Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасымен мұқият таныстым. Құжат өте ауқымды. Өзгерістер көп. Ол елдің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды кезеңді көрсетіп отыр.
Әсіресе, Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық басымдығы мен дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде бекітілгені осы салада жүрген біздер үшін едәуір жауапкершілікті артып отыр. Бұл дегеніңіз, адами капиталды дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау, инновациялық стартаптарды ынталандыру және ғылым мен өндірісті байланыстыру арқылы бәсекеге қабілетті экономика құру басты мақсат етіп қойылған.
Сондай-ақ, жобаның осы бағыттағы негізгі ерекшелігі дегенде, ғылым мен инновацияға басымдықтар беріліп отырғаны бекер емес. Себебі ол ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін» деген сөзінде терең мән жатыр.
Өйткені, мемлекеттің дамуы адамдардың біліміне, ой-санасына, қабілеті мен шығармашылығына тікелей байланысты.
Бұл Жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі деп ойлаймын.
Ақиқаты сол, Білім мен ғылымға негізделген елдің ғана келешегі бар. Бұл бағыт жоғарғы оқу орындарына үлкен стратегиялық салмақ, үлкен жүк артады. Әлемде ең үлкен жетістіктердің 80 пайызы ғылымдағы жаңалықтардан шығады.
Осы ретте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ғылымды дамыту бағытына ерекше ден қойылған. Өндіріспен, нақты экономикамен тікелей байланыстың алғы шарттары жасалынған. Ғылыми жобалар өз жемісін беруде.
Демек, жаңа жоба жұмыс жасай бастаса, ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау артып, жас ғалымдарға мүмкіндіктер көбейеді және инновациялық жобалар мен стартаптарды дамытуға құқықтық негіз қаланады деген сөз. Білім сапасын арттыру және цифрландыру арқылы заманауи адами капиталды қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты адамның цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары алғаш рет бекітілмек.
Жалпы, жаңа Ата Заң жобасы білімге, ғылымға және жоғары технологияларға сүйенген дамыған, әділетті мемлекет құруды мақсат етеді.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің Басқарма төрағасы — ректоры