БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ НҰРЫН ШАШҚАН…

Руханият Өмір-өзен
1 126 Views

Бойында бар даналық пен ұлылық,

Жүзінде бар мейірімді жылылық.

Төрткүл дүние таңданардай ісімен,

Тоғыз жолдың торабында туылып.

2018 жылдың 29 қазанында Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің президенті, химия ғылымының докторы, академик Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтен 77 жасқа қараған шағында айырылып қалдық. Қандай өкінішті… Біз алдымыздағы ақылшымыз, қамқоршымыз болған асыл ағамызды келместің кемесіне мініп кетеді-ау деп ойламаппыз. Әбдімұса аға өз ортасына сыйлы, қайырымды басшы, қамқор аға, өрісі кең ғалым еді. Әбекең туралы естелік жазуды емес, жүзге толған мерейтойын тойлауды армандап едік. Біз армандаған арман орындалмады. Әбдімұса Мұратұлының жарқын жүзбен, кең пейілмен «інім» деп қарсы алар құшағын аңсап қала бердік. Ол орны ерекше тұлға еді. Жастайымыздан Әбдімұса ағаға еліктеп бой түзедік, ой түзедік. Ағадай ғалым болсақ екен деп армандадық. Адами қасиеттің биік шыңын бағындырған тау тұлғадан алған өнегеміз мол. Маған ағалық мейіріммен қарайтын еді. Ол кісінің бойындағы ерекше бір қасиеті – байлықтың соңынан қуған жоқ. Алланың бергеніне шүкіршілік етті. Әділ, бетке тура сөйлегенді жақсы көретін. Қолынан келгенінше жақсылық жасауға жаны құмар жан еді. Әбдімұса Мұратұлы өзі негізін қалаған жоғары оқу орнында өмірінің соңғы күндеріне дейін еңбек етті.

Ол жетімдердің жебеушісі, көрнекті ғалым, шебер де іскер басшы ретінде университет тыныс-тіршілігіне белсене араласты. Оқу орнын ашу, оны іргесі мықты жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарына қосу оңай іс емес. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндерді басынан өткізді. Университет ашу бар да оның талапқа сәйкес жұмыс жасауын жолға қою қиынның қиыны. Қиындыққа қасқайып қарсы тұру ақылды, білімді, іскер тұлғаның ғана қолынан келетін іс. Осындай кезеңдерде қасында жан жары Карамат Пердешқызы болды. Қиын күндерді артқа тастап, ел сенімінен шығу оңай емес. Тынымсыз жасаған еңбегінің арқасында өзі негізін қалаған Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарына қосылды.

Қазіргі таңда материалдық-техникалық базасы заманауи талапқа сай бой көтерген зәулім-зәулім корпустары, спорт кешендері бар. Осы күнге қаншама қиын сәттерді, қаншама қиын күндерді басынан өткізе отырып жетті. Сол қиындықтың барлығына төтеп берді. Келесі 2019 жылы университеттің құрылғанына 20 жыл толады. Қаншама биік белестерді бағындырып, қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, қанат қақтырды. Алғашқы бітірушілерін шығарған күнгі қуанышын айтып жеткізу қиын. Үміт артып, сеніммен тапсырған ата-аналардың, елдің сенімі ақталған күнді ұмыту әсте мүмкін емес. Ел сеніміне кірген азамат болу да екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Өзінің туған елі – Арысқа барғанда халықпен кездесіп, жетімі мен жесірінің мұңын тыңдап, шама-шарқы келгенінше соларға көмек берді. Студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, жыл сайын балалар үйінде тәрбиеленген, ата-анасынан айырылған, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасы мүгедек студенттерге 50-100 пайыз аралығында жеңілдіктер жасады. Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің оқушыларына қаншама көмек көрсетті. Осы еңбегі ескеріліп, Арыс қаласының құрметті азаматы атанды. Басшы да, ғалым да көп, бірақ Әбдімұса Мұратұлындай халқын жан-тәнімен сүйген азаматтар сирек. Ілуде біреу ғана деп айтар едім. Сондай азаматтардың алдыңғы легінде Әбдімұсадай ағамның барын мақтан тұтамын. Білімді, саналы тәрбие алған студенттер дайындап шығаруға ерекше көңіл бөлді. Студенттер білімді болуы үшін оқытушы-профессорлар білікті болуы қажеттігін өмірінің соңғы күніне дейін айтты. Санға жұмыс жасау ең жаман әдет, ондай әдеттен бойды аулақ ұстап, сапаға жұмыс жасатты. Бірінші кезекке тәртіпті қойды. Тәртібі мықты болғанда білімді ұрпақ тәрбиеленетіндігін күн тәртібінен түсірген жоқ.

Әбдімұса Мұратұлы ғылыми кеңесте, ректоратта өте қатаң талап қойып, оның орындалуын жіті қадағалайтын. Бәсекелестікке тек білім мен ғылым арқылы төтеп беріп, жоғары деңгейлі мамандар дайындауға болатынын айтатын. Берілген тапсырманы мерзімінде орындауға үйретті.

Осы университетте 2013-2018 жылдары тәрбие, оқу істері жөніндегі проректор қызметін атқардым. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Нағыз ғалымның қандай болатынын көрдік. Өте қарапайым. «Адам қанша қарапайым болса, оның абыройы сонша артады» деген сөздің растығына көзім жетті. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының, магистр-оқытушылардың жауапкершілігін арттыруды талап ететін. Магистранттар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. Жыл сайын студенттердің дәстүрлі ғылыми-теориялық конференцияларын өткізуді қатаң қадағалайтын. Студенттің өзі тәрбиені, үлгі-өнегені үлгі ететін қауым екенін оқытушылардан үйренетінін әрдайым айтып жүретін.

Ұжым қызметкерлерінің қуанышы мен қайғысын бөлісе білді. Өмірден өткен ғалымдардың отбасының қайғысына ортақтасып, сол жерде бөлім басшыларының болуын қадағалап, өзі бас болып баратын. Мұның өзі өмірден өткен адамға деген құрмет, қайғыға ортақтасу деп түсіндіретін. Жүрек жылуымен бірлігі жарасқан, үлкенін кішісі сыйлайтын, қандай жағдайда да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұжымға айналдырды. Өзімен құрдас ғалымдарға деген құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ғалымдардың басын жиі қосып отырушы еді. Алдыңғы буын ағалардан бір отырғанда алған азық бір жылдық қор дерсіз. Білім, ғылым, тәрбие мәселелері терең талқыға түсіп, ашық айтылатын. Қазір ойлап қарасам, бұл отырыстан алар тағылым өте көп екен. Жас мамандардың біліктілігін жетілдіру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген ізденушілерге материалдық көмек көрсетті. Магистратурада оқитын магистрларға да жеңілдіктер жасады.

Студенттерді оқыту және тәрбиелеу ісімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысты. 800-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Жасаған еңбегінің арқасында ұстаздардың ұстазы мәртебесіне де жетті. Осының барлығына еңбекқорлығының, білімділігінің, мейірімділігінің, табандылығының арқасында қол жеткізді.

Сонымен бірге отбасында өзінің ізбасарларын, егеменді елдің бәсекеге қабілетті ғалымдарын дайындады. Ұлы Нұрлан Әбдімұсаұлы – қазіргі таңда Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің вице-президенті, техника ғылымының кандидаты, профессор. Бірнеше жыл ішкі істер саласында абыроймен қызмет атқарды. Мақтаарал ауданының халқы Нұрлан ағаның еңбегіне ерекше баға беріп, адамгершілік қасиеті жоғары қазақтың нар тұлғалы азаматы, халыққа жақын басшы болғанын айтады. Халықтың берген бағасынан артық баға жоқ деп ойлаймын.

Қызы Роза Әбдімұсақызы – химия ғылымының докторы, профессор, Халықтар достығы университетінің сыртқы экономикалық істер жөніндегі проректоры. Өте ізденімпаз, алдына қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбек ететін білікті маман.

Кенжесі Рабиға Әбдімұсақызы – медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. Әбекең Рабиғаны 2005 жылы университет ректорлығы қызметіне тағайындап, үлкен сеніммен жауапкершіліктің жүгін арқалатқан еді. Сол сенімін ақтап, 13 жылдан бері сол жоғары мәртебелі қызметті абыроймен атқарып келеді. Әбдімұса Мұратұлы мен Карамат Пердешқызы осындай ұл-қыздарды тәрбиеледі. Немерелеріне деген махаббатын айтып жеткізу мүмкін емес. Құдайбергені дүниеге келгенде ұлан-асыр той жасап, сол тойдың куәгері де болған едік. Қазіргі таңда немерелері Бота – магистр, Асхат пен Жұлдыз педагогика және психология мамандығы бойынша І курс докторанттары. Жансұлтан мен Асқар – мектептің үздік оқушылары. Ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырып, алты немере, екі шөбере сүйген мейірімді ата еді. Тағдырға не амал бар…

Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, –

деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Әбдімұса Мұратұлы өлгенімен, оның соңында өшпес мұрасы, тәрбиелеп шығарған мыңдаған шәкірттері, өнегелі ұрпақтары қалды. Туған халқы, ұжымы, шәкірттері, ұрпақтары барда Әбдімұса Мұратұлының еліне еткен еңбегі, жарқын жүзі біздің жүрегімізде сақталады.

Әбдіжәлел АҚКӨЗОВ,

Мұхамеджан Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжінің директоры, доцент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *