ЖАЛҒАН ИДЕОЛОГИЯ ҚАПАСҚА ҚАМАДЫ

Дін Қоғам
803 Views

Біз теріс ағымның жетегінде кетіп адасқан тағдырлар, өмірге деген көзқарасы қалыптасып үлгермеген жас жеткіншектердің уланған санасы туралы жазудан жалыққан емеспіз. Газетіміздің әрбір санында керағар діни наным-сенімдерге көзсіз иланып, Сириядағы соғыс өртіне тұтанып кеткен жас ерлі-зайыптылар жөнінде де жиі қалам тербеп келеміз. Себебі, қоғам арасында қанша діни ағарту, рухани сауығу жұмыстары жүргізіліп келе жатқанмен, әлі де соқыр сенімді серік еткен қаншама жандар легі толастар емес. Сондықтан дәстүрлі діни тақырыптармен халықты сауатты ақпараттандыру мәселесі әлі де күн тәртібінде.

Бүгінгі кезекті әңгімеміздің кейіпкерлері де көзсіз фанатизмнің қапыда құрбаны болғандар. Автор төменде түйткілді мәселені көзге түртіп көрсетіп, оқырманға сабақ болсын деген шынайы жанашырлықпен, оқиғаны сол күйінде бейнелейді. Бұл күні қоғамда асқынған мәселені көтерген автор жазбасын қаз-қалпында беріп отырмыз.

Ата-ана, бауыр-туысының жанында тыныш ғұмыр кешу маңдайының соры бес елі кейбір жандарға бұйырмапты. Алды ажал құшып, арты абақтының тар қапасында жас өмірін өксікпен өткізіп жатыр. Қор болған қайран жастық, қайран жас өмір… Олардың тағдыры тәлкек, өмірі ойран болды.

Оларды осындай күйге түсірген жат ағым, деструктивті топ идеологтары. Оң-солын танымаған, болашағын бағамдап үлгермеген қос Жаһангер Момышев пен Қабасханов бүгінде қатаң режимдегі абақтыда жазасын өтеуде. Олардың жасаған қателігін, шалыс басқан қадамын басқа бауырларымыз қайталамасын деген мақсатпен қалам тербеп отырған жайымыз бар.

Жаһангерлердің шаттыққа бөленеміз деп шатылып, жақсылыққа кенелеміз деп жаңылған уақыттары 2018 жыл болатын. Ол кезде Жаһангер Момышев пен Жаһангер Қабасханов екеуі де жиырма бірге енді толған жап-жас жігіттер-тін. Екеуі де Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғындары. Екеуі қаршадайынан қарапайым ауылда бірге өсті. Бір мектепте оқыды. Екі бөлек сыныпта қатар оқығанымен, бірге жүрді, бір-бірінен ажырамады. Қазір бір қапаста, бөлек камераларда отыр.

Сайрам ауданы Өзбекстан республикасымен ауылы аралас, қойы қоралас болғандықтан, жігіттер саудаға ерте араласқан. Бозбала кездерінен-ақ барыс-келіс қарым-қатынас жасай бастайды. Қабасханов балмұздақ сатады, ал Момышев самса кәсібімен айналысқан.

Көрші елден келіп, асхананың қыр-сырын үйреткен таныстарының ықпалымен Жаһангер дінге қызыға бастайды. Күндіз сауда жасап, түнде уағыз тыңдауды әдетке айналдырады. Уақыт өте келе досы Қабасхановты тартады. Жалған дінмен санасы уланып, миы шатасқан жас жігіттердің әрекеті әуелгіде дұрыс сияқты болғанымен, соңы түрмеге түсті.

Көзінде жас, көкірегінде өксік, бойын өкініш жайлаған Жаһангер Момышев уағызды кімдерден тыңдағанын айтып берді: «Сағид Смахани, Абдул Зуғыфар – Өзбекстанның азаматтары. Ал Абдул Адама – Оштың адамы. Мен солардың уағызын тыңдап жүрдім. Олар біз мұсылмандарға көмектесіп жүрміз деп айтатын. Сирияны сөз қылады. Сирияда мұсылман бауырлар қиналып жатыр дегенді әңгіме етеді. Ол жаққа барып, соғыста өлсең, шаһид боласың дейтін. Алланың жолында шаһид болып өлу жұмаққа апарады деп сендірді. Сендім», – десе, екінші Жаһангер Қабасханов: «Біздің осы күйге түсуімізге шетел уағызшылары түрткі болды. Адасқан жолға түсірді. Жолдас баламмен намаз туралы көп әңгіме болатын. Намаз оқы деген сияқты. Жолдас балам себепші. Абдулла Зуғыфар мен Абдулла Адама жиһадқа шақыратын. Бізге ұқсаған, әлі ештеңе білмейтіндерге уағыз жүргізетін. Біз сияқты балаларды «психологический» өздеріне бағындырады», – деп ағынан жарылады.

Осылайша жат ағым идеологтары қос Жаһангерді тура жолдан тайдырып, терроризмге апаратын сор-соқпаққа салады. Саналарын билеп, шетел асырады. Елде зар илеп ата-аналары қалады. Олар Түркияға сапар шегеді. Идеологтарының нұсқауымен сол жерде жат ағымның жұмысын жүргізеді. Ой-саналары жиһадпен шырмалады. Сириядағы мұсылман бауырларға көмектесу керек деген ойға бекінеді.

Олар Түркияда жиһад жайлы ойларын шегелей түскен. Таныстарымен қаланы шарлайды. Қарулы жиһад жасауға асығып, шекарадан өткізіп жіберетін делдалды тағатсыздана күтеді. Уағызшылардың уытына уланғаны сонша, тіпті, еркін қимылдап, айналасынан қаймығуды ұмытып кетсе керек.

Мамырдың мамыражай кештерінің бірінде кешкі астан шыққан жігіттер айналасын видеоға түсіре бастайды. Жақын маңда тұрған полициядан да қаймықпайды. Бұл заң өкілдеріне жақпай қалса керек, жерлестерімізден құжат талап етеді. Телефондарын тәркілеп, ондағы діни уағыздарды көргеннен кейін, Момышев пен Қабасхановты дереу депортациялайды.

Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлері екеуін тексере келе олардың деструктивті топтардың өкіліне айналғандарын анықтайды. Заң орындары тергеп тексеріп, олардың Қазақстан аумағында тыйым салынған халықаралық террористік топтардың көзқарастарын қолдап, сонымен қатар террористік және экстремистік әрекеттерді қаржыландырушылармен сыбайлас ретінде құқық бұзушылыққа қатысқанын анықтайды.

Елде қолдарына кісен салынып, Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылады. Тергеу кезінде олар қылмыстарын толық мойындайды. Мемлекеттік айыптаушы мен процессуалды келісімге отырады. Сот Жаһангер Момышев пен Жаһангер Қабасхановты бес жарым жылға соттайды. Үкім күшіне енеді. Осылайша Сайрамда сайран құрып, ата-анасының, дос-жарандарының қасында қызықты ғұмыр кешіп жүрген жас жігіттер жат ағымның кесірінен маңдайына сор жабыстырады. Кеш те болса көп нәрсені түсінген. Істеріне қатты өкінетінін айтады:

Жаһангер Қабасханов:

«Сәләфизм – қолдарына қару алып, бір-бірін өлтіру. Мен бірақ қолыма ешқандай қару алғаным жоқ. Өзімді террориспін деп ойламаймын. Қазір істеген істерім үшін қатты өкінемін. Ағайынға, ел-жұртқа айтарым бар. Мұндай жолдан қайтыңыздар. Түрмеге келіп, көп нәрсе түсіндім. Ата-ананы тыңдаңыздар».

Жаһангер Момышев:

«Сәләфизм бірінші намаз оқуға дағуат қылады. Содан кейін шатастырады деп ойлаймын. Жастарға айтарым, әркімнің уағызын тыңдамай, ата-анасын тыңдаса екен. Өзіміздің Қазақстандағы имамдарды, молдаларды тыңдаған дұрыс. Терроризмге шақырған адамдарды тыңдамаңдар».

Жігіттер адасқандарын түсінгендей. Жалған идеология қапасқа қамады. Ата-анадан айырды, достарынан алыстатты, ағайынмен араны суытты. Қайран өмір қапаста өтіп жатыр. Өте өкінішті. Аңдамай басып, жапа шекті. Абайламай абақтыға түсті.

Кішкене қателік жарға жығады. Бірақ бұлардікі кішкене қателік емес, үлкен қылмыс. Қылмыс болғандықтан да, бес жарым жылға жаза кесілді. Жазадан кейінгі өмірлері қандай болады? Қалыпқа түсе ме? Белгісіз…

Оны өмір көрсетеді. Біздің айтпағымыз сақ болыңыздар! Сақтаныңыздар! Жаза басу аяқасты. Ойланайық!

Еділ АНЫҚБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *