ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ – БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

Білім Саясат
286 Views

Жуырда Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте Астанада үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отырғанын айта келе, бұған жол беруге болмайтынын ескертті. «Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіледі. Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім-ғылымға айрықша көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмайтын Мемлекет басшысы бұл саладағы өзекті мәселелерді бұған дейін де көтеріп, шешудің нақты жолдарын атап көрсеткен болатын. Мысалы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде дамудың басты кілті білімде екенін айта келіп, жасампаз ұрпақ тәрбиелеудегі оның маңызына тоқталған-ды. PISA халықаралық зерттеу нәтижесі бойынша орта білім сапасының соңғы он жылда қатысушы 80 елдің арасынан елуінші-алпысыншы орыннан көтерілмеуі, осы салаға қатысты сынның толастамауы, ел экономикасын ілгерілетудегі ғылым рөлінің төмендігі, білімнің біржақты бағалануы, сапаның емес көрсеткіштің алдыңғы орынға шығуы, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі мен мектеп бағасының сәйкес келмеуі, тағы басқа толып жатқан мәселелерді ел Президенті көзбояушылық деп атап, «Жас ұрпақ білімді болмаса, елдің өсіп-өркендеуі жайлы сөз қоз­ғаудың өзі артық. Бүгінгі білімді жас­тар ертең Қазақстанды алға жете­лей­тін мамандарға, кәсіпкерлерге, бас­шыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін», деген болатын. Сонымен қатар Қ.Тоқаев бү­гіннің ертеңгі тарих екенін, қазір ар­қаны кеңге салып отыратын емес, ке­рі­сінше батыл әрі жылдам әрекет етіп, көз ілеспес жылдамдықпен болып жатқан өзгерістерге, қоғамдық қатынастарға жа­уап беріп үлгеретін, тез және шұғыл шешім қабылдап, тапсырмаларды дер кезінде, мүлтіксіз орындайтын уақыт екенін қадап айтты.

Иә, бүгінгі ұрпақтың әлсіз, рухсыз болуға қақысы жоқ. Себебі еліміздің болашағы бүгіннен басталады. Ал ол өскелең ұрпақтың бақытты өміріне, алатын білімі мен тәрбиесіне, қалыптасу жолына тікелей байланысты. Сұлу сөздің зергері, саяси жүйенің құрбаны болған асыл азамат Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиенің мақсаты – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты», деген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда осы ойды төмендегіше дамытты: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады».

Құйрықты жұлдыздай ағып өткен қысқа өмірінде көп іс тындырған қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлихановтың «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген пікірімен мазмұндас Президент сөзі – ұға білгенге жауапкершілік жүктер тағылымы мол, мазмұны терең ғибрат. Мемлекет басшысы отандастарына сенім арта отырып, әрбірімізге адал болуды, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуді, ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, жаңа құндылықтарды орнықтыру үшін жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін сегіз бағытты атап өтті. Барлығы маңызды, салмақты, жауапты.

Мемлекет басшысы арнайы тоқта­лып басымдық берген мәселелердің орын­далуын­да халқымыздың ішкі мә­дениеті мен жауапкершілігі, саналылығы мен іскерлік тәжірибесі сынға түсері сөзсіз. Десе де төртінші бағыттағы өскелең ұрпақтың тәрбиесі – Президент атап өткен­дей, өте маңызды мәселе. Қалған жеті бағыттың дұрыс жолға қойылып, жүзеге асуы, жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүргізілуі, ұлт сапасының артуы білім мен ғылымға, оның дамуына тікелей тәуелді. Президент сөзімен айтсақ, «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі». Ал Әл-Фарабише толғасақ, «Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болуы өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады».

Замана ағымына сай көз ілеспес жыл­дам­дықпен өсіп келе жатқан цифр­лы ұрпақты жан-жақты әрі ұлтын сүйер адал, патриот азамат етіп тәрбиелеп өсіру, ұлт­тық сана қалыптастыру бізден солар­мен бірге бір толқында болуды ғана емес, жаңашылдық пен ізденімпаздықты талап етеді. «Тәрбие – тал бесіктен» басталатынын ескерсек, көз жазып, ажырап қалуға шақ тұрған отбасы институтының қажеттілігі, оның ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор маңызы айтпасақ та түсінікті. Дана Абайдың «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген сөзін көп жағдайда назардан тыс қалдырып жатамыз. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Қарапайым, ұғынуға жеңіл. Десе де астарында түсінгенге зор жауапкершілік жүктейтін, салмақты ой бар. Президент атап өткен, әділетті Қазақстанды қалыптастыратын адалдық қасиетін бала алдымен ата-анасынан көріп өсуге тиіс. Бала соларға қарап бой түзейді. Ертеректе үлкендер балалар отырған жерде бейсауат әңгіме айтпайтын. Ал қазіргі балаларды виртуалды әлем тәрбиелеп отырғанын бәріміз жақсы білеміз. Әлеуметтік желіні құрал ретінде көретін жас ұрпақты біз ғаламтордан тыс өсіре алмаймыз. Бұл – жаһандану заманының бір алғышарты. Одан қашып құтылу да мүмкін емес. Онда не істемек керек? Балалардың ұлттық санасын тұрақтандыру арқылы олардың ішкі сүзгісін мықты етіп қалыптастыру қажет. Сонда ғана жақсы мен жаманды, керек пен керексізді бала өзі ажырататын болады. Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңірудің түрлі жолдары жеткілікті. Жеткіншектерді еркін ойлап, дербес шешім қабылдауға бау­лу керек. Бұл әрекетте ұсақ-түйек жоқ.

Әлеуметтанушы ғалымдар өткен ға­сыр­дың 90-жылдары латын қарпімен таң­ба­лап, жік-жікке бөліп көрсеткен түрлі ұр­пақ өкілдерінің бір-бірімен түсінісе алмауы ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Қызығушылықтары мен өмір сүру салты, ұстанымдары мен арман-қиялдарына дейін алуан түрлі ұрпақтар арасындағы дәстүр сабақтастығы жаңашылдықпен жалғаспай жататыны жасырын емес. Кеңестік жүйе стреотиптерін өздерінің еркіндігімен бұзып-жарып өтетін еркін елдің ұрпақтарына қазір бүкіл әлем терезесі ашық. Интернет пен онлайн кеңістікті мекен еткен бүгінгі ұрпақтың қоғамы – цифрлық қоғам. Ойлау дүниетанымдары кең, олардың көзқарастарында шекара жоқ. Ашық, жылдам әрі өжет ұрпақ өсіп келеді. Олар жасандылықты, сатқын­дық пен алауыздықты кешірмейді. Еуро­па­ша ойлайды. Себебі уақыт өткен са­йын құндылықтар өзгеріп жатыр. Әйтсе де, өзгермейтіні – ұлттық құндылықтар: ұлт­тық тіл, ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлт­тық діл. Отбасы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, ұжым – барлығы саналы ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілікті ұлттық парыз сезінуге тиіс. Себебі ұлт болашағы – саналы ұрпақ. Үкімет мүшелері теледидарда мемлекеттік тілде енді ғана тілі шыққан баладай, жазған мәліметін ежіктеп оқығаны, әрине, келешек ұрпаққа өнеге бола алмайды. Мемлекеттік тілдің абыройы көтерілмей, тәрбиенің нәтижесі өзгермейді.

Білім саласында жүргізіліп жатқан барлық реформалардың мақсаты ұрпа­ғы­мыздың сауатты, ұлтымыздың сапалы болуына негізделген. Десе де ескеруді қажет ететін бірнеше мәселелер бар. Ол – отбасы тәрбиесіне салғырт қараудан бас­тап, балабақша мен бастауыш сыныптағы бала санының көптігі, мектептегі білім беру мен тәрбие жұмыстарының жүйелі әрі шынайы жүргізілмеуі, жоғары оқу орындарындағы білім сапасының еңбек нарығына жауап бермеуі, тағы басқалар. Осы себептен біз осы мәселелерге жіті көңіл бөліп, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды қолға алуымыз қажет. Ұрпақ тәрбиесі ата-анадан бастап білім беру саласындағы мамандардың кәсіби деңгейі мен адамгершілігіне, шеберлігіне қатысты.

Халықтың жасалып жатқан түрлі реформалардың нәтижесін сезінуін жұ­мыстың басты өлшемі деп таныған Пре­зидент жыл бұрын тарихи шешім қа­былдаған болатын. Ол – Білім және ғылым министрлігін Оқу ағарту ми­нистрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі деп екіге бөлуі. Бұл бөліністі қолдағандар да, керісінше кемшілік іздеп, жіпке тізгендер де кездесті. Десе де министрлік құрылғаннан бергі өткен он екі ай Мемлекет басшысы шешімінің дұрыстығын көрсетті.

Дамудың жаңа сатысына көтерілген еліміздің бүгінгі білім-ғылым көкжиегіне көз салғанда есімізге осыдан он екі ғасыр бұрын ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген сөзі түседі. Білім – дүние кілті болса, ғылым оның негізгі күші, басқаша айтқанда әлеуметтік прогресстің қуатты қозғалтқышы. Мұны естінің бәрі жақсы біледі, түсінеді. Өткенді сынау, тіпті жоқ ету оңай, ал болашақты болжау, оны құру тіптен қиын.

Министрлікті құрудағы басты мақсат – жоғары білімге басымдық бере отырып ғылыми-зерттеу ұйымдарының жұмысын жетілдіру және бәсекеге қабілетін арттыру, мемлекет экономикасының дамуына ықпал етуші кадрларды сапалы даярлауға жағдай жасау, ғылымды коммерцизациялау жұмысын жетілдіру. Осы көздеген межеге жету үшін министрлік үш негізгі бағыт – қолжетімді әрі сапалы білім, озық қолданбалы ғылым, ортақ құндылықтар мен мәдениет бойынша міндеттемелер қабылдап, тыңғылықты іс-әрекет жүргізіп отыр. Ал министрліктің негізгі стратегиялық бағыт-бағдары мен мақсат-міндеттері Мемлекет басшысының жиырмаға жуық тапсырмаларында, бірнеше ұлттық іс-қимыл жоспарлары мен жобаларда, тұжырымдамаларда анықталған. Бұл Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүктелер жауапкершілік пен артылар сенімнің қаншалықты салмақты екенін көрсетсе керек.

Ұлттық кеңесте білім-ғылым саласына қатысты талай елеулі ой-пікір айтқан жас та болса іскерлігімен, көп тіл білетін қасиетімен мемлекеттік қызметте де, жеке кәсіпте де абырой биігінен көріне білген Саясат Нұрбектің Ғылым және жоғары білім министрлігіне басшы етіп тағайындалуы – ұтымды шешім. Мәселені ішінен көре білетін, оны анықтап, зерттеген, жүйелі түрде жүргізуді мақсат еткен сала басшысы жұмысты университеттер мен ғылыми ұйымдарда академиялық еркіндіктің жаңа деңгейін қамтамасыз ететін білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер енгізумен, толығымен қайта жасаудан бастады. Бұл бастама осы жылдың 28 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №248 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жыл­дар­ға арналған тұжырымдамасында» то­лықтырылып, үлкен стратегиялық жос­парға айналды.

Осы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарына жеке оқу жоспарларының құрылымын дербес бекітумен бірге магис­транттар, докторанттарға оқу траекториясын таңдау құқығы берілді. Студенттердің кәсіби дағдыларын тез меңгеріп, дамытуы үшін микробіліктілік бойынша оқыту нәтижелерін тану қарастырылып, «нано-дәрежелер», «ұлғайтылған дәре­же­лер (Stackable degree)» ұғымдары енгізілді. Студенттердің бітіру жұмыс­та­рына – дипломдық жұмыстар мен жобаларға, бейіндік бағытта оқитын магистранттардың диссертацияларына ғылыми дәрежесі болмаса да сол салада табысты жұмыс істеп жүрген практик мамандар жетекшілік ете алатын болды. Бұл жоғары оқу орны мен жұмыс берушілердің, өндіріс орындарының байланысын, дуальді білім алуды дамыта түсері анық. Әр студент базалық мамандығымен қатар қосымша «майнер» алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл дегеніміз информатика пәнінің мұғалімі қосымша ақпараттық технология саласының техник маманы бола алады. Coursera-мен үшжылдық келісім жасаудың нәтижесінде студенттер аталған бағдарламаны әлемдік профессорлардан оқып үйрене алу мүмкіндігі туды. Нәтижесінде, әр түлек базалық дипломмен қатар қосымша қабілеттерін растайтын 3-4 сертификат иесі бола алады. Бұл жұмыс көктемгі семестрден басталып кетті. «Мамандығым – болашағым» жобасы Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырыла бастады. Министрлік өңірлік жоғары оқу орындары мен әкімдіктер және жергілікті корпоративтік сектордан тұратын үштік спираль деп аталатын модель құрды. Кәсіби біліктілік бойынша өңірлік кеңестер құрылып, 20 өңірлік карта жасалды, бір миллион оқушы кәсіби диагностикамен қамтылды. Осыған байланысты кәсіби стандарттар негізінде жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары қайта жасалды. Өңірлердегі сұранысқа ие мамандықтарды анықтау және еңбек пен білім нарығын үндестіру мақсатында жоғары оқу орындары оқытушыларына форсайт-сессия ұйымдастырылды. Практик мамандардың үлесі 75%-ға жетті.

Кезінде Саясат Нұрбекұлы келешек талап ететін және жойылу қаупі бар мамандықтар тізімін ұсынғаны белгілі. Министрлік басшылығына келген соң, ол еліміздегі жоғары білімнің еңбек нарығы сұранысынан қалып келе жатқанын мәселе етіп көтерді. Одан шығу жолын да ұсынды: «Біріншіден, әр өңірде жаңа мамандықтар атласы жасалады. Мен бұл мәселемен 5 жыл бойы айналыстым. Енді бұл жоба 5 өңірде – Алматыда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстарында жасалды немесе жасалып жатыр», дей келіп, әрбір жоғары оқу орындарына өңірдегі сұраныстарды, еңбек нарығы қалай өзгеріп жатқанын нақты түсінуі үшін барлық білім беру бағдарламасын осы картамен байланысты жасауды міндеттеді. Осыған орай 2022 жылы «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» дүниеге келді. Түсінікті болуы үшін мәлімет бере кет­кенді жөн санадық: «Атлас – еңбек нарығын сындарлы түрде өзгертетін бас­­ты трендтерге терең талдау жүргізілген, ұлттық экономиканың перспективалы салалары мен мамандықтарының алдағы 5-10 жылға арналған болжам картасы». Министрлік мына салалардың атласы дайын болғанын мәлімдеді: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс. Сонымен бірге аталған «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласында» 463 мамандық нақтыланып, оның 239-ы жаңа, 95-і өзгеру үстіндегі, 129-ы жойылып бара жатқан мамандық ретінде жан-жақты сипатталған.

Осы әзірленген Атлас аясында еңбек нарығының келешегін, соған сай сұра­нысқа ие мамандықтарды анықтап, оқу­шылардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін ескеретін кәсіптік бағдарлаудың кешенді әрі теңдестірілген жүйесін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұлттық біліктілік жүйесін қайта қарау қолға алынуда. Келесі бір ауқымды шара – техникалық және кәсіптік білім мен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде жаңартылуы және ондағы жетекші рөлдің ЖОО-ға берілуі.

«Өмір бойы оқыту тұжырымдамасын» іске асыру көзделуде. Соған орай 12 жоғары оқу орынның жанынан «Күміс университет» ашылуда. Бұл еңбекке қабілетті халықты формалды емес біліммен қамтуды көздейді. Сондай-ақ 19 негізгі нысаналы индикатор мен 9 күтілетін нәтиже айқындалған тұжырымдамада мына межелерді бағындыру көзделуде: халықаралық білім беру бағдарламаларын, шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыру, 6-74 жас ара­лы­ғындағы халықтың цифрлық сауат­тылық деңгейін арттыру, ғылымды мем­лекеттік әкімшілендіруге ғылыми қоғам­дастықтың, бизнестің және басқа да стейкхолдерлердің қанағаттану дәрежесін көтеру, индекстелетін ғылыми журналдардағы мақалалардың жалпы саны бойынша Қазақстанның InСites елдік рейтингіндегі позициясының өсуі, жас ғалымдар мен зерттеушілер санын арттыру, «ҒЗТКЖ саласындағы университеттер мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық» көрсеткіші бойынша GII рейтингінде Қазақстанның позициясын көтеру, ЖІӨ-ден ғылымға бөлінетін қаржыны 1%-ға жеткізу, шетелдік жоғары оқу орындарының 12 филиалын ашу, 1 400 шетелдік оқытушыларды қызметке тарту. Мұның біршамасы қазіргі таңда жүзеге асып та үлгерді.

ХХІ ғасыр – ақпараттандыру заманы болғандықтан, жоғары оқу орындарын сандық университеттерге айналдыра отырып, олардың цифрлық архитектурасын дамыту маңызды бағыт болып отыр. Осы мақсатта виртуалды зерт­ха­налар құрылып, жаппай ашық онлайн курстар жұмыс істеп жатыр. Ми­нистр­ліктің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Мем­ле­кет басшысының тапсырмасы не­гізінде студенттердің әлемдік цифрлық кітап­ха­на­ларға қолжетімділігі қамтамасыз етіліп отыр. IT, киберқауіпсіздік, коммуникация, медицина, педагогика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы саласын жеделдете дамыту – мемлекет үшін өте маңызды мәселе.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мыз­ғы­мас үштағаны деуге болады», деген болатын. Ғылым, инновация, экономика ажырамас үштік болып, кез келген дамыған елдің өркениетке, табысқа жетуіндегі негізгі тетігіне, қуат көзіне айналғаны уақыт сабақтарынан белгілі. Қазақ ғылымының даму тарихы тым тереңде, көнеден бастау алатыны тағы аян. Десе де біз үшін маңыздысы – білім-ғылымның бүгіні мен ертеңі.

Өткен ғасыр басында Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлы бүгінді ойлап, ««Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ. …адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім қайратының арқасында ғылым, білім, өнер тауып, өзгеден үстем дүние жүзінің қожасы болып отыр», деп қазағының қамын жеген. Бірақ, сол сәтте билікте бұл сөздің байыбына жетіп, Аймауытұлы ардақтаған жан болмады. Болса, «жау» етпес еді…

Ия, рас, «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» (М.Жұмабаев). Бүгінгі білім мен ғылымның ең негізгі міндеттерінің бірі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Салалық министрлік бұл мақсатты орындайды деп сенеміз.

Тоқетерін айтқанда, бізде еліктеушілік басым. Сондай ұлтпыз. Бұл – жақсы қасиет. Ал бірақ тұлға тәрбиелеу, білікті кадр даяр­лау қас-қағым сәтте шешілетін шаруа емес. Бұл мәселе тыңғылықтылықты, сабырлықты, үздіксіз күрделі еңбекті талап ететін құбылмалы үдеріс. Айтайын дегенім, мектепке дейінгі, мектепте, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білімде шешімін таппай жатқан қомақты мәселелер жеткілікті, өкінішке қарай. Бізге ұр да жық саясаттан аулақ болу – шешуші қадам.

Ойымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзімен түйіндегім келіп отыр: «Түпкі мақсатымыз – көшке іле­сетін емес, сол көшті бастайтын ел­дер­дің қатарында болу». Ал бұл – саналы ұрпақ пен сапалы ұлтқа тәуелді іс. Оны шешудің жолы – білім мен ғылымды уақыт талабына сай жүргізе отырып, адалдықты ту ету, елге шынайы қызмет ету.

Оңалбай АЯШЕВ,

ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *