БҰЛ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЕМЕС, ҚОРЛАУ немесе 24 миллионталап еткен «замәкім»

Мәселе Қоғам
1 035 Views

«Бізге ауқатты инвестор келсе болды, күштік құрылымдар мен бақылаушы органдар соны тексеруге асығады. Үкімет пен Парламент күштік құрылымдардың бизнес ісінешамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қоюы керек».

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Қазақстанхалқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек).

Елімізде балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Үкімет басшысы Асқар Мамин алдағы уақытта 500-ден аса балықпен айналысатын шаруашылық құрылып және бұл салада 50 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады, сонымен бірге балық экспортын 30 мың тоннадан 136 тоннаға арттырамыз деді.

Алайда, бүгінгі күні балық шаруашылығымен айналысамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Өркен Түймебаевтың бұл істі бастай алмай жүргеніне бес жыл уақыт болыпты. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жекеменшік жері бар өндірістік кооперативтің қожайыны Өркен Жақсылықұлының айтуынша, балық шаруашылығымен айналысуға барлық құжаттар дайын. Кооперативте 36 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер өзіне тиесілі 20 гектар жердің аумағынан 6 метр тереңдікте су шығарып, жасанды көл жасап қойыпты. Жоба бойынша 3 жасанды көл болуы керек. Дегенмен, дәл қазір бұл жоба — қазу жұмыстарынан әрі аса алмай амалсыз тоқтап тұр. Неге десеңіз, жергілікті шенділердің «шабармандары» келіп, қазу жұмыстарына кедергі келтіретін көрінеді. Біресе құқық қорғау органдарының өкілдері, енді бірде әкімдіктенбіз деген желеумен келіп, қазып жатқан жүк көліктерінің құжаттарын алып қойған. Осы жерде сұрақ туындайды, неліктен жергілікті билік өз шаруашылығын өзі дөңгелеткісі келетін кәсіпкерге және оның заңдастырылған жерінде қоқан-лоққы көрсетеді? Олардың айтар уәжі не?

— Айтар уәжі – сіз жердің астындағы құм мен тасты сатып жатсыз дейді! Бұл заңсыздық, өзен-көлдер, жер астындағы құм мен тас мемлекеттік меншігінде, — дейді. «Сөздің расы керек, құм сатып жүрген біз жоқ… Керісінше сол құмдарды сай-салаға әкеп төсеп, маңайын тегістеп жатырмыз, бұл жердің сайы көп, іргеден Бадам өзені ағып жатыр, сол өзеннің сағасына әлгі құмнан тоған салып жатырмыз. Осының бәріне қанша құм мен тас керек ғой… сату былай тұрсын» деп шыр-пыры шығып, өзінің жеріндегі құмға иелік ете алмай шаршаған Орекең соңғы кезде жүйкесінің тозып, денсаулығы сыр бере бастағанын айтып қалды.

Елбасы да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шағын және орта кәсіп өкілдерінің бизнесіне қолдау көрсетуді, ішкі нарықта отандық өнімді дамытуды, оларға мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидиялар беруді шегелеп тапсырып келеді. Тіпті, еліміздің экономикалық өсіп-өркендеуі де орта және шағын бизнестің ілгерілеуінде емес пе? Ендеше оларға неге аяқтан шалып кедергі болады? Онсызда пандемия салдарынан қаншама кәсіпорындар тұралап тоқтап қалды, қаншамасы жабылып қалудың алдында күндерін әзер көріп қалт-құлт етіп отыр. Ал жұмысын жаңадан бастағысы келген, балық өндіруді мақсат еткен Өркен Түймебаевтың кәсібін көрер көзге тұншықтыру қолдан жасалған қастандық емес пе?

БАЛЫҚ ҰТЫМДЫ БИЗНЕС

Бір қызығы, қытай халқы адам басына шаққанда жылына 19 келі балық жейді екен, ал ресейліктер шамамен жылына 16 келі балық тұтынады, қазекемдер бар-жоғы 6 келі. Білсеңіз, балықтың адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Балықта кальций, фосфор, әсіресе D витамині тұнып тұр. Осыдан D дәруменіңіз төмен болса, иммунитетіңіз әлсіз деген сөз. Біз етсіз ас батпайтын халықпыз, бірақ балық жеуді де әдетке айналдыруымыз керек. Әлгіндегідей балық басын көбейтемін, балықтан тағам өндірісін дамытамын деп талпынып тұрған азаматтарды құрақ ұшып қолдаудың орнына, ілік іздеп қолын байлағанымыз қалай?!

Өркен ағаның алдына қойған мақсаты көп. Редакцияның түсірілім тобы жасанды көлдің басында болып, мән-жайды көзбен көріп қанықтық. Жобада бекітілген үш көлдің әзірге біреуі ғана қазылған. Онда да жартылай қазып үлгерген, әрі қарай кедергілер кездесе бастағанын жоғарыда айттық. «Көлді уақытылы дезинфекциялау, тазалық шараларын сақтай отырып, уылдырық шашу маусымына дайындық жүргізу, балықты аулау, балық дәрігерін алдырту секілді қыруар жұмыстарды ұйымдастыру үшін Балқашқа барып арнайы оқу курстарынан өтуді жоспарлап қойған. Қазір кооперативте 36 адам жұмыспен қамтылған болса, әлбетте жоба іске асса, жұмысшылар саны мұнан да арта түспек.

— Бастапқыда балық қуыратын асханам болды, әлі де бар, күнделікті тойханалар, жеке үйлерден тапсырыс келіп түседі. Күн асқан сайын тапсырыс көлемі толассыз ұлғайды. «Неге балықты өзіміз өсірмеске?» деген ой келді. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балық шаруашылығына мемлекеттік қолдауды күшейтеміз, жеткілікті субсидиялар бөлеміз, бұған ешқандай кедергілер болмайды деген соң, іле-шала ойланып жатпастан іске кірістім, — дейді ағынан жарыла.

Ө.Жақсылықұлының айтуынша, Ордабасы ауданына Әліпбай Өсербаев әкім болып тұрған шақта кәсіпкердің өз өтінішімен жайылымдық жерінің нысаналы бағыты өзгертіліп, балық шаруашылығымен айналысуға рұқсат бергені туралы қаулы шығарылғанын айтады. Бірақ Ә.Өсербаев марқұм болып кетіп, орнына келген жаңа әкім Нұрбол Тұрашбеков бұл қаулының күшін жояды. Неге? Себебі, ҚР Жер кодексінің 10 бабы 4-1 тармағына сәйкес талапқа сай заңдастырылмаған. Яғни, балық шаруашылығы ауыл шаруашылығына жатпайды деген негізсіз түртпектеулер белең алған. Кәсіпкер шарасыздан шарқ ұрып, ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазады. Содан Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінен мынадай хат келеді: «Салық кодексінің 697-бабына сәйкес балық шаруашылығы — ауыл шаруашылығы өнімдеріне жатады» делінген.

Жазған құлда жазық жоқ, министрліктің жауабынан кейін, аудандық жер учаскесіне құқық беру комиссиясының хаттамасына сәйкес қайтадан әкімдіктен салы суға кетіп, амалсыз балық шаруалығына рұқсат беру туралы қаулы шығады. Осы қаулыны көңіліне медеу тұтып, әрі қарай ісін жалғастырмақ болған кәсіпкер балық шаруашылығын жүргізу туралы кешенді жобасын дайындайды. Кәсіби мамандар дайындаған жобаның өзіне қыруар қаржы жұмсаған кәсіпкер, одан кейінгі машақаттарын да жіпке тізгендей айтып берді. Мұны бір мақалада айтып тауыса алмайсың.

СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР ЖАЙЫЛЫМҒА АЙНАЛЫП КЕТТІ

Хош, сонымен әупіріммен жасанды көлдің жұмыстары басталды. Түркістан облысының мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы жобалау жұмыстары мен нормативтік ережелерге сай жасанды көлді салып бітіруге бір жыл уақыт берді. Бірақ балық аулайтын көлдің жыры бір жылда біте қоймады, әлгі жөн-жосықсыз кедергілер алдын кесе-көлденеңдеп кере қарыс адымдатпайды. «Арада ұзақ уақыт өтпей кешкілік мезгілде әкімдіктің маманымын деп бір жігіт үйге бас сұқты. Айтуынша, өзін аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлов жіберген көрінеді, әңгіменің қысқасы кәсіп бастайтын болсам, мен әр гектарыма миллион теңгеден 24 миллион теңге беруім керек екен… Мен осыны түсінбедім, бұл менің өз жекеменшік жерім емес пе? Сонда еш себепсіз осынша қаржыны не мақсатпен кімге не деп беремін… Мен әлі істі бастап, шекем шылқып бір тиын пайда тапқаным да жоқ…» дейді күйінген кәсіпкер.

Ол аз болғандай, 20 гектар балық шаруашылығы жерінен бөлек әрі қарайғы суармалы 70 гектар жерге ауыл тұрғындары мал жайып мазаны алған. Суармалы алқапта қаз-қатар он шақты шаңырақтың түтін түтетіп отырғанын біз де байқадық. Үй сыртында жайбарақат май жайылып жүр.

«Алдыңғы жылдары қауын-қарбыз егетінмін, ізінше бауға мал түсіп тып-типыл жайпап кетеді. Ауыл іші болғасын, аталас ағайындар араға түсіп, содан сабыр сақтап тіс жармадым. Енді әкімдіктегілер суармалы жеріме 10 шақты отбасының қоныстануына рұқсат беріпті. Тұрғындар осында мемлекетке салық төлеп тұрып жатыр. Электр жарығының да ақшасын төлейді. Бірақ, әкімдік бұл үйлерді заңсыз легализация жасап берген. Бұл менің 1996 жылдан бері келе жатқан заңдастырылған жекеменшік жерім», — дейді «Жақсылық Мамадияр» өндірістік кооперативінің төраға орынбасары, жеке кәсіпкер Өркен Түймебаев.

Қысқасы, жерді заңдастыруда ауылда әлі күнге шым-шытырық дау көп…

Соңғы кезде жердің мөр басылған құжаты өз алдына басқа, компьютерлік дерекқордағы сызбасы бір басқа болып, былығы бастан асатын жәйттар орын алып кеткені ащы шындық.

Қазір шаруа қожалығында егіс жұмыстары тоқтап тұр. Бау-бақшаға арналған жердің өріске айналғаны аздай, енді мұнда Бадамның суы келмей қалды. Өйткені, әлдекімдер… нақтырағы «Дала-Транс» компаниясы (білуімізше бұл фирма бұрынғы экс-шенеунік, кәсіпкер Болат Әлиевке тиесілі) бұрнағы жылдан бері Бадам өзенінің атам заманғы байырғы арнасын бұзып, қолдан басқа жаққа бұрып, жаңа арна қазған.

Жаңа арна қазылған тұс та, сол жаңа арнаның арғы тұсында бөлініп қалған жер де Өркен Жақсылықұлына тиесілі болып шықты, бұл әлгі айтқан суармалы 70 гектар жердің аяқ жағы…

Ендігі мәселе одан бетер ушыға түскендей.

Өйткені, жаңа арнаның арғы тұсындағы жер басқа серіктестіктерге өтіп кетіп тұр. Айдың-күннің аманында тиісті жерін ту-талақайға түсірген Өркен Түймебаев тығырыққа тірелгенін айтып ашынады. «Бөржар ауыл округі әкімі Серғали Құрымбеков өз лауазымдық қызметін пайдалана отырып, осы іске тапсырма берген. Мемлекеттік қызметші ретінде қызметтік міндетіне кірмесе де ауыл әкімі С.Құрымбеков экскаватор және кадастр бөлімінің мамандарын әкеліп, өзі басында тұрып қаздырған» дейді ол. Сондай-ақ, экскаватор механизаторына «Аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлов мырзамен келісіп отырған тірлік. Қаза бер, өзім жауап берем. Осы өзеннің арнасын бұрсаң, ескі өзеннің арнасында жатқан құм-тас бар, осында қазуға кеткен шығынды 10-20 есе қылып шығарасың, «Жақсылық-Мамадияр» өндірістік кооперативі бізге ешнәрсе де істей алмайды деген…

Сонда ауыл әкімі Серғали Құрымбековтің көздеп отырғаны не? «Өндірістік кооператив иесі бізге ешнәрсе істей алмайды дегені», демек жердің иесі бар екенін біліп тұрып заңды белден басқаны болып шықпай ма? Арнаны бұрғандықтан, әрі қазу жұмыстарының салдарынан судың үзіліп қалуы өндірістік кооперативке үлкен зиянын тигізіп тұр. Биыл су болмаған соң, ұжым өнімсіз қалды. Ал бұл шығындардың өтеуіне кім жауапты?

Өркен ТҮЙМЕБАЕВ:

Кешке үйде қонақтармен отырсам, Руслан деген жігіт келді. «Көке, құжаттар әлі бітпеді ме?» деп сұрады. «Сіз 20 миллион бермесеңіз, бұл құжаттар бітпейді» деді. Дереу балама «түсіріп ал» дедім (аудионың түпнұсқасы бар — автор). «Кім жіберді сені?» дедім әлгі жігітке. «Сейітқұлов» деді. «Әр гектарына 1 миллионнан бересіз». Әр гектарына

1 миллион берсем, сонда 20 миллион болады екен. «Өй, ондай қаражатым жоқ қой менің, кейін бөліп төлесем бола ма?» дедім. Мен ойладым, бұл қаражат заңды түрде мемлекетке төленетін ақша деп… Кейін ой келді, «Бұл менің 2015 жылы сатып алған заңды жерім ғой. Не үшін ақша төлеуім керек?»

Екі күннен кейін қаулы бұзылды.

Қыдырбайға жолығып қалғанымда «Қыдыр, 20 миллионың не?» дедім. «Көке, кешігіп қалдыңыз. Енді 24 миллион төлейсіз» деді маған. «Не үшін төлеймін, себебін айтшы?» дегенімде, «Сіздің бұл жобаңыз коммерциялық бағытта» деп жауап берді.

Нұрсұлтан КАРИМБАЕВ, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы, заңгер:

Бүгінгі жиында көтерілген мәселе шынында өте күрделі. Біздің пайымдауымызша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан кооперативке балық шаруашылығымен айналысуға кедергілер бар болуы мүмкін деп есептейміз. Сондықтан кеңестің бүгінгі хаттамалық шешімімен заң қадағалаушы органдарға, прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тиісті ұсынымдар жолданатын болады. Осы мәселеге қатысты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заңды, құқықтық баға береді деп ойлаймыз.

БҰҒАН КӘСІПКЕР КІНӘЛІ ЕМЕС!

«Жергілікті жерде бизнесті дамытсам, халықты жұмыспен қамтысам, жергілікті тұрғындарды отандық өніммен қамтамасыз етсем, келер ұрпаққа кәсіп көзін тастап кетсем» деп ертелі-кеш тынбай еңбек етіп жүрген кәсіпкердің кінәсі не? Осындай бассыздықтарға барып отырған ауыл әкіміне, бөлім басшыларына сот жоқ па? Таяуда Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды. Аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың назарына осы мәселені ұсындық. Түйткілдің ара жігін ашып, кінәрат пен заңсыздықтар қай жерден кетіп жатқанын анықтауын сұрап қойдық!

Президент Қ.Тоқаев пандемия тудырған ахуалға байланысты орта және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жариялады. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында былай деді:

«Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ».

Ендеше Президент сөзі неге аяқ асты қалып отыр? Әлде Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қ.Сейітқұлов іштей Президент саясатына қарсы ма?

Әділ ҚЫРАН

Р.S. Бет қатталып жатқанда Ордабасы ауданы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында Түркістан облысы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті. Жиынға аталмыш кеңестің төрағасы Орынбасар Кабиштаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінен Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова, Түркістан облыстық экология департаментінің бас маманы Ербақ Ахметов, Ордабасы аудандық прокуроры Кәукен Нәрікбаев, аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова және аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлиасқар Бердімұрат және тағы басқа лауазымды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер қатысты.

Мұнда кәсіпкер Өркен Жақсылықұлының көтерген мәселесіне қатысты өткір сауалдар қойылды. Жиында белгілі болғандай бұл мәселе бойынша комиссия құрылып, сотта қаралып жатыр. Яғни, Бадам өзенін бұрып, жаңадан су арнасын қазу әкімдіктің тікелей тапсырмасы емес екені жөнінде түсініктеме берілген… Алдағы уақытта сот тиісті шешімін шығаратын болады.

«Жақсылық Мамадияр» өндірістік кооперативінің төраға орынбасары Өркен Түймебаевтың арыз-шағымын тыңдаған кеңес төрағасы Орынбасар Әбдікәрімұлы аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұловқа шүйлікті. «Не себепті кедергі келтіресіздер?» деген сұраққа Қ.Сейітқұлов бар-жоғы екі-ақ рет мониторинг жұмыстарына сәйкес тексеру жүргізгенбіз деп сыдыртпа жауап берді. Ал, «Осы кәсіпкерге не қажет екенін сұрап, жәрдемдеріңізді бердіңіздер ме әкімдік тарапынан?» деген сауалға аудан әкімінің орынбасары сөз таба алмай мүдіріп қалды.

Басқосуда сөз алған ауыл тұрғындарының сөзінше, аудан аумағында жерге қатысты дау көп. Кезінде ауылдың жайылымдық жерлері кәсіпкерлерге сатылып кеткен тұстар да бар, тіпті жер қойнауын пайдалануға тыйым салынған жерлердің өзі карьер ретінде берілген. Ауданның экологиясына зиянын тигізіп келе жатқан жиырмадан астам шағын зауыттар бар, соның бір-екеуінде ғана лицензиясы бар, қалғаны заңсыз. Мұны ұзынқұлақтан естуімізше, зауыттардың арғы жағындағы қожайын аудан әкімі орынбасарларының бірі деседі жұрт. Қысқасы, кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына байланысты Ордабасы ауданында шағым да арыз да жеткілікті… Бұлардың барлығы осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ.Сейітқұловтың атына сын!

Қалай десек те, бұл көкейтесті мәселе заң қадағалау органдарына жолданып, алдағы 2 ай көлемінде түйінін тарқатып, тиісті шара көреді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында біз тегеурінді, әділ жауап пен шараны аудан әкімі Бағлан Батыршаевтан күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *