсекесіне түсе алатын, білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсете алатын өз мамандығының жан-жақты шеберін дайындауды – кәсіптік білім беру ұйымдары басты мақсат етті.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударды. Жастардың білімін жетілдіру үшін қажетті жағдай жасау туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек…» деп атап айтып көрсетті.

Осыған орай, білім беруді дамытудың өзекті мәселелері барлық кәсіптік білім беру ұйымдарында жан-жақты қарастырылып, инновациялық технологиялар мен жаңартылған оқу бағдарламалары енгізілді. Кәсіптік білім беруде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында «Үш тілділік» білім беру, модульдік оқыту, инклюзивті оқыту, қашықтықтан оқыту жүйелері жүзеге асырылып келеді. Мамандар даярлау жолында педагогтардың біліктіліктерін арттыру үшін ҰАҚ «Кәсіпқор» Холдингі, «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық акционерлік қоғамы т.б. мемлекеттік мекемелер үлес қосуда. Әсіресе, қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті кәсіби маман даярлауға күш салатын – білікті оқытушылар екені рас. Кәсіптік білім беру ұйымдарында үш тілді білім беру жүйесіне көшу саясатына байланысты мұғалімдердің ағылшын тілін оқып үйренуге арналған тегін курстары жүргізілді. Сондай-ақ, жалпы пәндер бойынша электрондық оқулықтар, зертхана мен іс-тәжірибеге арналған авторлық нұсқаулықтар, өндірістік оқыту үшін техникалық жабдықтар, электромонтаждық жұмыстарға арналған стенділермен, оқу кабинеттері интерактивті тақталар, видеопроекторлар, компьютерлермен жабдықталып, студенттердің игілігіне пайдаланылуда. Нәтижесінде, білім алушылардың қабілеттерін арттыру үшін ұйымдастырылған түрлі курстар, қалалық, аймақтық, республикалық конкурстар, конференциялар, олимпиадаларда жоғарғы нәтиже көрсетуде. Болашақ кәсіптік маман иелері өз біліктіліктері мен қабілеттерін колледжішілік деңгейден Халықаралық деңгейдегі конкурстар мен олимпиадаларда, конференцияларда көрсетіп жүр.

Бүгінде, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында колледждерге дамудың кешенді жоспарын құру белгіленген. Әрбір кәсіптік білім беру ұйымдарының өзіндік стратегиялық жоспары мен миссиясы бар. Стратегияны әзірлеу кезінде негізгі өндірісті дамыту және жаңа қуаттылықты енгізу есепке алынып, аймақ экономикасын дамыту үрдісі және еңбек нарығының білікті кадрларға қажеттілігі ескеріледі. Осы стратегияның нәтижесінде жас мамандырдың білікті маман болып қалыптасуы үшін өршіл мақсаттар қойып, адал еңбектенулерін талап етеді.

Болашақ жас мамандарға сапалы білім беру үшін өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істелуде. Айта кетейік, Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы колледждердің студенттері Халықаралық WorldSkills қозғалысына қатысып, жұмысшы мамандықтарының маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп жүр. Соңғы екі жылдың көлемінде біздің облыстың құрамасы республикалық жарыста көшбасшы атанды.

Ақмарал ТОҚСАНБАЕВА,

 Шымкент қаласы білім басқармасының

Политехникалық колледжінің

«Бағдарламалау және автоматтандырылған жүйелер»

кафедрасының арнайы пән оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *